Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның қоғамдағы орны мен рөлі туралы: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет», — деген болатын. Түркістан өңіріндегі құқық қорғау қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп келеді.
Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы, полиция-майоры Мұрат Қабденов jasqazaq.kz тілшісіне өңірдегі заң бұзушылықтың алдын алу, есірткіге қарсы күрес және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заңды түсіндіру жұмыстарының жүзеге асырылуы жайында әңгімелеп берді.
— Мұрат Талапұлы, біздің ақпараттық порталымыз жуырда ауыр қылмыстар жасалмайтын Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылы туралы жазды. Өңірде қауіпсіз қоғамды қалыптастыру, заң бұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Қазіргі уақытта облыста 10 ауыл алкоголь сатудан бас тартты, нәтижесінде бұл ауылдарда ешқандай құқық бұзушылық мүлде орын алмады. Полиция бұл бастаманы одан әрі қолдап, осындай ауылдардың санын көбейтетін болады. Мәселен, соңғы бірнеше жылда қылмыс тіркелмеген төлебилік ауыл «Ішімдіксіз ауыл» қатарына қосылды. Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылында тұрғын саны 2500-ден асады. Бір-біріне деген сый-құрметі артқан ауылда 6 азық-түлік дүкені бар. Қуанышты жаңалық осы, алдағы уақытта аталған дүкендердің сөресінде арақ-шарап сатылмайды. Өйткені ауыл тұрғындары ішімдіктен мүлдем бас тартты.
Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер көтеріп, жиын өткізді. Онда Жаңажол ауылы тұрғындарының ішімдіктен бас тартуы, қылмыстың болмауына, құқық бұзушылықтың орын алмауына, отбасылық дау-жанжалдарға жол бермеуге өз септігін тигізетіні айтылды. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер игі бастамаға қолдау білдірді. Айта кетсек, ауылда учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы мен тұрғындардың ащы судан бас тартуы себебінен, соңғы жылдары ауылда мүлдем қылмыс тіркелмеген. Ал Ордабасы ауданында «Ішімдіксіз ауыл» акциясы Жусансай, Аққойлы, Көлтоған, Төреарық ауылдарынан бастау алып, Елшібек батыр елді-мекенінде жалғасын табуда. Ізгілік пен игілікке толы акцияны ауыл азаматтары көктемнің алғашқы күнінде салтанатты түрде ашуды мақсат тұтқан. «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де ізгілікті шараны қолдаған азаматтар мен кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Аудандық полиция бөлімі мұрындық болған бұл шараны өзге ауыл азаматтары да жалғастыруға ниетті. Қоғамның тыныштығын сақтау мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл ақсақалдарының ықпалы мен бірлікке бас иіп, тату тірлікке бойұсынған ауыл азаматтарының ықпалын арттыру мақсатында Қараспан ауыл округіне қарасты Мәдениет, Ақжол, Сарыарық, Мақташы ауылы тұрғындарымен полиция басшылығы кездесті. Шалғайдағы ауыл тұрғындарынан аймақтың ішкі мәселелерін тыңдап, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдіріп, қоғам болып күресу ұсынылды. Сонымен қатар ішімдіксіз ауыл қатарын арттыру мақсатында тұрғындарды «Үлгілі ауыл» жобасына қатысуға шақырдым. Сондай-ақ бұл кездесулерде қараусыз үй жануарлары себебінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жарық шағылыстырғыш (филиппер) пайдаланудың тиімділігі атап өтілді.
— Соңғы кезде, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу қарқыны жұртшылықты алаңдатып отыр. Нашақорлыққа қарсы күрес, заңсыз есірткі айналымына қарсы қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылады?
— Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында есірткі ахуалын тұрақтандыру және есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған практикалық және ұйымдастырушылық шараларды жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Есептік мерзімде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 212 дерек анықталды, оның 83-і қылмыс болса, 129-ы — теріс қылықтар. Соның ішінде есірткі сатудан 12 дерек, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 5 дерек және есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау арнасының 64 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 100 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Есірткі қылмысына қарсы және нашақорлықпен күресудің тиімді тәсілдердің бірі — профилактикалық іс-шаралар жүргізу. Осыны ескере отырып, облыстық салалық құрылым қызметкерлеріне және жергілікті полиция бөліністеріне осы бағыттағы жұмыстарына талап күшейтілген. Соның нәтижесінде «Нашақорлыққа қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» және «Облыс өңірін дамыту» бағдарламаларының аясында, департаменттің салалық бөлінісі мен облыстағы денсаулық сақтау, білім басқармаларының, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің және нашақорлық профилактикасына байланысты басқа да ведомство өкілдерінің қатысуымен онлайн режимде мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 33580 адам қатысқан 143 нашақорлыққа және есірткіге қарсы түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Мысалы, Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен есірткіге және дәріханалық нашақорлыққа қарсы ауқымды форум өтті. Бұл шараға Түркістан облысының прокуратурасы, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог дәрігері де өз үлесін қосты. Яғни аталған арнайы мамандар Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, медициналық колледждің студенттері мен оқушыларға «Қауіпсіздік пен қамқорлыққа қадамдар: есірткіге қарсы күрестегі және психикалық денсаулықты қолдаудағы салауатты университет» тақырыбында сөз қозғады.
Полиция полковнигі А.Бұрханов студент жастарға есірткі қылмыстары, оның ішінде қазіргі жастар арасында белең алып жатқан синтетикалық есірткінің таралуына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді. Оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы құқықтық түсіндірме жұмысын жүргізді.
Форум соңында тақырыпқа сәйкес студенттердің сұрақтарына жауаптар берілді. Іс-шараға 1000-нан астам студенттер мен оқушылар қатысты.
-Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойылды. Өзіңізге белгілі, жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Түркістан полициясы қылмыстың алдын алу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын күшейту бағытында қандай шараларды қолға алды?
— Ана мен баланың құқығын қорғау, тұрмыстық қылмыстың алдын алуда заңды қатаңдату оң септігін тигізеді деп білемін.
Облысымызда жыл басынан бері тұрмыстық отбасы жанжалының 1376 дерегі тіркелген. Бұл іс-құжаттардың барлығы сотқа жолданып, шешім қабылданған. Екі тараптың татуласуына байланысты сотпен қысқартылғаны — 894. 1447 қорғау нұсқамасына алынып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 270 құқық бұзушының мінез-құлқына сот қаулысымен ерекше талаптар белгіленді.
Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Жыл басында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша алғашқы республикалық форум өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі қоғамның көптеген аспектілеріне әсер ететін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Форум барысында іс-шараға қатысушылар мен қонақтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша пікір алмасты. Өздерінің өмірлік тәжірибелерімен және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шешімдерімен бөлісті.
Жалпы қылмыстардың басым бөлігі мас күйінде жасалады. Сондықтан қылмыстардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «ішімдіксіз ауыл» жобасы іске асырылуда.
Сондай-ақ полиция әйелдерді жеке қабылдап, консультациялық- құқықтық кеңестер беріп, көмек көрсетіп келеді. Мемлекеттік емес ұйымдарда дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзекті мәселенің алдын алу талқыланады. Жас буынға, қыз-келіншектерге қиын жағдайда не істеу керектігі жөнінде, болмаса қандай да бір заңсыздықты байқап, құрбаны болғанда қажетті кеңестер жазылған жадынамалар таратылуда. Рейдтік, жедел-профилактикалық шаралар үнемі жүргізіледі. Басты мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, тосқауыл қою!
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Махаметова
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі