Мұрнына өлең иісі бармайтындар да баға береді…

08 ақпан 2019, 16:29

Әдетте қоғамдық әлеуметтік тақырыптарға ақындар мен жазушылар, жалпы зиялы қауым өкілдері араласпайды, үн қатпайды деп кінәлап жатамыз. Шерағаңдардай шындықты тіліп айтатындары аз дейміз. Бірақ бұл пікірге жазушы қауымның да өз айтары бар.
Jas qazaq газетінің бүгінгі қонағы – белгілі ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай. Ақын көкейде жүрген біраз сұрақтың басын қайырды.

Jas qazaq: Ғалым мырза, әдебиет – ардың ісі, әдебиет – ұрпақты тәрбиелейтін рухани қазына деп жатады. Қазіргі балаларды не тәрбиелеп жатыр? Мұндай сұрақ қойған себебім, өткен аптада болған балалар төбелесі елді дүрліктіріп жіберді. Белі бесіктен шықпаған жастардың бойындағы жауыздықтың төркіні қайдан келген?
Ғ.Жайлыбай: Меніңше, мұның бәрі тәрбиеден. Қоғамдық құбылыс уақытпен бірге өзгеріске ұшырады. Қазақтың ұғымындағы мейірім, сыйластық, адамгершіліктің бәрі азая бастағандай. Мен ауылдарда көп боламын. Ауылдың өзінде қатыгездік, мейірімсіздік пайда болған.
Біздің буынның көрген тәрбиесі қалай болды? Біз үлкендердің әңгімесін тыңдайтын едік. Үлкен кісілердің, қариялардың әңгімесіне құлақ түре қалсаң, шуаққа шомылғандай арайлы күй кешесің.
Бұрын ауылда бір тентек болса, оны бүкіл ауыл болып тезге салатын. Көзге көрінбейтін сол жүйе бүкіл ауылды тәрбиелеп отыратын еді. Кез келген ата-ана баласын жауыз болсын, тентек болсын деп тәрбиелемейді ғой. Ұлттың бойындағы жақсы қасиет қаша бастағанда, осындай бейәдеп мінез шығады.
Бала бойындағы мінездің өзгеруіне телеарналар да кінәлі. Күндіз-түні арзан күлкі, мән-мағынасыз бағдарламалар көрсетеді. Әйел боп киінген еркектер, қызтеке жігіттер бірінші планға шықты. Атыс-шабыс кино, ұяты шамалы фильм тәрбиелеп жатыр. Мұны көрген ұл не болады, қыз қалай өседі? Нәтижесін көріп отырмыз.
Jas qazaq: Сіздер қандай тәрбиемен өстіңіздер?
Ғ.Жайлыбай: Біз бір үйде 11 бала едік. Әкеміз бәрімізді оқытты, жоғары білім берді. Менің нағашы шешем Сәкен Сейфуллиннің досының қызы еді. Балалық шағым сол Тойбала апамның ерекше мейіріміне қанып, ыстық ықыласымен өтті. 6-сыныпқа дейін мектепке айран-нанын көтеріп келіп, үзіліс кезінде мені алдына отырғызып алып, қарнымды тойдыратын. 7-сыныптан бастап намыстанып, келмеңіз деп жыладым. Сол марқұм апам сабақтан «4» деген баға алып қалсам, басыма құран қойып, нан қойып құрақ ұшып, қиналатын еді. Қазір мен кез келген жағдайда өлең жаза беремін. Өйткені, соның бәрі бала кезден қалыптасады екен.

Бір үйде, бір үстелдің басында алты бала сабақ оқып отыра беретін едік. Бұл да берекенің, ынтымақтың бастауы. Қазір сондай мейірім төгетін әже, тәрбие беретін ата-ана жоқ. Бұрын «Пәленшенің баласы демейтін, ана ауылдың баласы, мына ауылдың баласы» деп, бір тентектің қылығын бүкіл ауылға қаратып айтушы еді. Бір бала оқуға түссе, бүкіл ауыл болып қуанатын. Қазір сол құндылықтан айырылып қалдық. Құндылық құрдымға кеткен соң, балаға әке-шешесі де, мектеп те ие бола алмай жатыр.
Бұрынғы ақсақалдар институты, бәйбішелер институты жойылды. Біз ауыл кітапханасына бір жаңа кітап түссе, соны бүкіл ауыл болып оқушы едік. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» ауылымызды айналып шығатын. Оқып болған соң, талқылайтынбыз. Елдің әңгімесі сол болатын. Ақсақалдар балаларды жинап, батырлар жырын оқытушы еді. Қазір кітап оқитын баланы емге таппайсыз.
Jas qazaq: Соңғы жылдары балалар тәрбиесінен бөлек, әйелдер табиғатына да ақау түскендей. Еліміздегі алаяқтық қылмыстың 80 пайызы әйелдердің үлесінде екен. Нәзік болмыс неге қатайды?
Ғ.Жайлыбай: Өтпелі кезең деп жүрген, сонау тоқсаныншы жылдар үйдегі әйелді қап арқалатып қара базарға алып шықты. Ошақ басында бала тәрбиесімен отырған аналардың бәрі белін буып сауда жасады. Әйел қауымы алға шықты, еркектің орнын басты. Соның аяғы, міне, нәзік болмысты қатайтып жібергендей. Тіпті әп-әдемі қыз-келіншектер алаяқтықпен айналысатын болды. Жалпы, алаяқтық болсын, басқа қылмыс болсын – жамандық әйел табиғатына жат нәрсе. Әйел нәзіктігінен айырылып, қатыгездікке бой алдырса, бұл – ұлттың қасіреті. Өйткені, бұрынғылар «Әйел – ұлттың анасы» дейді. Әлеуметтік түйткіл, жоқшылық, теңсіздіктің салдарынан қыздың қылығы бұзылды. Қыздың қылығы деген сөзде үлкен мән жатыр, бауырым!
Jas qazaq: Бұрын осындай қоғамдық түйткілді жазушы-зиялы қауым айтып, тектеп, шешіп отырушы еді. Қаламгер қауым беделді болатын. Қазіргі ақын-жазушыларда сондай абырой, бедел бар ма?
Ғ.Жайлыбай: Қазір ақын мен өлеңшіні қоғам айыра алмай қалды. Әлеуметтік желінің өз ақындары бар. Олар бір-біріне лайк басып, сонымен өмір сүреді. Бірін-бірі мақтайтын, қаптаған өлеңшілер пайда болды. Екі сөздің басын қосып, ұйқас құрау өлең болмайды. Олар ақын емес. Қазақ өлеңінің өлшемі – қара өлең. Қазір кейбір өлеңшілер не өзі түсінбейтін, не өзге түсінбейтін ұйқасы да, құрылымы да қазақ өлеңіне жат шатпақ жазып, өздерін ақын санап жүр. Неғұрлым түсініксіз жазса, соғұрлым терең ақынмын деп түсінетін қарабайырлық қалыптасқан. Бұның қасында бедел бергі әңгіме.
Жазушының беделі дегенде, біз көбіне Шерағаңды айтамыз. Содан кейін Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Мұхтар Мағауиндердің қай-қайсысы болсын, халыққа да, әдебиетке абыройлы, тұлғалы қаламгерлер болды. Алайда соңғы жылдары жазушылар өз беделін өздерін құртып алатын жаман әдет белең алып кетті. Жазушылар одағында бірнеше жыл қызмет етіп жүргенімде де, соны байқадым. Бір мысал айта кетейін. Қайбір жылы Балқаш қаласының жанынан өтіп бара жатып, әкіміне – Қасымхан Ахметов деген үлкен азаматқа амандаса кетейін деп бұрылдым. Бұрынғы Жезқазған облысында қызмет еткен еді. Жақсы азамат еді марқұм. Кітабымды қолтаңба жазып бердім. Ол «Ғалым, кітабыңды ала алмаймыз. Айып етпеші! Жағдайымыз жоқ» дейді. Мен «Сізге кітабымды сатуға келген жоқпын, амандасып кетейін деп едім» дедім. Мұны неге айтып отырмын? Бұрынғы совхоз бастығы, партком басшысы сияқты ел басқарған азаматтардың бәрі зейнетке шыққан соң, жазарман болып алған. Солар әкім-қаралардың есігін қағып, кітабын сатып, жұрттың мазасын алып, нағыз жазушылардың беделіне нұқсан, атына кір келтіріп болды.
Қаламгер өз абыройын өзі сақтауы керек. Туған жеріне, ауданына, ауылына барып алақан жайып, кешімді өткізіп бер, мерейтойыма ақша беріңдер деу жазушыға тән қасиет емес. Халық әулие. Бәрін біліп отырады: қалам қуатыңды да, пиғылыңды да байқап қояды. Сондықтан, «жазушы» деген зиялы қауым өз беделін өзі кетірмегені абзал. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан енді-енді қалам ұстап, ақын-жазушы болуға талпынып жүрген жастар кейде Олжастардың, кейде Мұхтарлардың сыртынан «әңгіме» айта беретін болды.
Jas qazaq: Жазушы беделіне кір келтірген бір дүние: аға буын қаламгер арасындағы алауыздық емес пе?
Ғ.Жайлыбай: Қаламгерлер арасындағы алтыбақан алауыздық баяғыдан бар дүние екен. Жуырда мен Әлжаппар Әбішевтің «Айтпай кетті демеңдер» деген кітабын оқып шықтым. Сол кітапта да қазақтың ұлы қаламгерлерінің арасындағы бақталастық, бақай есеп, мысық тілеу дүниелері жазылыпты. Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтардың заманынан бар дүние, бұл. Бірақ бұл сөзіммен қаламгер қауымды ақтап отырған жоқпын. Қайта қазір, тіпті асқынып кетті. Жазушылар одағының бірнеше реткі сайлауында болдым. Бәрінде айқай-шу, талас-тартыс. Жалпы, қаламгер қауымды басқару оңай шаруа емес. Әдебиетті жеке адамдар жасайды. Топ құрып: ауылдас, жерлес, рулас болып әдебиет жасай алмайсың.
Jas qazaq: Бүгінгі қаламгер қауымның азаматтық позициясында да ақау бар сияқты. Қоғамдағы өзекті, өткір тақырыптарға, мәселен, қаны сорғалап, сыздап тұрған мәселеге қалам тербейтін қаламгерлерді саусақпен санап алуға болады. Неге?
Ғ.Жайлыбай: Екі жыл бұрын Jas qazaq ұлттық апталығында гептил туралы өлеңім шықты. Жалпы, бұл менің қолқа-жүрегімде сыздап тұрған, ұзақ жылдардан бері таныс тақырып. «Жылқы жөтелген жыл» деген циклді мақалам осыдан он шақты жыл бұрын шыққан. Қоғамдық тақырыпқа үн қату деген – айғай-аттан салу, шала сауатты хаттарға қол қою емес, меніңше. Менің түсінігімде, үн қату – жеке азаматтық ұстанымыңды, ой-пікіріңді білдіру. Мәселен, бүгінгі күні қаны тамып тұрған тақырып – Қытайдағы қазақтар мәселесі. Бұл – өте нәзік тақырып. Онда біреуіміздің қарындасымыз, біреуіміздің әкеміз азап шегіп жатыр. Лагерьлерде қамалып, қиналып отыр. Ал елге келіп алған ағайын бір-бірімен алауыз болып, әлеуметтік желіде қырылысып жатыр. Мұндай сәтте, не деп үн қатасың? Бір жағына шығайын десең, тақырыпты терең білмейсің. Сондықтан, үн қатудың жөні осы екен деп, өзің түсінбейтін тақырыпқа, шала сауатты хаттарға қол қоя беру менің табиғатыма жат қасиет.
Мен Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтарда бірнеше рет болғанмын. Ол жақтың дәмін таттым, суын іштім. Қаламдас, рухтас дос таптым. Сол үшін де қазіргі жағдайға жаным ауырады. Жуырда «Сұлубайдың әні» деген поэма жаздым. Соның ішінде Алтайдың арғы бетіндегі ағайын жайы айтылады. Үн қату осы шығар деп ойлаймын. Ағайын тағдыры сынаққа түскен сәтте, біреулер оны қақпақылға айналдырып, ұпай жинап жатқандай көрінеді маған.
Jas qazaq: «Қара орамал» деген Қарағанды лагеріне арналған тағдырлы, тарихи поэмаңыз бірнеше тілге аударылыпты. Шетел асқан шығармаңызды шенеуніктер оқыды ма?
Ғ.Жайлыбай: «Карлаг» маған таныс тақырып. Бала жасымнан Қарағандыда өстім. Ауасы да, суы да, шөбі де, шөңгесі де таныс. Поэманы жазарда көп дайындалдым. Көп кітап оқыдым, азаптаудың, қинаудың, зорлаудың ауыр-ауыр тәсілдерін оқыдым. Қарағанды лагерінің бірнеше папкасын ақтардым. Әлі есімде, бала күнімде Қарағандыға әпкемнің үйіне баратын едім. Есік алдына шықсаң, бір жігіт баян тартады, татарша ән айтады. Көрші орыс-қазақ кемпір-шалдар жылайды: «Мына сорлы Карлаг-тың баласы екен ғой» – деп. Мен Карлаг деген кісі екен деп ойлаушы едім. Өсе келе қасіретті, қарғыс атқан жер екенін түсіндім. «Қара орамалды» жазуыма осындай ұсақ-ұсақ детальдар себеп болды. Жазған кезде де азапты күй кештім. Жалпы, бұл поэмам 14 тілге аударылды. Кейбір шумақтарын жылап отырып жаздым. Енді бұл кітапты биліктегі жігіттердің бәрі оқыды деп айта алмаймын. Бірақ шығармашылығыммен таныс Нұрлан Ноғаев, Әлихан Бәйменов секілді азаматтар оқып, жылы лебіз білдірді.
Jas qazaq: Тақырып шығармашылығыңызға ауысқандай. Сіз, өткен жылы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдыңыз. Шешуші сәтке дейін оқ бойы озып тұрған сияқты едіңіз. Шешім бір сәтте, бір минутта өзгеріп, таразының басы басқалардың жағына аунап түскендей. Неге?
Ғ.Жайлыбай: Бұған жауап бере алмаймын. Бұның жауабын қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин баспасөз бетінде айтып кетті. «Жас Алаш» газетіндегі мақаласында «Мемлекеттік сыйлыққа жалғыз адамды ұсыну керек болса, мен дауысымды Ғалым Жайлыбайға берер едім» депті. Өзіммен бірге түскен қыз-жігіттердің бәрін сыйлаймын. Мемсыйлықты алмасам да, тілектес қауымның барына көзім жетті. Оқырмандарымның ыстық ықыласына бөлендім. Кітап оқитын жұрттың аз емес екеніне көзім жетті. Әлеуметтік желідегі жұрт та демеу беріп жатты. Осының өзі көп жайды аңғартса керек.
Jas qazaq: Тағы түсесіз бе?
Ғ.Жайлыбай: Білмеймін. Бәрін уақыт көрсетеді.
Jas qazaq: Сыйлық демекші, жүлде берудің жазылмаған тәртібі бар ма? Мәселен, жыл сайын әдеби бәйге, мүшәйраларға белгілі бір топ қана қатысып, көмбеден солардың ғана көрінетіні несі?
Ғ.Жайлыбай: Қадыр аға Мырзалиевтің бір сөзі бар еді: «Әділ деген сөзді алып тастау керек. Қазы ешқашан әділ болмайды» дейтін марқұм. Мұсылманшылықта қазылық қылудың сұрақ-жауабы екі есе ауыр болады екен. Кейде қазылық етіп отырған адамдардың, комиссия мүшелерінің сіздің шығармашылыққа баға беруге моральдық құқы бар ма деп ойлайсың. Өйткені, әдебиетке әлі келмеген, тіпті өлеңнің исі мұрнына бармайтын біреулердің сенің поэзияңа, не прозаңа қазылық айтқаның көргенде, жаның шырылдайды. Сондықтан, бағаның әділ болғаны дұрыс. Бәйгенің болғаны, мүшәйраның өтіп тұрғаны жақсы. Шығармашылық адамдарына бой көрсететін алаң қажет. Бірақ қазір әдеби бәйге тым жиі өтіп кеткендей.
Жастар арасында бәйге үшін ғана өлең құрайтын, әңгіме жазатындар пайда болды. Бұл да дұрыс емес. Қаламгер қауымға кір келтіріп, әдебиетке күйе жағатындар – солар.
Jas qazaq: Ықылас Ожай деген ақын ініңіз фейсбукте «Қарттардың тойымсыздығына таңғаламын» деп пост жазды. Әлгі жазбасында «Алдыңғы аға буын өнер адамдары бес пәтері болса да, алтыншысын алудан арланбайды. Мемлекеттік стипендияны да жыл сайын тұрақты тізімдегі солар ғана алады» депті. Сіз не дейсіз?
Ғ.Жайлыбай: Менің білуімше, бұл стипендия санаулы ғана адамдарға беріледі. Бұның өзінің ережесі бар. Жас мөлшері, тағы басқа шарттары болады. Араларында жастардан бір-екеу, орта буыннан үш-төрт адам дегендей… Мемлекеттік стипендия деген сыйлық емес, бұл әлеуметтік жәрдемақы. Биыл Жастар жылы ғой. Мүмкін, жастарға бөлек, стипендия тағайындалып, шығармашылық демалыс берілетін шығар?
Ал жыл сайын алып жүрген қарияларды, мәселен, Қабдеш Жұмаділовты, Әнес Сарай, Дулат Исабековті стипендияға лайық емес деп айта алмайсың. Бәрі сексенге таяған, әдебиетке еңбегі сіңген қайраткерлер.
Jas qazaq: Сол стипендияны сіз де алдыңыз ба?
Ғ.Жайлыбай: Тоқсаныншы жылдарының басы, екі кітабым ғана шыққан кез еді. Пәтер жағалап жүрген уақыт қой. Үшінші балам өмірге келген. Сол жылдары осы мемлекеттік стипендияны алдым. Ол маған үлкен көмек болды. Дұрыс уақытында, қажет кезде берілді деп ойлаймын. Одан кейін бұл жәрдемақыны алып жүрген жоқпын.

Әңгімелескен Жарас Кемелжан

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді