Елбасының тапсырмасымен өткен жылдың соңында үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама отандастарымызға қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Міне сол кешенді бағдарлама көп күттірмей өз жемісін беруде. Еліміздің әр өңірінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көпқабатты үйлер бой көтеруде. Мәселен осы аптада Қостанайда 120 адам пәтер кілтін қолына алды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 279 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Қостанайда қоныс той
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында қостанайлық азаматтар өз пәтеріне қол жеткізді. 120 пәтердің 50%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына берілсе, ал қалған 50%-ы әкімдікте үй кезегінде тұрған жергілікті тұрғындарға берілді. Осы аптада Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаев банк клиенттеріне пәтер кілтін тапсырды. Д.Саудабаев «Жаңа үйдің иесі болып отырған бұл азаматтар бірнеше жыл бойы тұрақты түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына табысының бір бөлігін салып тұрды. Ал бүгін үміттері ақталып отыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында олар 1 шаршы метрінің бағасы 136 000 теңге болатын қолжетімді баспанаға қол жеткізе алды. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің бағасы орта есеппен 5,5 млн теңгенің айналасында. Ақшаның бір бөлігін салымшылардың өздері жинағанын атай кету керек. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие түрінде берді», – деді.
Пәтерлі болғандардың бірі – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы Айнұр Таусоғарова. Жасы 32-де, бюджеттік мекемеде жұмыс істейді, 6 жасар қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Айнұр банктегі есепшотын 2016 жылдың қараша айында ашқан. Бастапқыда ол шотына ай сайын 10 мың теңгедеген, кейде 20 мың теңгеден салып отырыпты. Ал байқау жарияланған кезде бір бөлмелі пәтер бағасының 30%-ын толтыру үшін бірден қомақты ақша салған екен. Қазір Айнұрдың шотында 1 810 147 теңге бар. Оның несие бойынша ай сайынғы төлемі 37 мың теңгені құрайды. Ол бұл қаржыны 10 жыл ішінде өтейді. Бірақ Айнұрдың айтуынша, бұл үлкен қиындық туғызбайды. Себебі, бастысы, енді оның жеке баспанасы бар.
Бүгінгі күні аймақтың 43 мың тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде үй аламыз деп ақша жинап жатыр. Қазір олар 1 шаршы метрінің бағасы 128 мың теңге болатын құны төмендетілген үй алу мүмкіндігін де пайдалана алады. ТҮҚЖБ 9 үйдегі 400 пәтер бойынша үміткерлердің қосымша тобын қабылдауда.
Оңтүстіктегі оңды іс
Бұл жетіде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, онда өңір басшысы Ж.Түймебаев биыл қаржыландырудың барлық көздері арқылы 279 тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып, бүгінде 461,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтқан.
Өңірде аталған бағдарламамен құрылысы жүріп жатқан жұмыстардың барысын баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды кредиттік тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ 35 мың отбасыны арендалық баспанамен қамту үшін облыс көлемінде 1 миллион 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қорын құру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен көпқабатты 364 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру жобасымен 96 тұрғын үй, ал жеке құрылыс салушылар есебінен 107 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі арқылы 73 кередиттік тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек, жалға берілетін тұрғын үй қоры арқылы 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы қолға алынатын болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы 2113 отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 128,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, 2017 жылдың басынан бастап тұрғын үй құрылысына 41,1 млрд. теңге көлемінде инвестиция жұмсалса, қазіргі уақытта 461,5 мың шаршы метр пайдалануға берілді.
Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын тұрғын үй құрылысына 21,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік инвестиция бөліну жоспарланса, жыл соңына дейін 61,1 мың шаршы метр болатын 1126 пәтерді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Зарина Кибаева