Дінге берілген, сенетін адамдарға мемлекет барлық қажетті жағдайды жасайды. Алайда түрлі теріс ағымдар азаматтарға үлкен қауіп әкеліп отыр. Мысалы, кезінде қайдағы бір сатанистер де бой көрсетті. Сол секілді түрлі секталар көбейіп, кейін өзінен-өзі жойылып, құрып кетті. Сол сияқты қазіргі салафизм, басқа да теріс ағымдар болса, олардың бәрі «сәннен» шығып қалады. Бірақ оған дейін қаншама шаңырақты шайқалтуы мүмкін. Сондықтан дінге қызығушылық танытқандар болса, оларға ермей, имамдардан жөн сұрауы керек. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ақтөбелік студенттермен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев студенттермен, белсенді жастармен кездесу өткізді. Өз сөзінде министр жастар саясаты, жастарға байланысты мәселелер әрдайым Елбасының, аймақ басшыларының ерекше назарында екенін еске салды. Тіпті, соңғы жылдары жұмыс пен іс-шаралар күшейтіліп, биыл елімізде І республикалық жастар форумы өтетіні мәлім болды. Бұл форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланып отыр екен.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы күшейтіліп, Үкімет басшысының орынбасары оған төрағалық ететін болады. Кейін дін тақырыбына ойысып, жастарды сақ, қырағы болуға шақырды.
«5 маусым күні Ақтөбеде болған жағдай уақытша, болашақта ондай оқиға болмайды. Оған бүкіл мемлекеттік орган күш-жігерін салады. Сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ете аламыз. Ол үшін алаңдамауға болады. Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін мемлекет істеріне кедергі келтірмеуі қажет. Бұл әр адамның жеке мәселесі және оның рухани дүниесі. Мемлекет қоғамдық қатынастарды шариғаттық негізде емес, заң негізінде реттейді. Бірақ бұл адамдардың дінге сенуіне кедергі келтірмейді. Дінге берілген, сенетін адамдарға мемлекет барлық қажетті жағдайды жасайды. Алайда түрлі теріс ағымдар азаматтарға үлкен қауіп әкеліп отыр. Мұның бәрі басымыздан өткен. Мысалы, қайдағы бір сатанистер де бой көрсетті. Түрлі секталар көбейгеннен кейін өзінен-өзі жойылып, құрып қалды. Сол сияқты қазіргі салафизм, басқа да теріс ағымдар болса, олардың бәрі «сәннен» шығып қалады. Бірақ оған дейін қаншама шаңырақты шайқалтуы мүмкін. Сондықтан олардың еркіне ермеңдер, дінге қызығушылық, сұрақтар болса, имамдардан жөн сұраңдар. Егер бір имам сіздерге лайықты кеңес айтпаса, ұнамаса, басқа имамды табуға болады. Негізінде имамдармен сұхбаттасу нәтижесінде өздеріңнің сұрақтарыңа жауап табасыңдар»,- деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы тұрғындарының 25 пайызы жастар. Қазір өңірде 48 мың жас тұрады. Жергілікті билік жастарға арналған түрлі экономикалық, әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде биыл 94 миллион теңге бөлген.
«Жастар өңірде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жүр. «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы», «Бизнестің жол картасы-2020» тағы да басқа бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытты. Бір ерекшелігіміз, «Жасыл ел» бағдарламасы елімізде үш ай бойы жүргізіліп, Ақтөбеде жыл бойы жұмыспен қамту мәселесі шешілді. Студенттер бос уақытында қосымша табыс таба алады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде осы бағдарлама 5 мың жасты қамтыды. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 1300 жас ауылға барып, жұмыс істеп жүр. Оларға пәтер алу, жол шығындарын өтеу үшін 1,2 миллиард теңге ақша бөлінді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысының айтуынша, дипломмен ауылға баратын жастардың қатарын мұғалімдер мен дәрігерлерден өзге мамандық иесі толықтыруы қажет. Аймақ бұл ұсынысты Үкіметке жолдады.