Оқымаған – тоқымаған

09 қазан 2020, 8:48

Қайбір жылы мұхиттың арғы жағына бардық. Әркім өз Америкасын ашып, american dream-нің («арман ел» ұғымы) асқақтап тұрған кезі. Күнде неше түрлі кездесу. Журналистік ұйымдардың өкілдері, адам құқығын қорғаушылар, ғалымдар, жазушылар, тағысын тағылар. Бәрі Қазақстан туралы, еліміздегі демократия жайын білгісі келеді. Сұрақ қою кезегі бізге келгенде кейбіреулердің біз туралы таным-түсінігі мүлде таяз екені білініп қалды. Әріптестеріміздің бірі лауазымды тұлғадан мұның мәнісін сұрады. Жауап бәрімізді таңқалдырды. Дұрысы, ойландырып тастады. «Көрші Мексиканың қайда екенін білмейтін американдықтар жетерлік. Сондықтан қияндағы Қазақстанды білмеді деп өкпелеудің жөні жоқ шығар», – деді ол осы елдің адамдарына тән әдетпен жымиып. «Ақыл-ойдың алыптары жиналған Америкада жағрафиядан хабарсыздар бар екен-ау» дедік елдегі жер-дүниеден хабардар ағайынды еске түсіріп.

Арада көп уақыт өткен жоқ. Білімді де іскер біреу сол жағрафия пәні болып жатқан мектепке барып, бәрімізді кәдімгідей ойландырып тастады. Оқушылар былай тұрсын, мұғалімнің өзі картадан Индонезияны көрсете алмапты. «Жарайды, жан-жағын су қоршаған аралда тұрған мемлекеттің қай жерде екенін білмей қалған шығар» деп өзімізді жұбатқандай болдық. Көп өтпей, әлеуметтік желіде еліміздің шығыс өңіріндегі облыстың орталығы қай қала екенін білмейтіндер жөнінде әжептеуір пікірталас өрбіді. Бұл енді жастар арасында сауатсыздық жайыла бастағанының айқын белгісі еді. Таңқалатын емес, дабыл қағатын құбылыс екенін бұл жетіде анық ұға бастадық. Бір блогер «Түркістан облысы Қазақстан құрамына қашан кіреді?» деген сұрақпен көшеде видеосауалнама жүргізіпті. Таңның атысы мен күннің батысына дейін бас алмай жұмыс істейтін, содан «оқуға уақытым жоқ» дейтіндер емес, әп-әдемі киінген, (дипломы да бар шығар) бойжеткендердің бірі «екі жылдан кейін десе» енді біреуі «бес жылдан кейін» деп соғып тұр.

Мұндай құбылыс мектеп пен жоғары немесе орта оқу орындарында білім берудің бұрынғылар айтатын инемен құдық қазғандай емес, жеңіл-желпі, үстірт, атүсті сипат ала бастағанының нақты көрінісі болса керек. Ілім мен білімді кітап пен кітапханадан гөрі компьютер мен смартфоннан алу оңай тәсілге айналғалы оқу мен іздену, дүниетаным көкжиегін кеңейту үрдісі тығырыққа тірелді. Соның теріс нәтижесі болса керек, қос дипломы барлар қарапайым өтінішті қатесіз жаза алмайтын болды. Тіпті білдей бір министрдің қазақша жазбасында он шақты қате жібергенін де көрдік.

Ғылым мен технология дамыған XXI ғасырда білімі мен ғылымы өзгеден көш ілгері халық бәсеке мен бәйгеде ешкімге есесін жібермейді. Ал оқымаған-тоқымаған сауатсыздар, қырғыз елінің бұрынғы президенті Роза Отынбаеваның жаны ауырып, ашынып айтқан сөзімен сипаттағанда, қарабайыр тобырға айналып, надан әрекетке барады, өз елінің абыройын айрандай төгеді.

Срайыл Смайыл

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде