Қоғамдағы әрбір азаматтың құқықтары мен мүддесін қорғау – әділетті әрі өркениетті мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ерекше қажеттіліктері бар жандарға жағдай жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – тек орталық атқарушы биліктің емес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының да тікелей міндеті. Бұл ретте аудандық мәслихаттардың рөлі айрықша. Jas Qazaq тілшісі осы мәселелер төңірегінде Түркістан облысы Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаровпен сұхбаттасты.
– Нұрлан мырза, мәслихат мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша тұрақты түрде тыңдаулар өткізіп, нақты шешімдер қабылдап отыра ма?
– Әрине, бұл бағыттағы жұмыс — мәслихаттың тұрақты бақылауында. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Осыған сәйкес, мәслихаттың жылдық жоспарларына мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты нақты мәселелер енгізіліп отырады. Мысалы, былтыр «Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдайдың жасалуы бойынша маңызды нысандарда пандустардың талапқа сай орнатылуы» мәселесі тұрақты комиссия отырысында қаралды. Тиісті бөлімдермен бірлескен талдау нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленіп, шешім қабылданды.
– Мүгедектігі бар азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенділердің ұсыныстары мәслихат деңгейінде қаралып, нақты шешімге айналып жатыр ма?
– Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдардан немесе қоғам белсенділерінен ресми ұсыныстар келіп түскен жоқ. Дегенмен, мұндай ұсыныстар түскен жағдайда олар заң аясында қаралып, шешім қабылданады. Сонымен қатар, мәслихат төрағасының жеке қабылдауларында, «AMANAT» партиясы фракциясының қоғамдық қабылдауларында және депутаттардың сайлаушылармен кездесулерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен олардың туыстары тарапынан материалдық көмек немесе құжат рәсімдеу мәселелері жиі көтеріледі. Бұл өтініштер жедел қаралып, заң талаптары аясында шешімін тауып келеді. Қажеттілікке қарай, қайырымдылық көмектер көрсетіліп, түрлі шараларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады.
– 2025 жылдың жоспарына қандай жаңа мәселе енгізілді?
– 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің 2023–2025 жылдардағы мемлекеттік қызмет сапасына қатысты мәселесі енгізілді. Қазіргі таңда осы сала бойынша статистикалық мәліметтер жинақталып, тыңдауға дайындалып жатыр. Бұл деректер негізінде нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданады.
– Аудандағы инклюзивті даму саясатының заңнамалық-құқықтық негізін күшейту мақсатында қандай құжаттар қабылданды?
– 2024 жылы аудандық мәслихаттың шешімімен №22/124-VIII нормативтік-құқықтық акті қабылданған болатын. Бұл құжатта әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, мөлшері және көмекке мұқтаж азаматтардың санаттары нақты айқындалған. Аталған акт Бюджет кодексіне және жергілікті басқару туралы заңға сәйкес әзірленді. Негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау.
– Жергілікті бюджетті бекіту кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған қызметтер мен жобаларға қаржы жеткілікті бөлініп отыр ма?
– Әлбетте, жыл сайынғы бюджет бекіту кезінде бұл мәселе басты назарда. Әлеуметтік қызметтер, оңалту құралдары, қолжетімді орта мен арнайы жобаларға қажетті қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуларда мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне басымдық беру тәжірибесі жалғасып келеді. Мәселен, Төлеби ауданы соңғы жылдары «SERT», «Жәдігер-2024», «Іскер-2050» сынды қоғамдық ұйымдармен келісімшарттар жасап, бірқатар нақты жобаларды іске асырды.
– Мүгедектерді әлеуметтік қолдау бағдарламаларының орындалуына депутаттық бақылау жүргізіле ме?
– Иә, бұл мәслихат жұмысының маңызды бөлігі дер едім. Депутаттар арнайы комиссиялар арқылы әлеуметтік қолдау бағдарламаларының жүзеге асуын тұрақты түрде қадағалап отырады. Соның ішінде, тұрғын үймен қамту мәселесі де бақылауда. 2017 жылдан бері 1-ші және 2-ші топтағы 51 мүгедек азамат пен мүгедек бала тәрбиелеп отырған 10 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
– Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағытында қандай нәтижелер бар?
– Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында «Мансап» орталығы арқылы 71 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде 31 азамат – қоғамдық жұмысқа, 5 азамат – әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 азамат – жастар практикасына жолданса, 16 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 18 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 2023 жылы 19, ал өткен жылы 17 азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантты иеленді. Биылғы жылдың екінші жартысына жаңа гранттық комиссия отырысы жоспарланған.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, оларды қоғам өміріне белсенді араластыру және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету – мәслихат қызметінің басты басымдығы. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Әрбір азамат үшін қолайлы орта құру – біздің ортақ міндетіміз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық