«Мин кау хан» қызды таңдадым

28 ақпан 2020, 12:02

Қазір не көп: ұлтшыл патриот көп. Қазақты қызыл сөзбен сүйетіндерді тыңдасаңыз, езуінен ақ көбік бұрқырайды. Ал Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Сол рас-ау деймін. Біздің кейіпкеріміз ұлтқа қызмет етудің жарқын бір мысалын айтып берді. Өз басынан өткен жағдай. «Қытайдағы қазақтардың ұлт ретінде сақталу-сақталмауы қиын мәселе. Осындай күрделі шақта бір қазақты құтқарып қалсам деген едім. Сол арманым орындалды», – дейді кейіпкеріміз. Әңгіменің жалғасын оқыңыздар!

Мен Жетісайдың тумасымын. Есімім – Дулат (атын өзгертіп беруімізді өтінді). Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің халықаралық қатынастар факультетінде оқыдым. Сол жылдары Қытайдан көптеген қыз-жігіттер келіп оқыды. Жатақханада бірге тұрдық. Таныстық, дос болдық. Олардың ана тілімізде таза сөйлеуі, қазақтың салт-дәстүрі мен дүние-танымын сақтауы мені қатты қызықтырды. Тіпті олар туралы зерттей бастадым, ақырында Қытай қазақтарының жандүниесіне ғашық болдым.
Халықаралық қатынастар факультетінде оқығандықтан, мамандығым үшін де Қытайдағы қазақтардың тағдыры маңызды рөлге айналған. Университетті бітіретін жылы «Қытайдағы қазақтар және көші-қон мәселесі» деп дипломдық жұмысымды таңдап алдым. Өйткені, біріншіден, еліміздегі қазақтың саны өсуі керек. Екіншіден, қазақ ұлтын қалыптастыру үшін өзіміз жоғалтқан рухани құндылықтарымызды арғы беттегі ағайыннан ғана табатынымызды түсіндім. Жасыратыны жоқ, жергілікті қазақтар Кеңес Одағы құрылған сонау 1920 жылдардан бастап өзгеріске ұшырап, көптеген ұлттық құндылықтардан айырылған. Тең жартысы қазақы болмысы түгілі, тілінен мүлде тұл болды.
Осындай жағдайда Қытайдағы ағайындар қазақ ұлтын жаңғырту үшін өте маңызды екенін түсіндім. Сондықтан, университетті бітірген соң Қытайға барып, сол жақтағы қазақтарды тағы да зерттейін, қытай тілін үйреніп қайтайын деген оймен жолға шықтым.
Қытайға барғанда ол жақтағы қазақ жастарының екіге бөлінетінін байқадым. Біріншісі – қазақша оқыған тілі, жан-дүниесі өзгермегендер. Екіншісі – қытайша оқыған, дүние-танымы өзгергендер. Оларды ханзуша «мин кау хан» дейді. Қазақша баламасы «Қытайша оқыған ұлт» дегенді білдіреді.
Бірінші топқа ешқандай көмектің қажеті жоқ. Қазақ тілін жақсы біледі, дүние-танымы да қазақы. Елімізге келуіне де тілдік жағынан кедергі жоқ. Екінші топты құтқармаса, олардың тағдыры қиын. Олар ханзуша оқығандықтан, құдды біздің орысша оқығандар сияқты. Қытайша ойлайды, қытайша сөйлеседі, жан-дүниесі қытай әлеміне жақын. Сондықтан, бір қазақты құтқарсам деген ойға тоқтадым. Сөйтіп, қытайша оқыған «мин кау хан» қызбен бас құрауға тура келді. Саналы түрде таңдау жасадым.
2005 жыл болатын. Үрімжіге жаңадан барған кезім. Қаңтар айы. Құрбан айт. Бір досым екеуміз Үрімжі қаласында тұратын, радиода жұмыс істеген кісінің үйіне айтшылап бардық. Сол үйде отырғанда екі қыз айттап келді. Оның бірі – Айгүл деген Іленің қызы. Қазақша оқыған. Қазақ классиктерін түгел оқыған, Мұқағали мен Мұхтарларды жатқа соғатын қыз. Екіншісі – «мин кау хан» қыз. Есімі – Нұргүл (атын өзгертіп алдық). Қытайға бір есеппен барсам да, Нұргүлді бір көргеннен ұнаттым. Таныстық. Ол жерден шығып, бәріміз Бағдат Естемес деген композитор кісінің үйіне айтшылап бардық. Қысқасы, сол күні Нұргүлді іштей жақсы көріп қалдым. Ертесі досыма қолқа салып, қыздардың үйіне айтшылап баратын болдық. Нұргүл Морый деген ауылдан. Үрімжіде жазушы ағасының үйінде тұратын. Сол үйге айттап бардық. Мақсатым – отбасын, шыққан тегін танып-білу ғой. Қыз үйінде жоқ екен. Ағасымен танысып, әңгімелестік.
Арада біраз уақыт өтті. Қыз каникулге ауылына кетті. Айгүл деген құрбысы екеуміз ауылына іздеп баратын болдық. Қазақстанда үйленбей тұрып қыздың үйіне іздеп бару деген қылмыспен пара пар. Қыздың аға-бауырлары жеп қояды. Ал Қытайда олай емес екен. Нұргүлдің туған-туыстары мені Қазақстаннан келген қонақ деп қой сойып, асты-үстіме түсіп қонақ қылып, күтіп алды. Бір қызығы, туыстарының ешқайсы бұл неғып жүрген жігіт, біздің қызды іздеп келгені қалай? – деп айтпады. Тіпті көздерінде ондай бөтен сұрақ болған жоқ. Мені олардың сондай таза, кіршіксіз көңілі қатты қызықтырды. Нұргүлдің ауылында бірнеше күн еруледік. Тұсаукесер, сүндет тойға қатыстық. Жақсы демалыс болды.
Бұл арада Қазақстандағы жігіттер мен Қытайдағы қазақ жігіттерінің ерекшелігін айта кетейін. Біздің жігіттерде өркөкірек мінез басым. Қыздың саны көп болғасын ба, жігіттеріміз өзімшіл келеді. Менен басқа кімді табады? – деп қарайды. Ал ол жақтағы қыз-жігіттердің қарым-қатынасы бірдей. Мен Қазақстандағы түсінікпен ойласам керек, қайтар жолда Нұргүлге жақсы көріп қалғанымды бірден айттым. Өзіме қатты сенімдімін ғой. Бірақ ол маған жалт бұрылып қарап «Жоқ» деді. Тауым шағылғандай күй кештім. Қытайда екі-үш рет көре салып, жастар арасында бірден ондай қарым-қатынас орнап, сезім пайда болмайды екен. Сосын 24-25 жастағы студенттердің отбасын құруы ол жақта мүлде кездеспейтін жағдай. Оны қайдан білейін?..
Бірақ құрбылары араласып жатып, арақатынасымыз қайтадан жақсарды. Күндер өте келе ол да маған ғашық болды. Әңгіме оның туған-туыстарына жетті. Олар бірден қарсы болды. Өйткені, мен олар үшін Қазақстаннан келіп оқып жүрген көп студенттің бірімін. Оның үстіне, Нұргүл ағылшын-қытай тілдерін жақсы біледі. Жұмысқа тұрғалы жатқан. Бірақ біз қой дегенге қоймадық. Достығымызды жалғастырдық.
Көктемге қарай Нұргүл ауылына кетті. Отбасылық жиналыс болыпты. Бізді талқылапты. Туыстары тағы да үзілді-кесілді қарсы болды үйленуімізге. Бірақ әртүрлі себептермен кездесуімізді қоймадық. Жаз болды. Каникулге шықтық. Мен қыздың ауылына тағы да бардым. Әкесімен жолығып, күйеу бала ретінде сөйлесіп қайту ғой ойым. Әкесі намаз оқиды екен. Мен де намазханмын. Бірге намаз оқыдық. Сонда үлкен кісі «Мына бала Құдайдан қорқады екен. Қызымды берсем жаман болмас» деп ойлапты. Бірақ шеше орнына шеше болған үлкен жеңгесі қарсы болды. Тағы да бір аптадай ерулеп қайттым. Қазақстанға қайттым. Еуразия ұлттық университетіне жұмысқа тұрдым. Сол жылдың қысында Нұргүлді іздеп Үрімжіге, одан ары қыздың ауылына бардым. Сол жолы туысқандарының келісімін алып қайттым. Сөйтіп, 2006 жылдың 6 маусым күні Нұргүлмен үйленіп, Қазақстанға алып қайттым. Біз солай бас құрадық.

Жазып алған Жарас КЕМЕЛЖАН

04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз