jasqazaq.kz

«Мұрагер» лагері: Түркістан қаласында балаларға арналған ерекше жоба жүзеге асуда

Бүгін, 14:19

Жазғы демалысты тек ойын-сауықпен емес, рухани құндылықтармен сусындап, танымды бағытта өткізу – ата-ана мен бала үшін маңызды таңдаулардың бірі. Осы тұрғыда Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі қолға алған «Мұрагер» жазғы лагері мектеп жасындағы балаларға арналған ерекше жоба екенін айту керек. Музей аясында ұйымдастырылған бұл лагерь балалардың тарихи сана-сезімін қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат етеді. Осы орайда біз «Мұрагер» жобасының мазмұны мен маңызы туралы музейдің Музей педагогикасы бөлімінің басшысы Динара Арынова ханыммен сұхбаттасқан едік.

– Динара ханым, ең алдымен «Мұрагер» жазғы лагері туралы жалпы тоқталып өтсеңіз. Бұл жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат қандай?

– «Мұрагер» жазғы лагері – оқушылардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын ояту, музей жәдігерлері арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама. Біздің негізгі мақсатымыз – жас буынды ұлттық тарих пен мәдениетке жақындатып, музей кеңістігінде білім беру мен тәрбиелеудің тың үлгісін ұсыну.

– Қазіргі жаһандану заманында жас ұрпақ тәрбиесінде рухани құндылықтарға сүйену маңызды екені сөзсіз. «Мұрагер» осы бір маңызды міндетті жүзеге асыруды қолға алған сияқты ғой. Лагерьдіңмазмұнын кімдер әзірледі? Ұйымдастыру жағы қалай жүзеге асты?

– Бағдарламаны музейдің Ғылыми зерттеу бөлімі мен Музей педагогикасы бөлімі бірлесе отырып дайындады. Ғылыми негізі бар, сонымен қатар баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай келетін креативті әрі практикалық бағыттағы жоспар жасалды. Біз үшін маңыздысы – баланың музеймен терең байланыс орнатуы.

– Бұл лагерьдің дәстүрлі жазғы демалыс түрінен айырмашылығы неде?

– Ең үлкен ерекшелігі мұнда бала тек тыңдаушы емес, тікелей қатысушы. Музейде болатын әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады: мысалы, «Қолөнер күні», «Жазушы мен суретші күні», «Тарихи ойындар күні», «Театр күні» және тағы басқа тақырыптарға арналады. Балалар әр тақырып аясында сурет салады, өз қолымен қыш ыдыс жасайды, сахналық қойылым қояды, табиғи материалдармен жұмыс істейді. Бұл – тек білім емес, тәжірибе, шығармашылық, эмоция және дамуға толы орта дер едім.

– Лагерьге келген балалар қандай нәтижеге қол жеткізеді деп күтесіздер?

– Біз балалардың мәдени мұраға деген құрметі мен қызығушылығы артады деп сенеміз. Олар музейдің қызметімен танысып, Түркістан өңірінің тарихи құндылықтарын жаңаша таниды. Сонымен қатар, өз ойын еркін жеткізе білу, топпен жұмыс жасау, шығармашылық жұмыстар арқылы өзін-өзі көрсету дағдылары дамиды. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер түрлерімен танысу арқылы этномәдени таным көкжиегі де кеңейеді. Бұл — рухани құндылықтарды құр насихаттау емес, баланы шығармашылыққа тарту арқылы оны ойына мықтап сіңіру.

– Лагерьге балалар қай жастан бастап қабылданады? Сабақ қанша уақытқа жалғасады?

– «Мұрагер» лагеріне 2–6 сынып оқушылары қатыса алады. Бағдарлама 10 күнге, яғни 2 аптаға жоспарланған. Сабақтар дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін өтеді. Өз тарапымыздан біз оқушыларды шаршатпай, әр күнін қызықты әрі мазмұнды өткізуді басты назарда ұстаймыз.

– Бұл жобаның балаларға психологиялық қолдау көрсетуде қандай да бір әсері бар ма?

– Балалар үшін шығармашылықпен айналысу, топпен жұмыс істеу, өз ойын еркін жеткізу – психологиялық дамудың, қолдаудың негізгі құралдарының бірі. «Мұрагер» лагерінде бала өзін қауіпсіз әрі еркін ортада сезінеді. Бұл олардың сенімділігін арттырып, ішкі қорқыныштардан арылуына көмектеседі. Топтық тапсырмалар – коммуникативтік дағдыларын, сахналық қойылымдар – өзін көрсету қабілетін дамытады. Сонымен қатар, мәдени мұрамен байланыс балада рухани тепе-теңдік пен ұлттық болмысты түсіну сезімін қалыптастырады. Қысқасы, бұл лагерь — баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін ерекше орта.

– Оқушылар мен ата-аналарға қандай кеңес айтқыңыз келеді?

– Бұл лагерь – музейдің қабырғасында өтетін тек білім беру емес, болашаққа бағытталған ерекше тәжірибе. Біз әр баланың бойындағы қабілетті ашып, тарихқа деген сүйіспеншілікті жүрегіне ұялатқымыз келеді. «Мұрагер» – атауынан-ақ белгілі, бұл бағдарлама өткен мен бүгінді байланыстырып, ертеңгі ұрпаққа мұра қалдыру жолындағы маңызды қадам.

Музей – тек өткенді сақтау орны емес, ол қазіргі ұрпақты тәрбиелеудің де тиімді алаңы. «Мұрагер» лагері – осының нақты дәлелі. Таным мен тәрбие, шығармашылық пен дәстүр тоғысқан бұл бағдарлама арқылы балалар ұлттық мұрамен жақын танысып қана қоймай, өз болмысын, өз ойын еркін білдіруге, топта жұмыс істеуге, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үйренеді. Мұндай бастама тек бір маусымдық емес, ұлт болашағына бағытталған маңызды қадам.

Әлия Білдебекова,
Түркістан қаласы

Бүгін, 14:19
«Мұрагер» лагері: Түркістан қаласында балаларға арналған ерекше жоба жүзеге асуда
Бүгін, 13:09
«Орталық Азия – Қытай» форумында Түркістан облысы 3 ірі жобаны жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды
Бүгін, 13:07
Түркістан-Циньдао серіктестігі: жаңа өндіріс ашу және инвестиция тартуға мол мүмкіндік
Бүгін, 12:48
Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар аударылуда
16 маусым, 15:58
Түркістан: Мақтаралдағы өндірістік кооперация өңір экономикасына серпін береді
16 маусым, 15:41
Түркістан: Үш ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысы зерделенді
16 маусым, 14:52
Түркістан: Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық өңір экономикасына серпін береді
13 маусым, 13:49
Түркістан: Инклюзивті қоғам құру бағытында
13 маусым, 11:59
«KitapХАН». Түркістандағы өрендерді рухани құндылыққа баулитын жоба