jasqazaq.kz

Н. Есмағамбет:  «Асыл мұра» — жат ағымның жетегіне түсіп кетпеудің алдын алатын бірден-бір жоба

27 қараша 2017, 14:44

   

 Дін мен дәстүр егіз ұғым. Ал осы қос ұғымды қабылдап,  ой елегінен өткізу әр адамның еншісінде. Себебі ертеңгі күні қандай жолға түссе  де өз тағдыры. Дегенмен, олардың түзу жол таңдауы үшін, діни сауаттылығын арттыру үшін бірқатар шаруа атқарылуда. Қазақ қоғамының, руханияттың алтын діңгегі Алматы қаласында екі миллионға жуық адам тұрады. Оның басым бөлігі жастар. Сол жат ағымның жетегінде кетіп жатқандар да сол 20-35 аралығындағы азаматтар. Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Әуесханұлымен сұхбаттасуға барғанымызда, осы сынды түйткілді мәселенің анық-қанығын біліп қайттық.  

 — Әр жұма сайын Алматы қаласындағы мешіттерде ине шаншар орын болмайды. Бұл қала тұрғындарының дінге бет бұрғанын байқатса керек. Орталық мешіттің бас имамы ретінде қаладағы діни ахуалға қандай баға бересіз?

Алматы қаласының күйбең тіршілігі тұрғындарды рухани тұрғыдан шаршатады. Ата-бабамыз Сүннет жолы «құстың ұшуы құстың екі қанатымен жүзеге асады. Адамның өмір жолында, екі қанаты, яғни дүние тіршілігі мен рухани әлемінің бір жерден тоғысуында», – деген қағиданы мықтап ұстанған. Әлихан Бөкейханов атамыз бір сөзінде «халыққа қызмет ету үшін білім жеткіліксіз, имандылық қажет. Себебі шайтан жәннаттан білімсіздіктен емес, имансыздықтан қуылды», – деген екен. Алматылықтар осы қағидаларды жақсы ұстанады деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда Алматы еліміздің ірі мегаполисіне айналмас еді. Қала тұрғындары еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтардан құралған. Жан-жақтан жиылғанына қарамастан, дүние тіршілігінде де, рухани көзқарасында да ауызбіршілік табуы қиынға соғып жатқан жоқ. Тіл табысудың бірден-бір жетекші күші ретінде, қаламыздағы алды PHD  доктор, соңы медреселеріміздің үздік түлектерінен құралған мешіт қызметкерлері деп сеніммен айта аламын. Тіптен жат ағым өкілдері де Алматыға келіп, көзі ашылып, ақиқатты түсініп жатқан оқиғалар жеткілікті. Бұл орайда «Ат айналып қазығын табар» – демекші, Алматы руханияттың алтын қазығы десек болатындай. Оның үстіне 2015 жылы қаламыз «Руханияттың астанасы» атанғаны баршаға мәлім.

— Алматы қаласының орталық мешіті болғандықтан, қала әкімдігімен бірлесе жұмыс жасайтындарыңыз белгілі. Ортақ қандай шаруа атқарылып жатыр?

Алматы қаласы әкімдігімен рухани шарада байланысымыз күн санап нығайып келе жатыр. Биылғы 2017 жылдың жоспары бойынша 6 топ құрылған.  Әр топта 25 маман бар. Олар осы уақытқа дейін 150 семинар өткізді. Қаламызда 48 мешіт толыққанды жұмыс істеп тұр. Мешіттердегі жамағаттың ауызбіршілігін арттыру мақсатында «Асыл мұра» бағдарламасы іске қосылып, футболдан жарыс өткізілуде. Елорда күні қарсаңында сайыстың ашылуы салтанаты болды. Қараша айында мәресіне жетпек. Жалпы әр аптаның сенбі, жексенбі күндері  жамағаттар бас қосып,  спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдырды. Бұдан бөлек, діни мерекемен қатар, мемлекеттік мерекелерде де тығыз байланыстамыз.

— Мысырда қазақ студенттері тұтқындалуына байланысты дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев шетелде діни білім алудың қауіпті екенін ескертті. Жастардың қаламызда діни білімін жетілдіруде қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Менің білуімше, студенттер Мысыр елінің «Ніл» тіл жетілдіру курсына араб тілін үйренуге барған. Ал діни білім алудың қауіптілігіне тоқталар болсам, бүгінде Мысыр еліндегі «Әл Азһар» университеті  ҚМДБ (Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы) жолдамасынсыз студенттерді қабылдамауы жөнінде  келіссөз жүргізген. Нәтижесінде 2016-2017 оқу жылында алғашқы талапкерлеріміз білім грантына ие болды. Ал ҚМДБ тіл үйренуге баратындарға жауапты емес. Елімізде Сансызбай Шоқанұлы, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Қабылбек Әліпбайұлы, Ризабек Батталұлы секілді білікті мамандарымыз бар. Бұл ұстаздар дін білімін елімізде де бере алады. Бұрынғы кезде олар шетел асып білім ізденуге мәжбүр болса, қазіргі таңда ондай мұқтаждық жоқ. Ұстаз жеткілікті. Шетелде оқығысы келетін талапкерге өз елімізде де сол деңгейде білім алуға жағдай жасалып, Елбасы қолдауымен Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетіне «Әл Азһар» жоғары оқу орнының ғалымдары шақырылған.

— Шетелге білім алуға барған жастарымыз нені ескеруі тиіс?

Талапкер шетелде діни білім алғысы келсе, ең әуелі ҚМДБ ұстанатын мәзхабты дәлелімен елде үйренгені жөн. Бұл жолда талапкерге медресеміз бен Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті бағдаршы бола алады. Екіншіден, талапкер өзге елге дәстүр емес, білім үйренуге бара жатқанын ескеруі қажет. Қазіргі таңда шетел асып «Болашақ» бағдарламасымен немесе басқа да бағдарламамен оқыған студент ол елдің дәстүрін немесе басқа да біздің қоғамға жат әдетін елге әкеліп жатады. Шетелге жіберілетін талапкер өз елінің нағыз патриоты екенін дәлелдеуі қажет. Осыдан біраз жыл бұрын Аустралияға оқуға кеткен қаракөз қарындасымыз сол жақтың азаматына тұрмысқа шығып, соңында  күйеуінің қолынан қаза тапқанын білеміз. Талапкердің бойынан табылуы тиіс ең маңызды қасиет отансүйгіштік пен патриотизм.

— Алматы мешіттерінің әрі имамдардың арасында ынтымақтастықты арттыру, байланысты нығайту үшін не істелуде?

Мешіт имамдары арасында ынтымақ, татулық тақырыбында еш қиындық жоқ. Себебі имамдар басшыға бағыну принціпін қатаң ұстанады. Барлық 48 мешіт ҚМДБ филиалы болып тіркелген. Алматы орталық мешіті 48 мешітке жауапты өкілдік міндетін атқарады. Имамдарымыз жиі білімін жетілдіру ұйымдастыру арқылы бір-бірін жақын таниды. Әр имамның жұмысын қадағалап, баға беру үшін Алматы орталық мешітінен аудан бойынша жетекші бекітілген.  Имамдардың арасында жақсы жалақы алатыны да бар. Алайда басым бөлігі жалақысыз қызмет етеді. Осы жылы Ақтөбе, Қарағанды өңірлеріндегі ауылдарды су алды. Сол кезде еліміздің бас мүфтиі барып, үйі суға кеткендерге баспана алып берді. Алматы қаласы 20 тонна азық-түлік пен 4 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Демалыссыз кім жұмыс жасайды? – десеңіз, әлбетте «имам» деп айтар едім. Себебі бес уақыт намазда сенбі, жексенбі деген жоқ. Олардың арасындағы байланысқа келер болсақ, алдында атап өткенімдей, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаның қолдауымен «Асыл мұра» атты бағдарламаны енгіздік. Бұл жерде футбол ойыны бойынша әр мешіттен 5 команда құрылып жарыс өтіп жатыр. Бірінші кезең әр мешіттің жамағаты арасында өтеді. Мешіттен жеңіп шыққан команда аудан бойынша жарысқа қатысады. Ал ауданнан шыққан жеңімпаз әр қала бойынша сайысқа түседі. Үздік шыққан командаға 1 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұл жарыс маусым айының басында басталды. Астана күні қарсаңында мешіт жамағаттары Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетіне жиналды. Ол жерде дәстүрлі ән шырқалып, қошқар көтеру, бұқа тартыс, арқан тартыс секілді ұлттық ойындар ойнатылды. Басты мақсат –  біздің дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін түсіндіру. Екінші әр ойын басталар алдында имамдарымыз жамағатқа қысқа да нұсқа уағыз айтады. Яғни имамдар жамағатпен тек мешітте ғана емес, ойын сауықта да бірге болып қызмет көрсете алатынын көрсетіп жатыр. Бұл «Асыл мұра» бағдарламасы жат ағымның жетегіне түсіп кетпеудің алдын алатын бірден-бір жоба деп айта аламын. Уағызды мешітте ғана айтып қоймай қоғамдық орында, спорттық ойындар арқылы білім беруге ұмтылудамыз. Мәуліт мерекесі, бас мүфтидің жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен турнир болсын барлығы халықтың діни сауатын жетілдіріп қана қоймай, қоғамдық белсенділігін де арттыру үшін айтарлықтай жұмыс жүріп жатыр деуге толық негіз бар.

—  «Жиһад жасаймыз»  –  деп шетелге аттанған азамат үшін еліміздің қақпасы бұдан былай жабық. Тіпті азаматтығынан айырылады. Қалай ойлайсыз, бұл мәжбүрлі шара ма?

Ең алдымен, біз «жиһад» деген сөзді түсініп алуымыз керек. Қазіргі уақытта шетел асып жатқан азаматтардың сол жаққа баруы жиһадқа жата ма? Әлде олай емес пе? Қасиетті Құран Кәрімде жиһад туралы көп айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде де айтылады. Мысалға келтіре кетсем, пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір үлкен соғыстан қайтып келе жатады. Сонда ол «кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келе жатырмыз» – дейді. Сонда қасындағы сахабалары: «Уа, Расулалла бұдан да үлкен жиһад болуы мүмкін бе?» – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз әркімнің өз нәпсісімен болған күресі, ең үлкен күрес екендігін айтқан екен. Ең бірінші сол сөздің мағынасын түсіну. Жиһадты жариялағанның өзінде сол елдің басшысы немесе дінбасы жариялауы керек. Ал бізде ешкім оны жариялаған жоқ. Оны өз бетінше жариялап жатқандар бүлік шығарушы деп есептеймін. Ал басшыларына бағынбай өз бетінше соғысқа кеткен азаматтарды елден шеттетсе, оның ешқандай сөкеттігі жоқ.    

— Туған елін тәрк етуіне не себеп деп ойлайсыз?

Ең бірінші діни сауатсыздық. Елімізде пәтуа беру мәселесінде де, оларды жіті назарға алу керек. Кейбір өзге елдерде отырып, біздің жастарымызды басқарып отырғандар бар секілді. Олардың кейбірі біздің елде болмаған. Қазақстанның қандай ел, қай жерде орналасқанын білмейтін болуы да мүмкін. Сөйте отырып, олар намаз оқымаса, «кәпір», намаз оқымайтын ата-ананың қолынан тамақ ішуге болмайды – «харам» деген пәтуалар береді. Ал біздің елде болмаған адамның пәтуа беруі – қате. Бұл мәселеде елдің тұрмысы, ауа райы секілді барлық дүние ескерілуі қажет. Пәтуаны өзіміздің ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі бар сол жерден алуымыз тиіс. Сонда ғана өмірі, жалпы бағыты дұрыс болады.    

— Сақал қойып, балақ қысқарту, тұмшаланып киінуге тыйым салу Елбасына дейін жеткен мәселенің бірі. Бұл мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппауына не себеп деп ойлайсыз?

Бұл жерде мәселе сақал мен балақта емес. Адамның жүрегінде, ұстанатын сенімінде. Мысалы, шариғат үкімінде сақал қою жақсы амал. Балақ қысқарту қаншалықты дұрыс, бұрыс оны шариғатты жете меңгерген адам біледі. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында балақ қысқартуға қажеттілік туған. Өйткені ол уақытта бай адам тәкаппарлығымен, менмендігімен балағын сүйретіп жүрген. Сол себепті пайғамбар тарапынан «балақ сүйретіп жүрмеңдер, тәкаппар болмаңдар» –  деген бұйрық болған. Ал қазір ондай заман емес. Сол себепті көп дүние уақытына байланысты. Оны жіті зерттеп, түсінуіміз қажет. Егер қазір балағын қысқартып, тәкаппарланып жүретін болса, онда оның амалының еш мәні жоқ меніңше. Сондықтан жаңағы хадис бұл тәкаппарлықтан арылу үшін айтылған. Дәл сол сияқты сақал қою мәселесі. Оны да қалай болса солай қоя салу дұрыс емес. Мысалы, үшін бабаларымыз қойды ғой. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлында тағы басқа ғалымдарымыздың барлығында да сақал болды. Бұл жерде ең маңыздысы сақалды қоюдың әдебі. Ол заманда сақалы бар адам белгілі бір дәрежеде сыйға ие болған. Ешкімнің жүрегін жарып көрген жоқпыз. Сақал қойып, намазын оқып, дұрыс сенімде жүрген азамат та көп. Бұл жерде дәріптеу мәселесі айтарлықтай рөл атқарады деп ойлаймын.

— Жалпы, имамдарымыздың түрмеге барып, түсіндіру жұмысын жүргізетіндігінен де хабарымыз бар. Лаңкестік пен экстремизм бойынша түрмеге түскен азаматтармен жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 5 түзеу мекемесі бар. Ол жерде тек осы экстремизм мен терроризм ісі бойынша 60 адам отыр. Олармен әр апта барып кездесіп жұмыс жүргізіп жатқан діни басқарманың 96 имамы бар. Түрмеге кіріп шығу қаншалықты ауыр болса, ондағы терроризм экстремизммен айыпталғандармен жұмыс жүргізу одан да ауыр. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы бойынша жалпы 365 адамға 18 рет кездесу ұйымдастырылды. Оның 60-ы жат ағым өкілі. Әр кездесуде арнайы тақырып белгіленеді. Сол бойынша уағыз айтылады. Қазіргі уақытта нақты 5 азамат түзу жолға түсті. Ал 69 азаматпен жеке кездесу жүргізілді.

      Әңгімелескен  — Әбдіманап КЕҢЕС

 

 

Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады