Ғұмырын халқына арнаған

05 желтоқсан 2016, 11:25

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан үкіметінің жоғарғы билігінде отырған Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов Қазақстан тарихының қиын да, аса ауыр жылдары ел басқарып, Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан дамуына зор үлесін тигізді. Ауылдарды кеңестендіру, екі бірдей ашаршылықпен күрес барысында, сауаттандыру, білім мен ғылымның дамуында, Қазақстандағы Ғылым Академиясының жұмысының жандануында, халықтың мәдени өсуі, ірі өндіріс орындарының қалыптасуы, қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуі, Қазақстан астанасының Қызылордадан Алматыға көшірілуі мен екі астананың да көркейіп, абаттануында оның тікелей тигізген қолтаңбасы бар. Өкініштісі сол, ардақты азамат, қайраткер кеңестік жүйенің құрбанына айналды. ХХ ғасырдың 30-жылдың соңында ұлт зиялыларының көпшілігі тоталитарлық жүйенің құрығына ілігіп, «буржуазиялық ұлтшылдардың» қатарына жатқызылып, соларға қатысты сот процесі басталған кезде ол да жалған жаламен қудаланды.

01eb4-clip-48kb

Кеңестік жүйе тұсында Ұзақбай Желдірбайұлы бірнеше рет қуғынға ұшыраған екен. Мұрағат деректеріне сүйенсек, қайраткер 1919, 1921-1923, 1925, 1929 және 1937 жылдары үкімет тарапынан тергеуге алыныпты.
Кеңес үкіметі жаңа орнаған кезде ол ауылдық мектепте бала оқытып жатқан болатын. Бойында жігері мол жас 1918 жылдың желтоқсанынан бастап Кеңес өкіметінің қызметіне араласып, Ырғыз уезіндегі болыстарда кеңес ұйымын құруға қатысады. Ұйымдастырушылық қабілетімен, қайсарлығымен, талапкершілігімен көзге түскен Ұзақбай 1919 жылдың сәуірінде болған Ырғыз уездік съезінде Ырғыз уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Алайда мамыр айында Ырғызды ақтардың басып алуына орай комитеттің басқа мүшелерімен бірге Шалқардағы теміржол станциясына кетуге мәжбүр болды. Шегініп бара жатқандардан Ырғызда кавалериялық партизан отряды құрылып, Ұзақбай осы отрядта қатардағы жауынгер ретінде ақтарға қарсы күреске шығады. Партизандық отрядты сол кезде бұрынғы патша офицері И.Ф.Киселев басқарып, П.А.Кузнецов оған көмекші болған еді. Ұзақбай осы отрядтың сарбаздарымен үш ай ішінде Талдысабада және екі рет Жалтырда ақтарға қарсы шайқасқа қатысады. Отрядтың командирінің арнайы тапсырмасымен бірнеше рет барлауға шығып, тың мәліметтер әкеледі. Өкінішке қарай, ақтардан шегініп, қашып, күйісі кеткен қызыл әскер отряды Ырғызға барып, ақ гвардияшыларға берілуге мәжбүр болды. Қолға түскен қызылдарды ақтар шалғайда жатқан Шалқарға қарай жаяу айдап апарып, абақтыға қамап тастаған еді. Тұтқынға түскендердің арасында Ұзақбай да бар-тын. Ол бірден ақтардың жағына шығудан бас тартты. Оны тағы да жаяу-жалпы Шалқардан 100-120 шақырым аралықтағы Бершүгір теміржолына айдап апарып, қара жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Өзінің өмірбаянында ол бұл жайында былайша жазады: «1919 жылдың тамыз айында алашордашылардың қолына тұтқынға түсіп, қызылдармен бірге ақтарға қарсы шыққаным үшін Бершүгір (таскөмір шахтасы) жіберіліп, қамшының астында қара жұмыс істедім».
