Нұрғиса Төремұратов, «Мәртөбе» газетінің бас редакторы: «Жас журналистер көбірек ізденуі тиіс»

20 шiлде 2023, 15:06

Түркістан облысындағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өңірдің тыныс-тіршілігін көпшілікке хабардар етуде орасан еңбек сіңіріп келеді. Облыс басшылығы да аймақтың БАҚ саласына айрықша назар аударады. Бес жыл бұрын өз алдына дербес отау болып құрылған Түркістан облысына қарайтын аудандардың газеттері де өңірдің айнасына айналып, оқырмандардың көңілінен шығып жүр. Сондай басылымның бірі — 60 жылдан астам тарихы бар Сайрам аудандық «Мәртөбе» газеті. Аудандық басылымның бас редакторы Нұрғиса Төремұратовпен сұхбатымыз осы газеттің тыныс-тіршілігі жайында өрбіді.

Нұрғиса Төремұратовтың есім-сойы өңірге кеңінен танымал. Қарымды қаламгер отандық журналистика, оның ішінде салалық журналистиканы дамытуға үлес қосып, мерзімді басылымның ісін ілгері бастырып келеді. «Мәртөбе» газетінің бас редакторы Нұрғиса Төремұратов – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мүшәйрасының бас жүлдегері. 2006 жылы Арал қаласында өткен «Құл болу – оңай, ал одан құтылу — қиямет» атты республикалық мүшәйраның 2-орын жүлдегері. 2007 жылы Баянауылдағы жас қаламгерлердің республикалық І форумының делегаты. 2012 жылы Астанадағы «Айналдым, Атамекен-ай!» тақырыбындағы республикалық мүшәйраның 3-орын жүлдегері. «Самала» (Шымкент-2006) «Көңіл көкжиегі» (Алматы-2013) «Сырлы сөз» (аударма өлеңдер) 2016 ж сынды жыр кітаптары жарық көрген. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Тәуелсіздік тебіреністері» атты ақын-жазушылар жинағына бір топ өлеңдері енген.

– Нұреке, қазір өзіңіз басқарып отырған Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінің тарихына қысқаша тоқталып айтып өтсеңіз.

– Аудандық «Мәртөбе» басылымының тарихы «Еңбек туы» газетінен басталады. «Еңбек туы» 1962 жылы орыс тілінде шығатын «Знамя труда» газетінің аудармаланып даярланатын қазақша нұсқасы ретінде жарық көрді. 1962 жылы бұрынғы Шымкент облысының Леңгер, Арыс, Бөген, Шаян, Түлкібас және Сайрам аудандары Сайрам өндірістік ұжымдық-мемлекеттік шаруашылық басқармасының құрамына енді. Газет осы басқарманың органы болды. 1991 жылғы қарашаның 19-ында Оңтүстік Қазақстан облыстық «Полиграфия» басқармасы бастығының бұйрығымен таза қазақ тіліндегі дербес басылымға айналды. 1992 жылғы қаңтардың 1-інен «Мәртөбе» атауын алып шыға бастады.

Газет 2001 жылы облыстағы аудандық, қалалық газеттер арасынан жүлделі 2-орын алып, түрлі-түсті теледидармен және облыс әкімінің 2-дәрежелі дипломымен марапатталған болатын. Ал 2003 жылы облыста 1-орын алып, факс пен облыс әкімінің 1-дәрежелі дипломымен марапатталды. 2004 жылы облыстық ішкі саясат департаменті облыстық журналистер ұйымымен бірлесіп өткізген «Ауыл жылдарына» арналған конкурста жүлделі 2-орын, ал фототуындыларға арналған конкурста 3-орын алды. Қазақстан Республикасы Журналистер Конгресі тарапынан айрықша атап өтілді. 2005 жылы облыстық ішкі саясат департаментінің «Жастар өмірін жазуға арналған» конкурсында жеңімпаз болды.

–«Мәртөбе» газетінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, таралымы қанша?

— Газеттің «Ауыл», «Ағайын», «Дауа», «Өркен», «Заң айна, «Дәстүр», «Алақан», «Тіл бақыт» сияқты арнаулы беттері оқырмандардың рухани сұранысын қанағаттандырды. Осы арқылы мемлекеттік тапсырыстар түрлі тақырыпта орындалып отырды. Газет бетінің көлемі: А3 форматты.
Шығарымдылық дерегі: Аптасына 1 рет, 8 бет (2 беті екі түсті) болып шығады. Таралымы — 2023 жылдың екінші жартыьжылдығына 1600 дана.

Газеттің арнаулы беттері бар, көркем, оқырманның бүгінгі талап-талғамына сай шығару үшін редакцияның техникалық мүмкіндігі толық жетеді.

«Исфиджаб» ЖШС-не қарасты «Мәртөбе» газеті жыл сайын тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында қаржы жеңіп алады. Биылғы тендердің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының (оның ішінде Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары, мақалалары және сұхбаттары), Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының, сайлау кезеңінде, сайлау процестері уақытында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қызметтерін Сайрам ауданында мемлекеттік тілде ақпараттық насихаттау және түсндіру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Редакция ұжымында қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Қазір ұжымда 4 қызметкер жұмыс істейді. Оның үшеуі шығармашылық кадрлар. Редакция ұжымындағы газеттің жауапты хатшысы — жоғары санатты журналист Эльмира Түймебайқызы Жаппарова, тілшісі — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, блогер Салтанат Сәулебайқызы Абылбекова. Газет ұжымы тақырыптық арнаны кеңейте отырып, басылымды көркем әрі айшықты етіп шығаруға жұмыс істейді.

– Аудандағы еңбек адамдары сынды елге үлгі тұлғаларды насихаттау бағытында қандай айдарларыңыз бар?

– Еңбек адамдарын насихаттау бағытындағы арнайы айдарлар: «Еңбек адамы», «Өнегелі өмір», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбекпен есейген», «Кәсібің – нәсібің», «Парасат» секілді айдарлар бойынша ауданымыздың беткеұстар тұлғаларын насихаттап, көпшілікке үлгі етіп отырамыз. Мысалы, осы жылдың 16 маусымында «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тақырыпта мақала жарияланды. Мұнда Сайрам ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты, елге белгілі кәсіпкер Сиқымбай Сағындықов туралы жазылған. Өзінің кіндік қаны тамған ауылында 300 балаға арнап бастауыш мектеп салған кәсіпкердің өнегелі өмірін, елге тигізіп жатқан перзенттік парызы кеңінен қамтып жазылды. Инженер-құрылысшы мамандығын игеріп, кеңшардан еңбек жолын бастап бригаджир, құрылыс шебері, аға экономист, аға бухгалтер, директордың коммерциялық істер жөніндегі орынбасары сынды лауазымдарды атқарып, кейін кәсіпкерлікке бел буған тұлғаның азаматтық образын аша түсуге ұмтылған тілшіміз жан-жақты жазды. Депутаттың жеке қаржылай қолдауымен Қасымбек датқа ауылынан бастауыш мектебін салынды, балабақша құрылысы аяқталып, бүлдіршіндерді қабылдады. Атымтай-жомарт азамат ауылдың бірнеше тұрғынын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің де атқарған істері, тындырымды тірліктері біздің тілшілердің назарынан тыс қалған емес. «Әкім және әлеумет» деп аталатын айдарымыз бар. Сол айдардың аясында әкімдердің үлгілі істерін оқырмандарымызға насихаттап отырамыз. «Еңбек адамы» деген айдарымызда өзіңіз сұрап отырған ел ішіндегі қайраткерлерді насихаттауды жүйелі түрде жүргізіп отырамыз. Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталған Қошқарбек Дүйсенбаев туралы «Лайықты марапат» деген мақала жарияланды. Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласының дамуына орасан үлес қосқан қайраткердің еңбегіне берілген марапат туралы жарияланды. «Кәсіпкерлікке – кең өріс» деген айдарда ауданымыздың жастарын, оның ішінде кәсіпкерлікті ту етқан талапшыл азаматтарды ұдайы насихаттап отырамыз. «Талпыныс түбі – табыс» деген атаумен Манкент қаласының тұрғыны жас кәсіпкер Еркінжан Розақұлов туралы мақала жарияланды. Жиһаз жасаумен шұғылданып, өз алдына жеке шеберханасын ашқан Еркінжанның мемлекеттік қолдаумен кәсіпкерлікті өрістетіп отырғаны баяндалады.

–Аудандық әкімдік пен газет арасындағы байланыс қандай, бірлесіп қандай да бір іс-шара өткізесіздер ме?

–Аудан әкімдігімен бірлесіп ара-тұра пресс-турлар мен баспасөз мәслихаттары, «дөңгелек үстелдер» өткізіліп тұрады. Әкімдікпен қашанда тығыз байланыстамыз. Жыл сайын 28 маусым бұқваралық ақпарат құралдары күнінде ғана емес, басқа да мемлекеттік мерекелерде аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары алғыс хаттармен марапаттап, журналистер қауымын көтермелеп отырады.

— Редакция журналистері мүшәйра, басқа да сайыстарға қатысып тұра ма? Өзге әріптестермен байланыс орнату жағы қалай?

– Редакция журналистері республика, облыс, аудан көлемінде ұйымдастырылған түрлі байқаулар мен мүшәйраларға жиі қатысып тұрады.
Мысалы, газетіміздің тілшісі Салтанат Абылбекова 2019 жылы ауданда өткен «Үздік журналист» байқауының 1 орын иегері, облыс көлемінде ұйымдастырылған «Шаңырақ» байқауының ынталандыру сыйлығының иегері, Тараз қаласында өткен республикалық «Қырық өтірік» байқауының екінші орын иегері. Сайрам аудандық «Елнұр» телеарнасының журналистерімен тығыз байланыста қызмет етеміз.

– Журналистикаға қызығатын сайрамдық жастардың шоғыры қалың ба?

– Өкінішке орай, газет саласына қызығатын жастар қатары азайып барады. Дегенмен бұл да уақытша құбылыс шығар, келешекте жазу өнеріне қызығатын, журналистиканы қалайтын жастардың қатары артады деп сенемін.

– Кейінгі буын өкілдерін бақылап жүресіз бе? Жас журналистердің аяқ алысы қалай?

– Кейінгі буын өкілдері көбірек оқып, көбірек ізденсе екен дейміз. Журналистика тек қана жазу емес. Көтерілген мәселеге бір жақты қарамай, жан-жақты зерттеу жүргізіп, дұрыс талдау жасай білген журналист — нағыз журналист.

– «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей блогерлік, сахнада жүргендер жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсірмей ме?

– Жастардың басым көпшілігі әлеуметтік желіге өздері түсіріп алған видеоларды жүктегенді, дәлелді-дәлелсіз құр шатпақ жазып, біреуді бопсалағанды ерлік санайды. Сөйте тұра, өздерін ел+-жұрттың қамын ойлаған «қоғам белсендісі» етіп көрсеткісі келеді. Одан бөлек, журналистика саласында оқымаған, оның қыр-сырын, әдеп-этикасын білмейтін кейбіреулер журналистердің орнын басқысы келеді. Осындайда «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегің келеді екен.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды