Министр не дейді, біз не дейміз?

21 қазан 2022, 14:47

Жылда қайталанатын жағдайға көре-көре көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткені сонша, «е-ее» дейміз де қоямыз. Қарағанды облысындағы көмір сатып алуға барған адамдардың ұзын-сонар кезегі көз ұшына жетіп отыр. Қазба байлықтың үстінде отырып, өзімізді-өзіміз әурелеу жылдағы әдетке айналып кетті. Әуре демекші, тек көмірге ғана қатысты емес, өмірге қажетті ішпек-жемектің де маусымдық зәрулігі туындап тұрады. Әрі мұның бәрі қолдан жасалады. Мысалы, биыл қантқа шұбатылған кезек, шекер үшін шайқасты да көрдік. Жаз қызығы қанттың жырымен өтсе, күздің қара суығынан қыстың аязы қысқанға дейінгі уақыт көмірдің кезегінде өтіп жатыр.

Табанынан таусылған адамдар арадағы делдалға ұрынбас үшін, көмір тұйықтарынан, қоймадан, қазба байлықты өндіруші мекемелердің өзінен сатып алуға тырысады. Оған да жету оңай емес, биыл «Шұбаркөл көмір» қоймасында кезекте адамдар апталап күтіп жүр. Далада түнеп, не асхана, не аяқ суытатын орын жоқ, жүк көлігінде қонып, кезек күтуден басқа амал жоқ.
Кезектің тым созылып кетуін көмір сатып алушылар қоймадағы тиеуші трактордың тек біреуі ғана жұмыс істейтінін айтса, қойма басшылары алушылар өз уақытын өздері жоғалтады дейді. Көмір сатушылар сатып алушы қойманы ұзақ аралап, сортын қарап, таңдау жасап жүріп, өзгелерді күттіреді деген уәжін айтады. Бұл сөзге сатып алушылардың да жауабы дайын: кен орындарынан сұрыпталып сүзгіден өткен ірі көмір экспортқа кетіп, ішкі нарыққа көбіне уатылған, қызуы әлсіз сортын жөнелтеді дейді. Қалай болғанда да, осындай қарбалас, қапылыстың әуресін қарапайым тұрғындар тартады.

Емен есіктің арғы жағындағы шенеуніктердің айтқаны нарықтағы бағаның парқына тати қоймайды. Мысалы, қыркүйек айында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «тұйық иелері көмірді былтырғы бағамен сатып, қымбаттатпағанын» айтты. Министр тіпті «Шұбаркөл көмірін сатушы разрез былтырғы бағадан да төмендетті. Былтыр тоннасы 6 264 теңгеден сатылса, биыл 6 160 теңгеден сатылып жатыр. Қалған көмір сатушылар да бағаны құбылтпай, тұрақты ұстап отыр. «Қазақстан теміржолы» компаниясымен де келісім жасастық, олар да тасымалдау тарифін көтермейтін болды», – деді. Қ.Өскенбаевтың саралауынша, көмірдің арзаны Солтүстік Қазақстан облысында екен: бір тонна көмірді 14,5 теңгеге сатып аласыз, Батыс Қазақстан облысында 21 мыңнан асып жығылады. Бұл облыс орталығы, қаладағы баға болса керек, шалғай ауылдағы көмірге аса зәру халықтың қорасына жеткенше, бұл бағаңыз еселеніп шыға келетіні қалыпты құбылысқа айналды.

Көмірдің бағасын кімдер қымбаттатады дегенге жауап іздегендер найзасын алыпсатарларға қарай лақтырғысы келеді. Расында да, күн суып, аяз бүргенде бүрсеңдеген жұрт жаппай көмір іздеуге, сатып алуға ұмтылады. Мұның бәрі «ас ішерденің…» кері деуге келмейді. Өйткені шалғай ауылдағы ағайынның көпшілігі тұрақты жұмыс істемейді, бюджеттік не мемлекеттік қызметкер де емес, қорасындағы санаулы түлігіне, ауласындағы бау-бақшасына күнелтеді. Малын күзде сатады, жиған пұлына қажетін сатып алады. Сондықтан да ерте қамдануға қолбайлау – қалтада қаржының жоқтығы. Күзгі қара суық қыстың қаһарына ұласқанда көмір бағасының «құтырып шыға келуіне» кейде дилерлік компаниялардың да әсері мол. Көмір тұйықтарына тауар жеткізбей, апарса да, там-тұмдап қана түсіріп, әуреге салады. Мұны бірнеше жылдан бері көмір алып сатып жүрген Нұрбол Иманбеков те растап отыр. «Биыл қалай болар екен, былтыр Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы көмір тұйығына тауар жетпей, әбден кешіктірді. Ал бұл кезде баға шарықтап шыға келген болатын. Біз көмірді 100 шақырымдай шалғайдан келіп тасымалдаймыз, жолымызға кететін жанар-жағармай шығынын қоспасаң, ақтамайды. Ауылдық жерлерде алатын адамдардың көпшілігі – зейнеткерлер мен айлық жалақысынан төлейтін қызметкерлер. Олар ақшасын бірден бере алмайды, бөліп-жарып төлейді. Айналып келгенде, пәлендей пайда да түспейді, күнделікті ас-суды айырса деп тасымалдаймыз», – дейді Нұрбол Иманбеков.
Басқа өңірлердегі көмір мәселесін зерттеп, сұрастырып көрдік. Мысалы, жаңадан құрылған Жетісу облысында жауапты сала мамандары «көмір қоры жеткілікті болсын» деп 34 көмір тұйығы мен 4 қоймаға көмір тасымалдау ісі қарқынды жүріп келеді екен. Облыс халқы қысқы маусым аяқталғанша 500 мың тоннаға жуық көмір жағатын көрінеді. Облыс, аудан әкімдері көмірдің тоннасы 14-21 мың теңге аралығында сатылып жатыр дейді. Кейбір «қыстың қамын жазда ойлайтын» жетісулықтар мамырдан тамызға дейін 130 мың тоннадан астам көмірді сатып алыпты.

Қалай десек те, министр Қ.Өскенбаевтың жыл соңына қарай көмір бағасы қымбаттауы мүмкін дегені болжам емес, шындыққа айналатын сияқты.

Қуан Есімбай

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?