Қазақстан Үкіметі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған технологияларды енгізуді жүйелі түрде жолға қою керек. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» атты ұлттық телекөпір барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке қарағанда, елімізде осындай көрменің өткені туралы ұмытпағанын айтты.
Vlast.kz хабарлағандай, Елбасы «Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін сәтті өткіздік. Баламалы қуат көзі бойынша 140 ғылыми өнертабыс тіркелді. Аяқталғанына екі ай болды, бізде ЭКСПО өткенін ұмытып барамыз. Мен ұмытпаймын. Осыны естеріңде сақтаңдар!»,- деді. Мемлекет басшысы көрме өзге елдердің Қазақстанға баламалы қуат көзі бойынша жасаған үздік технологияларды әкелуі үшін ұйымдастырылғанын еске салды. Солай болды да. Президент «Үкімет сол технологияларды жүйелі түрде енгізу бойынша жұмыс істеуі қажет. Қай елден әкелінді. Сол жаққа барып, көріп, елімізде қалай пайдалануға болатынын ойластыру қажет. Бұл жобаларды жүзеге асыру жауапкершілігі үкіметке жүктелген»,- деп атап өтті. Бүгінгі таңда ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуда. Оған Қайрат Келімбетов жауапты. «Алайда бұл өте қиын жұмыс. Біз бәріміз көмектесуіміз керек. Үкімет, Парламент барлығы қол ұшын созуы қажет»,- деп өз ойын жалғастырды мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ЭКСПО аумағында жасыл технологияны дамыту бойынша халықаралық орталық пен IT-стартаптар халықаралық технопаркі құрылады. Н.Назарбаев жуырда ғана «100 жаңа есім» жобасына кірген отандастарымызбен кездесу туралы айтты. «Мен өте талантты жастарды көрдім. 18-20 жасында ерекше нәрселерді ойлап табуда. Бір студент университет жертөлесінде электр қуатын 30 пайызға үнемдейтін розетка ойлап тауыпты. Бұл туралы қайсыларың білесіңдер? Осындай тың жобалар неге қолданылмайды?» — деп үкімет мүшелеріне сауал қойды.
Елбасының айтуынша, мұндай тың жобаларды елеп-ескеріп, дамытуға септесу керек. Олардың ойлап тапқан жаңа технологиялары өндірісте қолданылуы тиіс. Егер де мекемелер мұндай дәлелденген жобаларды енгізбейтін болса, жазалануы тиіс. Сол себептен ЭКСПО нысандарын уақытында іске қосу керек», — деп тапсырды Елбасы.