«Әншінің салық төлегені дұрыс емес…»

29 сәуiр 2016, 12:02

Концерт ұйымдастырушылары табысын он есеге дейін төмен көрсетеді. Бұл туралы өткен аптада Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған мекеме жыл басынан бері концерт өткізіп, табысын толық көрсетпеген отандық эстрада әншілерінің тізімін де жалпақ жұртқа жария етті. Ернар Айдар, Айқын, сонымен қатар «Алдараспан, «Шаншар» әзіл-сықақ театры тізімде бар. Осы орайда «Пах-пах» әнімен танылған Айқынды сөзге тарттық.

Жас қазақ: Айқын сұхбатымыздың алғашқы сұрағын мына мәселеден бастағым келіп тұр. Сіз үшін ән айту бизнес пе, әлде өнер ме?
Айқын Төлепберген: Әншіге ән айту бизнеске айналған уақытта, оның сол кезде өнерлік жолы тоқтайды деп ойлаймын. Себебі мен өнер әлеміне келгенде, оны ешқашан бизнес ретінде қарастырған жоқпын. Университет қабырғасында 5 жылдай өлең айтып жүрдім. Бірақ онда ешқандай табыс болмады. Кейін мейрамханада жұмыс істеп жүріп, өнер арқылы пайда табуға болатынына көзім жетті. Ал 2003 жылы SuperStar KZ жобасы арқылы елге Айқын Төлепберген болып таныла бастадым. Содан бері 13 жыл өтті. Соңғы 3-4 жылда табысқа кенелгенім рас. Ол уақытқа дейін уақыт күнкөріс үшін жақсы ән жазып, артыма жақсы із қалдырсам деген үмітпен өтті. Мен мұны бизнес деп ешқашан айта алмаймын. Егер бұл сұрақтың екінші жағына мән беретін болсақ, қандай да бір өнер табыс түсіріп тұрмаса, тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені, ән жаздыру, бейнебаян түсіру қомақты қаржыны талап етеді. Тойда да ән айтамыз. Сондықтан табыс әкелетін ән айту керек. Алайда мен үшін өнердің аты – өнер.
Жас қазақ: Салықты аз төлейтіндердің тізімінен сіздің де аты-жөніңізді көріп қалдық. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Айқын Төлепберген: Мен 2013 жылдан бері салық төлеп келемін. Тіпті өткізген концерттен де төлеймін. Ал негізі әншінің салық төлегені дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, мен Алматыдағы Республика сарайында концерт берген кезде, одан табыс таптым деп айта алмаймын. Бұл халық алдында есеп беру болып табылады. Мұнда тек шығынға батасың. Сарайды жалға алу, жарнама беру, биші мен музыканттарды жалдау – соның бәріне қыруар қаржы кетеді.
Жас қазақ: Сіз концерттеріңізде жанды дауыста ән айтасыз. Осы талапты тойда да орындайсыз ба?

2
Айқын Төлепберген: Бұл сұрақты негізі маған ғана емес, барлық әншіге қойған дұрыс деп ойлаймын. Мұндай сұрақ сахнадағы әріптестеріме қойылып та жүр. Әрине, басым бөлігі «тойда жанды дауыста айтамыз» деп жауап береді. Кейбіреуі аппаратура нашар деп ақталуы мүмкін. Бос сөз. Өйткені, қазіргі тойда негізінен соңғы үлгідегі жаңа аппаратура пайдаланылады. Арнайы әнші шақыратын адам тойды ең қымбат мейрамханада жасайды деген сөз. Бірақ мен барлық жерде жанды дауыспен айтамын. Кейбір түсірілімге ғана фонограмманы пайдалануым мүмкін.
Жас қазақ: Қазақ әншілерінің арасында ынтымақтастық бар ма? Өйткені, соңғы кезде бір-бірімен қырғи қабақ болып жатқандар көп. Мұндай жағдай өз басыңыздан да өткен шығар
Айқын Төлепберген: Қазақ әншілерінің өзара ынтымағы жақсы деп айта аламын. Рас, бір-бірімен келіспей қалатын кездер болады. Мұндай жағдай тек әншіге ғана емес, кез келген салада кездеседі. Сондықтан мәселені «қазақ әншілерінің арасында» деп даралаудың қажеті жоқ. Өзім біреумен ерегісіп, жанжалдасып көрмеппін. Әнші халық алдында жүретіндіктен, көпшіліктің назарында болады.
Жас қазақ: Тойда тегін ән айтқан кезіңіз болды ма?
Айқын Төлепберген: Әрине, болды. Тіпті тегін болмаса да, достарымыздың, таныстарымыздың тойында айтқан кезіміз болды. Әншілер арасында «Рахмет той» деген термин бар. Ол – тегін ән айту дегенді білдіреді. Қазақтың туысы көп қой. Сондықтан кейде туысымыздың тойында да ән айтамыз.

Сұхбаттасқан Мақпал НОҒАЙБАЕВА

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?