Тұтқында болған кезінде ақтардың тепкісін әбден көрген Ұзақбай мүмкіншілік туса, қызылдарға қайтып барып, адал қызмет етуге уәде беріп, бір жарым айдан кейін өз офицерлеріне қарсы шыққан Шалқардағы ақтар гарнизонындағы солдаттардың бүлігінің нәтижесінде босап шығады да, үлкен қиындықпен Ырғыз уезіне оралады.
Ырғыз ақтардан тазартылғаннан кейін ол 1919 жылдың күзінен уездік революциялық комитетке жұмысқа кірісіп, кеңес өкіметін қалпына келтіруге атсалысады. 1920 жылдың қаңтарында Ырғыз партия ұйымына мүшелікке өтеді. Бастапқы кезде әлеуметтік қамсыздандыру бөлімнің алқа мүшесі болған Ұзақбай, 1920-1921 жылдары уездік басқарма басшысының көмекшісі, нұсқаушы-ақпараттық бөлімнің меңгерушісі, уездік революциялық тергеу комиссиясының құпия-оперативтік бөлімінің басшысы, Ырғыз уездік атқару комитеті оны қылмыстық-тергеу комиссиясының төрағасы, Ырғыздың РК(б)П аудандық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1921 жылдары мамыр айының соңында Қырғыз облыстық комитетінің шақыруымен Ақтөбе губерниясына жіберіліп, Ақтөбе губерниялық съезінде губерниялық атқару комитетіне мүше болып сайланады. Ақтөбе губерниялық камсыздандыру (губсобесом) бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы кездерде Ақтөбе губерниясын аштық жайлап жатқан еді. Ол аштықты ауыздықтауға, әлсіздердің қолындағы арық-тұрық бар малдарын күштеп тартып алған қарақшы топтарды жоюға қатысады.

yzak1
1922 ж. 1 ақпанында басталған Ақтөбе губерниялық атқару комитеті пленуының II-ші шақырылымында Ұ.Құлымбетов 1922 ж. ақпанынан Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, бұл қызметті 1923 ж. наурызына дейін алып жүрді. Өкінішке қарай, бұл жұмысты ол дұрыс атқара алмады. Себебі ақтар мен алашордашылардың қолында тұтқында болғаны үшін және АРА ұйымының ашыққандарға берген көмек қорын талан-таражға салды деген жаламен 1922 жылдың 17 мамырынан 1923 жылдың 11 ақпанына дейінгі аралықта Ұзақбай РКФСР Қылмыстық кодекісінің 109 және 105-баптары бойынша айыпталып, тергеуге алынады. Тергеу барысын РКФСР Жоғарғы Соты жүргізіп, бұл іс 1923 жылдың басына дейін Орынбор қаласында қаралды. Дегенмен оған тағылған айыптардың дәлелденбеуінен Ұзақбай 1923 жылдың ақпанында РКФСР Жоғарғы трибуналының сессиясының шешімімен ақталып шықты.
Мирзоянға жіберген өмірбаянында өзіне тағылған айыптаулар Қазақ КСР-ның бұрынғы Жоғарғы трибуналының төрағасы Арғыншиевтің жеке есебінен туындады деп көрсетеді.
Бұл сот процесінде Ұ. Құлымбетовті қорғауға бұрынғы Қазақ АКСР-ның Әділет халық комиссары (Наркомюст) Атаниязов жіберілген екен. Бірақ сол кезде Жоғары соттың төрағасы болып тағайындалғандықтан, оған сотта сөйлеу мүмкін болмаған. Бірақ осы істің қаралуына себепші болған Қисықов, Тұңғашиндердің өздеріне «Ұзақбайдың партиялық жұмысына кедергі жасады» деп іс ашылып, нәтижесінде екеуі де контрреволюциялық жау элемент ретінде Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударылды.
Жүріп жатқан сот процесіне қарамастан, Ұ.Құлымбетов 1922 жылдың 1 қаңтарынан 15 мамыр аралығында губерния атынан «АРА» ұйымына өкіл ретінде жіберіліп, губернияны жайлаған аштықты ауыздықтауға қатысады. Өлкеде пайда болған бандиттік әрекеттерді жоюға, қала, село, ауылдарда қираған шаруашылықтарды қалпына келтіруге бар күшін салды.
20-жылдардың соңына қарай республикадағы саяси жағдай шектен тыс ушығып, зорлық-зомбылыққа жол ашылды. 1927-1929 жылдар аралығында қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығы да «ұлтшыл» деген айыппен қызметтен қуылды. Кемшілік, қателіктерді әшкерелеуде сынды, өзара сынды күшейту мәселесі қолға алынды. Қазақ баспасөзінде партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күрес барысы өрістеді. Әсіресе басылым қазақ әдебиеті саласында «байшылдықты көздеген» деген желеумен «ұлтшыл-уклонист» атанғандарға қарсы батыл күрес жүргізді.
Ұзақбай Құлымбетовке үкімет тарапынан 1929 жылы тағы да қысымшылық жасалды. Бұл кезде партия қатарын тазалау науқаны жүріп жатқан болатын. Ең бірінші кезекте партияға мүшелікке кіріп алып, өздерінің зиянкестік істерін жүргізіп жүрген, ел арасында іріткі салып, ұлт наразылығын тудырған ұлтшыл элементтердің әшкерелеу міндеттелінді. Сөйтіп, партия қатарындағы қызметкерлерді тексеру, коммунистер болып кеткен жау элементтерден тазарту науқаны қарқынды жүргізілді. Губерниялар мен уезд билігіндегі «тазартулар» барысын өлкелік атқару комитеті тікелей бақылауға алды. 1929 жылы Қазақ өлкелік комитеті мен БК(б)П өлкелік бақылау комиссиясының мүшелерінен арнайы тексеру комиссиясы құрылып, К.Арғынғазин, А.Бөкейханов, Т.Жаманмұрынов, М.Жолдыбаев, А.Мусин, Т.Рысқұлов, М.Саматов, А.Сейітов, А.Сейдалин, А.Кенжин, К.Тоқтабаев, Ә.Байділдин және тағы басқа азаматтардың қызмет барыстары тексерілді. Аталған азаматтардың көпшілігі үкімет орындарының жауапты қызметінде істейтін. Бұлардың барлығы бай, төре, билердің тұқымынан, Алашорда үкіметінің құрамында болған, кейбіреулері Кеңес өкіметіне қарсы шығып, большевиктерді қыруға қатынасқан делінді.
Арнайы тексеру комиссиялары аудандарға жіберіліп, ауылдық партия ұйымдарының жұмысы, оның басшылары мен ұйым құрамындағы коммунистердің қызмет барысы жете тексерілді.
Осы науқанды қолға алған комиссия да тағы Ұзақбайға «өмірбаянында сол 1919 жылы Кузнецов отрядынан кетуіне қатысты тұсты жасырып қалды» деген айып тақты.
Ұ.Құлымбетов БК(б) ОК тазарту комиссиясының төрағасы Богдановқа берген түсіндірме жазбасында «өмірбаянында 1919 жылы қызылдардан ақтардың жағына өтуі жайында жазбауының себебін сол жылдың соңында Ырғызда Ә.Жангелдин тексеріс жүргізіп, «қызыл отрядтың тоз-тоз болып кетуіне Киселев пен Кузнецевтің дұрыс басқара алмады деген қорытынды шығарып, бізге кеңес өкіметін ауылды жерлерде орнатуға, сол кезде пайда болған бандитшілдікке қарсы күресуді ұсынғаннан кейін оны көрсетуді жөн санамадым» деп келтіреді.
Қызыл отрядтың тарап кетуін тексерген Ә.Жанкелдин Ұзақбай Желдірбайұлын толықтай ақтаған. Өзі де большевиктерге қарсы күресу үшін ешқашан ақтар жаққа өтпегендігін, осы уақытқа дейін «талмай, өзін аямай жұмыс істеп, жауапты жұмыстарды орындап келгендігін» жаза отырып, өзін кінәлі санамады.

9386-6-politicheskie_repressii_ru
Партия қатарына кіріп кеткен жау тап элементтерін тазалау үдерісі 30-шы жылдары да жалғасын тапты. Әсіресе, бұл 1936-1937 жылдары кең өріс алды. Мерзімді баспасөз қырағылық танытып, партияға кейбір жолдармен еніп кетіп, іріткі салушы бұрынғы бай тап өкілдерін әшкерелеген мақалалардың күнделікті жарияланып отыруына барлық жағдайды жасады. «Ұлтшыл» бағытты жүргізіп отыр деген желеумен қазақтың біртуар азаматтары С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев қуғын-сүргін құрығына ілікті. Оларға «ұлтшыл-уклонист», «ұсақ буржуазияшыл» деген айыптар тағылды. Голощекин бастаған солшыл топ «байшыл идеологияны» көксеушілерді үкімет пен партия қатарынан қалайда болса тазартуды басты міндет қылды. Сөйтіп, партия мен үкіметтің жиылыс, пленумдарда «ұлтшыл-уклоншылардың» әрекеттерін әшкерелеу мәселесі қолға алынды.
1937 жылдың 26 сәуірдегі Л.Мирзоянның қол қоюымен Қазақ өлкелік комитеті жанынан жоғарғы соттың үкімімен өлім жазасына кесілгендердің өтінішін қарайтын арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Мирзоянның өзі, С.Нұрпейісов, О.Исаев, Л.Залин және Ұ.Құлымбетов мүше болып кірді [8]. Алайда 1937-1938 жж. бұл комиссия құрамына кіргендердің бәрі «халық жауы» ретінде қуғындалып, атылды.
Ұзақбай Желдірбайұлы 1937 жылдың 5-12 маусымында болған Қазақстан Коммунистік партиясының I съезінде қараланды. Негізінде осы съезд барысында оның кандидатурасы Орталық комитетке ұсынылған болатын. Қарсы келгендер Ұзақбайды «1919 жылы ақтардың жағына шығып кетті, жікшілдердің қатарын болып, контрреволюциялық жұмыс жүргізді» деген негізсіз айыптар тақты.
Қайраткерге тағылған айыптаулардың ақ-қарасын анықтау үшін құрамында С.Нұрпейісов, О.Исаев, А.Досов, Г.Пинхасик, С.Сапарбеков, Д.Сәдуақасов сияқты мүшелері бар арнайы комиссия құрылып, оған қатысты барлық құжаттар қарастырылды. Комиссияның төрағасы болған О.Исаев тексеру барысында Ұ.Құлымбетовтің ақтарда тұтқында болғанымен, олармен байланыс жасамағандығын айтып қорғап шықты. О.Исаев баяндамасында: «Біздің Қазақстанның басшылық орнында отырған Исаев, Жангелдин, Құлымбетов жолдастар алашордашыл Тоқтыбаев, Кенжиндерді жақтап келген дейді» дей отырып, оның алдында шығып аталған қызметкерлердің қараламақ болған Баймұратовтың сөзін қателігін дәлелдеп берді.
Съезде Ұ.Құлымбетовтің қандай адам болғандығын партизан отрядының командирі И. Киселев былайша сипаттап өткен екен: «Кулумбетов держал себя хорошо, был добросовестным, как человек грамотным, пользовался влиянием среди населения, в нашем отряде он был в качестве переводчика, дипломата по сношению с местным казахским населением».
«Ұ.Құлымбетов пен Т.Жаманмұрынов арасында туысқандық бар ма, Қазақстанда болған ұлтшыл топтың қайсысына Құлымбетов жатады, шыққан тегі қандай» деген сұрақтарға қайраткердің өзі жауап беріп, екеуінің қарым-қатынасы жұмыс бабымен араласқандығын атап өткен екен.
Ұзақ айтыс-тартыстан кейін Ұ.Құлымбетовтің кандидатурасы жабық түрде дауысқа салынып, 358 адам қолдап, 75 адам қарсы дауыс беріп, Орталық комитет құрамына өтті. Бірақ осы съезд өте салысымен 14 маусымда Ұзақбай Желдірбайұлы Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы Л.И.Мирзоян мен ОРПО меңгерушісі Асиревтың сұратуы бойынша, оларға өмірбаянын жолдап, сол 1919 жылғы оқиғаны егжей-тегжей жазып береді.
О.Исаев бастаған комиссия Ұ.Құлымбетовтің жазықсыз екендігін дәлелдесе де, оған қатысты іс қайтадан көтерілді. 21 шілдеде Ұзақбай Желдірбайұлы Қазақ КСР ОАК төрағалығынан босатылды. Осы жылдың 30 шілдесінде К(б)П ОК хатшысы Л.Мирзоян құрамында Ш.Диваев, А.Кенжин, Көшенбаев, Т.Жаманмұрынов, Ж.Сұлтанбеков, Қ.Сармолдаев, А.Асылбеков, Н.Нұрсейітов, З.Төреғожин, С.Қаратілеуов, Ә.Лекеров, М.Ғатаулин, І.Молдажанов сияқты мүшелері бар жасырын «ұлттық-фашистік» ұйымның әшкереленгені жайында И. Сталинге мәлімдеме жолдап, онда ұйымның басты ұйымдастырушысы әрі Мәскеудегі орталықтың өкілі ретінде Ұ.Құлымбетовті көрсетті. Оның жазуынша, ұйымның Мәскеудегі басшылары ең басты нұсқауды осы Ұ.Құлымбетов арқылы жүзеге асырып отырған. Хатта жүргізіліп жатқан тергеу нәтижесінде таяу арада Ұ.Кұлымбетов қамауға алынып, оның антикеңестік әрекеттерінің әшкереленетіні келтірілді. Осыдан кейін Ұ.Құлымбетов 2 тамызда ұсталып, абақтыға қамалды.
1937 жылдың 22 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетіне К.Пухов «На поводу у буржуазных националистов» деп аталған мақала жариялап, Ұзақбай Құлымбетов пен оның «сыбайластарының» «ұлтшылдығын» әшкереледі.
Мақалада Ұ. Құлымбетовтің бас тартуының себебін сол жылы Кеңес үкіметіне сатқындық жасап, Қызыл Армияны таратып, ақтарға қашып кеткендігінен деп келтірілді. Құлымбетовтің бұл әрекетін бірнеше рет әшкерелемек болған қызыл әскер отрядының бұрынғы командирі Киселевтің сөзіне ешкім құлақ аспай, барлығы Ұзақбайды жақтап, қолдап келгендігін, олардың арасында Алматы облыстық комитетінің хатшысы Сәдуақасов пен Юсупов екеуі қорғаштап, конференциядағы басқа қатысушыларға ауыз ашпағандығы айтылды. Қазақ Республикасының 1-ші партия съезі тұсында өлкелік комитеттің Ұ. Құлымбетовтің үстінен түскен арыздар қаралмай, керісінше, оған қолдау көрсеткен. Қызып тұрған отқа май құйғандай болған бұл мақала Ұ.Құлымбетовтің «халық жауы» екендігін дәлелдей түскендей болды.
Бірақ 29 қыркүйекте Қазақстан КП(б) ОК бюросында газеттегі келтірілген кейбір фактілер қаралып, кейбірінің шындыққа жанаспайтындығы айтылып қаулы қабылданады. Мәселен, Мирзоян Алматы қалалық комитетінің хатшысына Құлымбетовтің партиялық билетін қайтып беруін талап еткенін жоққа шығарды. Сонымен қатар мақаладағы «Құлымбетовтің Қазақстан Коммунистік партиясының I съезінде сәтсіздікке ұшырауының себебін жасырып қалды» дегенін айтып та қатеге санап, керісінше осы съезден кейін Құлымбетов мыңнан аса адам қатысқан белсенділердің жиылысында оның себебін ашық түрде өзі айта бастағанын келтіреді. Бірақ қаулы, бірақ еш жерге жарияланған жоқ. Кейінгі тергеу ісіне де қолданылмады. Тек БК(б)П Орталық комитетіне жіберілді.
«Казахстанская правда» газетіне жарияланған мақала партия ұйымдарында жедел түрде талқылана бастады. 1937 жылдың 3-4 қазанында Алматы қаласының Фрунзе ауданының жабық партия жиналысы осы талқылаулардың қорытындысын шығарылды. 793 адам қатысқан 79 жиналыста 374 адамның пікірі тыңдалған екен. Өз сөйлегендер негізінен «әшкереленгендерді» қаралап, олармен байланыста болғандығын көрсетуге тырысқан. Мәселен, облыстық жер басқармасының партия ұйымы облыстық партия комитетіне Еңбекшіқазақ ауданының аудандық атқару комитетінің төрағасы Х.Баяубаевтың халық жаулары О.Жандосов, Ұ.Құлымбетовпен арадағы байланысын тексеру жөнінде өтініш жолдаған.
Алматы облыстық халық ағарту бөлімінде болған жиын барысында Черняевский Ұ.Құлымбетовтің Ырғыздан 35 шақырым жерде феодалдық мекенжайы барлығын айтқан. Әрине, бұл фактілердің бәрі дәлелсіз, қайраткерді қаралау үшін қолдан жасалған еді.
Қайраткерді тергеу барысында оған еш қисыны келмейтін жалған айыптар тағылды. 1930-1931 жылдары Қазақстанда өткен шаруалар қозғалысының (Созақ, Қарақұм, Абыралы, Қызылқұм, Адай) ұйымдастырушыларының бірі, құрамында Рысқұлов, Нұрмақов, Сейфуллин және басқа белгілі қайраткерлер бар антисоветтік ұлтшылдар ұйымының мүшесі болды» делінуі де «халық жауы» деп қаралауға негіз болған.
29 шілдедегі ҚК(б)П-ның Оталық Комитеті шешімі бойынша алашордашылардың және ұлтшыл бағытта жазылған әдебиеттерді кітапхана, кітап дүкендерінен, оқу орындарынан қолданыстан алу үшін Нұрпейісовтің төрағалығымен құрамында Исаев, Қабылов, Мүсірепов, Арыстанов, Гусев, Ибрагимов, Жүргенов сияқты мүшелері бар арнайы комиссия құрылып, тез арада қолданыстан алынатын кітаптардың тізімі жасалынды. Берілген тізімде С.Асфендияров, А.Әлімбаев, Ә.Байділдин, О.Беков, І.Жансүгіров, Т.Жүргенов, Н.Нұрмақов, Ғ.Тоғжанов, Б.Майлин, Қ.Сармолдаев, Т.Шонанов, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев және т.б. ақын-жазушылар мен партия қайраткерлерінің кітаптары бар-тын. Ұ.Құлымбетовтің 1927-1936 жылдар аралығында жарық көрген 5 кітабын қолдануға тыйым салынды.
Ұ.Құлымбетов 1938 жылдың 25 ақпанындағы Әскери коллегияның шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Қайраткер атылып кеткеннен кейін де «Мирзоян, Исаев, Есқараев, Сәдуақасовтармен бірге буржуазиялық-ұлтшылдық ұйым құрды, герман-жапон фашизмінің агенті болды» деген жалған жаладан арыла алмады. 1938 жылдың 3 шілдесінде өткен Қазақстан Коммунистік партиясының II съезінде оның аты қараланып айтылды.
1958 ж. 22 сәуірінде ғана КСРО Жоғарғы Соты Ұ.Құлымбетовке қатысты қылмыстың жоқтығы себепті істі тоқтатып, 31 қазандағы Қазақстан КП ОК-нің қаулысымен ол толықтай ақталды.
Атылып кеткенге дейін қызыл жүйенің қаншама қуғынына, қыспағына түскен қайраткер мойнымай, керісінше жауапты қызметтерді атқара отырып, республиканың дамыту жолында ерен еңбек етті. Ел үшін өмір сүретіндігін сөзбен емес, ісімен дәлелдеді.
Ұ.Құлымбетов – тарихи тұлға. Әлі де болса, оның өмірі мен қызметінің зерттейтін кейбір тұстары баршылық. Бұл болашақтың ісі болмақ.

Светлана Смағұлова,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала