Қожанасырдың бір үйі болыпты. Күндердің-күнінде Қожанасыр үйіне:
– Сен де біраз өмір сүрдің. Құлайтын шағың да таяды. Кел, сенімен бір келісімге келейік, сен маған қашан құлайтыныңды айт, мен де сенің астыңда қалып қоймайын, – дейді.
Үй де:
– Келістік, – депті.
Арадан біраз уақыт өтеді. Бір күні үйдің шаңырағы ортасына түседі. Құдай сақтағандай, үй құлағанда Қожанасыр сыртта болыпты. Кешке таман үйіне оралған ол үйінің халін көріп:
– Сенімен қалай келісіп едік, құлайтын уақытыңда хабар беретін болып едің ғой? – дейді.
Үй де:
– Мен саған талай рет ескерткен едім. Бір күні қабырғам жарылды, одан кейін сылағым түсті, біраз уақыттан соң кірпіштерім түсе бастады. Мұның бәрі құлайтынымның хабары еді. Біздің тіліміз осындай, түсінбеген өзіңнен көр, – депті.
Сол айтпақшы, қазір бой көтеріп жатқан биік үйлерге тіл бітсе, талай кемшілікті жіпке тізіп берер еді. Амал қанша, барлық сырын ішіне бүгіп тұр. Сыр сақтай алмаған баспаналардың алды Қарағандыда құлап тынды. Ал Алматы секілді ірі мегаполисте үйлердің алды әлдеқашан сыр беріп қойған. Бірі жарылды, бірі қисайды, солай… Бірақ бәрінен де сол баспанаға қара халықтың қалай қол жеткізгенін білесіздер ме? Жылдар бойы жинаған қаражатын алғашқы салымға жұмсап, қалғанын несиемен өтеп отырған жұртқа жаның ашиды.
Бұл жол да айғай-шу Алғабас жақтан шықты. Айтпақшы, қазір бұл маңды Зерделі шағынауданы деп атады. Баспананы осыннан алғандар №144-көпқабатты үйдің қабырғасы қақырай бастағанынан қорқып отыр. Өйткені іргетасы отырып, пәтерлердің есік-терезесі қисайып барады. Осыны байқаған ел-жұрт тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысына қатысты тәуелсіз сараптама жасатуды талап етіп отыр. Егер үнсіз отыра берсе, Қожанасырдың басынан кешіргеніндей күй кешуі мүмкін. Әрине, жамандықтың беті аулақ делік.
Осы үйде тұратын Айдана Шүйіншәлиева КТК телеарнасына берген сұхбатында: «Үйдің есіктері дұрыс жабылса да ашылмай қалады. Ашылса, жабылмайды. Үйдің қисайғаны анық көрінеді. Құрылыс компаниясының өкілдері бір жылдан бері «келеміз, жасап береміз» деумен келеді. Айтпақшы, бұл баспанаға берілген кепілдік мерзімі де бітіп кетіпті. Сондықтан үмітті күдік жеңіп тұр. Егер комиссия үйді «апатты» деп танымаса, нағыз сойқан сонда болғалы тұр», – депті.
Жергілікті тұрғын Гүлдәурен Бақбергенова: «Үйлердің сыртындағы темірлердің қисайғанын анық байқайсыз» десе, оның уәжіне мердігер «Астана құрылыс» компаниясының вице-президенті Мейіржан Досанов: «Монолитін менің бригадаларым көтерген. Мына монолит үйлер ешқашан құламайды. Ол құлауы үшін төрт метр қисаюы керек, сол кезде құлайды», – депті.
Сонда тоғыз қабаттың төрт метрге қисайғанын күтіп отыра береміз бе? Осы сұраққа жауап іздеп, түн ұйқысынан айырылған ағайын компания басшыларының сөзіне де, өзіне де сенбей қалыпты. Өйткені олар осы маңдағы көпқабатты үйлердің жағдайынан жақсы хабардар. Естеріңізде болса, 2015 жылы қазан айында «Алғабас-6» шағынауданында 72 пәтерлік тұрғын үйге қоныстанушылар түн ортасында пәтерлерінен шығарылған еді. Өйткені үй қисайған. Осы жолы да Қожанасырдың тағы бір хикаясы ойға оралған еді. Қойшы, айтпай-ақ қоялық. Тек Қожанасырдың ащы да болса айтқан әзілінен сабақ алмайтынымыз, өкінішке өкінбейтініміз жаман.
Жолдасбек
ӘШІМХАНҰЛЫ