Қоғамдық кеңестер алдында жалпы саны 213 әкім мен 1300 жергілікті атқарушы мекеменің басшылары есеп берген. Осы және өзге де Қоғамдық Кеңестер жұмысына қатысты маңызды ақпараттарды дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қоғамдық кеңестердің 1-ші республикалық мәжілісі барысында айтты.
Қоғамдық кеңестер 2016 жылы бес институционалдық реформа «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде барынша ашықтық принциптеріне негізделген есеп беруді іске асыру мақсатында құрылған. Елімізде 229 қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асыруда. Олардың құрамында төрт мыңнан астам адам бар. Министрдің айтуынша, қоғамдық кеңестер құрылғалы бері 9 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралып, Кеңес мүшелері тарапынан аталған НҚА жобаларына тиісті ескерту мен ұсыныс берілген. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту және медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларда 600-ден астам әлеуметтік маңызды проблемалар қарастырылған.
Н.Ермекбаев «Барлық деңгейдегі мемлекеттік мекеме басшыларының жұмыс нәтижелері туралы есеп беруі енгізілді. Осылайша, биылғы жылы Қоғамдық кеңестердің мүшелері алдында — түрлі деңгейдегі 213 әкім, министрліктердің бірінші басшылары және жергілікті атқарушы мекемелердің 1300-ге жуық басшысы атқарып жатқан атқан жұмысы туралы есеп берді», — деп атап өтті.
Сондай-ақ, дін істері және азаматтық қоғам министрі қоғамдық кеңестер құрылуының алғашқы кезеңінде кеңес жұмысына қатысты бірқатар мәселе анықталып, бір жүйеге келтірілгенін айтты. Аталған мәселелер қоғамдық кеңестер құрамын қалыптастыруға, қоғамдық кеңестердің қызметін қамтамасыз етуге, НҚА-ны қарау үшін кеңестің мүшелеріне қағазбастылықты азайтуға, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілеттіктерін нақты анықтауға және түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимылын орнатуға қатысты болған.
Министр «Жалпы алғанда, қоғамдық кеңестер қызметінің тәжірибесіне қарап бүгінгі күні өзекті мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін ескеру мақсатында нақты қоғамдық институт пен тиімді диалог алаңы құрылғанын айта аламыз», — деп өз ойын түйіндеді.
Бұдан бөлек, министр қоғамдық кеңестердің қызметіне арналған, олардың тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік беретін kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық ресурсының құрылғанын атап өтті.