Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әлденеше рет соғылған ду қол шапалақтауға, әлденеше рет осындай табанды ескерту жасалды. Бұл – Қазақстан мұсылмандарының ІІ құрылтайы өткен 1992 жылдың 19 мамырында болған оқиға еді…
«1991-1992 жылдары Қазақстандағы қазақ емес ұлт өкілдерінен шыққан имамдар мен Нысанбаев арасындағы шиеленіс шектен шыға өршіді. Бас мүфти Рәтбек қажыға «Діни басқармаға кіл қазақ имамдарын тағайындап жатыр» деген айыптаулар тағылды. 1991 жылдың желтоқсанында Талдықорған имамы Ибрагим Машанло бас болып «Уақытша комитет» құрған имамдар Алматыдағы Бас мешітке кездейсоқ баса-көктеп кіріп, мұсылмандар съезін шақыру туралы үндеу жариялады. Дөрекілік кезінде бас мүфтидің қолы сынды. Бүлікшіл имамдар жағына шыққан «Алаш» партиясының бірқатар мүшелері бас мүфтидің бөлмесінің есігін ашылмайтындай етіп жауып шегелеп, телефон байланысын үзіп тастады. Бас мешіттегі тәртіп бұзушылықты бастан-аяқ жіті қадағалап отырған Қазақстан басшылығы Рәтбек Нысанбаевқа қолдау білдірді. Республика ІІМ-нің арнайы дайындықтағы тобы жедел қимылдап, имамдар атын жамылып, бұзақылық жасаған «Уақытша комитеттің» өрескел әрі дөрекі әрекеттеріне дер кезінде тойтарыс берді.
1992 жылдың 19 мамыр күні ел астанасы Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандарының ІІ құрылтайы мүфтияттың тұрақты өкілеттігін айғақтап, тұғырын мықтап бекітті. «Оппозициядағы» белсенді имамдар өз еріктерімен қызметтерін тоқтатты. «Жеңілісін мойындаған» Меркі мешітінің имамы Зұлхарнай Тилов Солтүстік Кавказға қоныс аударды. Белсенді имам Ибрагим Машанло байырғы отаны Жалал-Абадқа (Қырғызстан) қайтты. Хұсейн Алсабеков Шешенстанға оралып, Президент Дудаевтың билігі тұсында Ичкерияның Бас мүфтиі қызметін атқарды. Шымкент мешітінің имамы өзбек Шүкіролла Мұхаметжанов пен Қарағанды мешітінің имамы дұңған Ибраим Маров Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің бұйрығымен қызметтерінен босатылды.
(Уикипедия жазбаларынан)
«Қазақстаннан орыстар жаппай көше бастаса, қазақтар өзді-өздерімен қырық-пышақ болып қырқысады. Республикада азамат соғысының оты тұтанады. Бастары бірікпеген «титулды ұлт» сонда орыстарды сағынатын болады» деген келемеж аралас сәуегейлік туралы сол тұста Мәскеу мен Алматыда шығатын барлық орыс тілді басылымдар ашық түрде «айғайлатып» күн құрғатпай жазды. Оны оқыған сайын шын мәнінде «жау қайдан келеді» дегендей, жүрегіміз әлденеден секем алып қауіптенетінбіз де, бірақ екі-үш күн өткен соң бәрі ұмыт қалатын. Арандату мен іріткі салу әрекеттері Орталық Азия Мұсылмандары діни басқармасынан (САДУМ) Қазақстан мұсылмандары ұйымы өз еншісін бөліп алған тұста да қылаң бергені бар. Соның бәрі бүгін көрген түстей ұмытылды. Дәл сол кезеңде орын алған ақиқат оқиғалардың бір парасы тарих парағына жазылды, меніңше, бір парасы жазылмай қалды…
«Қазақстан мұсылмандарының ІІ құрылтайы ертең Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының концерт залында өтеді» деген хабар түсті…
Қазақ мемлекеті жаңадан Тәуелсіздік алып, жұрт шаттанып жатқан шақ. Бірақ мешіт, Бас мүфти, имамдар төңірегіндегі алып-қашпа, қым-қуыт әңгімелер басылмай тұрған-ды. «Опера-балет театрында өтеді екен…» құлағымызға тиісімен, мәртебелі басқосу басталардан жарты сағат бұрын әдеттегі тілшілік қызығушылықпен тарихи зәулім ғимараттың алдына өкпемізді қолымызға алып, ертелетіп-ақ жеттік. Күтпеген жағдай… Театрды түгелдей дерлік милицияның арнайы жасағы қоршауға алыпты. Құрылтай делегаттары мен қонақтары ішке қарай өткізіліп жатқан жылжымалы темір-тіреу қақпаға таяп барып ек, естігеніміз: «Құрылтайға БАҚ құралдарының өкілдері шақырылған жоқ. Сондықтан бірде-бір газет тілшісі, журналист ішке кіргізілмейді!» болды. Бір топ әріптес басымызды «тауға да ұрдық, тасқа да ұрдық». Бірақ «Әңгіме қысқа, тапсырма солай» деген тойтарыс талпынысымызға нүкте қойды. Ең болмаса, сұхбаттасып қалайық дейтіндей төңіректен не Діни басқармадан бас мүфти Рәтбек қажыны, не бір жүзі таныс имамды кездестіре алмадық. Елге танымал қоғам қайраткерлері, депутаттар да көзге түспеді. Бейне құрылтайға шақырылған беделділердің бәрі театрға түн түңлігін түрмей жатып кіріп алған ба дерсің? Салы суға кеткен БАҚ өкілдері, театрды шыр айналып қашанғы жүрмек, жай-жайына тарай бастады.
…Аппақ «Волгадан» асықпай түсіп жатқан таныс бейнені көріп мұндай қуанбаспын – Халифа Алтай! Басындағы кәдімгі жиегі биіктеу, өзгеше тігілген қара тақиясындағы аппақ қошқармүйіз қазақ оюы көзге оттай басылды. Көзілдірігін түзеп, қасындағы екі жігітке қолтығынан деметіп, тіп-тіке театрға қарай жүріп келеді. Көктен іздегенім, жерден табылды! Құрылтай туралы әлемге әйгілі қазақ теологының, Түркия қазақтары қауымдастығы серкесінің, «Құран кәрімді» қазақшаға аударған белгілі дін білгірінің бір ауыз пікірін жазып алсам, жеткілікті. Газет тапсырмасының жартылай… орындалғаны. «Титтей жаңалықтың әрін иә, сәт, осы кісі ашады!».
Бір апта бұрын ғана осы Халифа Алтай ағамыз біздің «Халық кеңесінің» редакциясында (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы) қонақта болған. Содан да атағы аспандап тұрған ақылман ағамыздың тәлімді тарихи әңгімесіне жақсы қанықпыз. Сауалдар қойдық. Қызықты һәм қанағат жауап алдық. Редакциядағы қайсыбіріміздің түріміз ақсақалдың есінде қалды дерсіз, «Ассалаумағалейкумнен» соң бірден: «Өткенде өзіңіз қонақта болған «Халық кеңесі» газетінің тілшісімін ғой…» дедім. «Ә-әә, амансың ба, балам?! Газеттеріңді алып келді, оқыдық… Разымын. Басшыларыңыз Сәкеңе (Сарбас Ақтаев) рахметімді жеткіз, балам…». Ақсақал бірден қолтығымнан алды. Ауыз жиғанша Құрылтайға қатысушылар тізім бойынша дараланып өткізіліп жатқан милиция жасағы темір тіреулер қойған бекетке де кеп қалдық. Халифа Алтайды қол созым жерден көзімен көрген көпшілік абыр-дабыр, мәре-сәре… Жүгіріп келіп әлемге аты мәшһүр мәртебелі Қазақтың қолын алып үлгергендер де бар. Төңіректі тәртіпке шақырған майор шеніндегі офицердің өзі алдымыздан шығып, ақсақалға құрмет көрсетіп, дауыстап сәлемдесті. Алматыда жиын көп, соның ішінде шектеу қойылған басқосулардың басы-қасында жүретін етжеңді майор алматылық журналистер қауымын жүзінен жақсы таниды. Маған назар аударып: «Ақсақалды қолтығынан демеп осы жерге дейін алып келгеніңізге рахмет» дегендей ишарамен «Ал сіз осы жерде қалыңыз» деді. Өзім де сондай ойда ем. Бірақ «Жо-оқ, бұ балам, менімен бірге…» деген Халифа Алтайдың сөзіне «ләм» деп ауыз ашып қарсы келмеген текті майор алдымыздан айқара жол ашты. Сондайлық мархабат танытып тұрған көпшіліктің алдынан абыз ақсақал қолтығымнан ұстаған күйі, төртеуміз тобымызбен ішке қарай марқайып өтіп бара жаттық…
«ІІ құрылтайға қатысты сіздің пікіріңіз?» деген кезекші сауалды қойып үлгерген басым, қазақтардың Түркиядағы көшбасшысына «Бұл жиынға бірде-бір журналисті қатыстырмайды екен, Сіздің арқаңызда…» деген ілтипатымды білдіріп, қуанышымды жасырмай айтып салдым.
«Неге олай етті екен?». Абыз ақсақал да таңданған секілді, бірақ сыр шашпады.
Үлкен вестибюльден өтіп, жол сілтеуші қызғалдақтай қыздарымыздың қошамет-құрметімен айқарма есігі ашық тұрған концерт залына келіп кірдік. Таң-тамашамын. Міне, керемет, концерт залында ине шаншар орын жоқ. Бұл қауым шынымен-ақ осында түнеген бе? Лоджияларға дейін лық толған адам, ығы-жығы. Құрылтайдың маңызын-ай, шіркін!
Алдыңғы қатарда отырған кіл жақсылар мен жайсаңдар Халифа Алтай ағамызды көрген бойда орындарынан өре түрегеліп, бізге қарай… ұмтылды. Абыз ақсақалға алғысымды айтып, мен ол кісімен осы жерден қоштастым. Орындықтар арасындағы кілем төселген кең тепкішекпен сәл жоғары көтеріліп, оң жақ шеттегі бір бос орындыққа жайластым. Көңіл орнықты. Енді қайтар жағдайда қай тұстан сыртқа шығатынымды болжап, есік таңдап та үлгердім. Бұл кезде қаумалаған жұрт аса құрметті ақсақалмен – Құрылтайдың маңызды қонағымен жалпылдай сәлемдесіп біткен. Бірінші қатардың ең ортасынан ығысып орын беріп, жайластырды. Өзім де өте жақсы жерден орын тепкен екенмін. Төңірек түп-түгел алақанға салғандай көз алдымда тұр – әдетте кордебалет тобы тізіліп шығып енсіз мата төселген еденінде емін-еркін секіріп билейтін кең сахнаның қақ ортасына он шақты адам шынтағын тіреп беймарал отыратын ұзын үстел қойылыпты. Арқасы сәнді аппақ орындықтар сап түзепті. Залға қарай түсетін оң қанаттағы баспалдаққа таяу микрофон шаншылған мінбер тұрды.
Талай-талай думан-концертін тамашалаған аурасы алабөтен таныс зал емес пе, бүгінгі тосын ерекшелік бірден байқалды… Балет көруге не опера тыңдауға жиналған халық бұл залда сыбырласып қана бәсең дауыспен сөйлеседі, бір-біріне дауыс көтермей ерін-емеуірінен ұғысып, бипаз отырады. Кенет, әр қиырдан бытырлаған бір-екі шапалақ күллі залды кеулей тербетіліп баяулатып соғылған ду шапалаққа ұласып барып басылады… Әрі ол бір-екі рет үздік-создық қайталанады. Онысы «Концерттің басталатын уақыты жетті» деп артистерді сахнаға шақырудың жасалынып жататын ескертпелік жөн-жоралғысы! Театр өмірінде қалыптасқан сондай дәстүр бар. Бірақ бүгін сол дәстүр бұзылған… лық толған халық аспан тіреген залдың күмбезі астындағы акустикасын бұзған, абыр-сабыр, бірі тұрып, бірі отырып, араның ұясындай ығы-жығы, қатты сөйлейді, бар бұрыш-қуысты қуалай кернеген ол «у-шу» жуық арада басылар да емес…
Әлден уақытта бұрын-соңды біз байқамаған өте кең мол пішілген және де өте зерлі шапанының етегін сүйретіп Бас мүфти Рәтбек қажы сахнаға көтерілді. Басындағы доп-домалақ етіп оралған аппақ сәлдесі де өзіне айрықша сән бергендей. Тек… бірден көзге қораш көрінгені – Бас мүфтиіміз әлгі ерекше зерлі шапанның бір иығын желбегей жамылып, оң қолын сыртқа шығарып, аппақ дәкемен таңып, иығына асып алыпты. Бастарына арафат сәлдесін тартқан, ұзын жеңді, ұзын етекті ақ көйлек киген, бойлары бірдей үш араб қонақты сахнаның ортасындағы әлгі үстелге бастап барып ілтипат танытқан Бас мүфти, енді зал толы жұртқа назар аударды. Бұл кезде дабырлаған ығы-жығы халық сабасына түсе бастаған, «шу» саябырсыған.
– Құрметті ағайындар, бауырлар! Бұл кісілер Кувейт елінен келген біздің мәртебелі меймандарымыз… Бүгінгі астанамыз Алматыда өтетін Қазақ мұсылмандары ІІ құрылтайының құрметіне, Қазақстан Тәуелсіздігінің құрметіне орай біздің елімізге тегіннен-тегін, зәулім-зәулім үш мешіт салып береміз дейді бұ мырзалар!
Шетелдің есігін әлі де жаппай ашып үлгермегенмен жер-жерден жетіп жатқан «сыпсың» ақпаратқа құлағы қанық қазақ қауымы үшін ол кезде дүниедегі ең бай мемлекет – Кувейт еді! «Мұнайлы Қазақстан дұрыс жолмен қарқынды дамыса, ертең-ақ Кувейт болады екен!» деген әңгіме ауыл мен қала арасында желдей есіп жүрген! Ал керек болса, сол Кувейттің дәл өзінен келіпті мына бақуат мырзалар! Қазақстанда тұңғыш мешіт салмақ!..
Зал «ду» ете қалып, сатырлатып кеп жойқын шапалақ соқты.
Рәтбек қажы сау қолын әнтек көтерді. Шапалақ басылды.
– Әй, айналайын, коммунистерім-ай… мұндай қайырымдылық жасалынып жатқан Алла тағаланың сыйына мұсылмандар қол шапалақтамайды, «Аллаһу акбар!» дейді. Я болмаса қазақша іштен «шүкір» деп тәубе айтыңыздар!
Қол шапалақтау сап тиылды. Әр тұстан қысыла «шиқылдаған» күлкілі дыбыстар естіліп қалды. Құрылтайға қатысушыларды құттықтап Шешенстаннан үш делегат арнайы келіпті. Даңғарадай елтірі бөріктерін ақ матамен тыстап, оның ортасына айналдыра жасыл лента таңған шешен өкілдері кувейттік меймандардың жанынан орын алды.
Меймандарын жайластырып болған Рәтбек қажы енді баршаға қаратып былай деп дауыстады:
– Осы залдың ішінде дініміз бір Иран мемлекетінен өте үлкен мейман келіп отыр, сол қадірлі қонағымызды мына төрге шақырамын. Қане, мырза, қайдасыз… келіңіз, төрге шығыңыз!
Бір қызығы, күткен қонақ таяу арада сахнаға шығып бой көрсете қоймады! Осы арада Қазақстанның Бас мүфтиі ел-жұрт күтпеген оқыс бір қылық танытты-ай… Сахнадан күллі залды шола көз тастап тұрып, араб тілінде, бәлкім, парсы тілінде, жаңағы Ираннан келген мейманның атын атап, түсін түстеп, дауыстап төрге шақырды. Шынында да, ешкім күтпеген тосын жайт. Күрек тістерін күле көрсетіп, ашық-жарқын сөйлеп жүрген Бас мүфтидің теледидар мен радиодан, газеттен де емес, тура көз алдарында бұлайша тосын «тіл сындыруы» жұртшылықты таң қалдырған секілді. Зал тым-тырыс…
Өзі де ең төбедегі шеткі орынның біріне жайғасқан екен, барша жұрттың назарын аударып, қап-қара костюмі жарасқан, тік әрі келте жағасы түймеленген ақ көйлек киген 40-45 жастар шамасындағы бір жігіт тура менің қасымнан желдей есіп, жедел-жедел басып өтті. Дәу де болса, ирандық қонақ осы кісі! Мейман сахнаға жүгіріп шыққан бойда залға қасқайып қарап тұрған Қазақстанның Бас мүфтиінің алдына жетіп тізерлей қалды да зерлі шапанның етегінен еңкейіп екі рет сүйіп, орнынан тұрды. Бұл тосын әрекетке Бас мүфти селт етпеген күйі күллі денесімен бұрылып ирандық мейманға сол қолымен мәртебелі қонақтар отырған жақты нұсқады. Зал толы делегаттар мен қонақтардың қайсысының қандай ойда отырғанын қайдам, өз басым біздің дін басымыздың араб тілінде, бәлкім, парсы тілінде, мұндай еркін сөйлеп, тіл табыса алатынына іштей масайрап қалдым. «Құр алақан емес екенбіз!». Енді ше, шетел тілінде екінің бірі бүкіл бұқара алдында емін-еркін бұлай ойын жеткізіп, кәдеге асырып жатқан жоқ. Әлгі бір сәтте кувейттік меймандармен емен-жарқын «тіл қатысып» жүргенін алыстан көздеп, бұл тілдесудің қанша пайызы мимикадан тұрды екен деген бастапқы ойымнан да айни бастағанмын. Рәтбек Нысанбайұлы Ливия университетінің теология факультетінде 9 жыл дәріс алған деген мәліметтің рас болғаны ғой! Бұрын-соңды мұндай оқиғаны басымыздан өткеріп көріппіз бе?!. «Жабық» мемлекеттің аузы-мұрны «жабық», «көзі соқыр» тыныш жатқан тұрғындары емеспіз бе? Біз үшін бүгінгі әрбір тың көрініс – тосын жаңалық!
Менің өз ойымда сахнаға енді сонау Түркиядан әдейі ат арылтып келген дін данышпаны Халифа Алтай ағамыз шақырылуы тиіс еді, бірақ олай болмады. Сахнадағы орынды көпті көрген абыз ақсақалдың өзінің де қаламауы бек мүмкін-ау!
Сонымен, Қазақстан мұсылмандарының ІІ құрылтайы ашылып, құдіретті мынау өнер залының мінберінен 1945 жылғы театр шаңырақ көтергелі бері, меніңше, тұңғыш рет қазақша баяндама жасалды… Бас мүфти Орталық Азия діни басқармасынан жеке-дара бөлініп шығып, Қазақстан Тәуелсіздігінің шарайнасындай болып, өз алдына отау құрған ел мұсылмандары мүфтиятының небары екі жылға толар-толмас уақытта атқарған іс-шаралары туралы бас-аяғы 20 минутқа жетер-жетпес уақытта ұғынықты тілмен, жарқылдай сөз сөйледі. Салтанатты жиында Қазақстан мұсылмандарының – негізінен мемлекет құрайтын қазақтардың дін жолындағы болашақ бағдарламасы, алғы шарттары жасалынатыны жария етілді. Мінберді тастап, сахна ортасындағы қонақтарға беттеген бас модератор кенет залға қайта мойын бұрып: «Жарыссөзге жазылушылар болса, ауыздарыңызды да, қолдарыңызды да қақпаймыз. Бірақ та сол пікір айтушылардың алдында кувейттік мейман… мәртебелі мырзаға сөз берейік. Құрметті халайық, осыным тұғра ма, айтқаным дұрыс па?» деді. Микрофонсыз-ақ өз дауысымен күллі залды билеп-төстеген Рәтбек қажының жарықшақтанып шыққан зор дауысы биіктегі лоджияға дейін анық естіліп жеткен сыңайлы. Бекзат өнерге баға берілетін бұл залда опера әншілері де микрофонсыз ән шырқайды… Көз алдында болып жатқан іркес-тіркес оқиғалар легін санасында қорытып, өзіне-өзі келіп үлгере алмай әрі-сәрі күй кешіп жатқан жұрт Бас мүфтидің бұл ұсынысымен келіскен сыңай танытты.
Ең қызық енді басталды…
Әлгінде үшеуі бір түсті – қара мен қызыл ноқат-нүктелері араласқан арафат орамалын қай кезде ауыстырып үлгергені қайдам, мәртебелі меймандардың үшеуінің басында да енді қара мен ақ түсті ноқат-нүктелі орамал пайда болыпты. Намаз уақытына сәйкес осылай бас киімдерінің өңін ауыстырып тұрады-ау бұл мұсылман-мырзалар, шамасы?! Қызық!
Мінберге жүрісі білінбей сызып жеткен мәртебелі мейман микрофонға жақындаған күйі әңгімесін дінсіз мемлекетте тусақ та бәрімізге өте жақсы таныс «Біс-сімілла… мен ассалауламейкумнен» бастады. Әр-әр тұстан шетелдіктің аузынан «қазақ сөзін» естігендеріне ризашылық сезімдерін білдіргісі келгендер бытыр-бытыр шапалақ ұрып қалып, онысын тез тиды. Бұл құбылыстың тез өзгеруіне төрде қонақтармен қатар отырған Бас мүфти «өзінің үлесі барын байқатқандай» күлімсіреп қойды.
Қонақтың әлгі қазақшадан кейінгі сөздерін тез арада ілесіп аудару мінбер қасында жанасып тұрған тәржімашы жас жігітке өте ауыр соқты. Ә дегеннен кібіртіктей берді. Аударған сөйлемдері ұйқаспады, мәртебелі қонақ «тұтығып тұрған» аудармашы жігітке қайта-қайта алаңдап, жалтақтай бастады. Жұрт мәртебелі қонақтың шынайы ойын түсіне алмай, әрі-сәрі күйге түсті.
Осы уақытта орнынан жеңіл көтерілген Рәтбек қажы мінберге асығыс жетіп келіп, мәртебелі қонаққа әлдене деп тіл қатты. Сірә, кешірім өтінді-ау. Сөйтті де тәржімашы жігітке төне түсіп:
– Әй, айналайын балам, не деп кеттің өзі… саған рахмет, бара ғой! – деп жөніне шығарып салды да, мінберге қаздиып сүйеніп тұрған құрметті қонаққа «Мен дайынмын!» дегендей иек қақты.
О, Құдіреті күшті Алла, мұндайды кім көрген!
Қонақ өзінің ана тілінде – араб тілінде сөйлеп барып ойын түгел шиырып-түйіп дамыл тапқанда, «аудармашы-мүфти» оны қазақша судыратып кеп қайталайды. Айтар ой, нақты сөз бір жүйеге түсті. «Планетаның ең Солтүстігіндегі Тәуелсіз Қазақстан деген мұсылман мемлекетіне Кувейт елі бірден еңселі үш мешіт (Талғар, Жаңалық, Бесағаш) салып беруге құлықты болып отыр» дегенде мына орын алған тамаша құбылыс-көрініске де, пәтуәлі көркем сөзге де көңілдері тоғайып «қарық» болып отырған қазақтар шыдай алмай, аянсын ба, дүрілдетіп тұрып, шапалақты ұрды да жіберді. Бұл жолы да:
– Ау, айналайын, елім-жұртым… мынау мәртебелі қонақтан ұят болмасын, «я болмаса, аллауһу акбар» деп іштен айтсаңыздар да қанағат! –деуді ұмытпады «қажы-аудармашы».
«Абай», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғыннан» тыс, кіл әлемдік операның жауһар-ариялары шырқалып, классикалық балет билері көрсетілетін зәулім залда, жетпіс жыл үстемдік құрған коммунистердің осынау сауық-сайран сарайында, Тәуелсіз Қазақстанның діні – ислам, халқы – мұсылман екенін дәлелдегендей әсерлі жиын өткен сол күнді, 1992 жылғы 19 мамырды, айтыңызшы ағайын… мен қалай ұмытайын, мен қалай жадымнан шығарайын?!
…Әлі есімде, артымнан үлкен айқарма емен есік баяу жабылған сәтте «Аллаһу акбар» деген санаңа жақын, жаныңа жағымды зал жақтан толқындай тербетіліп есіп келген құдіретті үн құлағыма сондай жылы бір «уілмен» жетті. Ұлы Абай атындағы атақты өнер отауында Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғыры мәңгіге шегенделіп, қоғам түбегейлі түрде өзгеріске түсіп жатты!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы