Ол–біздің үлкен досымыз

23 желтоқсан 2022, 10:45

– Мәскеудегі Совет армиясы орталық қонақ үйінде жатқанмын. Телефон шыр ете қалды, – деп Баукең тыңнан сөз бастады. – Әлау, Бауыржан, айналайын, сенбісің-ей?! Мен Сәбит Мұқанов ағаңның үйіндегі жеңгеңмін ғой. Денсаулығың қалай, айналайын?
– Ассалаумағалейкум, Мәриям жеңеше, Менмін ғой.
– Ағаң екеуміздің Мәскеуге келгенімізге бес-алты күн болды. Сені іздеп-іздеп әбден шаршадық. Әлгі Леонид Сергеевич Соболев бөлмемізде отыр, Сәбеңмен ежелден дос қой. Оны білесің ғой, ә? Сол Леонид Сергеевич сені бұрын көрмеген екен, көрсем дейді. Келсеңші,
– Мен барсам, қойныңа аласың ба?
– Ағаң тірі, көзіне шөп салмақсың ба?
– Кешіріңіз. Сізді Алматының әзілін естіп жалыққан шығар, енді Москваның да әзілін естісін дегенім ғой.«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Енді сізге ешуақытта әзіл айтпаймын.
– Сөйт, айналайын. Елден алып келген қазы-қартаның қалған-құтқаны бар еді. Содан дәм тат. Леонид Сергеевич өзіңмен әңгіме-дүкен құрмақ.
«Москва» қонақ үйіне таксилетіп жеттім. Люкс бөлмеде орналасқан екен. Әділет керек, қарағым, Сәбең жол жүргенде де дастарқаны мол кісі еді, қазы-қартаны төгіп тастайтын. Меніңше, мұның бәрі Мәриям жеңгейдің арқасы болу керек.
Сәбең «полковник келді, полковник келді» дей берді. Мен үндемей отырмын. Оным Леонид Сергеевичке ұнамады білем, маған жақтырмай қарап қояды. Екеуміздің бірінші кездесуіміз ғой. Алғаш әңгімеміз үйлесіңкіремеді. Соны сезген Сәбең:
– Сөйлесеңші, Бауыржан, – деп мазасыздана бастады.
Леонид Сергеевич офицер отбасында туған. 1910-1917 жылдары Петербург кадет корпусында, әскери теңіз училищесінде оқыған, І-рангалы капитан дәрежесіне дейін көтерілген. Балтық, Қара теңіз, Тынық мұхит флоттарында қызмет еткен. Ұлы Октябрь революциясы кезінде Совет үкіметі жағына өтіп, Кронштад көтерілісіне қатынасқан, революциялық жұмыстарға араласқан. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты және КСРО Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі, он бес жылдай РСФСР Жазушылар одағы басқармасының председателі болған. «Морская душа» деген үлкен деректі кітабы бар. Өзі ұзын бойлы, тіп-тік, шашы бурыл, спортшы, сондай ұстамды, білімді, эрудициясы бай, реңді кісі.
Бір кезде Леонид Сергеевич:
– Молодой полковник, – деп ұнатпай, маған тиісе бастады. Мұнысы қып-қызыл кекесін. Ішімнен: «Ойпырмай, жасы үлкен кісі ғой, мұнысы несі?» – деп ойлап отырмын. Сәбең маған кінәлаған көзбен қарады.
– Сен полковник болсаң, мен І-рангалы капитанмын, – деп бастады келесі сөзін Леонид Сергеевич. – Мен де әскери адаммын, бәрінен хабарым бар…
Сәбең сұрланып кетті.
– Леонид Сергеевич, вы ошибаетесь, я вас не знаю что ли? Вы не капитан первого ранга, а всего-лишь полковник морской пехоты,– дедім.
Теңіз флотында бірінші рангалы капитан құрлықтағы әскердің полковник шенімен бірдей. Соны білмейді деп ойлаған болу керек. Леонид Сергеевич сәлден соң:
– Мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» аудардым. Соған қалай қарайсыз? – деді. Бұл сынау үшін қойылған сұрақ.
Сәбең: «Мына екеуінің басын неге қостым, шатақ шығып кете ме?» – деп дегбірсізденіп отыр.
– На ваш перевод я смотрю так же как вы сами, – дедім. Сәбең таңырқап қарады. Леонид Сергеевич күлімсірей жымиды. Онысы – жауабымды ұнатқаны ғой. Әй, қарағым, есіңде болсын, ақылды кісіге ақылды сөз айтпасаң, ол сені елемейді.
– Ты, оказывается, понял, что в русском варианте больше заслуга Мухтара, чем я.
Сәбең аң-таң.
– Шындығында маған Мұхтар Омарханұлы жолма-жол аударып әкелген еді, оны мен әдеби өңдедім. Ол орыс тілін тамаша білетін, оқып шығып, «Леонид, былай болсын» деп өз қолымен түзету енгізіп, редакциялап, жөндейтін.
Мұхтар Омарханұлы біздің аудармамызды редакциялаған, түзеткен кезде оған мен қарсы пікір айта алмайтынмын. Кейін рецензенттер Леонид Соболевтің аудармасы тамаша аударма деп жазды ғой. Әрине, аудармаға мен қатыстым, бірақ басты аудармашы деп Мұхтар Омарханұлының өзін айтамын…
– Леонид Сергеевич, «Абай жолы» романының аудармасына сіздің қосқан үлесіңіз үлкен. Мен романның қазақша нұсқасын да оқығанмын. Екеуінің арасында көп айырмашылық бар деп ойлаймын. Егер қазақша нұсқасы қазақтарға өте түсінікті болса – ол Мұхтар Омарханұлының еңбегі. Егер орысша нұсқасы тек орыс емес, басқа халықтардың оқырмандарына түсінікті болса – ол сіздің еңбегіңіз. Себебі, әр тіл өзінің заңдылығын сақтайды. Ал даңқ мәселесіне келсек, Әуезов те, сіз де таласа алмайсыздар, ол басты мәселе емес. Басты мәселе сол – «Абай жолы» романы орыс тіліне аударылуы арқылы адамзаттың рухани қазынасына айналды. Сіздердің еңбектеріңіздің мәні де осында.
– Сен солай ойлайсың ба? – Леонид Сергеевич орнынан ұшып тұрды. – Мен мұндай бағаны сенен күтпеп едім.
Жағымнан ұрып жіберді де, құшақтап сүйді. Сәбең алғаш «енді төбелеседі» деп көзі алақандай болып, құшақтап сүйген соң «ехе-хе-хе»-леп қуана күлді.
Әңгімемен ұзақ отырып қалыппыз. Бір кезде тысқа шықтық.
– Бауыржан, сен қай жерде тұрасың?
– Совет армиясы орталық қонақ үйінде.
– Жақсы, мен жеткізіп салайын.
Шофері бар екен десем, Леонид Сергеевич қалтадан кілтін алып, рульге отырды. «Мәскеуде көше толған машина әрі жол ережесі қатал, өзі шал кісі», – деп ішімнен қатты қауіптеніп қалдым. Бір риза болғаным, Леонид Сергеевич машинаны жақсы жүргізеді екен. Ерсілі-қарсылы қаптаған машинаның ара-арасымен сусып өтеді, ептілігі керемет. Тағы қалжыңбас, күлдіріп әңгіме айтып қояды.
– Қалай тұрып жатырсың? Көргім келеді, – деп бөлмеме енді. Отырдық.
– Сәбит Мұқанұлында екі сағаттан астам болдық. Көптен бері өзіңмен сөйлессем деп жүр едім. Сен туралы сыртыңнан көп нәрсені естіген кісімін. Енді әңгімелесейік. Сол үшін келдім.
– Мақұл, Леонид Сергеевич. Ол кісінің бір жақсы әдеті – тыңдай біледі екен. Тек ара-арасында қалжың араластырып, күліп қояды.
Екеуміз қарама-қарсы отырмыз.
– Бірінші сұрағым, қазақ ауыз әдебиеті туралы қандай пікірдесің?
– Леонид Сергеевич, бұл сұрағыңызға, кешіріңіз, ойланып, кейін жауап берейін. Сол дұрыс шығар.
– Жоқ, қазір жауап бер, өтінем.
– Жарайды, шамам жеткенше айтып көрейін. Біздің халық тілге бай, оның себебі, бізде ауыз әдебиеті жақсы дамыған.
Осы күнгі өнеріміздің асылдарының бәрі сол халық қазынасынан. Мысалы, терме еш халықта жоқ. Оны осы уақытқа дейін дұрыстап насихаттай алмай жүрміз. Ал күйімізді бүкіл әлем музыкалық ерекше жанр деп мойындайды. Бұл да жер жүзінің бір халқында жоқ. Бізде ғана бар екен. Айтыс та ешкімде жоқ. Ол өз алдына әңгіме. Шешендік сөз ше? Шешендік сөз басқа халықтарда болғанымен біздегідей емес. Бізде шешендік сөз, айтыс өнері жалпыхалықтық сипатта дамыған. Басқа халықтарда бұл өнермен санаулы, таңдаулы адамдар ғана айналысса, бізде көпшіліктің бәрі айналысқан.
Байлығымыз осы. Көп елден баймыз. Біздің тіліміз сақталған тіл. «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Алпамысты» шалдарымыз да, балаларымыз бен немере-шөберелеріміз де түсінеді, кейбірі жатқа айтады.
Леонид Сергеевич қуана күлімсіреді.
– Басқасын айтпайын, Абайдың өлеңдерінің философиялық, адамгершілік мәні қандай? Оны ол халықтан алды ғой. Егер әлгіндей асыл дүниелер халық бойында болмаса, Абай оны қайдан алар еді?
– Түсінікті, айта бер, – деп Леонид Сергеевич басын изеді.
– Қазекең үйіне келген кісіге, ол мейлі қасы болсын, кет деп айтқан емес, айтпайды. Өзі жемесе де барын қонаққа сыйлайды. Это традиция. Үлкенді сыйлау, кішінің қамын жеу – дәстүр. Біз бір жасы үлкен кісі сабаса, осы күнге дейін үндемейміз. Әділ ме, әділ емес пе, үн шығармаймыз.
Қазекең буаз малды соймайды. Шөп гүлдеп келе жатқанда дәні өссін деп ол жерге мал жаймайды. Бұл, Леонид Сергеевич, адам түгілі өсімдікке дейін қамқорлық қой. Екіқабат әйелмен ажырасуға болмайды. Ал жайшылықта ажырасқанның өзінде мал-мүлкінің тең жартысын бөліп береді. Бұл да – дәстүр. Меніңше, өткеннің бәрін жамандау дұрыс емес.
Бізде ата тегі деген сөз бар. Оны біз өзгертіп, ескілік деп жүрміз. Ол қатемізді соңғы жылдары ғана түзей бастадық. Кімнің арқасында біз осындай дәрежеге жеттік, олар кім болған, не істепті, не қалдырыпты деп алдымен әркім ата тегін білуі керек. Осыдан отбасы дәстүрі шығады. Мұны қазақ тілінде ата жолын қуу дейді. Бұл жақсы дәстүр. Жаман жерден шықпапты, тегі жақсы екен дегеннің мәні терең.


Мұны айтып отырған себебім, бұл бір мектеп. Отбасының тарихын, ата-тегін құрметтеп сүймей, Отанды құрметтеп сүю мүмкін емес. Өз отбасының намысын қорғамаған адам басқаның намысын қорғай алмайды.
Бабалардың, әкелердің тарихы – халық ерлігінің тарихы. Уважение к прошлому рождает ответственность к настоящему.
Дәстүр, салт-сана жақсыларының барлығы біздің эпостарымызда айтылады. Содан олар кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады. Ол, білсек, бүгінгі жақсылықтарымыздың, дәстүр, салт-санамыздың тамыры. Соның бір нәтижесі – эпос тілімізді сақтап қалды. Бұл – эпостың үлкен, тарихи, классикалық қызметі.
Ал эпосы нашар халықтар тілінен айырылды. Бізде эпосты халық арасына таратқан жыршылар. Олардың көбі жазу білмейтіндіктен жаттап алып айтты. Біздің музыкамыздың да даму себебі – халыққа кең тарағандығынан.
