Кеше барлық БАҚ Назарбаев зияткерлік мектебіне түсушілерге арналған тест тапсырмалары жинағына рэп айтатын МС Сайлаубек туралы сұрақ енгізілгенін жарыса жазды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланды. jasqazaq.kz тілшісі сол даулы кітаптың авторының бірі Серікболсын Дүйсембайдың пікірін білген еді.
Ол «Талай 100 мың данамен шығып жүрген, ішінде қаншама қателік өріп жүрген оқулықтарды да көзіміз көріп жүр. Ал біздің ресми емес, тек емтиханға дайындыққа арналған Қазақ тілінен бар-жоғы 100 дана тест жинағының ішіндегі 5-6 жолымыз қаншама балағат, ғайбат сөзге алып келді. Бірақ, бұл жолдар келесі басылымда ауыстырылып, түзетіліп үлгерген еді. Бұл тест жинағы ешқандай ресми бекітілмеген, мектеп бағдарламасына енбеген. Мен бұны ақталу үшін де, мақтану үшін де жазып отырған жоқпын. Тек біздің қоғамның кейбір “белсенділері” мәселенің мән-жайына барып алмай, тек алып-қашпа әңгімеге еріп, жерден жеті қоян тапқандай жарыса бөлісе кететінінен Әлем көшіне ілесудің ауылы алыс па деп қалдым. Титтей “қателігі” үшін Өз ұлын өзегінен тепкендей көрінген елге енді оралғың да келмей қалады екен. Елден кешірім сұрадым. Ел үшін «Құрбан болуға дайынмын». Оған рухым жетеді. Абайша айтқанда, “ақыры ойладым: тамшыдай болса да, қолымнан келгенді жасай берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керегін тапса, алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деді.