Жақында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғылыми кеңесінің ұсынуымен БҒМ Ғылым комитетінің «Ұлы дала ойындары (Ойындық фольклор): Ұлттық ойындардың ерекше мәдени құбылыс ретіндегі қоғамдық сананы жаңғыртудағы қызметі» атты іргелі зерттеу жобасы бойынша іске асырылған «Ұлы дала ойындары (ойындық фольклор)» атты жинақ жарық көрді. Идея авторы және жоба жетекшісі – Кенжехан Матыжанов.
Бұл еңбекте қазақтың ұлттық ойындары тұңғыш рет қолжазба қорлардан, әр түрлі басылымдардан және шетелдегі қазақтар арасынан жиналған және өзара салыстырылған, іріктелген, жүйеленген нұсқалары топтастырылған. Жинақ «Рәсімдік ойындар», «Ұлттық спорт ойындары», «Ойын-сауық ойындары», «Балалар ойындары», «Интеллектуалдық ойындар» деп аталатын бес тараудан тұрады.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі ретінде ғылыми негізде зерделенген ойын түрлері шынымен де көңіл аударуға тұрарлық. Көңіл аударсақ, бұл жинақты көп данамен шығарып, барша оқырманға таратсақ болар еді.
Ойын туралы ойлансақ…
Адамның кез келген қызметінің сипатына барынша терең мән бере қарасаң, ол үнемі ойдан шығарылған бір әрекеттерді атқарып жүреді. Ойдан шығарылған әрекеттің бәрі әлбетте табиғи емес. Жасанды. Басқаша айтқанда, жаратылыс заңдылықтарының шеңберінен тыс адамның өз ойынан шығарып, өз қолымен тындыратын жұмыстар. Құдды бір саналы түрде ойнап жүрген секілді. Олай болса, адам қызметтерін де ойын деп айтуға негіз бар. Адам қызметтерінің алғашқысы – еңбек құралдарын жасау болса, тас қашап отырған Homo sapiens сырт көзге ойнап отырған секілді көрінеді. Шындығында ол ойға алған ісін жүзеге асырмақ болып отыр. Алғашқы еңбек құралының өзі мәдениет туындысы, оны «адамзаттық мәдениеттің бастауы» деген тұжырымды одан әрі тереңдеткен ойын психологиясын зерттеген мәдениеттанушы Йохан Хейзинга: «адам мәдениеті ойын секілді, ойыннан туады, ойынмен өрістейді», «ойын кез келген мәдениетке дейін де бар болатын» дейді. Олай болса, адамзат мәдениетінің бастауы – алғашқы еңбек құралы емес, сол құралды жасауға ықпал еткен ойын деген қорытынды жасауға болады. Демек, ойын мәдениетіміздің бастауы, бөлінбес бөлшегі, оны алға қарай өрістетуші де. Сондықтан да біз ойынды тануымыз, тану үшін зерттеуіміз керек.
Ғалым К. Матыжановтың пайымдауынша, ойын – «бейнелі ойлауға негізделеді», «ойын – адам қиялының жемісі», ол – «адамның рухани әлеміне байланысты» және «адамның ойлау жүйесіне», «адамның сезім әлеміне, өнер мен мәдениетке қатысты категория». Өйткені, – дейді ғалым, – өнер мен мәдениеттің негізгі өзегі бейнелі ойлаудан бастау алады». Егер К. Матыжановтың анықтағанындай, өнер мен мәдениет бейнелі ойлаудан бастау алса, ал Й.Хейзинганың айқындауынша «мәдениет ойыннан басталса», онда біз де «ойын ойлаудан туындайды» деп айта аламыз.
Ойын дегеніміз – жаратылыс заңдылығымен табиғи түрде жүзеге асып жататын үдерістер бірлігі емес, ойдан шығарылған іс-әрекеттер жиынтығы. Таратып айтар болсақ, ойын – адамдардың жаны мен тәнінің қажеттілігін өтеу мақсатында ойдан шығарып, ережеге бағындырып, белгілі бір кеңістікте, белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асыратын саналы әрекеттерінің жиынтығы.
Айтылуы мен жазылуында сәл өзгешелік болғанымен, «ойын» деген сөз түркі халықтарына ортақ, негізі бір түбірден шыққан. Мысалы, түрікше «oyun», өзбекше «o’yin», түркіменше «oyun», қырғызша «оюн», сахаларша «оонньуу»,татарша «уйн», әзірбайжанша «aglayan» деп айтылады және жазылады. Түркі тілдес халықтарға ортақ екендігінің тағы бір дәлелін біз Махмұд Қашқаридың сөздігінен көреміз. Онда «ойын» түбірінен пайда болған «ойнаш», «ойнақ», «ойнағу» деген сөздердің мағынасы берілген(3) (Махмұд Қашқари. Түрік сөздігі. 1-том «Арда+7» А., 2017, 154-бет). Түркі тілдерінде қалыптасып, тұрақталған осы атаудың аудармасы орыстарда «игра»; ағылшындарда «гаме»; французша «jeu»; моңғолша «тоглоом»; немісше «spiel»; жапонша ゲーム «gemu»; қытайша 游戏 «yóuxì»; арабша لعبة «laba»; парсыша بازی «bazi»; Ойын әр тілде әрқалай аталғанымен, атқаратын қызметі мен мән-мағынасы ортақ әрі ұқсас болады. Ойын адамның көңіл көтеру қажеттілігін өтейді, сонымен қатар бос уақытын өткізу үшін де пайдаланылады, бұдан да тереңірек үңілсек, ойын адамға жаратылысынан берілген қабілеттің барлығын толығымен түгел өтеу үшін де әдейі ұйымдастырылады. Әдетте күнделікті өмір ағысында атқарылатын тіршіліктің бәрі бір-біріне ұқсайды және қайталанады, сөйтіп адам жадында жатталып қалады да үйреншікті әдетке айналады. Адамның сана күші, сезім қуаты, дене дірмәні де осы үйреншікті әдетке дағдыланып алады да, ол дағдыға физиологиялық-психологиялық қажеттілік тұрғысынан қанағаттанбай қалады. Қанағаттанбаған соң жан мен тәннің күнделікті тіршіліктен артылған қуатын жұмсайтын тағы бір қарекеттер керек бола бастайды. Ол қарекет – әрине, ойын. Қазақтың ұлттық ойындарының қызметін ойша шолып көрсек, санамызға мынадай мақсаттарға байланысты туындайтыны алдымен ойымызға орала кетеді: біріншіден, ойын – астарында зілі жоқ жеңіл сөздер мен іс-әрекеттер жиынтығы. Ондай әрекеттердің қатарына өтірік айту, алдау, қалжыңдау, әзілдеу, қылжақтау, әжуә, т.б. жатады; алдау әріптестік рәуіште болуы да мүмкін, керісінше дұшпанды қарсыластық ниетпен жүзеге асырылуы да мүмкін. Екеуін де халық ойын ретінде қабылдаған; екіншіден, ойын – жылдамдықты, шапшаңдықты сынасу мақсатындағы іс-әрекеттер жиынтығы. Ондай әрекеттерге жаяужарыс, қыз жарыс, теңге алу, т.б. тиесілі; үшіншіден, ойын – думандату, сауық құру ниетіндегі іс-қимылдар жиынтығы. Ондай іс-қимылдарға атжарыс, түйежарыс, алтыбақан, ақсүйек, қызқуу, белбеу тастау,т.б. кіреді; төртіншіден, ойын – сөз жарыстыру мақсатындағы әрекеттер жиынтығы. Бұған қайым айтысу, өтірік айтысу, тәжікелесу, жаңылтпаш айтысу т.б. тән; бесіншіден, ойын – ой шынықтыру, қиал шыйрықтыру үдесіндегі әрекеттер тоғысы. Ондай әрекеттерге дойбы, қара есеп, жұмбақ, шатыраш, тоғызқұмалақ, т.б. табиғы; алтыншыдан, ойын – күштілікті, жігерлілікті сынасатын іс-қимылдар жиынтығы. Олардың қатарына көкпар, күрес, аударыспақ, арқантартыс, көтеріспек, т.б. енеді; жетіншіден, ойын – мергендікті, ептілікті сынға салар іс-әрекеттер жиыны. Ондай іс-әрекеттер сапына жамбы атысу, теңге алу, асық атысу, бәлди, бестас, т.б. қосылады; сегізіншіден, ойын – ермек ету, алдарқану мақсатындағы әрекеттер жиынтығы. Бұл топқа «Ханталапай», «Үйшік-үйшік», «Жүзік тастау», «Сақина жасыру», секілді т.б. ойындар кіреді; тоғызыншыдан, ойын – көңіл көтеру, рахаттану, өнер шыңдау пыйғылымен жүзеге асатын іс-әрекеттер үрдісі. Оған күй тартысу, өлең айтысу, ән шырқасу, кесте тоқысу, ою ойысу сыйақты т.б. бәсекелер жатады; оныншыдан, ойын – дұшпанды күйрету, қирату, жеңу мақсатында ұйымдастырылатын әрекеттер жиынтығы. Оған соғыс, ұрыс, төбелес, т.б., кіреді; он біріншіден, ойын – ләззат алу, нәпсі құмарлығын қанағаттандыру мақсатында жасалатын іс-әрекеттер тоғысы. Мұндай әрекеттерге еркек пен ұрғашы арасындағы нәпсілік қатынастар жатады.
Қазақ тілінде ойынға қатысты әрекеттің бәрі «ойын» деген түбірден тараған сөздермен айшықталады. «Ойна», «ойнау», «ойыншық», «ойынсақ», «ойынқұмар», «ойнақ», «ойнақшу», «ойнасу», «ойынпаз», «ойнақтау» т.б.,
Әр түрлі мағыналық реңкке ие осы сөздердің түбірі – «ой». Басқа түркі тілдерінде бұл сөздердің қалай пайда болғаны және нендей мағына беретіндігін, яғни этимологиясын іздегеннен бұрын өзіміздің төл тіліміздегі мағынасын аршып алған жоқпыз әлі. Себебі, біз бұған дейін ойынға ойлы көзбен мән бермедік, түрлерін түгендеп болмадық, тарихына тереңдеп бармадық, философиялық, психологиялық мәні мен астарына, педагогикалық және әлеуметтік қызметіне ұлттық таным мен түйсік таразылары арқылы толық салмақтамадық.
Біздің іздеп отырғанымыз – жер бедеріне қатысты айтылатын «ой» деген географиялық атау емес, адам миының қызметіне қатысты айтылатын философиялық категория. «Ой» деп біз адамның көргенін, естігенін, сезгенін, оқығанын ақылға салып саралау, сараптау үдерісін және сол үдеріс нәтижесінде пайда болған түйінді, қорытындыны айтамыз. Сонымен қатар адам миының саналы қызметін де «ой» деп түсінеміз. Қазақтың ауызекі тілде де: «ойласаңшы», «ойланшы», «ойлап сөйле» деп жататыны да соның бір айғағы.
Әзірбайжанша «fikir», татарша «уй», қырғызша «ой», түрікше «düşünce» деген атауларына назар аударсақ, қазақтың «ой» деген сөздерінің «пікір», «түсінік», «ұғым» деген баламалары да алдымыздан шығады. Әйткенмен де «ой» деген сөздің де түркі халықтарына түгел ортақ екенін білеміз. Егер «ойын» деген сөздің төркінін (этимологиясын) іздесек, адам миының сапалы қызметін білдіретін – «ой» деген сөз бен іс-әрекет ұғымын беретін – «ын» жалғауының қосылуынан «ой+ын» деген атау шыққан деп топшылауға болады. Олай дейтініміз – қазақ тілінде «ын», «ін», «ім», «ым» – түбірден түбір тудырушы жұрнақтар екені белгілі. Мысалы, «түйін» – бір нәрсені түю әрекетінің нәтижесі, «жыйын» – көпшіліктің бір жерге жиналу әрекеті, «құйын» – желдің құйқылжу әрекеті.
Қазақта ойынтану ғылымы бар…
Ойын қызметі мен мағынасын бізге дейін де әлемнің сан алуан ғалымдары ой елегінен өткізіп көрді. Әлбетте, ойын туралы әлем ғалымдарының сонау Платоннан бастап бүгінгі жас ғалымдарға дейінгі зерттеулерін бір мақалада түгел шолып шығу мүмкін емес. Десек те ұлттық ойындар туралы жарық көрген, тақырыбы әр алуан негізгі еңбектерге көңіл аударуға болады.
Ұлттық ойындарды жинастырып, олардың түрлерін жікке бөліп, Ә. Диваев 1905 жылы 13 қарашада «Тургайская газета» және «Туркестанские ведомости» басылымдарында «Игры киргизских детей» және «Древние игры киргизской молодёжи» деген аттармен жариялады. Қазақтың ұлттық ойындарына мән берілген алғашқы ғылыми қадам ретінде бұл мақаланың маңызы жоғары. Қазақ ғалымдары ұлттық ойындардың түрлерін жинақтаумен, пайда болу тарихын іздеумен (М.Гуннер), олардың ережелерін анықтаумен (М.Таникеев, Б.А.Төтенаев), қалай ойналуы керектігін түсіндірумен, педагогикалық қырларын айқындаумен (Е.Сағындықов, Б.А.Төтенаев). және спорттық түрлерінің жетілу жолдарын зерделеумен (Е. Алимханов), иағни тәжірибелік қырларын зерттеумен айналысқаны болмаса, ойынның теориялық негіздерін іздеуді алабөтен қолға ала қойған жоқ.
Бұл ретте ғалым Кенжехан Матыжановтың «Ойын өмір» деп аталатын ғылыми-танымдық зерттеуін ерекше атап өтуге болады. Бұл зерттеуінде ғалым тұңғыш рет қазақша «ойынтану» терминін ғылыми айналымға қосады да әлемдік ғылымдағы ойынтану тарихына шолу жасай келе, теориялық негіздеріне мән береді, әдістемелік қағидаттарына көңіл аударады.
Қазақ ұлттық ойындарын таныту ұмтылыстарына да сараптама жасай келе, бұл бағытта біздегі теориялық танымның әлі бе болса балаңдығын мойындай отырып, өз тарапынан ұлттық ойынтанудың ғылыми тың тұжырымдарын ұсынады.
Ол ойынның табиғатына тән мынадай ерекшеліктерді қазақ ғалымдары ішінде алғаш рет алға тартады:
– ойын табиғат пен адам өмірінен бостан, еркін болады;
– ойын күнделікті күйкі тірліктен, шынайы өмірден бөлек, биік тұрады;
– ойындағы шынайылық жоғары рухқа ие;
– ойынның өзіндік кеңістігі мен уақыт шеңбері (хронотоп) болады;
– ойынның өзіне ғана тән құрылымдық тәртібі мен ережесі бар;
– ойын тартыс пен тәуекелге құрылады;
– ойынның мақсаты мен мән-маңызы оның белгіленген ішкі құрылымында болады;
– ойынға қатысушылар ойынның болмысын ғана танытып қоймайды, ойын кезінде өзінің ішкі болмысын да танытады;
– ойындағы біреуге еліктеу, киімдерін өзгерту мен бетперде тағуға ұмтылу жолдары өмірдегіден мүлдем бөлек болады;
– ойын тектес қойылымдар көрерменсіз болмайды;
– ойында болатын жағдаяттар мен ондағы көрсетілетін мәселелерді көрермендердің алдын ала болжап, біліп отыруы шарт емес;
Осындай ерекшеліктерді екшей келе ойын туралы: «Ойын, ешқандай экономикалық пайданы көздемейтін; күйкі тірлік қажеттіліктерінен ада, мақсат-мүддесі өз шеңберінде тұйықталған адамзатқа ғана тән әрекет түрі болып саналады; ол шартсыз және шарттылық жағдайда өзінше ойластырылған шынайылыққа негізделеді. Оның өзіне ғана лайықталып ерекше рухқа ие болған мән-мазмұны болады, ол өмір сүру мүмкіндігін өзі қамтамасыз етеді. Ойын – ерікті түрде қатаң белгіленген ереже бойынша белгілі кеңістік пен уақыт аясында өтетін тегеуірінді ішкі қуатқа ие құбылыс»,– деген қорытындыға келеді.
Бұдан әрі ғалым ойындарды жанрларға, түрлерге, топтарға бөлудің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, жалпы ойынды ірі-ірі екі топқа бөледі. Бірін «дәстүрлік ойындар», екіншісін жаңа заман жаратындылары болғандықтан, «жаңа заман ойындары», яғни «постдәстүрлік ойындар» дейді де бұлардың өздеріне ғана тән айырмашылықтары мен ұқсастықтарына тоқтала келе, олардың арасына «қытай қорғанын» салуға болмайтындығын айтады. Өйткені, жаңа заман ойындары уақыт өте, көнере келе дәстүрлік ойындар жағына табиғи түрде өтіп кетуі мүмкін екендігін ескертеді. Ғалым дәстүрлік ойындарды ғылымда бірде «ойындық фольклор», енді бірде «ұлттық ойындар» деп атай беретіндігін назарға ала отырып, ұлттық ойындардың өзіндік сипаттарын айқындайды.
Сөйтіп, ғалым Кенжехен Матыжанов бұл зерттеуінде қазақ ойындарын ғылыми таным теориясы қағидаттары бойынша зерттеудің әдістемелік негізін қалап береді.
Иә, біз бүгінгі күнге дейін «ойын» дегенге атүсті қарап келдік. Бір әрекеттерді ұнатпай қалсақ, «баланың ойыны, бақсының жыны» деп менсінбестік таныттық. Осы менсінбестік психология бізге әлем әлдеқашан бастап қойған «ойынтану» ғылымына мойын бұрғызбағаны рас. Қазақ ғалымдары ғылымның бұл саласына енді бет бұра бастады.
Ойынтану дегеніміз – ойындық мәдениеттің теориясы мен тәжірибесі, сондай-ақ мәдениеттегі, педагогикадағы, психологиядағы, философиядағы және ғылымның басқа да салаларындағы «ойын» табиғаты туралы таным жүйесі.
Біз енді қазақта ойынтану ғылымы бар деп нық сеніммен айта аламыз.
Сағатбек Медеубекұлы,
филология ғылымдарының
кандидаты