Құндылықтың қадірі

21 шiлде 2017, 12:44

«Ақынай денесі аса бір қапсағай, сүйегі ірі, еркек тұлғалы әйел. Ереймен сүйіп алған қосағының жарты денесіндей қағылез. Маңайда топырлап үймелей қалатын аңдуыл бала атаулы аға қуыршақтай, апа еңгезердей қалпына таңырқай қараудан жалықпайды. Күн астында өлі ұйқыға батқан ерінің басына Ақынай жалғыз бақанмен қос тіккен. Бір жақ басы аша, ұзын ағашты киізбен екі-үш айналдыра ораса баспана дайын. Қастерлі қара қосқа түлкі тымағына мұз қатқан жылқышы жігіттер Арқаның ақтүтек, бөрілі аяздарында қыстап шыға беретін. Ерейменнің астына сырмақ, оның үстіне көрпе төсеп, қосағы ерін жас балаша көтеріп жұмсаққа жатқызады. Ереймен дым сезбей тастай қатып, ұзақ ұйықтайды. Бұл мезгілде оның балалары үнсіз қимылдап, шаруаны тап-тұйнақтай жайғап жіберер еді. Әрқайсысы өз ісін біледі. Бір ұл отын жақса, екінші ұл су дайындайды. Сырт көзге бұлар отбасымен ерігіп, қыдырып шыққан тәрізді әсер етеді. Самауыр сарқылдап қайнайды. Сол кезде Ереймен оянады, ыңырсып, беті-басы құм жабысып, албасты басқандай мыжырайып, біртүрлі шөгіп оянады. Ернінде, сақал-мұртында ақ көбіктің айғыз ізі қалған. Ақынай легендегі жылы сумен ерінің беті-қолын жуып, үсті­нің шаңын қағады. Енді ол күбірлеп, ішінен дұға оқып, ерін ұшықтайды, жер ұшық берген мезетті ерлі-зайыпты екеудің өз балаларымен қоса, өзге балалар қалт жібермей бағып тұрады.

– Қарағым, Ереймен, сен мына шаңырақтың тірегісің ғой, балалар қорқып қалды ғой, – деп тіл қатқан Ақынай. Ереймен ұяң жүзі төменшіктеп, ұялы көзін жерге салып, иіні түсіп отырады. Бала-шағасы мен жарының бетіне қарауға жүзі жоқ, жарытып ләм-мим демейді».

Кезінде Айгүл Кемелбаева менің айтып берген сюжетім бойынша «Еримен мен Ақынай» деген әңгіме жазды. Мынау сол әңгімеден үзінді. Біздің ауылда соғыстан келген ағамыз болды.Оның 6-7 баласы бар. Әйелі кәдімгідей үлкен еңгезердей кісі еді. Соғыста ағамыздыңбасына оқ тиген.Арақ ішіп, көшеде айқайлап,сүрініп-құлап жүретін. Осы сурет менің есімде жақсы сақталды. Айтар болсам, ұзақ әңгіме. Ол кісі соғыста жоғалып кетіп, 10 шақты жыл жүріп келген. Қанша мас болып көшеде құлап жатса да, әйелі күйеуінің жағасынан алып, ешқашан дауыс көтермеген. Ешкімнен ұялмай, жатқан жеріне қос тігеді. Ол кезде теледидар болмағандықтан, ауыл балалары соны қызық көріп қарайтынбыз. Ал өзінің балалары әкесі үшін ұялады. Күйеуі оянғаннан соң, шайын беріп, қолтықтап үйіне әкетеді. Осы сурет – қазақ әйелінің керемет образы. Кейіннен қарасам, екеуінің ұл-қызы керемет болып есейді, шетінен оқыған, көргенді, адал азаматтар. Ел басқарған байсалды, білімді азаматтарға айналды. Анасының «әкең алқаш»,- деп шағым айтқан күні болған емес. Керісінше, үйіне қонақ шақырып, берекелі қылып отырды. Сол арқылы балаларын, тіпті бүтіндей бір ауылды тәрбиеледі. Нағыз ана деген сондай болу керек деп ойлаймын.

Ал қазір XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз екі қоғамды көрдік. Өзіміз сенген наным-сеніміміз түбегейлі өзгеріп бара жатыр. Жасыратыны жоқ, комсомол да болдық, пионерде болдық. Қазақтың табиғаты, болмысы, ұлттың болашағы туралы ойланатын уақыт келді. Себебі бүгін адамзат баласы XXI ғасыр жаһандану кезеңінде ақпараттың, яғни хабар-ошардың тасқынының астында қалдық. Теледидар, интернет  біздің ұлт ретіндегі ғасырдан ғасырға келе жатқан талай тамаша дүниемізді көмескілендіре бастағандай кезең болды. Біз ауыл баласымыз. Кезіндеқазақ ауылындағыкез-келген мәселе ақсақалдар алқасы арқылы шешілетін. Ұйымшыл болдық.  Мен Қарағанды облысы Жаңарқа ауданындағы Жеңіс деген ауылда туып өстім. Үйде 11 баламыз. Көше кезіп, төбелес қуған жоқпыз. Кітап оқыдық. Әкем бізді сауатты, білімді болсын деген ниетпен қолына түскен кітаптың барлығын жинап әкелетін. Тіпті жарыстырып оқытатын. «Қобыланды», «Манас» жырларын бір-бірімізден асырып оқитынбыз. Анам қазір тоқсан екіде. Сол кісілер ұрпағын өсіп-жетілуге, адал нан жегізуге шамасы келгенше еңбек етті. Бүгінде мұндай түсініктің барлығы басқаша сипат алуда.  Ауылдағы Айділда деген ағамыз Алматы қаласында оқыды. Біз бала кезде сол бүкіл бір ауылдың үміті секілді болатын. Студент бала қалаға қайтарда ауылдағылар құрт-қымызын, зейнетақыдан қалғанын беріп шығарып салып жататын. Мен сол ауылды бүгінде қатты сағынам. Қазіргі таңда нарықтық қатынас пайда болғандықтан біреуі қымыз, сүтін, құртын сататын болды. «Төрге шық» дейтін жандаразайды. Қазіргі әдебиеттегі жастарды қарасам, шығармашылығында мейірім және мейірімді кейіпкер аз. Бірақ бұған олар кінәлі емес. Өйткені олар тас көшеде өсті. Олар тұлпардың дүлдүлін, жусанның иісін, бозторғайдың үнін, бұлақтың сыңғырын естімей қалды. Ал одан ұлттың әдебиеті туады деп ойламаймын. Оны көріп, ұстап, біліп, сезіну керек. Сосын ауылдағы өскен бала мейіріммен, пейілден жаралған. Мен «Қара орамал» деген поэма жаздым. Сонда Қарағанды лагері туралы ең бірінші поэма болып, 4 тілге аударылды. Сондағы кейіпкерлерді қарасақ, ол поляк па, неміс пе бәрі – біздің халықтың мейірімін, пейілін сезініп кеткендер. Бүгінгі таңда құндылықтың орны ауысып кетті. Көркем әдебиетте бірінші кезектегі ақын-жазушы келсе, әулие, пайғамбар келгендей қабылдайтын. Біздегі идеология сондай болатын. Бала кезімде ауылымызға келген Оспанхан Әубәкіров, Сағынғали Сейітов, Диқан Әбіловтермен кездесу бүгінге дейін көз алдымда. 3-4-сынып оқып жүргенімде ол кісілер Қарқарадай болып отырып айтқан әңгімесін қазірде қайталап бере аламын. Себебі әдебиет деген өмірі есте қалатындай болып әсер етті. Ал біреудің қолынан жақсы кітап көрсең, соны алуға, оқып шығуға тырысатынбыз. Енді кітап оқылмайтын заман, яғни интернет уақыты туды. Осының бәрі кейде ұлттың жадына, болмысына, табиғатына кері әсер береді деп ойлаймын. Эстрада кешегі дәстүрлі әнді басып, жаншып тастағандай. Жылтыр дүниеге ғана құмар болып кеттік. Қайрат Байбосыновтар ұмыт бола бастады. Оның орнына дауысы жоқ әншілерді көкке көтереміз. Бізге идеологиялық үлкен жұмыс атқарылуы керек деп ойлаймын. Дегенмен Димаш Құдайбергенов көптеген әншінің аптығын басты. Құдай оған ұзақ ғұмыр берсін! Жарық етіп жұлдыз болды. Ол бала өзіме қатты ұнады. Кейде біз осындай құнды дүниемізді, тұнық дауысты сақтай алмай қаламыз. Осы кішкентай бақ басынан кетпесе екен деймін! Нағыз өнердің не екенің көрсетті. Қазақ бәйгеден келген тұлпар, не тайының үстіне жабу жауып, елдің көзіне көрсетпей ұстауға тырысады. Көз тимесін деген ниет.

Бекзат Саттархановқа көз тиді. Шетелде болса, ондай Олимпиада чемпионына жеке көлік беріп, ел көзінен тасада ұстайтын дәстүр бар. Олар жұлдызы жанған ұл-қыздарын көздің қарашығындай қорғайды. Ал біз?..

Елдің барлығы мейірімсіз деп ойламаймын. Көзі ашық, жақсы адамдар да жетерлік. Бірақ қазір көшеде тәнін саудалаған, өзгенің қолтығында кетіп бара жатқан қаракөз қызымызды көргенде, үйреншікті дүние сияқты қарайтынымыз қынжылтады. Өйткені ол бірімізге қарындас, бірімізге қызымыздай. Мен Түркіменстанда біраз уақыт болып, өлең жаздым. Бұлар ұлттық құндылығынаыждағатпен қарап, қатты сақтаған. Бейтарап мемлекет ретінде киініп, сөйлегені де өзінің кім екенін айқын көрсете алады. Мұны мен қазаққа мысал қылғым келіп отырған жоқ. Бірақ үйренеріміз көп мұндайдан. Қазір екі қазақ көшеге шапан киіп шықса, маңайындағылар дұрыс түсінбей, басқаша қарауы мүмкін. Сондықтан осындай дүниенің басқаша формасын қарастыруымыз керек. Бұл дегеніміз – жалғыз киім ғана емес, үлкен кешенді дүние. Ұлттық код туралы сөз қозғалып жатыр. Ол менің ұғымымда қазақтың жаны, болмысы, тағдыры. Бұл біздің ұлт болып ұйысуымыз үшін қажет.

Өзім талай дүниені көріп, салыстырғаннан соң, бүгінгі дарақылық, қарызға я болмаса байдың артық шығынданып, көл-көсір етіп той жасауы барлығы дұрыс емес жағдай деп есептеймін. Тарас Шевченконың Украинадағы тойында болдым. Жыл сайын өткізіп тұрады. Той 8 күнге ұласты. Кемеге мінгізіп, барлық қаласына апарады. Күнделікті ішіп жүрген тамағын  ішесің. Ешқандай табақ-табақ ет жоқ. Бір қалада суретшілердің өнерін, екінші қалада ақындардың кешін тамашалайсыз. Осылайша Украинаның барлық жерін қамтиды. Артық ысырап жоқ. Бәрі орнымен.

Елбасымыздың кейінгі жолдауы –  Рухани жаңғыру. Оны халық мақала ретінде ғана емес, өзіне сенім ұялататын, құжат, бағдарлама ретінде қарсы алды. Тек рухани жаңғыру ғана емес, рухымызды жаңғырту керекпіз. Мың өліп, мың тірілген халық болғандықтан, қазақтың тарихы терең. Болмысымызда, қанымызда мәңгіліктің коды сақталуы керек. Ұлт ретінде көбейіп жатқандықтан, ақыл-ой аламының уақыты болғандықтан, қазіргі жастар түзу жолда жүріп, біліммен сусындауы қажет.

Ғалым Жайлыбай, ақын

 

 

 

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс