jasqazaq.kz

Мұржасы көп бұл үйде көмір жағады

23 ақпан 2018, 13:01

Астанада көпқабатты үйде «көмір тасып, от жағады» дегенге ешкім сенбейтін шығар. Ешқандай әсірелеу емес. Көзбен көрдік, тұрғындармен бетпе-бет тілдесіп, жанайқайын тыңдадық. 20 жылдан астам уақыттан бері осындай азапты көрген тұрғындардың шыдамы таусылды. Жуырда Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның есептік кездесуінде ашына сөйлеген «автоматикалықтардың» сөзі ел-жұрттың назарын аударды.

Астанада «Автоматика» деген тұрғын үй алабының бар екенін бұрын-соңды естімеппін. Сарыарқа ауданына қарасты мекенжайды іздеп қаланың маңын біраз шарладым. Байырғы ақмолалықтар болмаса, былайғы жұрт та көп білмейді. Естігендері қай жақта екенін нақты көрсете алмады. Астананың ең шеті деп жүрген аты шулы Лесозавод шағын ауданынан өтіп, Көкшетау бағытындағы күре жолдың бойымен біраз жүрген соң, өндірістік аймақтың (промзона) арасынан жалғыз үй көрінді. Сұйық отын қоймалары орналасқан, құрылыс жүріп жатқан төңіректен әдейілеп қарамаса, бұл жерде тұрғын үй барын ешкім байқамайды. Тас жолдың бойымен жүріп, солға бұрылған көлік ізімен сырты жасыл көк ғимаратқа жақындадым. Жалғыз 24-ші автобус қатынайды екен. Қара темірден құрастырылған аялдама да әбден тозған. Қираған, ескірген ғимараттар арасындағы бес қабатты үй сырттай қарағанда адам шошырлықтай емес. Айдалада мұны «қалай салған» деген сұрақ мазалайды. Бірақ жақындаған сайын көңілің құлазиды. Үйдің сырты ыстан ба, төбеден сорғалаған қар мен жаңбыр суынан ба, қара қожалақ тарта бастаған.

Бесінші қабаттан күл шығарып, отын тасиды

«Автоматика» ауылы кезінде сұйық отын қорын сақтайтын осы маңдағы бір кәсіпорынға тиесілі болыпты. Өткен ғасырдың 90-жылдарында мекеме тоқырауға ұшырап, жабылған. Жағдайы бары көшіп кеткен, қалғаны «Ақмола ел астанасы болады» деген жаңалыққа үміт артып, осы жерде тұрақтаған. Содан бері 22 жыл өтті. Жағдай жылдан-жылға нашарлап барады. Әркім әліне қарай, біреу үй ішіне пеш салып алса, енді бірі қыс бойы электр пешін қосып жан бағуда.
Көпқабатты үйде тұрады деген аты болмаса, жер үйден айырмашылығы жоқ. Тіпті одан да қиын. Тозығы жеткен подъезді жағалап жүргенде Сәдібек (фамилиясын жазбауды өтінді) есімді азамат жолықты. Бесінші қабатта тұрады екен. 2000 жылдары Тараздан жайлы өмір іздеп Астанаға көшіп келіпті. Қаладан пәтер алуға қаржысы жетпей, осы жерден бір баспана бұйырған. Екі бөлмелі пәтердің ас үйіне қазандық орнатыпты. Бесінші қабаттан күл шығарып, күн сайын отын тасиды. Көмірді үнемдеу үшін арасында электр пешін қосады. Бірақ оның қуаты бетоннан салынған үйді жылытпайды. Балалары бүрсең қағып, қымтанып әлек. «Жанымыздағы ескірген бес үйді бұзып, былтыр бәрін көшірді. Біздің мәселеміз әлі шешілер емес. Бұрын қыстағы пеш жағудың машақатын айтсақ, қазір жазда да жағдайымыз қиындап барады. Үйлерің бәрібір бұзылады деген желеумен, қаладағы күл-қоқыстың бәрін осы маңға төгеді» деп Сәдібек іштегі шерін шығарды. Ауыз суды да тұрғындар өз күшімен тартқызған. Суық судың ішке кіріп тұрғанына да тәубе деп отыр. Екі-үш жылға дейін оны да сырттан тасып ішіпті.

Үш бала ыстан уланып қайтыс болды

Ал 71 жастағы Наухан Ғалиева бұл үйде қырық жылдан бері тұрады. Қыс бойы электр пешін жағып шығатын кейуана ай сайын жарыққа 40 мың теңге төлейді. Бұл зейнеткердің қалтасына ауыртпалық түсіретіндіктен, екі мезгіл асын газ баллонының көмегімен дайындап ішеді. Ал пропан газын сатумен айналысатын мекеме бес қабатты үйге оны әкелуден бас тартады екен. Себебі көпқабатты үйге баллон кіргізу қауіпті. «Біз көрінген машинаға жүгіріп, қаладан газ баллонын әкеліп берші деп жалынамыз. 4-қабатта тұрамын. Осы жасқа келгенде қайдан көмір тасып жүремін» дейді мұңын шаққан әжей. Әрдайым жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі осыдан тура 8 жыл бұрын тұрғын үйде пештен ақау шығып, бір отбасынан үш адам өртеніп кеткен. Ал екі жыл бұрын үш бала ыстан уланып, о дүниелік болыпты.
Автоматика ауылындағы жалғыз үйде тек қариялар емес, жас отбасылар да бар. Мұрат пен Гүлмая есімді жас жұбайлар үйленгелі осы тауқыметті тартып келеді. Ата-анасы алып берген соң, енші алып бөлек шыққан жас отау от жағудың бейнетінен шаршадық дейді. Әсіресе, екінші қабаттан үйдің төбесіне дейін тартылған түтін мұржасын апта сайын тазалаудың машақатын айт! Балаларды мектепке, балабақшаға апару үшін Лесозаводқа қатынайды. Желдің өтіндегі жалғыз тұрғын үйден жолға шығып, қалаға жету қиямет-қайым.
Бұл үйдегі тұрғындарды қинайтын тек жылу емес! Жаз басталса болды, жаңбыр суы шұрық-тесік шатырдан төмен сорғалап, жөндеулі пәтердің астаң-кестеңін шығарады екен. Сарғайған қабырғалар мен салбыраған тұсқағаздар бұған дәлел. Тұрғындар осыдан 2 жыл бұрын өздері ақша жинап, шатырды жаматыпты. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмаған. Ал жертөлеге баруға батпадық. Айтуларынша, кәріз құбыры жиі жарылып, нәжіс аралас лас су сыртқа ағып, айнала сасып кетеді. Қолқаны қабатын қолаңса иіс подъезге кіре бергеннен-ақ мүңкіп тұр. Тұрғын үйдің айналасы, тіпті бірінші қабаттағы балконның асты да көмір қораға айналған. Ғимараттың қабырғасында жағалай мұржа.

«Мамонттар секілді қатып қалатын шығармыз»

Кешінде Автоматика ауылында 6 үй, балабақша мен азық-түлік дүкені болған. Тозығы жеткен екі қабатты 5 ғимарат сүріліп, баспана иелері былтыр қаладағы жаңа қонысқа көшіріліпті. Қалған тұрғындар қазір азық-түлікті де қаладан тасуға мәжбүр. Себебі бір үйдегі 40 пәтерге бола ешкімнің сауда нүктесін ашуға құлқы жоқ. Ал бес қабатты нысанды қала басшылығы апатты деп таппаған. Сондықтан нысанды сүріп тастауға негіз жоқ. Бір қызығы, 22 жыл жылусыз, сусыз отырған баспананы тексерген комиссия «жылу құбырының 80 пайызы тозған» деген қорытынды жасапты. Баспана иелері бұған жағасын ұстап отыр. Пеш жағып отырған пәтерлердегі қандай құбырды есепке алғанын білмей аң-таң.
Елорда басшылығы бұл үйдің проблемасымен жақын таныс. Талай табалдырықты тоздырып, «мамонттар секілді қатып қалғанша ешкімге керек емеспіз бе?» деп ашына сөйлеген тұрғындарға қала әкімінің орынбасары бұл жолы тағы да уәде беріп құтылды. Сергей Хорошун тұрғындармен өткен жиында «Бұл бес қабатты тұрғын үй ДСК панелінен тұрғызылған. Конструкциялар бойынша тұжырымдамаға сәйкес мәселе туындамады. Бірақ, Сіз өтініш айтып отырғандықтан, келесі аптада өзім шығып, аудандық әкімдік және тұрғын үй инспекциясымен барамын. Мәселені шешуге тырысамын», – деп сендірді. Оның да жаңалығын еститін боламыз. Әзірге Астана іргесіндегі Автоматиканың жағдайы осы.

Бейсен Нарынбек,
Астана
Суретті түсірген автор

03 шiлде, 16:34
Алматы тұрғындары өз ауласын өзгерте алады
03 шiлде, 13:01
Түркістан: Елді мекендерде жол жөндеу, жаңғырту, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр
03 шiлде, 12:38
Түркістан: Инвесторлар іскерлік байланыс орнатуға ниетті
03 шiлде, 12:08
Нұрлан Қойбағаров: Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау – мәслихаттың тұрақты бақылауында
02 шiлде, 15:17
Түркістан: Заманауи зауыт пен кәсіпорын көбейіп келеді
02 шiлде, 15:08
Түркістан: Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды
02 шiлде, 15:06
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дрондары шығарылады
02 шiлде, 14:48
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласында алты айдың қорытындысы сараланды
02 шiлде, 14:18
Түркістан: Жаңа кәсіпорындар ашу жөнінде меморандумдар жасалды