jasqazaq.kz

«Нұрлы жер»: Баспанаға апарар баспалдақ

07 желтоқсан 2017, 11:38

Биыл күшіне енген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жеке құрылыс компаниялары салатын баспана бағасының да төмендеуіне едәуірықпал еткені белгілі. Өздеріңізге мәлім, 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін шешуде жаңа кешенді мәселелерді талап етті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке «Нұрлы жер» құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бағдарламаның тұжырымдамасы Үкіметтің 2016 жылғы 23 желтоқсанында мақұлданды. Бұл бағдарлама қарапайым халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және оған қолданыстағы бағдарламалардан тұрғын үй мәселелерін интеграциялау үшін жеке құрылыс салушыларды ынталандыруға бағытталды. Бағдарлама 15 жыл ішінде жүзеге асырылады. Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне жүгінсек, оның бірінші кезеңі 2017-2021 жылдар аралығы болып белгіленді. Ресми мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында биыл жаңа 6 мың пәтер пайдалануға берілмек. Оның 5 мыңы Шымкент қаласына тиесілі. Ағымдағы жылдың 9 айындағы деректерге сүйенсек, тапсырылған тұрғын үй құрылыс саласының өсу қарқыны байқалады. Нақты айтқанда, оның жалпы көлемі 461,5 мың шаршы метрді құрап, 19,8 пайызға (4481 пәтер) өсті.

Бұл ретте бағдарламаның бес басымды бағыты белгіленгенін атап өткеніміз орынды. Оның бірінші бағыты – банктердің ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз ету. Осы мақсатта азаматтарға екінші деңгейдегі банктер беретін ипотекалық пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялау көзделген. Банктердің 10 жыл ішінде жылдық мөлшерлемесі 17 пайыздан аспайтын сыйақы ставкалары субсидияланады. Бұл ретте мемлекет сыйақы құнының 7 пайызын өтейді. Мұндай жағдайда тұрғындар жылдық ставкасы 10 пайыздан аспайтын ипотекалық несиеге қол жеткізеді. Заем алушының міндетті шартта 30 пайыз қаржысы өз есепшотында тұруы қажет. Одан бөлек, Астана, Алматы қалаларында несие сомасы 20 миллион теңгеден аспайды, ал басқа өңірлерде 15 миллион теңгеден келеді. Бұл бағдарлама бойынша 2017 жылы республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінген. Осы арқылы 560 мыңдай шаршы метр тұрғын үйді сатып алу үшін азаматтарға шамамен 8 мың ипотекалық заем беру қамтамасыз етіле бастады. Бұл шара ипотека көлемін биыл 18 пайызға өсіруге септігін тигізді. Мысалы, өткен жылы банктер қазақстандықтарды 45 млрд. теңге көлемінде ипотекалық жағдайда несиелендірген еді. Ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында Шымкентте екінші деңгейлі банктер (АТФ банк, БанкЦентрКредит) ипотека беру жұмыстарын бастады. Жинақталған мәліметтерге сәйкес 143,9 млн. теңгеге кредит алуға өтінім берілген.
Енді екінші бағытқа тоқталайық. Ол тұрғын үй құрылысын қолдау мен құрылысшыларды қорғауға бағытталып отыр.
«Нұрлы жер» жеке құрылыс компаниялары салатын тұрғын үйдің де шаршы метрі арзандауы мүмкін. Облыстық құрылыс басқармасы өкілдерінің айтуынша, жеке құрылыс салушыларды ынталандыру үшін оларға қол жетімді несие ресурстары берілуде. Осы мақсатта мемлекет банктер несиелерінің пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялайды. Қазіргі нарықтағы жағдайды ескере отырып, банктердің ставкасы 17 пайыздан аспайтын кредиттері бойынша субсидия мөлшерлемесін 7 пайызға дейінгі көлемде бекітуі орынды. Яғни, құрылыс салушыларға ұсынылатын кредиттің жылдық ставкасы шамамен 10 пайыз. Бұл ретте құрылыс компаниясы өзі тұрғызған тұрғын үйдегі пәтерлердің 50 пайызын «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» (ТҚЖБ) салымшыларына әр шаршы метрі үшін Астана мен Алматыда 260 мың теңгеге, ал өңірлерде 220 мың теңгеге дейінгі бекітілген бағамен сатуда.
2017 жылға арналған республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінген. Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру үшін облыста 16 жеке мердігер ұйым көпқабатты 107 тұрғын үйдің (5504 пәтер, 430,2 мың шаршы метр) құрылысын жүргізуде. Ағымдағы жылы 10 үйдің құрылысы аяқталады. 97 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі. Жеке құрылысшыларды ынталандыру мақсатында құны 13,5 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны қаржыландыру үшін қажетті құжаттар әзірленуде. «Даму» АҚ арқылы 675 млн. теңге көлемінде субсидия лимиті қарастырылды. Сонымен қатар, құны 5,5 млрд. теңгені құрайтын 3 жобаны («Отау строй» ЖШС, «Мерей ЛТД», ЖШС, «Эристайл-КЗ») жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылуда.
Үшінші бағыт тұрғын үй құрылыс жинақ банк салымшылары мен әкімдіктердегі кезекте тұрған азаматтар үшін несиелік тұрғын үй көлемін арттыруды көздейді. Бұған дейін бөлінген қаражатты қайта қаржыландыру есебінен келесі бағыт бойынша несиелік тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдар оны облигация шығару арқылы қаржыландырып отыр. Бұл ретте салымшылардың 2 деңгейдегі банктерге салымдарды орналастыруы ескерілмек. Бұл 5 пайыздық тұрғын үй құрылысы банкінің ставкасымен беріледі. Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй беру, несие бөлу шарты тұрғын үй жинақ банкі және жергілікті атқарушы органдар арасындағы келісіммен белгіленеді.
Жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер әр жылы салынған несиелік тұрғын үйдің 50 пайызын банк салымшыларына, 50 пайызын кезекте тұрған азаматтарға береді. Іріктеу банктің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бағдарлама шеңберінде азаматтардың Қазақстандағы барлық өңірлер бойынша бір-бір тұрғын үйді жекешелендіріп алуға құқығы бар. Бұл бағдарламаға қатысу үшін тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары электрондық үкімет базасына енуге міндетті. Тұрғын үй жинақ салымшылары өтініш беру үшін табыстарын растауы қажет. Республика аумағында өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің жоқтығын дәлелдейтін құжаттары болуы тиіс. Осы үшінші бағыт бойынша 15 жыл ішінде 2 миллион шаршы метр несиелік тұрғын үй салынбақ. Яғни, 200 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деген болжам бар. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде несиелік тұрғын үй құрылысының «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы жыл сайын келіп түсетін қарызы, жоғары төлемдері қайта инвестицияланып отыр. 2022 жылдың соңына дейін оның жалпы сомасы 18 млрд.теңгені құрайды. Бұл қаражат қосымша тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Олардың кемінде жартысы тұрғын үй жинақ банкісі салымшылары мен тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Мәселен, Шымкентте 2017 жылы облигация есебінен бөлінген тоғыз қабатты тұрғын үйдің (558 пәтер, 31,5 мың шаршы метр) құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Атап айтқанда, биыл облигацияларды сату есебінен Шымкент қаласында (құны-21,1 млрд. теңге) 9 және 16 қабатты 20 нысанның (2478 пәтер, 149,6 мың шаршы метр) құрылысын бастауға 2,3 млрд. теңге бөлу жөнінде өтінім қолдау тапты. Ал келесі жылға 18,7 млрд. теңге қаралып отыр.
Енді төртінші бағытқа тоқталайық. Жаңа бағдарлама аясында халықтың әлжуаз топтары үшін жекешелендірілмейтін баспаналар салынуда. Сөйтіп, жалдамалы тұрғын үй қоры жасақталады. Бұл мақсатқа 2017 жылдан бастап республика бойынша жыл сайын 15 мың пәтер тұрғын үй салуға 25 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Ал тұрғын үй құрылысының параметрінің әрбір шаршы метрі Астана мен Алматыда — 180 мың теңгеден, өзге өңірлерде 140 мың теңгеден аспауы тиіс. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін (арендалық) тұрғын үй құрылысының өңіріміздегі жай-күйі қанағаттанарлық дәрежеде. Мемлекеттік бюджет есебінен (облыстық бюджет және Ұлттық қор) жалға берілетін 88 тұрғын үйдің (3088 пәтер, 166 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында 47 үй (2176 пәтер, 116,9 мың шаршы метр) пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 31үйдің (1024 пәтер, 58,4 мың шаршы метр) құрылысы аяқталды. Ал 41 үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі. Оның ішінде Ұлттық қор есебінен 2 нысан (4 үй-288 пәтер, 14,8 шаршы метр) құрылысына 1,6 млрд. теңге қаралды. Жоспарланған қаржы толық игерілді. Таяу күндері тұрғындар игілігіне берілуі тиіс. Облыстық бюджеттен 84 үйдің (2800 пәтер, 151,1 мың шаршы метр) құрылысына 14,1 млрд. теңге бөлінген еді. Қаражат 100 пайыз жұмсалып, ағымдағы жылдың соңына 43 үй пайдалануға берілсе, 41 үй келесі жылға өтпелі.
Бесінші бағыт бойынша мемлекеттік инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында жер комитетінің ұсынысымен тұрғын үй құрылысын дамыту болып табылады. Бұл бойынша облыс орталықтарында жеке тұрғын үй салу үшін бірыңғай құрылыс компаниясы арқылы жеке тұрғын үй салу үшін пилоттық жоба қолға алынды. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін облыста мемлекеттік бюджет есебінен 8,5 млрд. теңгеге 21 инфрақұрылым нысанының (Жетеуі республикалық, жетеуі Ұлттық қор, жетеуі облыстық бюджет есебінен) құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысымен 8 нысанды (5704 жеке жер учаскесі) көпшілік игілігіне тапсыру жоспарланса, 13 нысанның жұмысы 2018 жылда жалғасады. Қазірдің өзінде 7 нысан іске қосуға дайын тұр.
Осы жобаға жалпы кезекте тұрған азаматтар, инженерлік коммуникация құрылымдарымен қамтамасыз етілген жер телімі бар үйді өз бетімен сатып алуға немесе тұрғын үй жинақ банкісі арқылы несие алуға құқылы. Несие бойынша тариф 5 пайыз болады. Ал ол 5 пайыз болу үшін мемлекет тарапынан қолдау шеңберінде сыйақы құны 7 пайыз мөлшерінде берілуде. Сонда жалпы 12 пайыздың 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Несие алушылар 5 пайыздық өсіммен алады. Қорытындылай келгенде, 15 жылдың ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасына мемлекет тарапынан тартылатын инвестиция көлемі 1,6 трилион теңгені құраса, ал жеке инвестиция мен жеке капитал 16 триллион теңгеге өспек.

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы

30 шiлде, 18:26
Сырым Ертаев: Шетелде біздің табиғи етке сұраныс мол
30 шiлде, 15:30
Таяу Шығысқа тұрақтылық қажет
30 шiлде, 14:51
Сарыағашта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда
30 шiлде, 13:54
Түлкібас ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмектер мен қолдау тетіктері
30 шiлде, 13:52
Қамқор қоғам – берекелі болашақтың кепілі
30 шiлде, 13:51
Әлеуметтік әділеттілік – басты басымдық
30 шiлде, 7:45
KPI – отандық өнім өндірудің озық үлгісі
29 шiлде, 19:18
Аралдық кәсіпкер қайықтың төрт моделін жасап, сатылымға шығарды
29 шiлде, 18:29
Аягөз-Бақты: Логистика өңірдің өркендеуіне серпін береді