Науан Мүтәлұлы, имам: Өзіңе-өзің қол жұмсау – ең ауыр күнә

24 қантар 2023, 13:53

Ақмола облысына қарайтын Красный Яр деген елді мекенде суицид жасағандарды бөлек мазарға жерлейді. Бұған не себеп?

«…Өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Себебі, Ислам дінінің, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары, әрі үстем. Мейлі, ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Қасиетті Құранда: «Біз адам баласын ардақтадық…», «…оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят), – делінген анық аяттар бар. Сондықтан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен парапар (Маида/32)» (Ә.Дербісәлі «Өзін-өзі өлтіру ауыр күнә»).
Біз Красный Яр ауылындағы мешіттің имамы Науан мырзадан ауылдағы бөлек қорым туралы сұрап сұхбат алдық.

Jas qazaq: Красный Яр ауылы Көкшетау қаласына қарайды. Халық саны да әжептәуір. Естуімізше, осы ауылда өзін-өзі өлтіргендерді бөлек жерлейді екен?

Науан Мүтәлұлы: Біздің ислам дініндегі ұстанатын Әбу Ханифа масхабында да суицид, Алла берген өміріңді өзің шабу үлкен күнә болып есептеледі. Жаназасы шығарылады, бірақ біздің пәтуа бойынша елдің патшасы, әкімі, патшасы, бас имамдары қатыспайды. Неге? Өйткені жеккөрінішті амал екенін көрсету мақсатында. Бұл адамның жаназасына неге патша, әкім, бас имам неге қатыспады деген сауал қоюшылар жауапты олардың осындай қарсылығынан ұғынады. Ал елдің алдында жүрген тұлғалар бұл жеккөрінішті амал екенін осылай көрсеткен.
Хәкім Абайдың «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дегеніндей, мұндай әрекет ертеден бері болған.

Jas qazaq: Ал енді сіз иамам болып қызмет ететін Красный Яр ауылында суицид жасап өз өмірін қиғандарды бөлек жерлеуге жұртшылық қарсы болмады ма?

Науан Мүтәлұлы: Әрине, алғашында қарсы болды. Үлкен күрес жүрді. Мұндағы мақсат не? Суцидтен қайтыс болу дерегі жиілеп кетті. Қайтпек керек, қандай қадам жасаған дұрыс? Біз мұндай тәуекелді 2006 жылы өзіміздің туған ауылымыздан бастадық. «Жаңа тілек» ауылында суцидтен қайтыс болғандардың мүрдесі бөлек жерленді. Үлкен тәуекелді арқаламас бұрын, ауылдың халқымен жиын өтті. Алланың қаһарына ұшырап, тозақтық болмау үшін суицид жасамау қажет екенін, өзіңнің ең қымбат нәрсең өмірің екенін айттық. Кімде-кім мұндай қадамға барса, бөлек жерленетінін де жеріне жеткізе ұғындырдық. Бірақ тоқсанға келген жасы бар қарияның ұлы суцидтен қайтыс болды. Сол кісі бөлек жерленді, үлкен тартыс, айғай болды. Оңай нәрсе емес, келіспеушіліктер орын алды. Әлі күнге дейін қарсылықтар айтылады.

Бір тылсымды айтайын сізге. Сол кісінің сүйегін әкеліп жерлейтін сәтте қазып қойған ақымы (лақаты) морылып ішке қарай топырағы ағып түсті. Жиналған жамағатқа қарата жанымызды сала айттық. Суицид жасағандарды қара жердің өзі қабылдауға қарсылық білдіріп жатқанын. Үлкен қателік, ауыр күнә арқалайтынын жеткіздік. Сол көпшіліктің арасында бұған дейін өмірін қимаққа бекініп, бірнеше мәрте асылып, бауырлары көріп қалып құтқарған жігіт те тұрыпты. Оқиғаны көзімен көрген, уағызымызды тыңдаған. Кейін сондай қадамға итермелейтін, жетелейтін уайым, қорқыныштан арылып, қате әрекетке барғанын ұғынып, сап тиылған. Бүгінгі таңда ол азамат балалы-шағалы бақуат өмір сүріп жатыр. Көп балалы әке, шаңырақтың тірегі болып ғұмыр кешіп келеді.

Jas qazaq: Красный Яр кентіне ауысып келгеніңізде де осы мәселені көтердіңіз ғой?

Науан Мүтәллұлы: Иә, бірақ ауылдан кетерде осы мәселені айтқанымда көпшілік күмәнмен қарады. «Науан, мұндайды тек шағын ауылда жүзеге асыра алдың. Сенің қызметпен баратын кентің тым үлкен, қалаға қарайды. Көпшілік келісім бере қоюы неғайбіл дегендер көп болды. Бірақ ыждаһаттылықпен осыны жүзеге асырдық. Үлкен қарсылықтарға ұшырадық.
Суицидтен қайтыс болған адамның жаназасын саналы түрде оқымаймын, көмекші имамды жіберемін. Мұны суицидптен қайтыс болатындар алдын-ала біледі, жаназасын имам шығармайтынын, бөлек зиратқа жерленетінін сезінеді.

Jas qazaq: Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің арасында әр нәрсенің жетегімен, түрлі алдап-арбау, теріс насихаттың кесірінен өз өмірін қию белең алып тұр. Жуырда ғана 7-сынып оқушысы ғаламтордан көрген ойынның әсерінен өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғаны туралы әлеуметтік желіде ақпар тарады. Батыс Қазақстан облысында мектеп мұғалімі өз өмірін өзі қиды. Мұндай қадамға барудың ауыр күнә екенін әсіресе жастарға жиі айтып, түсіндіру жұмысын жүргізуді күшейту керек шығар.

Науан Мүтәлұлы: Үніміз жетер жерге дейін айтып жүрміз. Кітапханаларда, басқа да басқосуларда, жиындарда мүмкіндігінше мұндай қадамға бармауға, Алланың берген ең ұлық нығметі өзінің өміріңді қимауға, керісінше, мәнді, мағыналы өмір сүруге үндеп, айтып келеміз.
Суицидтен қайтыс болған адамдарды бөлек жерлеудегі мақсатымыз да сол – мұндай қадамға барудың ауыр күнә екенін ұғындыру. Красный Яр кентіндегі мазаратта суцидтен қайтыс болғандарды бөлек жерленгенін көргендердің арасында мұндай қадамға оқталғандардың басым көпшілігі күнә екенін біліп, түйсініп, ақыры райынан қайтты. Мақсатымыздың орындалып келе жатқанынан шүкіршілік дейміз.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл