
Италиядағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жүлдегерлер анықталып, жерлесіміз Михаил Шайдоров алтын жүлдені жеңіп алды деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Алматы қалалық Спорт басқармасының мәліметінше, қысқа бағдарлама нәтижесінде Михаил 92,94 ұпай еншілесе, еркін бағдарламада жоғары техникалық күрделілікті, мінсіз сырғанауды және нағыз чемпионға тән рухты паш етіп, 198,64 ұпай жинады. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпайға қол жеткізіп, Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бұл — 1994 жылдан бергі екінші алтын.
Лиллехаммер Олимпиадасында топ жарған шаңғышы Владимир Смирновтан кейін бірде-бір спортшы қысқы Олимпиадада алтын жүлдеге қол жеткізген емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Президент атлеттің отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуін тарихи маңызы зор жетістік ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жаттықтырушыларға, Конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясына және тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді.
Президент Олимпиада чемпионына толайым табыс пен жеңіс тіледі.

Ал туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен құттықтап:
«Бұл — талай жылғы тынымсыз еңбек пен табандылықтың, алға қойған мақсатқа деген сенімнің жемісі. Бүгін Михаил елге зор қуаныш сыйлап, отандық мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл жетістік жас спортшыларға шабыт беріп, елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді», — деді.
JQ-Aqparat