«Біз жастардың дамуына жол ашып, өмірден, қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беріп, жағдай жасауымыз керек». Мәжілісте талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымға ұсынған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осылай деп атап көрсетті.
«Мемлекет Басшысы қоғамның саяси және экономикалық трансформациясы, сондай-ақ табысты және әділ Қазақстан құру бағытында ауқымды міндеттер қойып отыр. Бұл процестердегі жастардың орны айрықша. Өйткені ел халқының 20 пайыздан астамы – жастар. Бұл заң жобасы осы бағыттағы мемлекеттік маңызы бар құжаттың бірі деп білемін. Сондықтан жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе», – деді министр Мәжілістің жалпы отырысында. Әсіресе, ауыл жастары мен әлеуметтік жағдайы төмен жастар басты назарда болуы қажет. «Сондықтан жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан белсенді әрі бастамашыл жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау да – күн тәртібіндегі маңызды іс», – деп атап көрсетті министр.
Президенттің жастар жылы аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген заң жобасының 4 негізгі бөлігі бар. Біріншіден, заң жобасында «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары», «Жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту» ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылады. Екіншіден, жастар саясатының негізгі бағыттары қосымша екі бағытта қарастырылған: жастардың цифрлық сауатын арттыру және жастар арасында волонтерлікті дамыту. Үшіншіден, заң жобасы аясында NEET санатындағы жастар санын азайту көзделген. Ол үшін салалық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттерін толықтыру ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – жұмыссыз жастармен; Оқу ағарту және Ғылым мен жоғары білім министрліктері – біліктілікті арттыру және қайта даярлау іс-шараларымен; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі – жастар ресурстық орталықтары арқылы жастармен кешенді жұмыс жүргізіп, салааралық үйлестіру және ақпараттандыру ісіне жауапты болады.
Төртіншіден, заң жобасы аясында ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретін былайша толықтыру қарастырылған:
– жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және оны бекіту;
– жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыру және мониторингтеу қағидаларын бекіту;
– жастарды дамыту индексін және оны қолдану ережелерін енгізу.
«Заң жобасын қабылдау мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ ол Мәжілісте жаңа ұғым – NEET санатына қандай жастар енетінін түсіндірді: «Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заң жобасында кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды біз 4-ке бөлуді қарастырдық. Біріншісі – жұмыссыз, оқудан, колледждер мен мектептерден шығып қалған жастар. Біз оларды анықтаймыз, халықты жұмыспен қамту орталықтарынан деректері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүгедек жандар, үшінші санатта – түрлі созылмалы аурулармен ауыратын немесе алкоголь және басқа да зиянды нәрселерге тәуелді, белсенді емес жастарымыз бар, ол жастармен де жұмыс істеуді қолға аламыз». NEET бойынша төртінші санатқа үй шаруасындағы жастар, көпбалалы немесе жалғызбасты аналар енеді».
«Ең алдымен, олардың өңірлердегі аумақтық санын анықтаймыз, қазақстандық есептеу тәсілімен индекске енгіземіз және жұмыспен қамту шараларын қолға аламыз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Талап Тілеген