Ел аман, жұрт тынышта адам өлтіре салу түк болмай қалды. Тіпті дүние есігін енді ашып, таза ауаны бойына дарытып, тіршілікті сезіне де алмаған періштенің не жазығы бар еді?! Айтуға адамның аузы бармайтын тосын оқиға Атырауда болды. Адам қолымен өлтірілген нәрестенің оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді.
Атыраудың облыстық перинаталдық орталығында болған сұмдық жағдай туралы нақты деректі бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлады. Агенттік орынбасары Шыңғыс Қабдолла нәрестенің өліміне себеп – дәрігерлердің құжатты қайта рәсімдеуді қиынсынуы екенін айтты. «Себеп» деп айтуға келмейтін қайғылы жағдай бүтін бір отбасының көз жасын көл етті. Жүрегінің жартысына айналған жас ананы тұла бойы тұңғышынан, өмірлік қызығынан айырып отыр.
Шыңғыстың айтуынша, бастапқыда құжат өлі туылған нәресте ретінде рәсімделген. Кейін нәрестенің денесін мұздатқыш камераға алып бара жатқан акушер нәрестенің аяғын қозғалтқанын байқап қалады. Сөйтіп, перзентхананың бас дәрігеріне хабарласады. Телефон арқылы болған әңгімеде перзентхананың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев қызылшақаны мұздатқыш камераға қалдырып кетуге бұйырады. «Осылайша, дәрігерлер нәрестені құтқару мүмкіндігі бола тұра, оны өлім аузында қалдырып кеткен. Бірден-бір себеп – базадағы рәсімделген құжаттың қайта түзетілуге жатпайтындығында болуы мүмкін», – дейді агенттік өкілі.
Қазіргі уақытта Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігері Қ.Нысанбаев пен нәрестені мұздатқышта қалдырған облыстық перинаталдық орталығы гинекология бөлімінің меңгерушісі Асқар Жәнібекұлының үстінен Қылмыстық іс қозғалып жатыр. Енді олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген бар ғой. Сөйтсек, бұл сұмдық жағдай басқа бір қылмыстық істі зерттеу кезінде анықталыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, бұған дейін бас дәрігері Қ.Нысанбаев «пара берді» деген күдікке ілінген. «Яғни бұл дәрігер бұған дейін Атырау облыстық сот-медициналық сараптама институтына босанған әйелдің өліміне байланысты сараптаманың оң нәтижесін шығару үшін 300 мың теңге көлемінде пара берген. Сонымен бірге ол демеушілерден түскен қаражатты алып, шетелге демалып келген», – деп толықтырды спикер.
Жаңа туылған нәресте туралы телефон арқылы болған әңгімені естіген сәтте тиісті органдар оқиға орнына барған. Бірақ, нәрестені құтқару мүмкін болмады. Өмірге келген сәтте өзге емес, дәрігерлердің қолымен ажал аузына тасталған періште мұздатқыш камерада көз жұмды.
Санаулы сәт ішінде күллі елімізге тараған сұмдық оқиғаға Президент әкімшілігі де араласып жатыр. Қазір Атыраудағы сәби өлімі көрсеткішінің көбеюіне байланысты шұғыл шаралар қабылдауды міндеттеді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ажал аузына тасталған нәрестенің отбасынан кешірім сұрап, көңіл айтты. Бұған қоса, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваны қызметтен босататынын мәлімдеді. Кейін министр дәл осы өзін қайтып алды. Осылайша, М.Аймұрзиева әлі орнында отыр. Сонымен бірге Атырауда денсаулық сақтау министрлігі тарапынан құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр.
Министр: «Дәрігерге қазір кісі өлтірді деген айып тағылып жатыр. Бұл жерде алдын ала бірнәрсе айту қиындау. Біреу құжат рәсімдеп, оны қайта түзете алмады деуге болмайды. Мұндай нәрсе жүйеде жоқ», – деп нақтылады.
Атыраудың өзінде қазір дүрмек басылған жоқ. М.Аймұрзиева орын алған оқиғаны «сұмдық» деп бағалады. Әлеуметтік желі біткенде қазір дәрігерлерге қарсы ғайбат сөздер айтуда. Қоғамдық қысымды көтере алмаған Атырау облыстық перзентханасының 31 дәрігері жұмыстан кетуге өтініш берді. «Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Интернетте біз туралы не айтылып, не жазылып жатқанын да көріп отырмыз. Тергеу жүруіне байланысты, бізді түсінік алуға да шақырып жатыр. Оның үстіне, күнделікті атқарып жатқан жұмысымыз бар. Бірақ бұл жағдайлар моральдық, психологиялық тұрғыда біздің жұмыс істеуімізге кедергі келтіруде» деп мәлімдеді перзентхана дәрігерлері.
Қазіргі уақытта арыз берген мамандармен денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті басқарманың және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жұмыс жүргізуде. «Перзентхана қызметкерлері жұмыс орындарында. Біз дәрігерлермен диалог орнатуға тырысып жатырмыз. Олардың әрқайсысы күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген маман» деп түсінік берді бізге Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев.
Атырау облыстық перзентханасының баспасөз хатшысы Аслан Жеңісовтің айтуынша, перинаталды орталық штатында 62 дәрігер бар. «Дәл қазіргі уақытта 35 дәрігер жұмыс істеуде. Оның 31-і жұмыстан кетуге өтініш беріп отыр. Қалай десек те, перзентханада жұмыс күшейтілген жүйемен жүргізілуде. Күрделі операциялар жасалып жатыр», – деді ол.
Айдың күні аманында періштесінен айырылған Нұржамал сәуір айында ғана тұрмыс құрған. Тұла бойы тұңғышын асыға күткенін айтады. «Мен ауыр босандым. Босану кезінде есімнен айырылып қалдым. Есімді жиған уақытта маған баламның өлі туылғанын айтты. Одан арғы жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Қазіргі уақытта күйеуім тиісті орындарға шағымданды. Бірақ, бұл жағдай маған баламды қайтармайды ғой», – дейді қара жамылып қалған ана.
Иә, арыз да жазылады, сот та өтеді. Жауаптылар жазасын алады. Бірақ өлген адам қайтып келмейді…
Уақыт өте келе, бұл оқиға да ұмытылар. Бірақ басқа емес, әдетте қоғам «абзал жан» деп дәріптейтін дәрігерлердің қатыгездік әрекетке баруы – адам өмірі деген ең үлкен құндылық құнының қай деңгейге жеткенін көрсетіп тұрғандай…
Баян Атайманқызы