Мың уағыздан артық дүние

14 қазан 2016, 14:48

Соңғы аптадағы өнер әлеміндегі қызу талқыға түсіп жатқан оқиға – режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі. Көркемдік сапа, мазмұндық тереңдігімен кино мамандарының жоғары бағасына ие болды. Фильм Ялтада өткен «Евразийский мост» Халықаралық кинофестивалінде топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Түсірілім тобының ғана емес, күллі қазақтың айбынын асқақтатып, өнерін өрістеткен туынды жайында фильмдегі басты кейіпкер – Ілияс бейнесін сомдаған актер, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Әділ Ахметовпен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

380163

Жас қазақ: Күні кеше ғана Ялтадан сүйінші жаңалық жетті. «Евразийский мост» Халықаралық кинофестивалінде «Анаға апарар жол» топ жарып, Бас жүлдені қанжығасына байлады. Құттықтаймыз! Фильмнің бұл табысының басты кілті неде деп ойлайсыз?
Әділ Ахметов: Рахмет! Әрине, фильмнің басты табысы – режиссердің ізденісінде, меніңше. Өйткені, бұл шығарма көп жылдан бері Ақан Сатаевтың көкейінде жүрген, ішінде пісіп-жетілген қымбат дүниесінің бірі. Түсірілім жұмыстары енді қолға алына бастаған кездің өзінде: «Осы уақытқа дейін түсіріліп келген фильмдерінің барлығы – Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолға» дайындығы» деп еститінбіз. Түсірілім барысында да оған көзіміз анық жетті. Режиссер бұл фильмге іштей үлкен дайындықпен келіпті.
Одан кейін, әрине, кино тақырыптық тұрғыдан да өте ауқымды. ХХ ғасырда қазақ қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді ғой. Оған дейін бірқалыпты өмір сүріп келді де, ХХ ғасырда ұлтымыздың өмір сүру салты тұтастай өзгерді: ұжымдастыру басталды, малынан айырылды, ашаршылыққа ұрынды, бас көтерерлері қудаланып, репрессияға ұшырады… енді есін жия берем дегенде, Екінші дүниежүзілік соғысы басталып кетті. Соғыстан кейінгі қиын жылдар… Осының барлығы қазақты есеңгіретіп жіберді.
Бұл нәубет жылдар келешек ұрпақ үшін үлкен сабақ болуы керек. Өкінішке қарай, кейінгі ұрпақ – біздер, тарихымыздың осындай ақтаңдақ беттеріне лайықты мән бере бермейміз, көп құндылықтарымызды есімізден шығарып алдық. Бізге бүгінгі Тәуелсіздігіміз, азаттығымыз жайдан-жай аспаннан салбырап түсе салғандай көрінеді. Шын мәнінде солай ма?!. Осы бейбіт ғұмырымыз, еркіндігіміз үшін қаншама қан төгілді, қаншама жан қиылды. Тарих бізге осынысымен тағылымды болуы керек. Қасіретті жылдарды бүгінгі қасиетті Тәуелсіздігіміздің қадірін ұғыныу үшін де естен шығармауымыз керек. «Анаға апарар жолдың» айтар ұлағаты осы – тарихи тамырымыздан айырылып қалмау. Қазақтың бір ғасырлық тарихын екі жарым сағат уақытқа сыйдырып, кино тілімен көркем жеткізе алғандығында. Фильмде жүрекке тиетін, көңілді қозғайтын, сезімге әсер ететін тұстар өте көп. Бірақ оның барлығы өмірдің өзіндей шынайы, әсірелеу мен пафостан аулақ. Тебіренбей, толқымай отырып тамашалау мүмкін емес. Фильм табысының басты кілті де – осында, меніңше.

62b8e8a8-99df-40d7-b83b-4101aebc793c_w974_n_s
Жас қазақ: Иә, фильмнің сюжетінің өзі айрықша. Әсіресе, финалы ерекше жүректі толқытады. Жалғыз ағаштың түбінде отырып, жалғыз ұлын сарыла күткен Ана… Жалпы, бұл оқиға өмірде болған ба, әлде шығармашылық қиялдың жемісі ме?
Әділ Ахметов: «Анаға апарар жол» – өмірде болған оқиға. Өздеріңіз білетіндей, режиссердің ата-анасы Қарғаш Сатаев пен Әсия анамыз – өнер адамдары. Ол кезде актерлер қазіргідей емес, жаз мезгілінде айлап гастрольдік сапарда жүретін болған. Сондай гастрольдік сапарының бірінде өнер ұжымы кішігірім ауылға тоқтайды. Ауылдың шетіндегі жалғыз ағаштың түбінде күн ұзын тапжылмастан отырған ақжаулықты әжені көріп, таңырқай қарасқан сахнагерлер мән-жайды тұрғындардан сұраса, бұл әженің баласы соғысқа кетіп, қайтып оралмапты. «Соғыс бітті!» деген сүйінші хабарды естігелі бері кейуана күнде осылай жол бойына шығып, таң қылаң бергеннен күн ұясына батқанша жалғыз ұлын сарыла күтеді екен. Осы оқиғаны кейін ата-анасының аузынан естіген Ақан Сатаев қатты толқиды. Жалғыз ұлын күтіп, жол тосқан ақ жаулықты әже бейнесі режиссердің ойынан кетпей қояды. Ақыры, ол толқынысты күй жылдар бойы жүрек түкпірінде пісіп-жетіліп, «Анаға апарар жол» болып көрерменіне жол тартады. Әу баста тек ұлы Отан соғысы кезеңін ғана қамтығанымен, кейін ауқымы кеңейтіліп, ХХ ғасырдағы қазақ халқының жай-күйін тұтастай ала отырып, сценарист Тимур Жақсылықовпен берік тандемде жұмыс істеген режиссер осындай көңіл тебірентерлік көркем дүниені өмірге әкеледі.

x6gir0aevco_nu8a
Кейін фильмнің түсірілу барысында тағы мынадай бір оқиғаны естідік. Шағын ауылда өз мұңына тұншыққан тағы бір әже болыпты. Ол да қалтасына кұрт-кәмпитін салып алып, таңнан кешке дейін соғыстан қайтпаған жалғыз ұлын күтіп, жол ториды екен. Оны біліп алған жас балалар алдынан шығып: «Апа, балаңыз келе жатыр, сүйінші!» – деп, сүйінші сұраса, кейуана қуанып, қолындағы бар тәттісін балаларға үлестіріп береді екен. Бұл оқиға күнде қайталанады. Сөйтіп, өз өтірігіне өзі сенгісі келеді екен. Өмірінің соңына дейін солай өзін-өзі алдаумен өтіпті. Мұндай тағдыр көп болған. «Сондай оқиғалар ұмыт болмасын, халықтың ауыз әңгімесінде ғана қалмасын» деген ниетте қолға алынып, кино тілінде көрерменге ұсынылып жатыр. Бұл фильм – жалғызын күтіп, күллі өмірін сарп еткен сондай аналарымызға қойылған мәңгілік ескерткіш, бейбіт күннің көрерменіне тағылым мектебі. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің қадірін жете түсіну үшін де осындай картина қажет еді. Сондықтан, «Анаға апарар жол» дер шағында шыққан фильм деп ойлаймын. Ал, жалпы, көркем туындының негізгі дәнегі – режиссерге ата-анасының айтып берген сол жолғы әңгімесі болған.
Жас қазақ: Ал өзіңіз Ілияс рөліне қалай келдіңіз? Актер ретінде бұл кейіпкердің жауапкершілігі қандай болды?
Әділ Ахметов: Бұған дейінгі түсірілім жұмыстарында жүргенде кастинг директорлары Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» деген тарихи тақырыптағы ауқымды фильмді қолға алғанын ара-тұра айтып қалатын. Сол кезде іштей: «Шіркін-ай, сол киноға өтсек жақсы болар еді» – деп ойлап қоятын едік. Адам болғаннан кейін, оның ішінде актер болғаннан кейін, әрине, іште шығармашылық арман-тілектерің болады ғой. Сөйтіп жүргенде, әлеуметтік желілерде «Анаға апарар жолға» кастинг жарияланғандығы жайлы ақпаратты оқыдым. Өзім қатарлы актерлер кастинг барысында түсірілген суреттері мен бейнеүзінділерін де желілерге үздіксіз жүктеп жатты. Осындай шығармашылық қызу процессті көріп: «Мені шақырмады ғой» деген іште ой қалды. Содан арада көп уақыт өткен жоқ, фильмнің кастинг директоры хабарласып, арнайы жолданған сахналар бойынша бейнетүсірілім жіберуімді өтінді. Айтқанын орындадым. Аз уақыттан кейін екінші кезеңдік іріктеуге жолдама алып, Алматыға шақыртылдым. Сондағы бір қызығы, байқауға қатысуға ниетті көп қыздардың ішінде маған сахналық серіктес болып Аружан Жазылбекова түсті. Берілген тапсырманы орындадық. Режиссер көрді. Сөйтіп, көп ұзамай сүйінші хабар да жетті: Мен – Ілияс, Аружан –Үміттің рөліне бекітіліпті. Рөл бекітілгенен бастап, түсірілім аяқталғанша, тіпті фильм көрерменмен қауышқанша Ілияспен өмір сүріп келдім. Әлі де ол әсерден шыға қойған жоқпын.
Жалпы, менің Ақан Сатаевтың фильмдеріне келу жолым да қызық. Ең бірінші рет «Рекетир» фильмінде көпшілік сахнаға түстім. Орыстың қызы екеуміз қол ұстасып, бірнеше секундтық қана кадрде көріндік. Кейін «Жау жүрек мың бала» фильмінде де жалғыз-ақ кадрде бармын. Көпшілік сахнаның «Әумин!» деп қол жаятын эпизодында Райымбек батырдың рөлінде көріндім. Одан соң, үшінші фильм «Рекетир2» фильмінде сөз сөйлеп, фильмнің эпизодына кіре бастадым. Сөйтіп, міне, «Анаға апарар жол» картинасында басты рөл – Ілияс бейнесі бұйырды. Қазір ойлап қарасам, мен Ақан Сатаевтың фильмдеріне бірден қойып кетпеппін, орын-орнымен, саты-сатысымен келген екенмін (күлді).

1475078446ttejx-725x
Жас қазақ: Бүгінде Ілияс секілді осындай қаһармандық фильмдерге кейіпкер болатын тұлғалар бар ма? Сіздіңше, бүгінгі заманның қаһарманы қандай болу керек?
Әділ Ахметов: Қаһармандар қай кезде болмасын бар ғой. Сол секілді біздің арамызда жүрген бейбіт күннің батырлары жетерлік. Қаһармандық деген қолға қару алып, жауға қарсы соғысумен өлшенбейді. Мәселен, осындай аумалы-төкпелі заманда өзінің тілін, дінін, ділі мен дәстүрін сақтап, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, «елім, жұртым» деп жүрген әр азаматты мен бүгінгі күннің қаһарманы деп есептеймін. Тарихымызды ұмытпай, болашақ үшін еңбек етіп жүрген кез келген азамат – қаһарман. Мысалы, мен үшін Ақан Сатаев – бүгінгі күннің қаһарманы.
Өткенде Орал қаласынан бір жігіт ағасы телефон шалды. Үздіксіз алғысын жаудырып жатыр. Толқып, тебіреніп тұрғаны даусынан анық сезіледі. «Менің жұбайым: «Қазақтар кино түсіре алмайды» – деп, отандық фильмдерге менсінбей қарайтын. Сіздердің фильмдеріңіз жайлы достарымнан естіп, әйелімді киноға әдейі ертіп апарып едім. Фильмнен әсерленгені соншалық, жұбайым жылап, бір ауыз сөз айтпай үйге келді. Менің әйелімді мойындатқандарыңыз үшін көп рахмет!» – деп өзінің эмоциясын білдіріп жатыр. Сол секілді фильмді көрген имам ағаларымыз: «Мың уағыздан артық дүние екен» деп ризашылықтарын білдірісті. Бұдан артық қандай баға керек!
Жас қазақ: Режиссер Ақан Сатаевпен шығармашылық тандемде жұмыс істеп жүрген актерлердің бірі ретінде сұрасам: режиссер жұмысының өзіндік ерекшеліктерін қалай бағалар едіңіз?
Әділ Ахметов: Әр режиссердің өзіндік ерекшелігі, жұмыс істеу тәсілі бар ғой. Ақан Сатаевтың режиссер ретіндегі үлкен ерекшелігі – бұл кісі актерлерге еркіндік береді. Әуелі, актерді өзінің қиялының қарымы негізінде байқап көреді. Егер, рөл қияс кетіп, тіпті шықпай бара жатса ғана, өзі араласады. Бұл – актердің жан-жақты ашылуына, ізденісін толыққанды көрсетуіне жол ашатын шығармашылық сәтті әдістемелердің бірі деп санаймын.
Екіншіден, режиссер үнемі шығармашылық құраммен ақылдасып отырады. «Мен – режиссермін, менікі – дұрыс» деген билеп-төстеу Ақан ағада жоқ. Керісінше, алдын ала дайындалып, жауабын тауып келген ойының өзін кейін ысырып, әуелі көпшіліктің пікірін тыңдайды. Сәтті айтылған пікірлер мен шешімдер болса, қабылдап, барлығын ақылдаса жүзеге асырады. Бұл да актерлердің өзіне деген сенімін оятатын, камера алдында еркін көсілуіне мүмкіндік беретін жақсы тәсіл деп ойлаймын.
Үшіншіден, Ақан Сатаев қай фильмінде де кеңесшісіз жұмыс істеп көрген емес. Тарихи фактілерге өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үнемі мамандармен ақылдасып, кеңесіп отырады. Қазақтың «келісіп пішкен тон келте болмас» деген мәтелін өз жұмысында жетік пайдаланып жүрген режиссерлердің көшбасына осы Ақан ағамызды жатқызсақ, бәрі келісер деп ойлаймын.
Жас қазақ: Театр мен киноны қатар алып жүрген өнер иесі ретінде, алда тағы қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?
Әділ Ахметов: Ілияс рөлінен кейін бірнеше фильмдерге түсуге шақыру алдым. Бірақ «Бұл фильм экранға шықпай, басқа киноларға түспеймін» деп өзіме іштей берген уәдем бар еді. Қанша жерден актер болғаныңмен, Алланың берген түрі біреу ғой. Жиі-жиі көрініп халықты жалықтырып алғым келмейді. Оның үстіне, қазір өзім қызмет ететін Астана қаласы Жастар театрында да қызу жұмыс күтіп тұр. Режиссер, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың сараптауындағы Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Абылай хан» тарихи поэтикалық драмасын сахналауды қолға алдық. Қойылымның алғашқы дайындық жұмыстары да басталып кетті. Абылай – күрделі бейне ғой. Асығыс шығарғым келмейді. Сонымен қатар, биыл Жастар театрына 10 жыл толып отыр. Театрымыздың мерейтойы қарсаңында да алда көптеген жұмыстар күтіп тұр.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Назерке ЖҰМАБАЙ,
Астана

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала