Қоғамдық көліктегі қолайсыз көрініс

30 қантар 2017, 11:10

Жұмысқа бара жатқан жолда №84 бағыттағы автобусқа аяқ артқан едім, иін тірескен адам екен. Салонның ортаңғы тұсынан:
– Студенттік билетіңді көрсет! – деген кондуктор әйелдің даусы шықты.
– Келесі жолы көрсетеміз, – деді екі өрімдей жас қыз.
– А?
– Құлағың керең ба? – деп дүңк еткізді әлгі екі қыздың бірі. Осыдан кейін автобус іші азан-қазан болып кетті.
«Он пәленің тоғызы тілден» демекші, ақыр аяғында өзінің шешесімен жасы шамалас әйелмен екі студент қыз бажылдап ұрсысып, дікеңдеп, төбелесуге шақ қалып, екі-үш аялдамалық жолда құлақты у-шуға тұндырды. Ішіндегі үлкені де, жасы да әлгілерге «қой, қойыңдар!» деп әлек. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бар пәле қыздардың студенттік билетін көрсетпей, 50 теңге жолақы төлегенінен шығып тұр. Ал кондуктор әйел «билетін алып жүрмейді, онысымен қоймай анасымен жасты адамға зіркілдейтіндерін қара бұлардың» деп бұрқ-сарқ қайнайды. Оған беттері бүлк етпей, екілене салғыласқан екі қыз автобустың «астаң-кестеңін» шығарды да, түк болмағандай кезекті аялдамада түсіп кете барды. Қалған қаншама жолаушы «о, тобалап» ой үстінде қалды. Бұл жерде мәселе жолақысында емес, қазіргі қоғамның кеселді кемшілігінің бірі – ұрпақ тәрбиесіне тіреліп тұр. Аузындағы сағызын шайнаңдатып, анасындай адамға дікеңдеген жас қыздардың тәрбиесіздігі бәріміздің еңсемізді езіп жібергендей болды.
…Жұмысқа келгенім сол еді, әріптес аға абыржып кіріп келді.
– Автобус пен жеке көлік соқтығысып қалды. Содан міне, кешігіп…
– Қай маршрутпен келдіңіз?
– 47-мен.
– Жүргізушілердің жүгенсіздігінен қаншама адам жұмысынан кешікті. Солар өзі куәлікті оқып ала ма, сатып ала ма, бір Құдай біледі.
Әріптесім күйіп-пісіп тұр.
Тағы да сондай көңілсіз көрініс жұмыстан қайтып бара жатқанда да жүйкеме тиді. №87 маршрут – кәнігі кішкентай
Газельдің ішіндемін. Кешке қарай аяқ іліктірудің өзі мұң. Адам аузы-мұрнынан шыға жаздайды. Ығы-жығы иін тіресіп тұрғанымызда бір келіншек әп-сәтте әмиянынан айырылып, ойбайлады да қалды.
– Бұл газельдің ішінде ұры жүреді. Әлгінде ғана түсіп кетті. Абай болсаңыздаршы! – деді бір жолаушы.
– Қарызға алған соғымға төлейтін ақшам еді. Бір айлық жалақымды әлгінде ғана алып, сөмкемнің ішкі қалтасына-ақ салған едім. Қап, құдай-ай! Қашан алып, қайтіп үлгерген?! – деп қаржысы қолды болған әйел жыламсырады да қалды. Бәріміздің ішіміз удай ашыды. Ішпей-жемей, бір айлық жалақысынан әп-сәтте айырылып қалған әйел санын соғып, күйіп-пісті-ай бір.
Қоғамдық көлікпен жүретін біз бір күнде осындай талай оқиғаның куәгері болып жатамыз. Одан бөлек күнделікті кездестіретін өзге де келеңсіздіктер аз ба? Кондуктордың сөйлеу мәдениетінің төмендігі, аялдама сайын «айғайлап», құлақты «тұндыруы», жүргізушінің автобусты қым-қиғаш асығыс айдауы, автобус салонына тығындап жолаушы толтырып алуы, әр аялдамада жолаушылардың төзімін тауысып ұзақ тұрып алатыны секілді мәселелер әрбіріміздің жүйкемізге тиетінін несіне жасырайық?!

Қазір дамыған шетелдерде «кондуктор» деген ұғым жоқ. Швеция сияқты Еуропа елдерінде жол билетін жүргізушіден алуға болады, алайда, ол анағұрлым қымбатқа түседі. Ал Чех астанасы Прагаға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, трамвай жүргізушісінен билет сатып ала алмайсыз, дүңгіршіктен ғана қол жеткізесіз. Еліміз бойынша Алматыда муниципалды автобустарда кондуктордың орнын валидатор алмастырғанына 5-6 жылдың жүзі болды. Алайда, валидатор жұмыс істемей, кондуктор жасырын әрекет ететін жағдайлар да жиі кездесуде. Ал өзіміздің Шымкентте кондуктор – кондуктор емес, жаршы сияқты әсер қалдырады. Қай аялдамада тұрсаңыз да, қайсыбір қоғамдық көліктің кондукторы жарыса жамырасып жатады. Олардың осы әрекеті қаншалықты дұрыс? Бұл сауалымызға Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы
Қуатжан Жұматаев:
– Конкурста аялдамаларды хабарлауға қатысты үш талап бар. Олар: кондукторлардың жанды дауыспен хабарлауы, автобус ішіндегі арнайы құрылғының көмегімен және аялдама атаулары жазылған диск арқылы хабарлау. Жолаушы тасымалдаушылар ережеге сәйкес осы талаптардың біреуін қолданады. Кондукторлардың бұл әрекетіне еш қарсылығым жоқ. Бұл шеттен келген қонақтар үшін пайдасын тигізеді, – деп жауап берді.
Ал «Green Bus» компаниясы директорының эксплуатация жөніндегі орынбасары Әбдібек Үкібаев:
– Бізде кондуктор деген штат атымен жоқ. Оны жұмысына жеңіл болсын деп жүргізушінің өзі қабылдайды. Сондықтан, оның білімі, мәдениеті, басқа да сипаттамаларына автобус жүргізушісі жауапты. Ал біздің тарапымыздан қолданылатын шара, компанияда 203 автобус бар болса, солардың әрқайсысына, яғни, жүргізушісі мен кондукторына апта сайын әртүрлі тақырыпта семинар-тренинг өткізіп тұрамыз. Мәселен, осы аптада кондукторларға арналған психологиялық семинар өткізбекшіміз. Олар «көпшіліктің көзінше өз-өзін қалай ұстауы керек?» деген сыңайдағы сұрақтарға психологпен бірге жауап іздейтін болады, – дейді.
– ҚР Жол қозғалысының ережесі бойынша жалпы этика нормалары қарастырылған. Шағын мотоциклден ауыр жүк көлігіне дейін жол жүру ережесі ортақ. Қызмет көрсету мәдениеті жайлы сөз еткенде, жүргізушілер мен кондукторлар бірыңғай форма киюі тиіс десек,
Астанада жолға қойылған бұл тәртіп үшінші қала саналатын Шымкентке әлі жетпей тұр. Жолаушының ішінен кондукторды ажырата алмайсың. Салонға адамдарды сықита толтырып алу да – жолаушы тасымалдау ережесін бұзғандық. Егер әр азамат жүргізушінің жол жүру ережесіне сай келмейтін осындай әрекетін, жолаушыны жол-жөнекей түсіріп немесе жолдың ортасынан ала кетуін, көліктердің бір-біріне жол бермей, жарыса бәсекелесуін байқап қалса, дереу видеоға немесе суретке түсіріп алып, жол қозғалысының полиция қызметкерлеріне шағымдануына болады.
Сондай-ақ, аялдамаларда автобус жүргізушілеріне маршрут уақытын айтып тұратын секундомерлер әлі де жойылмай келеді. Жақында «Гүлжан» аялдамасынан бір секундомерді ұстап, әкімшілік қамауға алдық. Екі тәулік отырып шықты. Көбісі осы жазаның келешегіне кедергі болатынын ұқпайды. Жеке ісіндегі «сотталған» деген жазу өмір бойына соңынан қалмайтынына мән бермейді, – дейді жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ерғали Кенжебаев.
Мәдениет қоғамдық орыннан басталады емес пе? Біздіңше, жолаушыларға қызмет көрсететін автопарк басшылары қызметкері үшін тренинг ұйымдастырып, арнайы дайындықтан өткізуі керек. Ең бастысы, қоғамдық көлікте жүру тәртібінің этикетін қалыптастыру қажет. Кондуктор аялдама атауларын дауыстап, айқайламас үшін аялдамаларға маршрут бағыты, жүретін уақыты жазылған арнайы тақтайша ілінуі керек. Нақтырақ айтсақ, Астана қаласындағыдай кірсең, шыққысыз «ақылды аялдамалар» салуды қолға алатын уақыт жетті. «Ақылды аялдамада» бәрі бар. Интернет те, жол картасы да қолжетімді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі осы мәселелерді назарға алса, әрине, игі іс болар еді-ау!

Ерғали Кенжебаев, Әл-Фараби ауданы жергілікті полиция бөлімінің басшысы:

– Қоғамдық көлік те – көпшілік орын. Оның өз мәдениеті, өз тәртібі болуы керек. Автобустар бір-бірімен жарысып, адам емес, ағаш артып алғандай алды-артына қарамай заулайтыны, әрине, жол ережесін өрескел бұзғандық. ҚР «Әкімшілік кодексінің» 434-бабында көрсетілгеніндей, қоғамдық көлікте бұзақылық жасау, дөрекі сөйлеу, жеке тұлғаларды балағаттау, жолаушылардың тыныштығын бұзу бабы бойынша «айғайшы, айтыскер» кондукторларға да әкімшілік жаза тағайындауға болады.

 Мөлдір Кенжебайдың facebook парақшасынан 
30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала