Мемлекет дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайту, кез келген нысандар мен көріністегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді. Біз Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Қиқымовпен сұхбаттасып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстары туралы сұрап білдік.
— Нұрлан Медсантұлы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма қандай мәселелермен айналысады? Басқармаға қандай міндеттер жүктелген?
— Басқарма қала аумағында қолданыстағы заңнаманың шеңберінде діни саясат саласындағы үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Басқарманың басты миссиясы мен міндеттері — конфессияаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттің зайырлылық қағидасын дамыту саласында мемлекеттік реттеу.
Сонымен қатар, Басқарма дінді теріс мақсатта қолдануға жол бермеу, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы аясында діни бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың қызметін бақылау, талдау және үйлестіру, қоғамның радикалдануына әсер ететін, ұлттық қауіпсіздік пен зайырлы мемлекеттің конституциялық негіздеріне нұқсан келтіретін радикалды діни ағымдар идеологиясының және діни экстремизмнің таралуын алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
Сондай-ақ Басқарма тарапынан қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру бойынша шаралар өткізіліп, интернет-кеңістікте алдын алу және оған қарсы насихаттық жұмыстары жүргізіледі.
— Қала бойынша деструктивті ағымдарға кіріп кеткен адамдармен күрес қалай жүргізілуде? Олардың нақты саны бар ма?
— Конституцияяға сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.
Осыған орай, елімізде діни сенім бостандығы Ата заңмен қамтамасыз етілген. Алайда сот шешімдерімен республика аумағында қызметі сот шешімімен экстремистік және заңсыз деп танылған, тыйым салынған діни ұйымдардың тізімі бар.
Жоғарыда атап өткендей, дінді деструктивті мақсатта қолдануға жол бермеу және радикалды діни ағым идеологиясын алдын алу Басқарманың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Басқарма жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» білікті теолог пен психолог мамандары теріс сипаттағы діни экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп, олардан зардап шеккендерге кеңес беру және оңалту бағытында көмек көрсетуде.
Сондай-ақ Басқарма тарапынан діндар азаматтардың, соның ішінде радикалды сипаттағы діни идеология жақтастары болуы мүмкін азаматтардың есебі жүргізілмейтінін атап өткен жөн.
— 2013 жылы Дін істері басқармасының бастамасымен Кеңес беру және оңалту орталығы құрылған болатын. Биыл орталық қандай маңызды істерді атқарды?
— Басқарма жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» өз қызметін 2017 жылдан бастап жүргізіп келеді. Аталған орталық теолог және психолог мамандардың қатысуымен экстремистік сипаттағы діни ағымдардың радикалды, сондай-ақ жалған идеологияларының ықпалына ұшыраған адамдар үшін кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсетумен айналысады.
Аталған бағыттағы жұмыс ағымдағы жылы да жүйелі және жоспарлы негізде жалғасуда. Сонымен қатар, орталықта ерлер мен әйелдерге арналған сенім телефоны бар екендігін атап өткен жөн (ерлерге арналған сенім телефоны: +77011207570, әйелдерге арналған сенім телефоны: +77011200503).
Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы