

Бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет мүшелері қатысты. Жалпы отырыста «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасының екінші оқылымы тыңдалынды. 2014 жылы Ұлттық қордан квазимемлекеттік секторға бөлінген 680 млрд теңгенің 7,5 миллиарды ғана Ұлттық қорға қайтарылған көрінеді.
Депутаттар осы мәселе төңірегінде сұрақтар қойды. Мәжіліс депутаты Майра Айсина «Неге квазимемлекеттік қорға қомақты қаржы құйылды да, Ұлттық қорға мардысыз 7,5 миллард теңге қайтарылды?», – деп сұрады Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан. Министр мырза өз кезегінде қаржылық жүйенің дәстүрімен тіл қатқысы келді ме көптеген сан-цифрларды мысалға келтірді. «Бүгінде кешенді жоспар бойынша шамамен 113 миллиард теңгеге 291 нысан сатылды. Оның ішінде республикалық меншік бойынша — 8 миллиардтан астам теңгеге 23 нысан, коммуналды меншік бойынша 33 млрд теңгеге 162 нысан және квазимемлекеттік сектор бойынша 70 млрд-тан астам теңгеге 106 нысан сатылды. Егер нысан республикалық меншік бойынша болса — қаражат республикалық бюджетке түседі, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарын сатудан түскен қаражат сәйкес компаниялардың есепшоттарына түскен», – деді Сұлтанов. Дәл осы кезде Мәжіліс Төрағасы бұл сұраққа қанағаттанбай нақты жауап беруін талап етті.
«Сөзіңізде іліп алар ештеңе жоқ! Дұрыс жауап беріңіз немесе мүлдем жауап бермеңіз, министр мырза! 2014 жылдан бері квазимемлекеттік сектор 680 миллард теңгеге толықтырылған. Жекешелендіруден 7,5 миллиард теңге қайтқан, осыған қатысты пікір білдірсеңіз», – деген Нұрлан Нығматуллин жұмыс күнін ұзартпай нақты жауап берейік деп ескертті.
Бейбіт Тоқтарбай
Астана