Жасөспірім шақ – адамның ең күрделі әрі нәзік кезеңі. Бұл уақытта бала өзін-өзі іздейді, сезімін түсінуге талпынады, кейде сыныптастарының қыспағына шыдас береді. Осындай өтпелі шақта музыка – олардың жан серігіне, ішкі әлемін емдеуші күшке айнала алады. Музыка баланың көңіл-күйін реттеп қана қоймай, оны шығармашылыққа жетелейді, буллингтен қорғап, өзіне деген сенімін арттырады. Біз осы тақырып төңірегінде Түркістан қаласындағы музыка мектебінің фортепиано пәнінің оқытушысы, бірнеше жылдық тәжірибесі бар педагог Айгүл Үргенішбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Айгүл Ахметханқызы, ең әуелі, музыканың жасөспірімнің эмоционалды жағдайына әсері туралы айтып өтсеңіз.
– Музыка – жасөспірімнің ішкі жан дүниесіне тікелей әсер ететін ерекше күшке ие. Әсіресе жасөспірім шақта бала күйзеліске, түрлі көңіл-күй өзгерістеріне бейім келеді. Музыканы тыңдау да, ойнау да сол эмоцияларды жеңілдетуге көмектеседі. Фортепианоға отырған бала өз сезімін әуен арқылы жеткізеді, көңіліндегі қуанышы мен мұңын нота тіліне салады. Бұл – ішкі психологиялық қысымды түсіретін ең қауіпсіз жол.
– Жасөспірімдердің буллингке қарсы тұру қабілетін арттыруда өнердің рөлі қандай?
– Өнер, соның ішінде музыка мен сахналық өнер, жасөспірімнің ішкі әлемін байытады, сенімін арттырады. Баланы сахнаға шығарып, өнерін көрсеткен сайын ол өзін бағалай бастайды, өзін құрметтеуді үйренеді. Ал бұл – буллингке қарсы ең үлкен иммунитет. Өнерге жақын бала өзгелердің мазағына әлсіз емес, керісінше өз орнын таба алады.
– Музыка мектебінде оқушылар арасында буллинг жағдайлары байқала ма?
– Өкінішке қарай, қоғамда бар мәселе бізге де жат емес. Балалар арасында бір-бірін менсінбеу, келемеждеу кездесіп жатады. Бірақ музыка мектебінің бір артықшылығы – балалардың ұжым болып жұмыс істеуі. Ансамбль, хор, концерттік дайындық кезінде олар бір-біріне тәуелді болады, бір-бірін қолдауды үйренеді. Егер келіспеушілік орын алса, біз ең алдымен әңгімелесу, психологиялық қолдау, шығармашылық тапсырмалар арқылы шешуге тырысамыз.
– Сіздің тәжірибеңізде музыка арқылы қиын кезеңнен шыққан оқушылар болды ма?
– Иә, болды. Мектепке келіп, ішкі жан жарасын музыкамен емдеген балалар аз емес. Бір оқушым әкесінен ерте айырылып, қатты күйзелді. Ол фортепианода ойнау арқылы өзін-өзі жұбатып, өмірге қайта құлшыныс алды. Қазір сол оқушым өзі де музыкадан ұстаздық жолға қадам басты. Бұл – өнердің шипалық қасиетінің нақты дәлелі.
– Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Баланың рухани саулығы үшін музыкаға көңіл бөлген дұрыс. Балаға қымбат аспап сатып алу міндет емес. Қарапайым ән тыңдату, бірге ән айту, концертке апару да жеткілікті. Музыка – отбасының ортақ тіліне айналса, бала өзін қорғалған, қауіпсіз ортада сезінеді.
– Бүгінгі цифрлық дәуірде жастардың музыкаға қызығушылығы өзгеріп жатыр. Бұл құбылыс бала тәрбиесіне қалай әсер етеді?
– Рас, қазір TikTok, Instagram, ойындар жасөспірімдердің назарын жаулап алды. Бірақ мұнда екі түрлі жақ бар: бір жағынан жылдам тұтынатын музыка талғамды төмендетуі мүмкін, екінші жағынан жаңа мүмкіндіктер де ашылады. Мысалы, бала өзі орындаған әуенін әлеуметтік желіге жүктеп, қолдау таба алады. Бұл оның сенімін арттырады. Ең бастысы – ата-ана мен ұстаз дұрыс бағыт берсе болғаны.
– Музыка баланың өзін-өзі бағалауына қалай әсер етеді?
– Әр бала алғаш нотаны үйренген сәттен бастап жетістікке ұмтылады. Кішкентай жеңістердің өзі оның сенімін нығайтады. Сахнаға шығып өнер көрсеткен сайын ол «менің қолымнан келеді» деген сенімге ие болады. Бұл – жасөспірім үшін өте маңызды.
– Суицидке бейім жасөспірімдерді музыкаға тарту қаншалықты тиімді?
– Бұл ең тиімді жолдардың бірі дер едім. Себебі мұндай балалар өз ойын ашық айта алмайды, бірақ музыка арқылы ішкі жанайқайын жеткізе алады. Музыка оларды өмірге қайта тартады, қоғамға қайта бейімдейді.
– Қосымша тоқталсақ: музыка терапиясын мектептерге енгізу қаншалықты маңызды?
– Музыка терапиясы – әлемдік тәжірибеде өзін дәлелдеген әдіс. Оны мектеп бағдарламасына енгізсек, балалардың психикалық саулығын жақсартуға үлкен мүмкіндік туар еді. Қарапайым ырғақты жаттығулардың өзі баланың ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
– Қазақтың дәстүрлі музыкасының орны туралы не айтар едіңіз?
– Қазақтың күйі, термесі, жыры – халықтың рухани тамыры. Оларды балаларға үйрету арқылы біз ұлттық болмысты сақтаймыз, тәрбиелік мәнін жеткіземіз. Күй тыңдаған бала туған жерін, ата-анасын, табиғатты сезінеді. Бұл – ұлттық иммунитеттің негізі
– Соңғы сұрақ: әр балаға жеке дара музыкалық жол табу қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Бір балаға фортепиано жақын болса, екіншісіне домбыра немесе ән айту ыңғайлы. Әр баланың мінезін, ішкі күйін ескере отырып бағыт берген жөн. Сонда ғана музыка оның серігіне айналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Бүгінгі қоғамда жасөспірімдердің рухани және психологиялық саулығы ең басты құндылықтардың бірі. Әңгімеден аңғарғанымыздай, музыка жай ғана өнер емес, ол баланың жүрегіне жол табатын, жанын емдейтін ерекше құрал. Ән мен әуенге жақын өскен жеткіншек өз эмоциясын дұрыс жеткізіп, өмірге құштарлықпен қарайды. Сондықтан әрбір ата-ана мен ұстаздың міндеті бала бойындағы талантты байқап, өнер арқылы оған сенім ұялату. Өнерге жақын ұрпақ мейірімді де төзімді қоғамның кепілі.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Түркістан қаласы.