Мен осы әңгімені қайталаудан жалықпан емеспін. Бұл жерде қазақтың классик ақыны Жұмекен Нәжімденовтің «Топырақ» атты ғажап өлеңін айтып отырмын. Сол өлеңде сәби шыр етіп жерге түскенде түбі әлгі адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс деген ескі иланым туралы сөз болады. Соғыстан әкесі қайтпай қалған ақын жырын былайша аяқтайды:
Түбі қайтып оралар-ау деп біз де,
күттік, күттік — өтті, бітті қан майдан.
Кім біледі…әкем сонау шалғайдан
бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің көмегіне жүгінуші отандастарымыз бәрі де осылай бабасының жатқан жерін, «бір бұрқ еткен топырағын» іздеп жүрген ұрпақтары. Біздің сарапшылардың айтуынша Қазақстандағы үш миллионнан астам адам өздерінің ата-бабасының дерегін білгісі келеді. Мінеки, хабар-ошарсыз кеткен бір адамның артында қаншама тағдырлар тұр.
Біздің қоғамдық бірлестік Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған қазақстандық жауынгерлерді мұрағаттар мен майдан даласынан жүйелі түрде іздестірумен айналысатын жалғыз ұйым.
Миссиясы — жастарға рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадының сақталуына ықпал ету.
Бірлестік құрылған 2019 жылдан бастап “Atamnyn Amanaty” ресми сайтына, әлеуметтік желілер және байланыс телефондары арқылы хабарсыз кеткендерді іздестіруге 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 4500-ден астам қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлері мен жеке бастарын анықталды.
Ресей, Беларусь және Шығыс Еуропа аумағынан табылған 19 сарбаздың сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, әскери құрметпен салтанатты түрде жерленді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ жауынгерлері шайқаса отырып, Еуропаны азат етуде осы Балқан тауларына дейін барған екен. Бір кезгі Югославия мен оның астанасы Белград үшін болған қанды шайқастарға Қазақстанда жасақталған 73-ші гвардиялық Сталинград-Дунай Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы қатысты.
Бүгінгі таңда Югославия үшін ұрыстарда қаза тапқан немесе іс-түссіз кеткен 200-ге жуық қазақстандықтардың есімдері белгілі. Жақында ғана «Аtamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі мен «Морибордағы Екінші дүниежүзілік соғыстың халықаралық зерттеу орталығы» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Қазіргі таңда біздің еріктілер сол Сербияда қаза тауып, бауырластар зиратында жерленген отандастарымыздың тікелей ұрпақтары мен туыстарын ел ішінен іздестіруде.
Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Балқанда қалған боздақтардың елде тұратын туыстары біртіндеп табылып жатыр. Соның бірі Сыр өңірінің тумасы Биман Кушкумбаевтың (тегі құжатта осылай жазылған) ұрпақтары қазір Қазалыда тұрады екен. Артынша Қарағанды облысынан Қажкарим Абдуғалиевтің туыстары табылды.
Бірнеше ай бойы біздің бірлестіктің халықаралық байланыстар жөнінідегі үйлестірушісі Ардақ Закиева Сербиядағы Қазақстан Елшілігімен келіссөздер жүргізіп, хат жазысумен болды. Қазақ дипломттарының қажырлы еңбегінің арқасында Сербияға сапар мүмкін болды.
Сәуір айының жуан ортасында Ерсайын Кушкумбаев пен Құрмет Акимов (Қ.Абдуғалиевтің ұрпағы) Стамбул арқылы Белградқа аттанып кетті. Оларды Қазақстанның Сербия Республикасындағы Елшілігінің 1-ші хатшысы, консул Абзал Иманқұлов есімді азамат күтіп алды. Ол қонақтарға жол көрсетіп қана қоймай барлық жағдайды жасаған көрінеді. Қазақ жауынгерлері Белград маңында орналасқан Заечар қаласындағы бауырластар зиратына жерленген екен. Елден туған жердің бір уыс топырағын алып келген жігіттер Абзалдың бастауымен майдангер бабаларының басына барып, батырлар рухына арнап құран бағыштады. Сонымен қатар, сербтердің қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі — Белград қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішімен танысып, ХVII ғасырда салынған мешітке барып жұма намазға қатысыпты.
Дәл осы уақытта 78 жастағы Ақтөбенің тумасы Сағитжан Жупалаев әкесінің «бір бұрқ еткен топырағын» іздеп жол шыққан еді. Олардың бағыты — Беларусь Республикасы, Гомель облысы, Светлогорск ауданы, Печищи елді мекені болатын. Отан үшін жанын қиған әкесі Бақытжанның ағасы (қазақы дәстүрмен айтсақ туған көкесі) Жаксылық Жұпалаевтың осындағы бауырластар зиратында жерленгенін естіген соң ол көп бөгелген жоқ. Жанына қыздары Жанна мен Эльвираны ертіп көкесінің рухына тағзым етуге асыққан.
Арманы орындалып, оларды жергілікті билік өкілдері құшақ жая қарсы алды. Қонақтарға жергілікті мектеп мұражайды көрсетіп, содан кейін осындағы оқушылармен жылы жүздесу ұйымдастырылды. Жас ұрпақпен бас қосуда өткенді, кешегі майдангерлер ерлігін есте сақтаудың қаншалықты маңызды екендігі сөз болды. Әртүрлі ұлт өкілдері ортақ жауға қоян-қолтық соғысып, бейбіт күнді қорғап қалған айтылды. Соның бірі – қазақ жауынгері Жақсылық Жұпалаев болатын.
Ол 1904 жылы Қазақ КСР-інде Ақтөбе облысында дүниеге келген. Жақсылық ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді, өлеңдер жазды, үйлі-баранды болуды және жарқын болашақты армандады…
Бірақ қарғыс атқыр соғыс соның бәрін күл-талқан етті. 1942 жылы майданға аттанарда ол інісі Бақытжанға (Сағитжанның әкесіне) отбасы мен ата-анасынына тірек болуды тапсырады. Бақытжан аға аманатын адал орындап. тылда тынбай жұмыс істеді, трактор айдап, еңбек озаты атанды. Кейін үш баласын (соның ішінде Сағитжан да бар) тәрбиелеп өсірді, немере сүйді.
Жақсылық Жұпалаев 194-дивизияның 616-шы атқыштар полкінің қатарында Беларусьті азат ету үшін болған шайқастарға қатысып, бірнеше рет жараланған, бірақ әр жолы жауынгерлік сапқа қайта оралып отырған. Ал 1944 жылдың 20 қаңтарынан кейін Жақсылықтан хат-хабар күрт тоқтайды…
Енді міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Сағитжан қос қозысын ертіп көкесі Жақсылық Жұпалаевтың есімі жазылған ескерткіш тақтаның алдында тұр. Бауырластар зиратына бір-бір алқызыл гүл мен туған жердің бір уыс топырағы салынды, құран бағышталды. Сосын Печищедегі «Ола» мемориалдық кешенде өткен жиынға қатысып, барлық қаза тапқан жауынгерлердің рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сағитжан Жұпалаев ақсақал осы сапарды ұйымдастыруға қол ұшын созып, көмек көрсеткен Беларусь Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі Рашид Ғазизовке біздің ұйым арқылы білдіреді.
Жалпы «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі өзінің күнделікті қызметінде ҚР Сыртқы істер министрлігімен және оның Еуропадағы Елшіліктерімен тығыз қарым-қатынасты жұмыс істейді. Реті келгенде айта кету керек Қазақстан майдан даласында қалған жауынгерлерін іздестіріп, сүйектерін елге қайтарумен айналысатын бірден бір мемлекет.
Сонымен бүгін үш әулеттің ұрпағы арғы жағы Балқан, бергі жағы Беларусь барып ата аманатын орындап қайтты. Шейіт кеткен боздақтардың рухы пейіште шалқысын. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген осы.
Әбубәкір Смайылов,
«Аtamnyn Amanaty» ҚБ
Басқарма төрағасының орынбасары