Халқымыздың «Үлеспеген еншіміз бар» деген ұлы сөзі де терең мәнге ие. Үйіңе кім келсе де «құдайы қонақпыз» десе болды, ілгеріде айтқанымдай, өзі аш болса да барын соған береді. Тамақты сату, сатып алу, келген кісіні ауырсыну, өзіме жетпейді деу ешбір үйде, ешбір ауылда кездескен емес. Кейбір халықтың дәстүрі «өзімізге жетпей жатыр» деп бір кесе шайын есептеп отырады. Ал қазекең қарымтасын қайтара ма, қайтармай ма, ойында жоқ, кім болса ол болсын, барын алдына тосқан. Кейін жолығам ба, жолықпаймын ба демеген.
Бұған арнайы тоқталып отырған себебім, осы жайлардың бәрі қазақтың ауыз әдебиетін, тілін, музыкасын, әдет-ғұрып, салт-санасын дамытуға, сақтап қалуға үлкен әсері, көмегі болды. Әйтпесе, далиып жатқан далада бытырап жүрген халықпыз ғой. Жеріміз қандай үлкен. Соған қарамастан, тіліміз, дәстүріміз сакталды. Оның сақталу сыры жоғарыдағы жайларға байланысты.
Басқалар бір жаққа аттанғанда үйін аш тастаса да жол азығын алады. Ал бұрынғы қазақтар (бүгінгіні айтып отырғам жоқ) «Үлеспеген еншіміз бар, ер азығы елде» деп салт атты, сабау қамшылы жүре беретін. Ғажап емес пе?
– Ғажап! – деп қуана қоштады Леонид Сергеевич.
– Бұл дәстүр бізді ақ ниетке, намысқа тәрбиеледі. Мәдениетіміздің барлық материалдық негізі, түсінсеңіз, осы.
Ата-тегіңе, отбасыңның, туған-туысыңның өмір жолына зер салмай, қоғамдық құрылысқа, халық ерлігіне түсіну қиын. Біз ашаршылық жылдары да дәстүрімізді сақтадық. Ұлы Отан соғысында қазақтың аты шыққаны – намысқа тырысты.
– Бауыржан, Алматының музейінен өткен ғасырлардағы киімдеріңді көріп, мәдениетті халық болғандарыңды бірден сездім.
– Түсінгеніңіз үшін рахмет, Леонид Сергеевич. Біздің ата-бабамыз түлкі тымақ, сусар бөрік, қасқыр ішік, тон, күпі, саптама етік, шоқай, костюм орнына жарғақ киген. Жарғақ – жүнін алып илеген ешкінің терісінен жасалған. Неге десеңіз, ешкінің терісі майсыз, қойдың терісі майлы болған.
Біздің киімдерімізді кейбір түсінбейтін кісілер жабайылық дейді. Ал мен сіздің пікіріңізге қосылам, бұл өмірдің қажетінен туған мәдениеттілік.
Мен қазір ақ көйлек киіп, қара галстук тағып отырмын. Шопан не диқан осылай киіне ме?
– Әрине, киінбейді.
– Ендеше, Леонид Сергеевич, кез келген киім түрлерін дүниеге уақыт талабы, еңбек жағдайы әкеледі. Сол себепті қазақтың киімдері ыстық, суықта мал бағуға лайықталып жасалған. Мысалы, қыста жүні ішіне қарата тігілген шалбар, тон, саптама етік кимесе, үсіп өлмей ме?
Байқаған боларсыз, қазақтар киім тіксе, жеңін бір қарыс ұзын етіп тіккен. Себебі, ол қысы-жазы атқа мініп, мал бағады. Сонда ұзын жеңнен қол тоңбайды. Екінші себеп, жаумен айқасқанда шоқпар ұстауына жақсы. Бұл – халық творчествосы, халық даналығынан туған тәжірибе.
Бізде «Етек-жеңің кең болсын» деген сөз бар. Мұны кейбіреулер «етек-жеңі кең қазақ» деп келемеждеп күледі. Бұл – түсінбестік.
Біздің ата-бабамыз ат құлағы көрінбейтін боранда да жортып жүрген, аяздан қорықпаған. Неге десеңіз, етек-жеңі кең тоны бар. Ол әрі баспана, әрі төсек.
– Маған енді бәрі түсінікті,– деді Леонид Сергеевич.– Сөзіңді бөлгенім үшін кешір, айта бер, Бауыржан.
– Атамыз о баста «өле жегенше бөле же!» деп біреуге ұрысқан екен. Кейін ол мақалға айналып кетіпті. Бірде маған Байжарасов деген кісі басынан өткен қиыншылықты былай әңгімеледі:
– Ашпыз. Егделеу қазақтың алдына тиесілі тамағын бөліп қойдық. Ол:
– Ей, жігіттер, мен ертең, бүрсүгіннен қалмайтын кісімін. Мынау маған қорек бола қоймас, сендер жеңдер, әлдерің бар ғой, – деп бізге ұсынды.
– Ойбай, мұныңыз қалай?
– Жо-жоқ,– дестік аузымызға басқа сөз түспей. «Ойпырмай, қайттік?» – деп кейбіреуіміздің көңілі босады. Қарсылық білдіргенімізге болмай, тамағын бізге бөліп берді.
– Мені кезек-кезек көтеріп жүресіңдер.
– Онсыз да көтереміз ғой, – дестік. Не керек, айтқанын екі етпедік. Кешкі тамағын да жемей бөліп берді. Екі-үш күннен соң қайтыс болды. Ол тағы мына оқиғаны айтқан еді.
– Түрме іші. Бір ағамыз қозғала алмай жатып қалды. Жиырма жігіт тиесілі нанымыздан сіріңкенің қорабындай көлемде нан бөліп беріп сырқатынан жаздық… – Қандай бауырмалдық десеңізші?! Мен осы ұлы дәстүрі үшін халқымды шексіз құрметтеп, сүйемін.
– Бауыржан, сыртыңнан сен туралы көп сөз естігенмен дәл бұлай екен деп ойлаған емес едім. Танысьп-біліскенім үшін өте қуаныштымын.
– Рақмет, Леонид Сергеевич.
– Ал енді мен қайтайын, кеш боп қалды. Ертең жексенбі, саған келемін. Үйіме ертіп барып қонақ етемін. Қалған әңгімені сонда жалғастырамыз.
Намазшам кезі еді. Машинасына дейін шығарып салдым. Ертеңіне түсте жетіп келді. Үйі Тверь бульварында екен. Ақ шашты, толықтау әйел есік ашты.
– Кімді ертіп келгенімді білесің бе? Бұл атақты Бауыржан Момышұлы. Есіңде ме «Волоколамск тас жолы»? Көрсем деп армандап едің, енді көр.
– Сізбен танысып, дидарласқаным үшін өте қуаныштымын, – деп әйелі жаны қалмай жатыр. Тез қимылдап, дастарқан жайды. Леонид Сергеевич өзі әзілқой, қалжыңбас кісі, әйеліне мені мақтап отыр. Сәбеңнің дастарқанындағы әңгімелерді әзіл араластыра айтып берді. Әйелі күліп мәз. Анда-санда «осы рас па?» деп маған қарап қояды.
Кемінде үш сағат сейлестік. Сөз кезегінде Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев туралы әңгімеледім. Леонид Сергеевич риза болғаны сондай әйеліне «жаз!» деп әлгі өлеңнің жолма-жол аудармасын қағазға түсірді.
Мағжанның келесі бір өлеңін аударған ем:
– Здорово сказано! Образно сказано! – деп Леонид Сергеевичтің көңілі босап қалды.
– Тағы қандай шығармасы бар?
Ақынымыздың тағы бір туындысын аударып ем, тізесін қолымен салып жіберіп, орнынан ұшып тұрды. Көзі шатынап, ары-бері жүрді. Маған бұрыла қарап, қолын шошайтып: «Бауыржан, мен бұрын жөнді түсінбей жүр екенмін. Сіздердің әдебиеттеріңіз бай, дәстүрі бар, іргелі әдебиет екен, – деді шаттана сөйлеп. – Жаңағы ақын үшін алып қояйық».
Үшеуміз бокал соғыстырдық.
– Біздің қазақ ауыз әдебиетінде ақындық, философиялық, психологиялық бейнелер көп. Мұндай бейнелер басқа халықта жоқ деп айтуға аузым бармайды, бірақ бізде өте мол. Еркектің намысы, әйелдің намысы дегенді дастандарымыз айта білген. Мысалы, «Қыз Жібекті» алыңыз, – деп үзінділер айтып бердім.
– Бауыржан, бұлар рас па? Мүмкін сен ойдан шығарып отырған шығарсың?
– Рас. Қайта мен нашар аудармашымын, әлі де жеткізіп айта алмай отырмын.
– Это здорово! Меніңше, мұндай байлық ешкімде жоқ, – дегенге дейін барды. Қайтар кез де таянды.
– Кешіріңіз, Леонид Сергеевич, такси шақыртуға рұқсат етіңіз?
– Жоқ, өзім жеткізіп саламын. – Мен ешнәрсе дей алмадым. Машинасымен қонақ үйіме әкелді. Содан мені өле-өлгенше жақсы көріп кетті. Алматыға келе қалса, іздеу сап әуре болатын.
Леонид Сергеевич Алматыға соңғы рет Мұхтар Әуезовтің ескерткішін ашқанда келді.
– Бауыржан, ты мне нужен, – деп телефон соғып, қонақ үйге шақырды.
– Вот что, твои пригласили, поэтому приехал. Ты будешь со мной. Если у тебя есть какое-то дело, отложи! Я раньше доверял Мухтару Омархановичу, теперь доверяю тебе.
– Леонид Сергеевич, вы в президиум пойдете. У вас машина есть. Я не уполномочен. Мне не удобно. Я буду бедным родственником. Мынаған жарбақтап не жоқ дейді ғой.
– Аха-ха-ха. Вот как?! – деп Леонид Сергеевич бар жан-дүниесімен селкілдеп, рахаттана күлді. Біраз ойланып отырды да:
– Да, Мухтар Омарханович мне одно слово сказал, теперь понял, – деді. Мұхаңның не айтқанын айтпады. Менен көзін алмай:
– Я опытный, чем ты. Я с тобой буду обращаться не по-братски. А ты тоже обращайся не по-братски (мұнысы менімен терезесі тең адамша сөйлес дегені ғой). Пусть побачит дураки, – деді украиншалап. – Давай пойдем.
– Обалы не керек, барлық жиналыста мені қасынан қалдырған жоқ. Президиумда екеуміз қатар отырамыз. Баукең селкілдей күлді.
– Леонид Сергеевичтің бір қызық мінезі есіме түскені, – деді күлкісін тиып. – Кешке банкет болды. Мархұм Кәмеш екеуміз залда отырмыз. Леонид Сергеевич президиум жақта отыр. Бір кезде орнынан тұрып, мені іздеді.
Банкетті Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі басқарып отыр. Леонид Сергеевич қасыма келіп:
– Ой, ты, какой хороший парень, – деп мені құшақтады. Зал таң қалды.
– Мына қасыңдағы бикеш кім?
Кәмеш орнынан тұрып, өзін таныстырды.
– Молодец, доченька, – деп бетінен сүйіп, президиумға барып отырды.
Ертесіне үйге шақырып, қонақ еттік. Бүл соңғы кездесуіміз екен.
Ол ешкімге тәуелді емес, өте әділ, өзіне-өзі сын көзбен қарайтын кісі еді. Денесі де, ақылы да ірі, адамгершілігі де ірі болатын. Әр жолыққан сайын жағымды әсер қалдыратын. Біреудің алдында өзін лайықты ұстайтын, қобалжуды білмейтін.
Леонид Сергеевич болмағанда «Абай жолы» жер жүзіне тарамас еді. «Мұхтар Омарханұлына борыштармын» деді ғой. Оның адамгершілік бір қасиетін осыдан-ақ көруге болады. Ол қазақ совет әдебиетінің үлкен досы еді. Солай болып қалады да.

Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?