Мықты мәслихат – ел тірегі. Түркістан облыстық мәслихаты бұрыннан-ақ берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек ірілігімен ерекшеленген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Депутат болу — биік мансап емес, бұл — зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады» деп атап өтті.
Сол айтпақшы мәслихаттың алға қойған мақсаты — халық пен билік арасына алтын көпір болу. Содан болар, қазір мәслихатты мамандар кіші Парламент деп те атап жүр. Иә, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттық корпусында өзіндік пікірі, ұстанымы бар, халықтың талап-тілегіне, проблемаларына құлақ асып, соны шеше алатын іскер де ықпалды депутаттар аз емес екенін нық сеніммен айта аламын. Соның бірі, мәслихат депутаттарының арасында өзіндік орны бар, биыл ердің жасы елуге толып отырған әріптесіміз — Ғалымжан Елшібай.
Ғалымжан Қамытбекұлын біраз жылдардан бері білемін. Тіпті, мәслихатқа дейін де Ғалекеңмен жұмыс барысында бірнеше рет жолымыз түйісіп, ағалы-інілі жандардай жақын араласып, сол сыйластығымызға осы күнге дейін сызат түскен емес. Міне, енді мәслихат төрінде халық қалаулысы ретінде жолымыздың тағы да түйіскеніне шын қуандым. Өйткені қазіргі мәслихатқа осындай мінезді, халыққа жаны ашитын, елге шын ниетімен қызмет ететін, адал да батыл депутаттар керек. Бұл жағынан келгенде Ғалекеңнің сайлаушыларының бағы бар.
Әрине, Ғалымжанды ең алғаш «Жас Алаш» газетіндегі өткір мақалалары арқылы таныдым. Ол журналист ретінде де, халық қалаулысы ретінде де үнемі елдің жоғын жоқтап, қарапайым халықтың мәселесін көтеруден шаршаған емес. Осы үшін де оны қатты құрмет тұтамын. Бірқатар республикалық басылымдарда абыроймен қызмет етіп, Түркістан өңірі журналистері ынтымақ-бірлігінің артуына зор үлес қосқан Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына төрағалық етіп, аймақтағы тілшілер қауымының көшбасшысы ретінде мойындалды. Иә, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар Ғалекеңді бәрі әділдікті ту еткен абзал азамат ретінде таниды. Бүгінде қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Егемен Қазақстан» газетінде жемісті еңбек етіп жүр.
Халыққа адал қызмет етуінің нәтижесі болар, Ғалымжан Қамытбекұлы «Amanat» партиясы атынан Түркістан облыстық мәслихатының екі шақырылымына депутат болды. Халық қалаулысы атанған күннен бастап өзінің қызметтік міндетіне, елдің жүктеген аманатына зор жауапкершілікпен қарайтын азамат екендігін байқатты. Бірқатар бастамаларымен көзге түсті. Қоғамдағы көп мәселелерді көтеріп, солардың оңды шешілуіне ұйытқы болды.
Мен мәслихаттағы Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болсам ол орынбасарым ретінде облыстағы көп әлеуметтік мәселелерді көтеріп келеді. Айталық, апатты мектептердің мәселесімен айналысты. Төлеби ауданы Қостөбе елді мекенінде осыдан 15 жылдай уақыт бұрын салынған мектептің қабырғалары жарылып, оқушылардың өміріне қауіп төндірді. Амал жоқ, шәкірттер көрші ауылға автобуспен қатынап оқуға мәжбүр болды. Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішевпен ақылдаса отырып оның қолдауымен Ғалымжан Елшібай облыстағы, аудандағы құрылыс саласына жауапты мамандардың басын қосып, осы апатты мектептің басында көшпелі қабылдау өткізді. Қызу айтыс-тартыспен өткен басқосудың қорытындысы бойынша мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде былтыр қостөбелік шәкірттер күрделі жөндеуден кейін көрсең көз сүйсінетін күйге енген білім ошағына қайта оралды.
Менің ұғымымда депутаттың міндеті елді мекендердегі қордаланған мәселелерді көтеру ғана емес, соны шешудің жолдарын да қарастыру. Бұл тұрғыдан алғанда Ғалымжан Елшібайдың ұстанымы, мәселеге терең бойлай білетін ізденімпаздығы көп әріптестерге үлгі деп ойлаймын.
Қайбір жолы Ғалымжан Қамытбекұлы спортқа, оның ішінде футболға қатысты өте өткір дүниелерді қозғады. Халықтың ең көп назар аударып, қызығушылық танытатын спорт түрі футбол десек, Түркістан өңіріндегі футбол клубтарының біраз жылдан бері сүреңсіз ойындардан көз ашпай келе жатуы жанкүйерлерді күйзелткені рас. Өңірлердегі спорт нысандарының жағдайы оңып тұрған жоқ. Облыс көлемінде дені дұрыс стадион некен саяқ. Басқасын айтпағанда облыс орталығы Түркістан мен оған жақын орналасқан Кентаудағы стадиондарға қатысты сыни пікірлер көп айтылды. Бірі жөндеуден өткізілуде, жөндеуден өткендерінің өзінде кемшіліктері шаш етектен. Ескісі бар, жаңасы бар футбол алаңдары жөндеуді қажет етіп тұрғандықтан түркістандық кәсіби командалар кездесулері мен жаттығуларын Шымкентте өткізуге мәжбүр болды. Премьер-лига, бірінші және екінші лигаларды қосқанда жеті бірдей кәсіби футбол клубының барын қайтейік, жеме жемге келгенде Түркістанның намысын жоғары деңгейде абыроймен қорғай алатын, сырт көз сүйсінетіндей бір мақтаулы командаға жарымай келеміз. Оларға бюджеттен бөлінетін қаржы ала-құла, бір топта ойнап жүргендерімен алатын қаржыларының айырмасы жер мен көктей.
Ғалымжан Елшібай футбол төңірегіндегі осындай ащы шындықтарды комиссия отырыстарында, сессияда көтерді. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жазды. Айтылған талап-тілектер жерде қалған жоқ, облыс басшылығы тарапынан спорт саласындағы жөнсіздіктерді реттеу үшін тиісті шешімдер қабылданды.
Ғалымжан Елшібай депутат болған жылдары Төлеби ауданындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, солардың шешілуіне ықпал етті. Соның бірі жайылым жерлерінің жетіспеушілігі. Көптен бері ушығып тұрған жайылым тақырыбы ауылдағы ағайын үшін уайымға айналды. Мал жаятын жердің жетіспеушілігіне жанжал жиі шығатын болды. Төлеби ауданында ауыз су мәселесі де жоқ емес. Кейбір ауылдарға ауыз су құбыры тартылғанымен, одан ағатын судың сапасы мәз емес. Мәселен Төңкеріс елді мекенінде қар-жаңбыр жауған кездері ішетін су лайланады. Ғ.Елшібай ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ аса отырып, оны Ақсу-Жабағылы қорығымен шектесетін аумағында орналасқан Дарбаза шатқалында Бақырауық өзенінен құбыр тарту қажеттігін көтеріп келеді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
Жалпы, Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар екені рас. Айталық, былтыр ауданды табиғи газбен қамту мәселесі 100 пайыз шешілді. Облыста көгілдір отынмен толық қамтылған аудандар кемде-кем екенін ескерте кетейік. Тіпті газ магистралінің бойында орналасқан аудандардың біразында ондай көрсеткіш жоқ. Сондай-ақ, басқа да өзекті мәселелерді шешуде жемісті қадамдар жасалуда. Әлбетте, осындай жетістіктерге жетуде ауданнан сайланған Ғалымжан Елшібайдай депутаттардың еңбегі орасан.
Ғалекең облыстық мәслихаттың депутаты ретінде белсенділігімен ерекше көзге түсіп, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосқан, елдің дамуына лайықты деңгейде атсалысып келе жатқан азамат. Оған ел куә. Расын айтқанда, мәслихат депутаттарынан ел дәл осындай белсенділікті, жанашырлықты күтеді.
Қай кезде де елдің жүгін ер көтерген. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деген сөзі осындайда еске түседі. Мінезбен қоса депутатқа білім, ең бастысы — отаншылдық рух қажет. Түркістан өңіріндегі 2 миллионнан астам халықтың, оның ішінде миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – баршамызға үлкен жауапкершілік.
Ғалымжан Елшібай ұзақ жылдар респуликадағы танымал басылымдарды қызмет еткен, өткір мақалаларымен көзге түскен журналист депутат ретінде де елдің сеніміне селкеу түсірмесі анық. Кеше оқырманына, қасиетті қаламына қызмет еткен азамат бүгін міне, сайлаушыға қызмет етуде, елдің аманатын арқалауда. Лайым, ел үшін еткен еңбек жемісін молынан бере берсін!
Алмас САЛИМОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы