Ауылда тұратын ағайын арасында қан қысымы сырқатынан жан тапсыру фактісі 11 пайызға, қатерлі ісікке шалдығу дерегі 10,5 пайызға көбейіп тұр. Бұл мәліметті өткенде Үкімет сағатында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Бірінші байлыққа жауапты саланың басшысына ауылдық жердегі медицина қызметінің сынға алғысыз, соқтасы жарылуға шақ тұрған қордалы мәселелері жан-жақты жеткізілді. Оның ішінде медицина мамандарының қат екені, жедел жәрдем көлігінің тапшылығы, медициналық құрал-жабдықтардың жетімсіздігі, қала берді амбулаториялық пункттердің жоқтығы айтылған отырыста сала басшысы біраз сауалға жауап берді. Кейбір түйткілді мәселеге тереңдей бойлай алмаған министр денсаулық сақтау министрлігінің атқарған жұмыстарын жіпке тізумен шектелді. Ажар Ғиният ауыл тұрғындарының денсаулығын түзеу мақсатына алабөтен көңіл бөлініп, көліктік медицина ұйымдастырылғанын ерекше жеткізді. Өңірлерді медициналық пойыздар аралап, 38 мыңнан астам ауыл тұрғынының он екі мүшесін тексерген екен. Елдегі 19 миллион тұрғынның 7,7 миллионнан астамы ауылдық жерде тұрады. Аймақтарды аралаған медициналық пойыздармен ел аралаған осы сала қызметкерлерінің белсенділігін саралай беріңіз.
Үкіметтің сол отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ауылдық медицинаның қазіргі жай-күйіне төмен баға қоятынын айтты. Депутаттан «төмен баға алған» министр келесі жылы «ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» деп аталатын ұлттық жоба іске қосылатынын айтты. Елдегі көп ұлттық жобаның бірі секілді соңы сұйылып кетпесе, 2025 жылға қарай елімізде 655 медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны, 32 ауданаралық көпсалалы аурухана салынбақ. Бұған бюджеттен 217 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек екен. Мұның бәрін келешектің еншісіне қалдырып, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевты сөзге тарттық.
Jas qazaq: Елнұр мырза, өткен аптада Мәжілісте денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдап, елдегі медициналық қызмет көрсетудің сапасы сын көтермейтінін айттыңыз. Өңірлерді аралап жүрсіз, елдегі жағдай қалай жалпы?
Елнұр Бейсенбаев: Парламент мәжілісіндегі Үкімет сағаты ауылдық жерлердегі медицина саласына арналып, мәселесі талқыланды.
Талқылау барысында ауылдық жердегі, шалғай елді мекендегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы, жүйелі жұмысы қаншалықты екенін айтылды. Бұл саладағы аталған қызмет түрінің сын көтермейтіні қынжылтады. Ең алдымен, ауылдық жердегі денсаулық сақтау нысандарының тозығы жетіп, құлауға шақ қалуы дабыл қақтыратын мәселе. Статистикалық мәлімет бойынша, еліміздегі медициналық құрал-жабдықтардың 90 пайызға жуығы тозығы жеткен, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарындағы жағдай тіпті сорақы, медициналық құрал-жабдықтардың ескіру көрсеткіші 90 пайыздан да асып түседі. Күлесің бе, жылайсың ба? Байқасаңыз, ауылдардағы медициналық мекемелер көп жылдардан бері жөндеу көрмеген, тозығы жеткен ескі ғимараттарда орналасқан. Бұл бүгінгі күнде кез келген ауылдың басындағы кеп. Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында жағдай тіпті ұят. Екі облыстағы ауылдық жердегі медицина мекемелерінің 80 пайызы тозығы жетіп, пайдалануға жарамсыз күйде тұр.
Jas qazaq: Расында да, кейбір ауылдарда әлі күнге дейін медициналық пункт есігі көбіне жабық тұрады, стационар деген атымен жоқ. Бізде есебіміз қағаз жүзінде жарқырап тұрғанмен, шынтуайтына келгенде, бәрі басқаша. Медициналық мекеме салу, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі жергілікті басқарушы орган, әкімдіктің еншісіндегі шаруа ғой. Десе де, аймақтарда әлеуметтік маңызды мәселелерді ысырып қойып, ысырапшылдыққа ұрындыратын аста-төк жылт етпе дүниелерді жарыса өткізу белең алып бара жатқандай.
Елнұр Бейсенбаев: Сөзіңіздің жаны бар, расымен де, ауылдық жердегі медициналық мекеме, мейлі ол медициналық пункт, емхана, стационарлық орталық болсын, жергілікті басқарушы билікке тиесілі. Бірақ біздің әкімдіктегілер, яғни облыс әкімдері аймақ орталығында өтетін мәдени, басқа да іс-шараларға қаржыны миллиондап шығындайды. Ескерткіш орнатып, ашылуын салтанатты түрде өткізу, концерт ұйымдастыру сынды іс-шараларға 200-300 миллион теңгеден астам қаржыны емін-еркін жұмсайды. Ал енді әлгіндей әлеуметтік саланың ақсағанын жазып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтып, жөндеу жүргізуге келгенде, қазымырлығы ұстап, қаржы бөлуге ықыласты болмайды. Медициналық жабдықтар мен денсаулық сақтау нысандарының тозуы тек біз сөз еткен екі облыста ғана емес. Бүгінде құрал-жабдықтардың тозуы еліміз бойынша 87 пайызға жетіп отыр. Ал енді Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарының ауылдарында 90 пайыздан асады. Көбінесе медициналық пункттер жөндеу көрмеген ескі ғимараттарда орналасқан. Мәселен, Ақмола, Абай, Алматы облыстарының ауылдарындағы медициналық ұйымдардың ғимараттарының тозуы 70 пайыздан асып түседі. Ауыл-аймақтағы медициналық мекемелердің жағдайы тікелей жергілікті әкімдердің жауапкершілігі дер едім. Бұл тақырыпта түйткілді мәселенің бірін тартсаң, екіншісі қылтия береді. Ауылдық жерде медицина мамандарының тапшылығы қатты байқалады. Шалғайдағы ағайын арасында кемінде екі мыңға жуық дәрігер жетіспейді, өте тапшы. Статистикалық мәліметті қарасаңыз, елімізде жеті мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Орта медициналық персонал дейміз, бұл мамандардан бізге 7 606 кадр керек елімізге, бұлардың ішінде 1700-ден астамы ауылдарға баратын дәрігер. Медициналық персоналға аса зәру облыс – Қостанай. Бұл облыста 467 дәрігер керек. Солтүстік Қазақстан облысы да 351 дәрігер маманға қол жеткізе алмай отыр. Міне, сонда екі облыстың өзінен дәрігерлерге деген сұраныс, бос орын 800-ден асып жығылады.
Жақында әлеуметтік желіден мынадай бір ақпаратты оқып, жағамызды ұстадық. «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ студенттерінің жертөледе, лас дәліздер мен аудиторияларда оқитыны туралы жазбаға жанымыз ауырды. Студенттер күн сайын күннің көзі түсетін жап-жарық кең кабинеттерде емес, көгерген ауамен тыныстап, жертөледе білім алуға мәжбүр.
Jas qazaq: Студенттер демекші, жоғарыда өзіңіз, нақты мысалдармен әдіптеп әңгімелеп бердіңіз. Тек екі облыстың өзіне ғана 800-ден астам дәрігер керек болса, жыл сайын жоғары оқу орнын тәмамдайтын медицина мамандарының кейбірі ішінара жұмыс таппай, сенделіп қалады емес пе?
Елнұр Бейсенбаев: Бұл ненің көрсеткіші? Демек жергілікті атқарушы органдар тарапынан медициналық ЖОО түлектерін әлеуметтік қолдаудың деңгейі төмен деген сөз. Мысалы, былтырғы жылы Алматы облысында медициналық кадрлар тапшылығы кезінде 216 маман қажет деген де, бөлу бойынша келген 105 түлектің тек 18-і ғана әлеуметтік қолдау шараларын алған. Дәл сол секілді Түркістан облысы бойынша: 200 медицина кадр тапшылығы кезінде келген 114 түлектің тек 22-сі ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Ауыл медицинасында білікті, білімді, өз ісінің маманы саналатын кадрлардың жетіспеушілігі бұл саланы тығырыққа тіреп қана қоймай, ұйығына тарта береді. Облыс әкімдері өзінің аймағына қажетті медицина мамандарын тарту үшін оларды қызықтыруы қажет. Ең әуелі әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешіп беру, үймен қамту, керекті құрал-жабдықтармен қамту, біліктілігін арттыру курстарында оқыту секілді қажетті жағдайды жасайтын болса, жас мамандар баратын еді. Кезінде ұлттық экономикамыздың игілікті бағытының бірі «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама еді. Егер жаңылмасам, соңғы он жылдың ішінде осы «Дипломмен ауылға» арқылы 600-ге таяу жас маман ғана жұмысқа барған. Біз сол алты жүзге таяу жас маманының бәрінің бірдей әлеуметтік мәселесінің, оның ішінде ең сүйектісі – баспана жайын шешіп бере алмадық. Тек 150 маман ғана үйлі-жайлы болды. Бұл «Дипломмен ауылға» бағдарламасының медицина саласы бойынша ақталмағанын, жұмыс істеу механизмі дұрыс болмағанын көрсетеді.
Jas qazaq: Сөзіңіздің жаны бар, ауылға баратын жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмысын түзеу бағытында жағдай қарастырылмаған. Үй мәселесі ең алдымен шешілсе, медицина мамандарына деген зәрулік азаяр еді. Облыс орталығынан, қаладан шалғай жатқан ауылдар түгілі, аудан орталығындағы ауруханалардың өзінде кардиолог, онколог, хирург секілді мамандар тапшы екені жасырын емес. Ауылдағы ағайынның міндетті медициналық сақтандыру турасындағы сауаты да төмен.
Елнұр Бейсенбаев: Медицинаның соқталы мәселесінің бірі – дәл осы өзіңіз айтқан медициналық сақтандыру. Енді қараңыз, елімізде медициналық сақтандыруға жарна құймайтындардың, тіркелмегендердің саны 3 миллионнан асады. Бұл адамдардың жартысынан астамы ауылдарда тұрады. Бұл ауылдарда тұратын 1,5 миллионнан астам азаматқа жоспарлы медициналық көмек те, тексеріс те жүргізілмейді деген сөз. Егер адам медициналық сақтандыру бойынша тіркелмесе, сырқатын алдын ала емдеу үшін профилактикалық тексеруден өткісі келсе, шарасыз күйге түседі. Қорыта айтқанда, осыншама адамға біздің елдегі емханалардың есігі айқара ашыла қоюы екіталай. Себеп – медициналық сақтандыруы жоқ. Жазатайым бір жағдайға ұшырап, жедел жәрдем көлігімен барса ғана қабылдауы мүмкін.
Тағы бір астын сызып айтатын мәселе – ауылдағы медициналық ұйымдарды цифрландырудың деңгейі өте төмен және интернет желісіне қосылудың машақаты көп. Енді мынаған қараңыз, елімізде алты мыңнан астам ауыл бар десек, соның ішінде әлі 734 елді мекенге интернет желісі тартылмаған. Цифрландырудың іске қосылмауынан, ғаламтордың жетпеуінен ауылдық жердегі медицина мамандары өз саласында болып жатқан жаңалықтардан, тың технологиялардан хабарсыз қалады. Цифрландырудың басты кілті – ғаламтор. Мұның бәрі бір-бірімен жымдасып, қабысып жатыр.
Тағы бір жайт, облыстық денсаулық сақтау басқармасы министрлікке бағынбайды, әкімдікке қарайды. Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарына бағынады. Унитарлы мемлекет дейміз де, орталықтандырылған басқару формасын енгізе алмай келеміз.
Jas qazaq: Кадр тапшылығына қатысты тағы бір сұрақ. Өзіңіз жақсы білесіз, ауылдық жерлердегі емхана, шағын ауруханаларда күрделі ауруларға ота жасау, емдеуге рұқсат берілмейді. Қиыр жайлап, шет қонған науқас сүйегін сүйретіп аудан орталығы, олардың қауқары жетпесе, облыс орталығы, қалаға баруға мәжбүр.
Елнұр Бейсенбаев: Рас сөз, әлі күнге солай бізде. Бір ғана мысал, әйел затының жүктілік кезіндегі жағдайы. Бір аяғы жерде, бір аяғы арғы жақта, екі дүние ортасында жүретін аналардың туу кезіндегі жағдайы ауыр болатын болса, аудандық ауруханадағылардың өздері облыс орталығына немесе ірі қалаларға жібереді. Өйткені босандыру кезінде сақтық шарасын күшейтетін аппараттары жетіспейді. Басқа да күрделі оталарды жасауға ауылдық жердегі білікті мамандарға рұқсат етпейді. Өйткені медициналық құрылғылары, заманауи аппаратпен толыққанды жарақталмаған. Таяқтың екі ұшы бар дейміз, аудан орталығындағы аурухана болсын, ауылдық округтердегі стационар, амбулаториялық орталық, медициналық пунктте жұмыс істеуге резидентураны бітірген білікті маманның ықыласы арта бермейді. Неге? Өйткені әлгінде айтқан медициналық жабдық, техникалық құрал-сайман жетіспегендіктен, ота жасауға басқа да күрделі ауруларға ем-дом жасауға қолы байланады. Қалалық жерде күрделі ота жасап, небір аурулармен айқасып жүрген білікті маман техникалық құрал-сайманы жұрдай ауылдық жерге барып жұмыс істеуі мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Өйткені білікті хирург бола тұра, ауылдық жерде шарасыз күйге түседі. Сондықтан ауылдық жердегі медициналық мекемелерге келешекте жас кадрларды қызықтырып тартамыз десек, еңбекақыны көтерумен қоса, олардың тәжірибесін шыңдауына орай туғызатын медициналық құрал-жабдықпен де қамтамасыз етуіміз керек.
Jas qazaq: Біздің еліміздің медициналық әлеуеті қаншалықты екені екі жыл бұрынғы пандемия кезінде айқындалып қалды. Жауырды жаба тоқымдап, ауруымызды жасыра береміз деп асқындырып алмаймыз ба? Медицина саласына реформа қажеттігі ертеден айтылып келеді.
Елнұр Бейсенбаев: Менің ойымша, министрлікте басшы ауысқан сайын реформа жасай беру, жаңа бағдарлама енгізе бергеннен көктеп кетпейді. Одан гөрі бұрыннан кетеуі кетіп, түйіні шешілмей келе жатқан ауқымды мәселелерді кезең-кезеңімен ретіне қарай жүйелі түрде шешу қажет. Екі жыл бұрын күллі әлемді уысында ұстап, бүріп жіберген ковид кезінде бұл саладағы әлеуетіміз қаншалықты екені айқын көрінді. Ауылдық медицинаны көтереміз десек, шалғай елді мекендерге барып жұмыс істейтін мамандарға төленетін үстемеақыны қалалықтарға қарағанда көтермелеп қойса, жас кадрлар жұмыс істеуге ықыласты болады деп ойлаймын. Есіме түсіп отыр, облыс орталықтарында жедел медициналық жәрдем қызметін орталықтандыру мәселесі де өзекті бүгінгі күнде.
Учаскелік дәрігерлер пациенттерге өз қаражаты есебінен баруға мәжбүр. Аймақты жете білмейтін диспетчер кейде жедел жәрдем бригадаларын басқа мекенжайға жібереді. Осындай салғырттықтан науқастың қайтыс болу фактісі де тіркелді.
Jas qazaq: Елнұр мырза, өзіңіз де білесіз, жуырда ғана Ақтөбеде мектеп оқушыларына мантудың орнына басқа екпе салып жіберген. Дәрігерлердің жауапсыздығына, салғырттығына заң тұрғысынан жауапкершілікті қатаңдату керек деген мәселе айтылды. Ал министрлік мұндайда өзінің кадрларын ақтап алуға тырысып бағады.
Елнұр Бейсенбаев: Расында да, жаға ұстатарлық жағдай. Бұл орайда мәселеге жан-жақты қарау керек. Әрине, дәрігердің жауапсыздығы үшін жауапкершілік жоғары. Қателігі үшін кімде болса, заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бірақ бұл мәселеде ата-ана өзінің баласына қандай екпе салынатын өзі қадағалап, сұрауы керек. Әркімнің медициналық сауаты жоғары болғанда, қоғамда мұндай жүгенсіздікке жол берілмейді. Дәрігерлердің салғырттығы, жауапсыздығы, қателігі үшін Әкімшілік, Қылмыстық кодекс бойынша жазалау түрі жазылған. Бұған қатысты менің айтар пікірім осы.
Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы