Ақтөбеде екі адамды өлтіріп, әйелді кепілде ұстады деген айып тағылған Сәрсенбек Басанов сотта кешірім сұрап, бұл әрекетке жәбірленуші әйелдің өтінішімен барғанын айтты, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алған болатын. Жан түршігерлік оқиға кезінде әлгі әйелдің анасы мен өгей әкесін өлтіргені белгілі болды. Кепілден босатылған әйел ауруханаға жатқызылды.
Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, сот алды тыңдауы өтіп, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды.
Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Сәрсенбек Басановқа қатысты істі қарау жалғасты. Ол қаңтар айында болған қанды оқиға туралы өз нұсқасын айтып берді: «Сотқа қатысушылардың бәрінен кешірім сұраймын. Қатты өкінемін. Биыл 13 қаңтарда Қазтуғанова (сотталушы кепілге алған әйел) маған телефон шалып, «Ата-анаммен арада проблема бар, көмектесіп, сөйлесіп берші. Олар менен құтыла алмай жүр» деген сияқты әңгіме айтты. Мен «қашан, қалай барамын, үйге кіргізбейді ғой» дедім. «Талай кіріп жүрдің ғой, солай кірсеңші» деді. Мен үйге кіре алмайтынымды біліп көршінің шарбағынан секіріп, қолымдағы екі отверткамен жазғы үйдегі терезені аштым. Кейін соның ішінде отырдым. Үйден шығады, сөйлесемін деп ойладым. Арада біршама уақыт өткенде машинаның от алғаны естілді. «Бір жаққа кетіп бара жатыр, бәлкім баланы сабаққа апара жатыр» деп ойладым. 20 минуттан кейін өгей әкесі жазғы үйге кірді, тоңазытқышты ашады, бірдеңе алып ішеді, қайта орнына қойып кетеді. 1 сағаттан кейін Э.Қазтуғанованың өзі кіреді. Сусабынды алып шығып кетеді. Үндеген жоқпын», — деді сотталушы С.Басанов.
Оның айтуынша, түс уақытында аула ішіндегі сарайға Зина Шаймағанбетова кіріп, жасырынып отырған Басановты көреді. Ол қолына түскен заттарды лақтырып, қорғанады. Сол кезде сотталушы пышақ сұғып алады. Марқұмның денесін жертөлеге тастайды.
«Кейін Э.Қазтуғанова келді. Екеуіміз айқай-шусыз сөйлестік. Болған жағдайды айттым. «Өгей әкем бар, оны не істейміз» деді. Мен «оның қатысы жоқ, онымен сөйлеспейміз, осы жерден қайтып, істі мойындаймыз» дедім. Қанды бірге сүрттік, ол көмектесті, тазаладық, бәрін жинадық. Сөйтіп отырғанда сырттан өгей әкесі кіріп келеді. Эльмираны көріп, «не істеп отырсыңдар?» деп сұрады. Қасына барып, амандасамын деп ойладым. Өлтіремін деген ой болмады. Соққы беріп, құлатып, қашып кетемін деп ойладым. Менің қолымда қару болмады. Ол ағаш сапты пышақты ұстап, сермей бастады. Бір кезде Эльмира балтамен келіп ұрады. Ол менің арқама тиді. Мені емес, өгей әкесін ұрып жатыр екен ол. Әлиев құлады», — деді айыпталушы.
С.Басанов Әлиевті өлтірмегенін, Қазтуғанованы осы ісін мойындату үшін кепілге алғанын мәлімдеді.
«Мен сені кепіл ретінде аламын. Өз істегеніңді мойындайсың деп айттым. Ол «мойындаймын» деді. Кепілге алған соң есікті ағашпен, ас үй үстелімен бекіттім. Кірсе, өзімді өлтіріп, Мираны тірі қалдырамын деп ойладым. Мира «Оңалту орталығына жатқызбасын, жұмысқа орналасайын деп едім. Еркіндік керек, қайда барғым келеді, не істеймін соған еркіндік керек, сөйлесіп берші» деді. Бары осы, — деді сотталушы.
Енді осыған қатысты жәбірленушінің жауабы қандай болар екен?
JQ-Aqparat
Фото: instagram.com/aktobe_live/