Нұрайлым Жұмаханқызы: Ерікті жастардың қатарын көбейткім келеді

10 шiлде 2023, 15:33

Елімізде ерікті жастардың қатары көбейіп, ел игілігіне бағытталған істермен айналысуы көңіл қуантады. Жақында ғана Мемлекет басшысының қатысуымен халықаралық волонтерлер форумы өтті. Әр аймақтан, қала, аудан, ауыл жастарынан құралған еріктілер ұйымы белсенді жұмыс істеуде. Осындай еріктілер ұйымының бірі — Түркістан қаласындағы Яссауи волонтерлер клубы. Біз волонтерлер ұйымының жетекшісі Нұрайлым Жұмаханқызынан қасиетті өңірдегі ерікті жастардың жұмысы жайлы әңгімелеп беруін сұрадық.

— Нұрайлым ханым, елімізде бірнеше жылдан бері волонтерліктің дамуына назар аударылып келеді. Білгіміз келгені, өзіңіз жетекшілік ететін еріктілер ұйымы қашан құрылды? Ұйымда қанша ерікті бар, мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз,

— Ерікті дегеніміз өз еркімен жұртқа ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы маңызды емес. Біздің Яссауи волонтёрлер клубы ең алғашқы рет 2021 жылы қыркүйек айында құрылған. Клубымызда әр түрлі бағыттағы 8 көшбасшы және 60-қа тарта волонтер бар. Мақсатымыз айқын. Түркістан қаласында еріктілердің қатысуымен ел игілігіне бағытталған жұмыстарды атқару. Жоспарымыз да көп. Ең бастысы, қаламыздың дамуына, рухани, мәдени жағынан пайдалы іс атқару. Одан бөлек, қаламыздың экологиясын сақтауға арналған іс-шаралар өткізу. Қайырымдылық акцияларына қатысу.
Соңғы жылдары қала жастарының ерікті болуға белсене араласуы қуантады. Түркістан жастары қандай іс-шара болмасын, барлығына жұмыла қатысып, өз үлестерін қосуда. Волонтер болғысы келген жан жасаған жақсылығына өтемақы талап етпейді. Керісінше, ерікті болу арқылы сіз ортаңызды кеңейтуге, жаңа достар табуға, өзгенің алғысына бөленуге мүмкіндік аласыз. Еріктілік сіздің рухани қазынаңызды байыта түседі. Өн бойыңыздағы адамгершілік қасиетіңізді арттырып, мейірім шуағыңызды молайтады. Әрі еріктілік сізді материалдық жағынан қамтамасыз етуге де қауқарлы. Иә, кейбір еріктілер ұйымы сіздің белсенді болуыңызға қарай киімдер, кітаптар немесе түрлі сыйлықтар беруі мүмкін.
Бүгінде еріктілікпен айналысудың да сан түрі қалыптасқан. Мәселен, әлеуметтік, спорттық, іс-шаралық, экологиялық, медициналық және т.б. түрлері бар. Сондай-ақ ұлттық бағыттағы волонтерлік қызмет те жақсы дамыған. Әрі төтенше жағдайларда білек сыбана кірісіп кететін еріктілердің де қатары көбейіп келеді. Жалпы еріктілікпен адам жекелей немесе топ болып айналысса болады. Бірақ біздің мақсатымыз топ болып, ерікті жастарды бір арнаға жинап, жұдырықтай жұмылдырып елімізге титтей де болса өз үлесімізді қосу.

— Түркістан өңіріндегі ерікті жастардың өте белсенді екенін білеміз. Ал сіздердің ұйым волонтерліктің қай бағытына басымдық береді? Бүгінге дейін қандай шаралар өткіздіңіздер?

— Біздің ұйым еріктілердің барлық сегіз бағыты бойынша жоспар құрып, жұмыстар атқарады. Әр бағыттың өзіндік маңызымен жұмысын сол бағытқа жауапты көшбасшы еріктілерге түсіндіріп, ақпараттық нұсқау береді. Біздің ұйым өткізген бірқатар іс-шараларға тоқтала кетейін.
Мәселен, сүйікті қаламыздың экологиясы мен тазалығы біз үшін өте маңызды. Ұйымның еріктілері жыл сайын көктем шыға салысымен, қаламызда тазалық сенбіліктерін өткізуге атсалысады. Жаз бойы біздің еріктілер «Қоқыссыз табиғат» жалпыұлттық акциясы аясында колледж жастары мен Түркістан «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, Жеңіс саябағы, Ботаникалық бақ пен қаламыздағы маңызды ескерткіштердің маңайына тазалық жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, біздің волонтерлеріміз Арыс қаласындағы балалар үйіне барып, қайырымдылық акциясын өткізді. Балалар үйіне жаңа перделер мен ойыншықтар сыйлап, ондағы балаларға шуақты көңіл-күй сыйлады. Қала тұрғындарын төтенше жағдайдан алдын алу мақсатында Түркістан төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп қала тұрғындарына қауіпсіздік шаралары мен одан сақтану туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ медицина саласының өкілдерімен де бірлесіп, алғашқы көмек көрсету жайы түсіндірілді.

Біздің еріктілер Шәуілдір ауылында орналасқан Белсенді ұзақ өмір орталығының қарттарына заманауи техниканы қолдануды үйрету мақсатына қарттар мен жастардың кездесуі өтті. Біздің жалынды еріктілер қарттарымызға смартфон, ноутбук сынды құрылғыларды қолдануды үйретті. Халықаралық әйелдер мерекесінде қаламыздағы ақ жаулықты аналар мен көп балалы аналарға құрмет көрсетіледі. Аналар мерекесіне арналған концерт ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етіледі. Біздің Ясауи волонтерлері Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы ауылдық жерлерде де іс-шаралар өткізіп, белсенді жастардың қатарын көбейтуге күш жұмсауда. Ең бастысы, қазіргі ерікті болғысы келетін жастарға еріктіліктің қыр-сыры жіті түсіндіріліп, мақсаты мен міндеті де айтылады.

— Жас еріктілердің көшбасшысы ретінде айтыңызшы, волонтерлікті бұдан да әрі дамыту үшін не істеуіміз керек? Шетелдік волонтерлердің жұмысымен танысып, тәжірибесін алу ойда бар ма?

— Волонтерлікті бұдан әрі дамыту үшін жұрт арасында айтылатын «Еріктілік – еріккендік» деген ойды жою керек секілді. Себебі сондай оймен көп адамдар волонтёрлердің жұмысын бағаламайды. Осы ойдан арылсақ, қоғамда еріктілердің қатары көбейетін еді.
Иә, шетелдік волонтерлердің жоспарлармен тәжірибе алу ойда бар, олардан үйренеріміз де көп. Дамыған елдерде волонтёр болу белгілі ортада ғана орын алмайды. Ол жақта кез келген ерікті азамат волонтер ретінде тіркеле алады. Кейбір тұстарында оларға ақы да төленеді. Сонымен қатар еріктілерге белгілі бір жеңілдіктер де қарастырылған. Ал бізде «тек жастар ғана ерікті болуы керек» деген пікір үстем. Мен осы ойды жоққа шығарғым келеді. Қазақ халқында асарлату дәстүрі болған. Ата-бабаларымыз жағдайы төмен отбасылардың аяқтанып кетуіне көмектесіп, мал беріп, артық дүние-мүлкімен де бөліскен. Өзгеге көмектесу, қол ұшын созу — біздің қанымызда бар нәрсе. Тек осы дәстүрді қайта жаңғыртып, заманға сай дамытуымыз керек. Біздің Яссауи еріктілер клубы өз арамызда белсенді еріктілерді марапаттап, сый — сыяпат беріп, мерейін өсіруге тырысамыз. Жастарға еріктілік деген еріккенің ісі емес, қоғамның дамуына титтей де болса өз үлесін қосу екенін түсіндіреміз.

— Ерікті болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осы ретте жастарды ерікті болуға қалай шақырасыздар? Түркістан жастарының ерікті болуға белсенділігі қалай?

— Жастардың белсенділігі жақсы. Бірақ өте жақсы, тіпті керемет деген деңгейге жеткізу керек. Сол үшін аянбай жұмыс істеуге бармыз. Жоғарыда белсенді еріктілердің марапатталғанын айттым. Әрине, бұл өте аз нәрсе. Өзіміз де жас болғандықтан, қатарластарымыздың қатарын көбейту мақсатында тренинг, ақпараттық-танымдық жұмыстар жүргізу, түсіндіру жұмыстары сынды кездесулердің көбірек ұйымдастырылуын құптаймын. Алдағы жылға құрған жоспарымыз да өте көп. Сол жоспарымыздың бірі – белсенді ерікті жастарды қатарымызға көбірек қосу. Тек қана колледж жастарын емес, жоғары сынып оқушыларын да қатарымызға қосу ойда бар. Ең алдымен, өз елінің патриот жастарын жинап, ерікті болудың мақсатын түсіндіру. Қазір жастардың өз ойын асыруға, білім алуына, тіпті жеке бизнесін ашуға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған. Қол қусырып, бос уақытын бекерге өткізетін кезең емес. Өзіңе қажетті білім мен тәжірибені онлайн үйренуге де болады. Алдағы уақытта табысқа жеткен кәсіпкерлер мен жастар арасында дөңгелек үстел ұйымдастырып кәсіпкерлердің өмір жолының оқиғасы мен сәтті бизнесінің қыр-сырымен танысатын сұхбат алаңын ұйымдастыру ойда бар. Одан бөлек, өнер саласы, медецина саласы мен құқық қорғау саласында да белгілі бір жетістікке жеткен мамандардың кеңесін тыңдату жоспарда.
Біздер, жастар, аға буынмен ақылдаса отырып, қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге белсене үлес қоссақ деймін. Қоғам дертіне айналған нашақорлық, ішімдік пен темекіге тәуелділік сынды дүниелердің зиян екенін жастарға түсіндіру мақсатында арнайы акциялар мен кездесулер, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді де қолға алмақпыз. Біздің волонтерлер тек қайырымдылық пен тазалық жұмыстарын жүргізумен қоса, өздері де пайдалы кездесулерден сабақ алса екен деймін. Міне, осындай игі шаралардың басы-қасында болғысы келетін жастарға есігіміз әрдайым ашық. Жастар өздерін дамытатын, елімізді де дамытатын іспен айналысса екен дейміз.

— Әңгімеңізге рахмет! Игі істеріңіз жалғаса берсін!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды