Түркиядағы Сакария университетінде «Жаңа тарих» мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатқан атыраулық Нұргүл Саясатқызы Германия, Қытай, Түркия елдерінің магистратурада білім алу шәкіртақыларын жеңіп алған. Бірақ салыстыра келе Түркия үкіметі тағайындайтын «Түркия бурслары» бағдарламасын таңдаған. Нұргүл бұл бағдарламаның артықшылықтары, Түркиядағы оқу жүйесі және қазақ студенттері туралы баяндайды baq.kz
Бакалаврда Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің «Тарих және дінтану» факультетінде оқыдым. Университет қабырғасында көптеген қоғамдық іс-шараларға белсене атсалыстым. «Қазақстан студенттер Альянсының» көшбасшысы, «Билер ордасы» зияткерлік пікір-сайыс клубының координаторы, «Azamat youth club» қоғамдық қорының мүшесі, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Президенті және т.б. қызметтерді атқардым. 3-курстан бастап өзімді магистратураға дайындадым. Ұстазым Еркінай Оңғарованың айтуымен «Түркия бурслары» бағдарламасына тапсырдым. Жолым болып, Германия, Қытай, Түркия елдерінің бірінде оқу мүмкіндігіне ие болдым. Көп ойланып Түркияда оқуды ұйғардым. Себебі, түрік халқы бізбен тарихы тамырлас, түбі бір туысқан ел. Қазіргі таңда Сакария қазақ жастарының қоғамдық қорында кеңесші қызметіндемін.
Оқимын, ізденемін деушілерге бүгінде жол ашық. Кез келген Қазақстан азаматының Түркияда білім алуына мүмкіндігі бар. ҰБТ жауабы белгілі болған соң немесе диплом алған соң интернетте www.turkiyeburslari.gov.tr сайтына құжаттарын тапсыра алады. Бірақ Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі белгілі университеттерде шетелдіктер үшін бөлінетін гранттар саны тым аз. Қазақстандықтар Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі (British Council) арқылы Chevening стипендиясына, АҚШ елшілігі арқылы Fullbright, Германия елшілігі арқылы DAAD бағдарламасына өтініш білдіріп, бақ сынай алады. Сол үшін ізденіңіздер, талпыныңыздар. Ешқашан жалықпаңыздар.
«Туркия бурслары» бағдарламасының тарихына тоқталар болсақ: Алғашында «Түрік Республикасының Сынағы (TCS)» деген бағдарлама болды. Бұл бағдарлама Түркиядағы түрлі білім гранттары мен шәкіртақыларды бір арнаға тоғыстырудың нәтижесінде дүниеге келді. Бағдарламаның аты 2012 жылдан бастап «Түркия бурслары» болып өзгертілді.