Мұқағали бейнесі әлі есімде

06 шiлде 2018, 12:28

– Бұл сон-оу 1974 жылдың жаймашуақты мамыр айы болатын. Ол кезде біздер жастықтың оты жалын атқан жиырмадағы балаң да албырт шақтамыз, – деп бастады әңгімесін құрметті демалыстағы кешегі мұғалім Тансықбай Тіленшиев ағамыз ойға беріліп.
– Қазақстандағы байырғы жоғарғы оқу ордасы саналатын қара шаңырақ – ҚазМУ екені баршамызға белгілі. Содан кейін Арқа төсінде 1972 жылы екінші университет болып ашылған білім ордасы ҚарМУ болды. Біздер ҚарМУ-дің алғашқы қабылданған студенттері едік.

Шіркін, алаулы-жалаулы, аңғал жастық шақ десеңші. Көп нәрсеге көңіліміз ауып тұрса да ата-анамыз тек оқып, білім ал деген, ал олар тым алыста, сол үшін жүрміз ғой деп кітаптан бас алмай, жатақхана бөлмесінде жастанып та, жалықпай отырып та оқушы едік. Қолымызда жоқ кітапты көпшілік кітапханасына барып таптырып, оқу залында тапжылмай отырып, зерделей оқып, тіпті жаттап та алушы едік. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушыларының және әлем деңгейіндегі шетел әдебиеті классиктерінің озық шығармаларын талдап, үзбей оқитынбыз. Сол уақытта Мұқағали Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлидің, Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шахановтың, Әбділда Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтің кітаптарын, газеттердегі топтама өлеңдерін жастығымыздың астына жасырып, дембіл-дембіл сағына, сүйсіне, қайта-қайта оқитынбыз. Шындығы керек, стипендиямыздың тең жартысын кітап дүкендеріне түскен жаңа кітаптарды сатып алуға жұмсайтынбыз. Сосын университеттегі әдебиет үйірмелеріне, әдеби кештерге, ақын-жазушылармен кездесулерге белсене қатысып жүретінбіз. Ал университет қабырғасында шығатын «Университет жаршысы», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттеріне өлеңдерімізді жолдап, олар жарық көре қалса, мәз-мейрам болып қалатынбыз.
1974 жылы мамыр айында республикалық деңгейде әсем қала Алматыда жас ақындардың мүшәйрасы өтті. Екі жүзге жуық жас өздерінің тырнақалды балауса жырларымен келген екен. Жалындаған жастар мінберге бірінен соң бірі шығып, балғын жапырақ жырларын жатқа оқып жатқан. Бір сәтте үстіне көнетоздау қара кәстөм-шалбар киген, алпамса денелі, ұзын бойлы, аққұба өңді, қайратты қара шашты ақын мінберге көтеріліп, «Мынау сиясы кеппеген өлеңдер» деп ерекше бір тартымды дауысымен өлеңдерін оқи жөнелді. Сонда көздері жәудіреген, бірақ арманы асқақ әдебиетпен сусындаған жастар алдында оқыған мына бір жыр шумақтары менің жүрегімде мықтап жатталып қалған болатын.

Бота тірсек, бос белбеу, қатпа бала,
Ойыңа келгеніңді шатпа, бала.
Ойнақтап ортамызда жүргің бар-ау,
Оп-оңай жаға салып аққа қара.
Ойыңа келгеніңді шатпа, бала!

Қайтесің ақын болып тумағасын,
Жаныңның сезесің ғой жырламасын.
Әдебиет үйінен орын таппай ,
Әр есікті әуре боп бір қағасың.

Біреуге іні, біреуге жұрағатсың,
Бір көрініп қалуға құмар-ақсың.
Місе тұтпай, ұмтылған әр табаққа ,
Қайдан келген, қарағым, сұғанақсың?!

Есек дәме аңшыдай қақпан артқан ,
Аралыштап, жақсы емес сақпан атқан.
…Сыншының ары таза болса керек
Алдында жатқан ана-оу ақ парақтан!!!

Залда отырған замандастарымның бірі «Мұқағали Мақатаев қой» деді. Бұл кісінің қадірмендігі, сосын мәнерлеп әдемі оқыған өлеңі маған қатты әсер берді. Сол-ақ бір топ жас топырласып Мұқағали ағамыздың қолын алдық, ал ол кісі әрқайсымыздың қолымызды үміт сендерде дегендей қаттырақ қысып, арқаландырды. Жанында марқайып тұрып ағамыздың су жаңа өлеңдерін өз аузынан тыңдадық.
Сол кезде есіме жатталып қалған осы өлеңді әлі күнге дейін айтып жүремін. Бірақ ақиық ақынның жыр жинақтарынан бұл өлеңді еш кездестіре алмай жүрдім. Тек 2002 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Аманат» жыр жинағының отыз екінші бетінен «Біреуге» деп аталған осы өлеңді ұшырастырып қатты қуандым.

Өзгереді дүние ,
Өзгереді,
Әуелден сол –
Адамның көздегені.
Кереметті ескіртіп кереметтер,
Керемет шақ ақыры кез келеді,
– деп «Өзгереді» деген өлеңінде жырлап кеткендей, Мұқағали ақынның өлеңдерін жиі-жиі оқып, мен де қазақтыққа, ата-бабаның қасиетті жолына артымнан ергендерімді бұрып тұрам.

Не десең, о де!
Бұрылман енді, бұрылман.
Адассам мейлі,
Анадан бір-ақ туылғам!
Қолыңнан келсе , қола мүсінді ап таста
Жасалмаған да, қашалмаған да тұғырдан!

– деп еді-ау атпал азаматым – Мұқағали ағам.
Атыңнан айналайын, Мұқа! – деп бітірген Таңсықбай аға қалың ойға шомды.

Өскен ПІСТЕБЕК,
Мақтарал ауданы,
Түркістан облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?