Өнерге ғашық тұлға

18 қараша 2016, 12:21

Хәкім Абай айтады: «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Сонда да солардың бар таңдамасы». Әр адамның өзіндігін айқындайтын мінезі сияқты, тұтас бір халықтың ұлттың болмысын танытатын ерекше қасиеттері болады. Өнерге деген құштарлық, әсемдікке, ізгілікке, биікке жетелейді. Ал өнер жолын таңдаған жанға осы жолдың биік белесіне шығу үшін таза жүрек, сергек сана, үлкен өмірлік тәжірибе керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған көрнекті актриса, Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаеваның шығармашылық жолы, өнер жолы аясында әңгіме өрбіткен едік.

acc32fd577202549d944c4ae4e81cdcd

Жас қазақ: Қасиетті Хан тәңірі тауының баурайында өмірге келіпсіз. Туған жеріңіз туралы, балалық арманыңыз туралы айтып берсеңіз?
Нүкетай Мышбаева: Жер жәннаты Жетісу жеріндегі Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Мен өнерді бала кезімнен таңдағам. Оның себебі шешем өнерлі кісі еді. Ән салатын, домбырасын арқалап айтысқа да шығатын. Сол ауылдың ақыны десе де болады. Той-томалақтың бәрін басқаратын. Сонда менің кішкентай кезім. Шешем мені билететін, өлең айтқызатын. Қысқасы, мені өнерге тәрбиелеген анам. Соғыстың сұрапыл шағында біздің балалық шағымыз өтті. Сондағы соғыстың зардабын көріп өстім. Ойпырым-ай, сол ауылдың тұрғындары шетінен әнші, жыршы болатын.
Кешкілік ауылдың барлығы біздің үйге жиналады. Ән салады, жыр оқиды. Бірақ кештің соңы жылауға айналады. Жылап отырып, біреуі – менің әкем, балам, күйеуім деп соларды еске алып, өксіктерін баса алмай, бір-бірлеп үйден шығып кететін. Әлгі кісілер сау да демейді, жылап-жылап шығып кетеді. Мен соны аңдып отырам. Кішкентай баламын ғой, шешемнің көз жасын көріп, мен де жылаймын. Сондайды көріп өстік. Тәттінің дәмін сезбедік.
Жас қазақ: Алматыға әнші боламын деп келген ару консерваторияның ән бөліміне емес, актерлік бөліміне қабылдануының сыры неде?
Нүкетай Мышбаева: Өнер адамы болғанымды анам қаласа керек, кішкентайымнан қолдау көрсетіп, өнерлі адам болуыма барын салды. Тіпті анам Алматыда №12 мектепке жіберіп білім алғанымды қалады. Осылайша, өнерге деген ыстық ықыласпен консерваторияға келдім. Құжаттарымды ән бөліміне тапсырғалы тұрған жерімнен Асқар Тоқпанов көріп қалып, актерлік бөлімге түсуге көндірмегенде, өнерім өміріме айналмас па еді, кім білсін?
«Роза Бағланованың әндерін тәп-тәуір айтады екенсің. Бірақ Роза біреу-ақ, екі Роза болмайды. Мен биылдан бастап актерлер дайындайтын курс аштым. Сен соған түс, менің ең алғашқы шәкіртімнің бірі боласың» – деді. Көп ойланған жоқпын, ұстаздың кеңесіне құлақ астым. Төрт жыл бойы мықты мамандардан білім алып, кәсіби актер атанғаннан кейін 1959 жылы М.Әуезов атындағы драма театрына келдік. Құрманбек Жандарбеков ағамыздың нұсқауымен Тоқпановтың бір топ шәкірті – Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Раушан Әуезбаева және мен театрға бірден қабылдандық. Тәжірибесі толыспаған жастар Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева сынды үлкен өнер иелерінің ортасына түстік. Сол кісілерге қарап бой түзеп, актерлік мамандықтың қыр-сырын үйрендік.

isk_4851_novyj-razmer
Бұл «театр» деген бір керемет әлем. Театр өзіңнің үйің. Біздің уақытымызда бөлек, көрерменіміз де бөлек болды. Актриса апайларымызға қарап, образды қалай береді екен, қалай киінеді екен деп қарап отыратынбыз.
Жас қазақ: Актерлер арасындағы буын сабақтастығы жалғасын тапты ма? Сахна тарландарының сара жолы үзіліп қалған жоқ па?
Нүкетай Мышбаева: Сол кездегі бірлігіміз әлі күнге ажыраған жоқ. Қазір театрымыздың ең үлкен буыны – Асанәлі, Сәбит үшеуіміз. Ізімізден ерген Торғын Тасыбекова, Салиха Қожақова, Баян Имашевамен бүгінде бір грим бөлмесін бөлісіп отырмыз. Театрдың басты ұстанымы – ынтымақ пен бірлікте. Осында қызмет ететін ардагер буын да, қазіргі келген жастар да ұжымның алтын қағидасын сақтап келеді. Уақытымның көбі театрда өтетіндіктен, ұжымдағы әріптестерімнің барлығы етене жақын бір туысымдай болып кеткен.
Жас қазақ: Қазіргі таңда Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасында» Фатима, Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Күлегеш әйелдің рөлін сомдап жүрсіз. Сахнадағы қимыл-қозғалысыңыздың сыны кетпеген, әлі талай рөлдің ажарын ашатын қауқарыңыз бар сияқты…
Нүкетай Мышбаева: Өмірге қайта келіп, кім боласың десе ойланбастан, өнер жолын таңдар едім. Актер үшін сахнаға шығып, бар өнеріңді салып көрерменмен қауышудан асқан бақыт жоқ. Жаңа рөл беріп жатса, қашпаймыз ғой. Бірақ «артыңа қарап қартаясың» деген рас. Қазір жалынды жастар өсіп келеді. Солардың өнерді өлтірмейтініне қарап марқайып қалам. Ал қазіргі кезде өнерді өшірмеу керек. Театрда 100 шақты рөл сомдадым. Мен сценарийді ешқашан ұмытпаймын. Мәтінді бір көргеннен жаттап аламын. Егер жаттай алмай, бір сөзін ұмытып жатқан күні театрдан кетуім керек деп ойлаймын. Жақында «Қызыл алма» дейтін сериалға түстім. Сериалда жалғыз, ешкімі жоқ кемпірдің рөлі берілді. Түсірілім кезінде текстті жаттап алғам, шатаспаймын. Ал жастар шатасып жатады. Сондағы режиссердің айтқаны Нүкетай апайымдай болмайсыңдар ма? Шатаспайды деп ескертіп қояды. Сонда әлі қауқарым бар екен-ау деп арқаланып қоямын.

isk_4620_novyj-razmer
Жас қазақ: Әттеген-ай, сол сәт келсе, басқаша өзгертер едім деген кезіңіз болды ма? Өкінішіңіз бар ма?
Нүкетай Мышбаева: Өмірде өкініші жоқ адам болмайды. Төрт түлігі сай адамның да өкініші болады. Менің өкінішім туралы айтсам, театрда жұмыс істейтін Мэльс Ержанов дейтін суретшіге 24 жасымда тұрмысқа шықтым. Мен оның өнеріне ғашық болдым. Содан Земфира атты қызым бар. Бір тал ғана қызым бар. Ал менің 2-3 балам болғанда ғой деген өкінішім бар. Ал қалғандары ұсақ-түйек өкініштер.
Жас қазақ: Еңбегі дер кезінде бағаланбай «Халық әртісі» атағын кеш алғаныңызды білеміз. Атақ пен марапаттың кешігуі шығармашылығыңызға әсерін тигізбеді ме?
Нүкетай Мышбаева: Атағым жоқ екен деп ешқашан еңсемді түсірген емеспін. Мені атақ-марапатқа неге ұсынбайды, еңбегім қашан еленер екен деп біреудің алдына барып көрмеппін. Оны ойлап уайымдайтын да уақытым болмапты. Өзіме артылған тапсырманы орындап қызметіме адал болып, бекітілген рөлімді ойнап жүре бердім.

isk_4799_novyj-razmer

Сөйтіп жүріп, 1991 жылы «ҚР халық әртісі» атағын және 2010 жылы «Парасат» орденін алдым. Бір көңіліме түйгенім, адал еңбегің бір күні болмасын лайықты бағасын алады екен. Жасағанның бергеніне шүкірлік ете білу керек. «Менде анау жоқ, мынау жоқ» деп ертеңнен қара кешке дейін күңірене беруге болмайды. Жас ұлғайған сайын адам өткенін ойлап, жүріп өткен жолын саралайтын сәті жиілейді екен. Мен жоқшылықты көріп өстім. Бір үзім нанды аңсап, тәттінің дәмін ұмытқан сәттерімді жиі есіме аламын. Кеше кім едім, бүгін кіммін? Ел құрметтейтін актрисаға, ел сыйлайтын кейуанаға айналғаным – бұл өмірде қол жеткізген ең қымбат марапатым, ең биік мәртебем. Қайда жүрсем де алақанына салып аялайтын, қошемет құрметін аямайтын халқымның амандығын тілеймін.
Жас қазақ: Сексеннің сеңгіріне шығып, өткенге көз жүгіртсеңіз, көзіңізге не ілінеді?
Нүкетай Мышбаева: Сексен деген үлкен бір белес екен. Осы сексенді бағындыра алмай арманда кеткендер көп. Айналамдағы достарымның көбісі өмірден ерте озды. Фарида Шәріпова, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуезбаевамен өмірде де, өнерде де ажырамас дос болдық.

Мақпал Ноғайбаева

 

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала