Мойыл терген қыз, мойымай өткен ана

29 маусым 2018, 11:38

Қос бұрымы арқасында, жалаң аяқтары жерге тигенде қара жолдың борпылдақ топырағы сәл шаң көтеріп, Ешкіөлмес тауының тұсында он үш, он төрт жас шамасындағы қараторы қыз халық әні «Қос жиренді» әуелетіп келеді. Бір қолында иінағашы, екінші қолында бір-біріне кигізілген қос шелек, оның ішінде нан, қант, т.б. тәттілер, ал иығында өзі мен сіңлісі екеуі ара-кезек киетін бәтіңке, соны тозып қалмасын деп мана аяғынан шешіп алған.

Қос ат жеккен бричкадағы Қали ата «дррр…» деп атының басын тежегенде ғана артына жалт қарады. «Иә, қызым, қайда барасың?», Мақаш іштей, мына кісі колхоздың басшысы Қали ата ғой деп, және ол кісінің үлкен басымен тоқтағанына риза болып қалды. «Ленин колхозына» деді естілер-естілмес. «Онда отыра ғой, мен де сонда бара жатырмын». Қысылса да, Қали атаның қасына отырды.
– Қайдан келесің?
– Тарғыннан…
– Жәй бардың ба, мынауың не?
– Жоқ, кеше тоғайдан екі шелек мойыл жинап, соны бүгін Тарғынға апарып, орыстарға сатып, үйге анау-мынау алып келе жатырмын.
– Әй, бәрекелді, қызым, кімнің баласысың? – деп атасы арқасынан қақты.
– Райымбектің.
– Жәрәйсің, болайын деген бала сендей тіршілік жасайды, көп жаса, балам!
Арада бір жұма өткенде колхоздың қоймасындағы есепші соғысқа шақырту алып, орнына ауылдан ешкім табылмағанда, Қали атаның есіне баяғы қара қыз түсіп: «Райымбектің қызын қоймашы қойыңдар, сол қыздың қолынан келеді», – депті. Түс мезгілінде соғысқа аттануға бел байлаған бұрынғы есепші салдырлаған ап-ауыр кілтті Райымбектің үйіндегі дөңгелек столдың үстіне салдыр еткізіп тастап, колхоз басшысының жарлығын жеткізді. Сонымен, қаршадай Мақаштың еңбек жолы басталып еді…
Жанұяда бас көтерер өзі ғана, қалғандары нәзік және жас: Дәметкен, Дәме, Дәмелқан, Қауқаш, емшектегі бауыры – Тояш. Анасы Тояш туғалы бір жаман ауруға шалдыққан. Бүкіл денесіне бөрткен сияқты ұшынып бір қызыл түйіршіктер шығады да, ол суланып, жалғыз көйлегі кешке дейін саусылдап денесіне жабысып қалады. Кешке жылармандай болып шешеді, оны Мақаш жуып, түні бойы кептіріп, таңда анасына қайта кигізеді. Тояш емген емшегінің айналасы кейде қанап, анасы қатты қиналады.
«Жыртық үйдің де Құдайы бар» демеуші ме еді қазақ, бірде ауылға атты қария келіп қонады, көршілерінен шиттей балалары бар әйелдің қатты ауырып жүргенін естіп, ертеңіне үйге келіп, табалдырықтан аттамай тұрып «көз тиген екен» деп, екі күн оқыпты, үшінші күнге не істейтінін айтып, аттанып кете барыпты. Сол қария кеткен соң екі-үш күннен соң анасы қария жасап берген ақ дәріні жағып құлан-таза жазылады.
Мақаштың ата-анасының үйленгендері де өз алдына бір хиқая…
Әкесі Райымбек анасын жастай айттырған көрінеді. Сөйтіп жүргенде Райымбектің әкесі өмірден озып, анасы екеуі ғана қалып, тұрмыс жағдайлары да онша болмай, жас жігіт қатты қиналады. Бірақ алған бетінен қайтпай, отыз жасқа дейін айттырған қыздың қалың малын шетінен ептеп беріп отырады. Ал қыз болса, біреудің жалғыз қызы, құда түсіп жұрт келе береді. Қыздың әкесі жетім жігітке қызын бергісі келмейтін сыңай байқатады. Сонымен тағы бір-екі жыл өтеді, жас жігіт ақыр аяғы ұсақ малымен қалыңмалды өтеп болып, енді қызды алып кетпекке ыңғайланғанда, болашақ қайын атасы: «Маған жорға жиренін берсін, әйпесе қызымды бермеймін», – деп кісі жібереді. Райымбектің анасы мінезді адам екен: «Ондайы болса, қызымен бірге кетсін, алмайсың ол қызды» деп тулайды. Ал, қыз бен жігіт бір-бірін сүйеді. Содан не керек, ақыр аяғында қыздың әкесіне жорға жиренін беріп, ол кезде оң жақта ұзақ отырып қалған қызды алады. Анасы келініне көпке дейін қабағын бермей жүреді. Отасқан соң келіні босанып ұл туады. Бірақ сәби аз ғана тұрады да шетінеп кетеді. Артынан, екі жылдан соң, Мақаш дүниеге келіп, апасы оны етегіне салып алады. Өмірден озғанша бауырында өскен немересін қатты жақсы көріпті. Болған апасы сондай таза адам екен, киген кимешегі, қос етек көйлегі аппақ қар сияқты ақшаңқанданып тұрады екен. Содан ауылдастары ол кісіні «Аққыз» атап кетеді. Тойға барса, Мақашты ертіп барады, онша көп тамақ та жемей, сарқытын көйлегінің жеңіне салып әкеп, баласы мен келінінің дастарханына төгіп, «сендер сияқты салақтың сарқыты» дейтін көрінеді. Келіні енесінің алдынан кесіп өтпесе де, көпке дейін ренішін жасырмай, тек өмірден озарда ғана мақтап, ризашылығын айтып, батасын беріп кеткен көрінеді….
…Сонымен, колхозда таңның атысы мен кештің батысына қарамай жұдырықтай қыз еңбекке араласады. Сауыншылардың есепшісі болған кезінде, ауылдан алты километр түн ортасында бұлақ басына тыққан жұдырықтай майы мен сепаратордан өткен бір шелек көк сүтті кейде ай жарығымен, кейде қараңғыда үйіне әкеп тастап, таң бозара қайтады екен. Ондағы ойы: шиеттей бауырлары мен ауру әке аш отырмасын деген қарекеті болса керек. Әкесі қатты ауру, жүріп тұруы қиын, бірақ, бала-шағаға сеп болайын деп, колхоздың егініне күзетші болады. Атына шешесі ертең ерте демеп отырғызып жібереді екен, күні бойы егінді қорып, кешке үйге әрең жеткенде, шешесі аттан түсіріп алады екен. Көп ұзамай әкесі бақилық болады.
Сол жылдары өзінің тете сіңлісі де бой жетіп, 7 класты тәмәмдап, еңбекке араласады. Ауылға сатушы болып орналасады. Соғыс кезі, депортациямен ауылға шешен ұлты көптеп келеді, олардың қысы біздегідей қатаң емес, келген қыста көп адамдар аштықтан, суықтан қаза табады. Адамның арасында аласы да, құласы да болады емес пе, шешен ұлтының жас жігіттері дүкенге ұрлыққа түседі де: «Бәрін өз мойныңа аласың, болмаса өзіңмен қоса бүкіл туған-туысыңды өлтіреміз», – деп қорқытады. Сұрапыл соғыстың тұсы, адамдар қорқауға айналған заман, оның үстіне жер ауып келген түрі-түсі бөлек жандардың сұсынан зәресі ұшқан қыз амалсыздан бәрін өз мойнына алады да, бес жылға сотталып, Сібірге айдалады. Бұл оқиға қорғансыз жанұяға үлкен қайғы болады. Қарашадай қыз хат-хабарсыз кетеді. Дегенмен арты жақсы болып, ол кісі бес жылын өтеп, елге қайтып оралады.
Ол тәтеміздің аты Дәметкен еді. Сондай сұлу еді марқұм. Барлығымыз өле-өлгенше «Әйей тәте» деп атадық. Қолының ісмерлігі былай тұрсын, суырып салма ақындығы қандай еді десеңізші! Жүннен қауып жасаған көрпелері мен тоқыған шәлілерін мұражайға қоюға болар еді, шіркін!.. Өмірінде Сібірде болған бес жылы туралы жақ ашпады, ұзынқұлақтан естігеніміз – бурят әйелімен дос болып, түні бойы матрацтарының мақтасын қолмен иіріп, одан шұлық тоқып сатып, бір тілім нан тауып жеп күнелтіпті.
Бірде барлық әйелдердің шаштарын тақырлап алмақшы болады, бастарында бит бар деп. Тәтемізде тілерсекке түсетін ұзын бұрым, басын қос қолдап ұстап алып жан айқайға басады, шашымды алғанша өлтіріңдер деп. Бұл оқиға түрменің бастығына жетеді, ол нұсқау береді, басын тексеріңдер, таза болса, шашын алмаңдар депті. Тап-таза бастан ештеңе таппайды, сонымен бүкіл түрмеде тек Дәметкен тәтемізде ғана ұзын бұрым қалады. Сол бұрыммен ол елге оралады.
Соғыстан кейін анамыз әкемізге қосылады. Екеуі он бала тәрбиелеп өсіреді. Қазір соның алтауы аман-есен, қалған төртеуі бақилық болған, ол да өз алдына зор қайғы, әсіресе, бес айда үш бірдей ұлдан айырылу әулетімізге қиын тиді. Дегенмен, анамыздың рухы мықты жан еді, еңсесін түсірген жоқ. Ол ел алдындағы сыйы мен сүйкімін жоғалтқан емес. Ауыл-аймағымызда ұзақ жасап келе жатқан қариялардың бірі, жадысы да керемет. Өткен-кеткеннен білетіні көп. Біздің елдің, жердің тарихы мен адамдары туралы білігісі келетіндер анамыздан сұрап жазып алып жатады. Ол кісінің әңгімесі таусылмайды. Баяғы көне жырларды жатқа айтады. «Қыз Жібек» жырын қалай айтады, шіркін!..

Еңбектен қол үзбей жүріп он бала тәрбиеледі. Көп жылдар ауылда сатушы болып істеді. Асубұлақ руднигі ауылдан үш-төрт шақырым. Бірде сол рудниктен жап-жас келіншек келіп анамызға қымбатқа алған жемперін сатып беруін сұрайды, жылап отырып, рудниктің дүкенінен осыны алғанын, ертеңінде күйеуінен таяқ жегенін айтады. Өзінікі дұрыс емес, үйде кішкене балалар бар, ақша жетпейді, көзқызарлықпен алып едім, енді ондағылар қайыра алмайды деп, қатты өтінеді. Анамыздың ойында ештеңе жоқ, сатып берейін деп алып қалады. Біраздан соң құрбылас келіншек дүкенге кіреді, анамыз жаңағы дүниені көрсетеді. Біреуге жасаймын деген жақсылығы өзіне жамандықпен қайырылады, ауылдың алты-жеті белсендісі Мақаш заттарды тығып сатады деп ауданға арыз жібере қояды.
Қара күз… Алғашқы қар… Тайынтыда есеп өткізіп жүреді, ауылда, емшекте бала қалған, емшегі сыздап, сырғақтап аққан сүті бауырынан төгіліп, аяғындағы пимаға құйылады. Сөйтіп, әрең жүріп, қайтуға көлік іздеген кезде әлгі таныс келіншек жолығып: «Сіздің ауылға тексеруге комиссия кетті. Сіздің үстіңізден арыз жазылған», – депті. Әрең дегенде ағаш тиелген машинаның үстіне отырып, Асубұлаққа келіп, қызыліңірде ауылға жаяу жетеді. Ауылға жақындай бере қарағанда клубтың шамы жанып тұрғанын байқайды. Клубка кірсе, комиссия мән-жайды естігісі де келмейді, тізіліп жазғыштар да сол жерде отыр екен. Сонда бойын ызы мен нала буған анамыз іркілдеп су мен сүтке толған пимасын шешіп тақтайға сар еткізеді де: «Кінәлі болсам, Алла жазалар, менде кінә жоқ, мына ақ сүтімнің айырығы атсын мені кінәлі санағандарды», – деп, қайырылып кете барады. Кейін сол жазғыштардың өмірі жақсы болмағанын өзі айтып отырушы еді…

Бұл менің осыдан екі жыл бұрынғы жазбам екен…. Уақыт деген зымырайды, тағы бірде көлемін кеңейтіп газетке жіберсем деген үміт бар еді, енді тек «әттеген-айдан» басқа сөз жоқ. Міне, бүгін көзге жас толып, Анамыздың қырқына қарсы осы жазбаны ары қарай жалғастырып отырмын.
Аяулы Анашым! Жатқан жерің жарық болсын! Топырағың торқа болып, жұмақтың төрінен орын алыңыз!
Сізді ақырғы сапарға шығарып саларда балаларың, немерелерің, шөберелерің әртараптан жиналды, ел-жұрт деген қанша, туған-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаң… Соның барлығы сізге деген ақ-адал ниеті мен құрметін көрсетіп қалуға жанұшырып бақты. Сіздің бекзат болмысыңызға тағзым етіп, бас иді!
Сіздің берген батаңыз біздің жүрегімізде. Ақырғы деміңіз таусылғанша жақындары мен ел-жұрттың амандығын тілеген адам сіздей-ақ болар…
Сіз бізді үлкенге – ізет, кішіге – жәрдем етуге үйреттіңіз. Шөбере-шөпшекке дейін осы тағылымды ұстайды, қазіргі заманда туыстардың бір-бірінен жеріп жүргенін де көреміз, ал сіз бізді бауырмал қылып өсірдіңіз, қанша қиыншылық болса да мойымау керек екенін біз сізден үйрендік.
Жаныңыз жәнната болсын, аяулы АНА!!!
Сіздің құлыптасыңызға мынадай сөздер жаздық:

Тәңірден кейін өзіңе ғана табынам, Ана!
Айырылып сенен, қайғырып қатты
қамықтық, Ана!
Ақ батаң менен ақ ниет
тілек-жүректе мәңгі…
Қиналған кезде күш алам сенің рухыңнан, Ана!
Ынтымақты ұрпағыңнан…

Ұрпағыңның атынан,
Расима Есімханқызы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?