Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.
(Мемлекет басшысы Н. Н. Назарбаевтың 2017 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан)
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымызды тапсырып отыр. Жергілікті жерде Елбасының бұл тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
Сөз жоқ, Қарағанды еліміздің индустриальды жүрегі. Сонымен бірге оның аграрлы қуатын да іске қосатын уақыт жетті. Бұл бағытта өңір бойынша біраз істер қолға алынып, жүзеге асуда.
Биыл облыс диқандары 823 мың гектар алқапта егін егуге кірісті. Былтыр 741 мың гектардан астық орылған еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егістік көлемін ұлғайту бағытында келелі жұмыстар атқарғаны байқалады.
Биыл 748 мың гектарға дәнді және бұршақ тұқымдастар, 14 мың гектарға майлы дақылдар егіледі. 9,1 мың гектарға картоп, 1,4 мың гектарға көкөніс отырғызылады.
Науқанға 20 мың ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Шаруашылықтар жанар-жағармаймен толық қамтылған.
600 мың гектарға су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл – дәнді дақылдар алқаптарының 73 пайызы. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық.
Егіс жұмыстарына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұсынған жаңашылдықтар кеңінен қолданылуда.
Қазіргі таңда егіс науқаны 60 пайызды межеледі. Ауа райы оң қабақ танытып тұрса, он шақты күннің мұғдарында диқандар қауымы соқасын суырады.
Жақында өңір басшысы Ерлан Қошанов облыстың қоңсы жатқан астықты өлкелері Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жұмыс сапарымен болды.
Бұл жолы әдеттегідей жергілікті атқамінерлерді сабылыстырып, жиналыс өткізіп жатпады. Керісінше, өңірлерді аралап, қызу еңбекке кіріскен қырдағы диқандармен жүздесті.
Бұқаржыраулық диқандардың биылғы межесі биік. 131,7 мың гектар алқапқа дән сеппек. Былтыр дәнді дақылдар алқабы екі есе ұлғайып, 59,9 мың гектарды құраған.
Бұл белесті еңсеруде аудандағы іргелі шаруашылықтардың үлесі қомақты. Мәселен, Ростовкадағы «Киров атындағы ӨК» ЖШС өткен күзде 18 мың гектар алқаптан бидай орыпты. Оған, 35 гектар арпа, 815 гектар сұлы, 613 гектар картоп пен 50 гектар көкөністі қосыңыз. Көктемгі науқанда бұл көрсеткіш арта түспек.
Облыс әкімі шаруашылықтың өнім өткізу сызбасына назар аударды. ЖШС директорының орынбасары Дмитрий Кригоровқа әуелі облыс тұрғындарын азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтып болып, артық өнімді ғана экспортқа жөнелту қажеттігін ескертті.
Центральный селолық округіне қарасты «КНИИРС» ЖШС биыл 11420 гектар жерге бидай екпек. Директор Дамир Қалдыбаевтың айтуынша, арпа (1055 гектар), сұлы (545 гектар) мен картоп (76,2 гектар) егу науқаны да қызу жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 130 адам жұмылдырылған.
Сондай-ақ, әкім осы ауылдағы жаңадан ашылған «ECO-STANDARD» өндірістік кооперативіне барды.
Кооператив сүт өндірумен және құс шаруашылығымен айналыспақ. Ақпанда құрылған. 22 адам мүшелікте тұр.
Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау қаражаты есебінен кооператив ғимаратына инкубатор мен сүт қабылдау пункті жабдықтары жеткізілген. Кооператив төрағасы Наталья Скороходованың мәлімдеуінше, енді қаз бен үйрек жұмыртқаларын, балапандарын жеткізу қажет. Ол үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі құс шаруашылығымен келісімшарт жасалыпты. Қаз балапанын 1400 теңгеге, үйрек балапанын 1000 теңгеге сатып алмақ.
Сүт кәсіпорны тәулігіне 4 тоннаға дейін шикізат қабылдауға қауқарлы. Өткізетін жер де белгілі. Теміртаудағы « RЕN-MILK» ЖШС-мен келісім бар.
Жалпы, Бұқар жырауда 19 кооператив жұмысын бастады. «ECO-STANDARD» бұлардың сапында құс шаруашылығын қолға алған алғашқы жоба.
Әкім Баймырза ауылындағы «Нур-СХ» ЖШС-не де барды. Қарсы алған серіктестік директоры Анатолий Перегуд көктемгі науқан барысы туралы баяндады.
Биыл шаруашылық 4155 гектар алқапқа бидай тұқымын сіңірмек. 232 гектарға арпа себуді жоспарлауда. Қазіргі уақытта науқандық шаруалар тәмамдалуға жақын.
Сонымен қатар, шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруге бағыт алуда. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы 200 бас ірі қара әкелінген. «Келешекте ет өнімдерін жергілікті нарыққа шығарамыз», – дейді шаруашылық басшысы.
Бұқар жырау ауданынан кейін Ерлан Жақанұлы Осакаров ауданына ат басын бұрды.
Аудандар арасында егістік көлемі жағынан аталған аудан көш бастап тұр. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешені 304 мың гектарға дәнді дақыл себуді жоспарлап отыр. Облыстағы егін алқаптарының (814,7 мың гектар) жартысына жуығы Осакаров ауданына тиесілі.
Аймақ басшысы Батпақты селолық округіндегі «Жаңа Ай» ЖШС-нің егістігіне барды. Шаруашылық жетекшісі Вячеслав Шамордин айтқандай, науқан аяқталуға жақын. 13625 гектарға дәнді дақылдар себілуде. Оның 8098 гектары бидайға бөлінген. Майлы дақылдардан зығыр өсіру (1342 гектар) қолға алынуда.
Серіктестіктегі түсім көрсеткіші жаман емес. Соңғы үш жылда орташа түсім центнеріне 14,7 гектардан айналыпты.
Шаруашылықта түрлі маркадағы 46 трактор бар. Дені мемлекеттік қолдаулар арқылы сатып алынған. 2014-2017 жыл аралығында 32 ауыл шаруашылығы техникасын 742 млн. теңгеге алған. Келер жылдың соңына дейін 180 млн. теңгеге тағы 2 техникаға қол жеткізбек. Жанармай, тұқым мәселесі бойынша да қам жемейді. Мемлекеттік қазынадан субсидияланады.
Басшы сөзін мұқият тыңдаған облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысында сөз қозғады.
Батпақты ауылындағы тасы өрге домалаған серіктестіктердің бірі – «Найдоровское» ЖШС. Облыс әкімінің сапары осы жерде түйінделді.
Шаруашылық басшысы Павел Лущактың айтуынша, биыл 9200 гектарға бидай, 2698 гектарға зығыр, 326 гектарға күнбағыс, 200 гектарға жасымық және 100 гектарға картоп отырғызылмақ.
Науқанға 20 трактор мен 3 тұқым себу кешені жұмылдырылған. Жұмыс қарқынмен жүргізілуде. Маусымның басында мәреге жетпек. Бүгінде 60 пайызды межеледі.
Сондай-ақ, серіктестік Батпақтыда 8 мың тонналық көкөніс қоймасын тұрғызуда. Бұйыртса, тамызда құрылыс аяқталмақ.
Еліміздің Еуразияның «нан кәрзеңкесіне» айналу мүмкіндігін осыдан кейін жоққа шығару мүмкін болмас. Елбасымыздың агрария алдына қойып отырған міндеті – агросектордың драйверлігі де ұзай қоймас.
Ең бастысы, бәрі де есептеліп істеліп отыр. Бұл жерде жердің құнарлығы, суғару деңгейі, жаздың шуақтығы, егу және ору мезгілі, түскен өнімнің жергілікті жерде қалдырылуы және сыртқа экспортталуы өңірдің аграрлық бағдарламасынан өз көрінісін тапқан.
Бір ғана «Найдровское»ЖШС-ін алайық. Ол өзі өндіріп отырған зығыр өнімін әлемнің 18 еліне экспорттайды. Оның өнімін Еуродақтың 15 елі тұтынады.
П. Лущак өңір басшысына науқан барысы қалай басқарылып отырғандығын туралы цифрлы техника арқылы көрсетті. Монитордан әрбір техниканың немен шұғылданып жатқандығын көруге болатын еді.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов қаңтарылып тұрған бірде бір техниканы көрмеді.
Төрехан МАЙБАС
Қарағанды