jasqazaq.kz

«Мифтен» арылу: Бізге керегі — прагматикалық көзқарас

09 шiлде, 23:27

Әйгілі әріптесіміз, Мәжілістегі белсенді депутат Ермұрат Бәпидің бүйрегі билікке бұрыла бермейтін «Дат» газетінде жарияланған мақаласы бүгінде қызу талқыда. Әдеттегідей, әлемжелідегі пікір әр түрлі. Біздің көкейге қонғаны – ел ертеңі, мемлекет мүддесі үшін алыста жатып, ақшамен айдап салатындардың айтағына ермеуге, сұрқия сөзді сапырып, алып-қашпа арандатумен шындықты бүгіп қалатындардың өтірігіне сенбеуге шақырғаны. Автор бұрмаланған ақиқат пен дүбара долбарды мифке теңейді. Мұндай боркемік болжам, дәйексіз дерек біраздан бері экономика тақырыбын да төңіректеп жүр.

Бір мысал. Күні кеше, осы мақала жарияланған тұста Трамптың «талайды естен тандыруы тиіс» импорттық тауарға салынатын жаңа салық мөлшері мәлім болды. Бізге бұйырғаны 25 пайыз. Сол-ақ екен, елдегі «бәрін білгіш» сарапшысымақтар бұл жаңалықты алақайлап жеткізді. Кейбірі, тіпті, «Қазақстанға зардабы орасан зор» немесе «Еуразиялық экономикалық одақтың зиянын енді көреді» деп соғып жіберді. Ал мәселенің мәніне үңілсек, елімізден Америкаға уран, мұнай, күміс жөнелтіледі. Оның үстіне, американ санкциясы осы экспорттық өнімдердің 95 пайызын айналып өтеді. Өйткені, уран мен мұнай АҚШ энергетикасына ауадай қажет. First America (Алдымен Америка) дейтін ұранмен Ақ үйге келген бизнесмен Трамп әуелі өз мемлекетінің мүддесін көксейді. Алдымен Сэм ағай пайда табуы тиіс. Ғаламдық демократия мен одақтастарды жарылқау — содан кейін.

Ұлттық мүддені қорғау Президент Қ. Тоқаевтың экономикалық саясатының табанды темірқазығына, өміршең өзегіне айналды. Ал экономиканы әртараптандыру аса маңызды әрі көкейкесті міндет. Өйткені, тек шикізатқа арқа сүйеп, биржадағы баға құлдырағанда қазба байлықтың «қарғысына» (resource curse) ұшыраған талайдың теперішке толы тәжірибесі көз алдымызда. Е. Бәпи өз мақаласында осы әртараптандыруды мойындағысы келмейтіндерге де тоқталады. Нақты дәлел мен көрсеткішті көлденең тартады. Бұл жерде, біздіңше, екі мәселеге ерекше мән берген жөн. Біріншіден, отандық экономиканы өркендету ғаламдағы геосаяси ахуал шиеленісіп, алпауыт мемлекеттер арасындағы текетірес әбден ушыққан кезеңге тап келіп отыр. Соның кесірінен санкция «соғысы», тариф «тайталасы» өршіп кетті. Мұның зардабы экономика мен қаржы жүйесіндегі екі жақты және халықаралық қарым-қатынасқа зиянын тигізіп отыр. Дайын өнім беретін жобаларға сырттан қаржы тарту қиындап кетті. Дәстүрлі тасымалды қамтамасыз ететін логистика бұзылды.

Міне, осындай соқтықпалы, соқпақсыз кезеңде Қазақстан прагматикалық ұстаныммен экономиканы жаңа жағдайға бейімдеп, терең өзгерістерді жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы сыртқы саясатты жандандырып, шетелден инвестиция тарту ісіне тікелей араласып отыр. Соның жемісі ретінде ірі жобалар іске аса бастады. Бұл мақалада айтылған тағы бір мифке кесімді жауап. Шикізатты (мұнай) кәдеге жаратып, сырттан әкелінетін авиабензинді енді өзімізде өндіріледі. Сол мұнаймен ілесе шығатын газдан пропилен мен полиэтилен өндірісі қолға алынды. Мұндай мысалдар жетерлік.

Екіншіден, логистика. Қазақстан теңіздегі сауда жолдарынан қиянда жатқан (landlocked country) мемлекет. Қазір сыртқа жөнелтілетін мұнайдың 80 пайызы терістік көрші өтеді. Санкция «соғысы» өнімді әлемдік базарға жеткізетін баламалы бағыт қажет екенін көрсетті. Осы мақсатпен, «Орта дәліз» яғни, Транскаспий бағытымен жүк тасымалдау қолға алынды. Рас, жүкті контейнерге тиеп, паром арқылы теңіздің арғы бетіндегі жеткізуді қажет етеді. Соған қарамастан, Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалында тиімді күретамыр екені анық. Қазақстан, сонымен қатар, Үнді мұхитына апаратын Солтүстік-Оңтүстік бағытына да айрықша мән беріп отыр.

Мәжіліс депутаты экономикамен қатар еліміздегі саяси реформалар мен әлеуметтік игіліктер жөнінде әңгімелейді. Мақаланың өн бойында Әділетті Қазақстанды құру әркімнен жаңаша ойлауды, терең білім мен еселі еңбекті талап ететіні, теріс әдеттен, сөз қуу мен беталды бөспеліктен (популизм) арылуды қажет ететіні жан-жақты қамтылған. Сонысымен де құнды.

Срайыл Смайыл   

 

 

 

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті