Не түсер құр күлкіден жыртың — жыртың?..

02 қазан 2020, 11:05

Тренд деген термин тілдік қолданысымызға енгелі оның соңынан қуған жастарды көріп, басында қайран қалдық. Әлеуметтік желідегі ерсілігін шолып шығып, бетті бір шымшып қоя салдық. Одан кейін, тіпті «Әй, өздері білсін» деп қолды бір сілтедік. Әсіресе, соңғы уақытта тик-ток сондай арзан танымалдылықты қуған, «атың шықпаса, жер өрте» дегенді желеу еткендердің алаңына айналды. Елді елең еткізем деп ардан аттап жатқандардың әрекеті бұл желіде жетіп артылады. Бөксесін бұлғандатқан бұрымдылар, ерсі сөзімен өзгені өзіне қаратқан жігітсымақтар лайк үшін басын бәске тігуге де дайын ба дерсің.

Мақұл, өз қылықтары өздеріне тұрпайы көрінбесе, ондай тик-токтардың сан түрін түсіре берсін. Бірақ біздің арыс, даналарымызды қорлаудың не қажеті бар?

Бертінде һәкім Абайдың шетелдік әуенге қосылып, басын селкілдеткен видеосы осы тик-токтың трендіне шығып кетті. Сұмдық-ай, айтарға сөз жоқ. Басқасын қойып, қазақтың данасы, ұлы Абайдың рухын осылайша мазақтау қай тентектің ойына келді екен деген өзекті өртер өкініш талайымызға маза бермеді. Өзге емес, оны жасап отырған өзіміздің қаракөз ұл-қыздар.
«Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың» – деп, Абай сол кездің өзінде шынында қазіргі есерлерді сипаттап кеткендей. Әйтпесе, мұндай мазақты уызға жарымаған, қазақылық бойына дарымаған санасы дімкәс адам істемесе, ұлт ұлылығын сіңірген, бабалар аманаты мен мұрасына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақтың ондай қадамға бармақ түгілі, ондайды ойлауға дәті бармайды. Желі қолданушылары дереу өшіруін талап еткенмен, аккаунт авторы өз дегенінен қайтпайтынын қадап айтты. Ол бұл әрекетін ұлы ақынның жеке басын қорлау деп түсінбейтінін жеткізіпті. Көзі қарақты қай адамды болсын, бұл жауап сендірмесі анық. Ақталамын деп, көпшілікке датталды.

Артынша сендерге керегі осы ма дегендей, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов секілді ұлт зиялыларының суреті пайдаланылған тренд-видео легі желіні қайтадан шулатты. Алаш зиялыларын аяқ асты ету арқылы сонда нені мансұқ етті деген сұрақ туындайды? Қазір тренд қуған жастар «қара пиар, ол да пиар» деген тәмсілді тұмар еткендей. Жұрт неғұрлым теріс пікірді жаудырған сайын, соғұрлым сол бағыттағы әрекетін үзбей, отқа май тамызу арқылы үдей түседі. Тик-ток қолданушысы Толқын Әзімханова бұл жайтқа байланысты өз ойымен бөлісті. Ол: «Әрине, былайша ұлы тұлғаларды қорлауға болмайды. Тик-токтың еркін кеңістік екеніне келісемін. Дегенмен әр нәрсенің өз шегі болуы қажет. Мен де соңғы уақытта осы әлеуметтік желіде белсендімін. Бірақ ондай жолмен танымал болуды көздеген емеспін. Сондықтан өзге де тик-ток түсірушілерді осындай жолмен арзан атақ қумауға шақырамын», – дейді.

Былтыр тағы бір бойжеткен мобильді қосымшаның көмегімен Төле би мен өзінің түрін ауыстырып, сын астында қалған болатын. Тарихи тұлғаны келемеж етуін оны қорлау емес, өзінің оқырмандарын күлдіру үшін істедім дейді. Күлдіремін деп бүлдіргенін бұл қыз да мойындамайды. Бастысы, бір сурет арқылы хайп жасап, жұрт назарын өзіне аударды. Оның мұндай «креативіне» таңдай қаққан деңгейлестері инстаграмдағы тіркелушілер санын күрт өсіріпті-мыс. Сонда ұлттың ұлы тұлғаларының суреті еріккендердің ермегі болуы керек пе? Басқасы құрып, тек солар арқылы танылуы қажет пе? Бұл – қазіргі қоғамның үлкен қасіреті. Хайп қуғандар, қандай айыпты арқалап жатқандарын жете түсінбейді. Сорақысы сол, оны көріп, біліп отырған ата-аналары «әй» деп тыюдың орнына, «өзің біл, ешкімді тыңдама» деп белін буып отыр. Онысын заманауи тәрбиелеудің үлгісі деп білетіндей. Жоғарыда тілге тиек еткен бойжеткен Төле биді қорлағаннан кейін, оған ең болмаса абыздың «тәрбие құрсақтан басталады» деген әңгімесін айтатын адам табылды ма екен?

2014 жылға сәл шегерілсек. Дәл сол жылы Құрманғазы мен Пушкинді «сүйістіріп» қойған постер Қазнетте үлкен дау тудырған болатын. Оны Алматыдағы жеке бір студия өзінің жарнамасы ретінде пайдаланған. Жұртқа жария болған бұл «туындының» арты осынша шу шығаратынын өздері де болжамаса керек. Бұл жайтқа мәдениет министрлігінің өзі тікелей араласып, авторлар заң аясында жауапқа тартылды. Бірақ бәрібір қара пиардың арқасында ол компания өз атын әйгілей алды. Хайп қуғыштар сол кезде тез танылудың жолы қазақтың жанды жеріне тиісу екенін жете түсінгендей. Құрманғазы мен Пушкинді қалай келемеждегенін Jas qazaq газетінде біз де жаздық. Ол кезде қазақ қоғамы өре түрегелген. Қазір ондай намыс жоқ па, қалай? Ресейде Пушкинді қорламақ түгілі, аты-жөнінің бір әрпін қате жазып, әлемжеліге салыңызшы! Сол күні айып арқалап, кешірім сұрайсыз. Ал бізде ше? Бізде жұрттың көре-көре көзі, ести-ести құлағы үйренгендей. Ешнәрсеге селт етпейміз.

Белгілі психолог Айгүл Алтаева тик-токтың торына түскендер туралы ойын бізге былайша өрбітті: «Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған ең күрделі мәселенің бірі ол – тик-ток бағдарламасы. Оны қолданатын адамдарды ауру десек те болады. Мұндай қадамға мұқтаж адамдар барады. Қазіргі заманда 4 жастан бастап барлық жасөспірім осы қосымшаны қолданып жүр. Бұл ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайды қарап отырғанының кесірі. Психология тұрғысынан келетін болсақ, ол ой-сананың төмендігі, жеке пікірінің жоқтығын білдіреді. Мәселен, тик-ток арқылы осындай ұлы адамды қорлайтындардың бойында өзінің «мені» мен көшбасшылық қасиет жоқ. Жұрт маған қараса екен деген жалғыз оймен ғана осындай өрескел әрекетке қызық үшін барады. Олардың айналасында достары аз, назар жетіспейді. Қазіргі жастар не үшін осындай қосымшаға үйір? Өйткені олар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді қалайды. Өзінінің жанын қинап, еңбектенгісі келмейді. Ал тик-ток арқылы оңай жолмен, арзан атақпен олжаға кенелгісі келеді».
Айта берсе, мұндай мысал жетіп артылады. Тіптен қисынсыз қылықтарымен көптің қыжылын тудырғандарды сипаттауға аузың бармайды. О баста әңгіменің «әлқиссасын» бастаған тик-токқа алып АҚШ-тың өзі заң жүзінде тыйым салыпты. Бұл елде Қытайдың әлеуметтік желісінің жұмыс істеуіне құқығы жоқ. Бәлкім, бізге де осындай желілердің жұмысы мен мазмұнын қадағалап, қажет болса жазалайтын заң мен мекеме қажет шығар? Өйткені осы лекпен кете берсе, Абай бастаған даналарымызды қорлағандардың тағы да қандай қадамға баратынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Биыл һәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Оны бүкіл ел болып, шама-шарқымызша атап өтіп жатырмыз. Осындай кезде қиялға ерік беріп, ұлы Абай бір сәтке тіріліп, қазіргі қоғамды көрсе, қандай бағасын берер екен деген ойға кетесің. Өзінің суретін қорлап, мазақ еткендерге не айтар екен? Қалың елі қазағы, қайран жұрты үшін сол заманда сары уайымға салынып, ақылын айтып, өшпес өлеңі мен құнды қара сөзін қалдырған ақын заман өзгерсе де, адам өзгермейтінін көріп күрсінетін шығар?..

Асқарбек Қазанғап

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген