jasqazaq.kz

Октябрят та, пионер де болдық

17 тамыз 2022, 18:16

Бәріне ортақ журналистика

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы
Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәріс алып, тәжірибесін шыңдап жатыр. Сонымен қатар қатысушыларымыз елге танымал өнер жұлдыздары, спорт саңлақтарымен сұхбаттасып журналистиканың сұхбат жанрын меңгеруде.

Курсқа қатысушы Ақниет Жүнісбекова «Қуыршақ» мемлекеттік театрының актрисасы Әсемгүл Қалиханқызымен сұхбаттасып, өнерпаздың балалық шағы туралы қызықты әңгімесімен бөліседі.
Әсемгүл Қалиханқызы, «Қуыршақ» мемлекеттік театрының актрисасы:

Менің балалық шағым Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қабанбай ауылында өтті. Көп балалы отбасында тәрбиелендім, тоғыз баланың ең кенжесімін. Үйіміздің сүт кенжесі болғандықтан, ата-анам ерекше еркелетіп өсірді. Бар жақсысын аямады. Біздің бала кезіміз өте қызықты өтті. Октябрят та пионер де болдық. Ол кездегі бала күнді қазіргімен салыстыруға келмейді. Себебі таңнан кешке дейін уақыт ұзақ. Қазір таң атса, жылдам кеш батады ғой. Ол кезде таңнан кешке дейін ойын ойнаймыз. «Жеті қалбыр», «Бес тас» деген ойындар бар. Оның бәрі қолдан жасалынады, ешқандай ойыншық сатып алмайсың. Босаған қалбырлардан жеті қалбыр қойып жасайсың, жердегі тастан бесеуін теріп алып, оларды жуып, майлап, әдемі етіп жылтыратып содан «Бес тас» ойнап, жарысамыз.

Мен кішкентайымнан тәуекелшіл едім. Бір нәрсені ойыма алсам, соған жетпей қоймайтынмын. Үйде ағамның жасыл велосипеді болды, соны тебуді үйренейін десем, аяғым жетпейді. Ортасына аяғымды салып, қисайып алып теуіп көшенің бойында ары құлаймын, бері құлаймын. Сөйтсем, жанымдағы туыс әпкем «санап отырмын, сен он үш рет құладың, не деген қайтпайтын адамсың»,- дейді.

Сөйтіп тіземді қанатып жүріп, әйтеуір, велосипед тебуді үйреніп алдым. Енді оны зырылдатып теуіп жүргенде атқа қызықтым. Әкем жұмыстан келіп атын суытатын уақытты күтіп жүрмін. Әкем үйге кірісімен, байлаулы тұрған атты мініп қақпадан шығып кеттім. Атым ауылдан біраз ұзап кетті. Оның үстіне шәңкілдек иттің дауысынан үріккен атым дес бермей, үстінен ұшып түстім. Жылайын десем, жан-жағымда ешкім жоқ. Тізем қанаған екен. Әріректе жайылып тұрған атыма жайлап мініп, қайтадан үйге қайттым. Қақпадан кіре сала, есік алдында күтіп тұрған анамды көріп жылап жібердім. Оған дейін шыдап-ақ келіп едім.
Біздің ауыл Алакөлдің тура жанында орналасқан. Кішкентай кезімізде көлге бару үшін түрлі сылтау айтып, үйден шығамыз. Ата-анамыз көлге жіберуден қорқады, көл деген терең ғой. Ақырында малтуды үйреніп, кейін балықша жүзетін болдық. Ол кезде Алакөлде ешкім жоқ, тек космонавтар ғана, радиациядан арылу үшін арнайы келіп түсетін.

Негізі біздің отбасымыз өнерлі. Әке-шешем де ән айтады, домбыра тартады. Біз отбасылық ансамбль болғанбыз. Концерт болса, отбасымызбен оркестр болып шығатынбыз, жеңгем прима тартады, қалғандарымыз әр түрлі аспаптарда ойнаймыз. Кішкентай күнімнен ән айтатынмын, барлық байқауларда бас жүлде алушы едім. Өнерге де жастайымнан жақын болдым. Мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнын таңдағанда ата-анама Алматыдағы «Өнер» академиясына барғым келетінін айттым. Семейде туыстарымыз көп болғандықтан, олар мені Семейдегі оқу орнына түсіргісі келді. Бірақ арманымнан таймай, Алматыдағы өнер ордасына оқуға түстім. Ол кезде оқу ордасы «Театр және кино институты» болатын. Мен театр, кино әртісі боламын деген оймен келгенмін. Сөйтсем, драма актерінің курсы толық екен. Студенттер қуыршақ актеры курсына қабылданып жатыр. Сөйтіп Серік Мақұлбековтың сыныбына қабылданып, қуыршақ актеры мамандығы бойынша дәріс алдық. Ол кісі бізге қуршақтың әліппесінен бастап барлығын үйретті. Қуыршақ қалай жасалады? Ішқі құрылысы қандай? Тіпті оларға киім-кешек тігуді де үйретті.

Қуыршақ театрында істеп жүргеніме биыл 19 жыл болыпты. Бұл салаға келгеніме қуанам, түсіне білген адамға өте биік өнер. Себебі біз балаларды тәрбиелейміз, олар келгенде бізге сенеді, оларға түлкі деген қу, қасқыр деген аңқау деп ауызбен айтқаннан гөрі, сахнаға шыққан кезде олар өздері түсініп алады. Балалардың эмоциясы, қуанғаны біз үшін керемет сезім, оны айтып жеткізу мүмкін емес. Спектакльды ойнаған кезде жанымызды салып ойнаймыз, сол кезде ғана жақсы дүние шығады. Кейде драманы бітірген жас балалар келеді, «өй, қиын бас сол» деп. Бірақ болмай қалады, сол кезде ғана олар қуыршақ өнерінің оңай нәрсе емес екенін түсінеді. Шыдамай кетіп қалатындар бар. Өз басым Серік ағайдан тәлім алғаныма қуаныштымын. Ол кісінің студенттері өте мықты, әсіресе трост қуыршақ, ең ауыр қуыршақты ол кісі бізге алфавит ретінде үйретті. Оның ішіндегі габиты бар, басы қозғалады, бір қолыңа аузын, бір қолыңа көзін бәрін іліп тұрып, түгелін сөйлетіп, басын аспанға да жерге де қаратып, барлық ұсақ-түйегіне дейін үйреткен. Мықты ұстаздан тәлім алғанымды мақтан етемін!

Дайындаған Ақниет Жүнісбекова

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті