
Еліміздің өнеркәсіп саласы жаңа даму дәуіріне қадам басты. 2023–2029 жылдарға арналған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы мен 2025–2035 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы ел экономикасын әртараптандыруға, отандық өндірісті қолдауға және цифрландыруға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева Jas Qazaq тілшісіне әңгімелеп берді.
– Меруерт Талғатқызы, 2023–2029 жылдарға арналған Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың басты мақсаты мен негізгі бағыттары қандай? Соған сай индустриялық-инновациялық даму стратегиясының негізгі кванттық көрсеткіштерін атап берсеңіз.
– Тұжырымдаманың мақсаты өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасау болып табылады. Яғни, елімізде өндірілетін өнімнің сапасы мен тиімділігін арттыруға жағдай жасау көзделген.
Құжатта нақты 4 негізгі көрсеткіш бар:
1.Еңбек өнімділігі – 2029 жылға дейін бір жұмысшының өндіріс тиімділігін 82 мың АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланған. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 55 мың доллар.
2.Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны (ЖҚҚ) – 2029 жылға дейін 31,5 трлн теңгеге жетуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 17,8 трлн теңге.
3.Өндіріс көлемінің өсу қарқыны – 2029 жылға қарай 106,5 пайыз болуы жоспарланған. Қазір 104,8 пайыз деңгейінде.
4.Инвестициялар көлемі – өңдеуші өнеркәсіпке салынатын инвестиция 2029 жылға дейін 3,5 трлн теңгеге жетуі тиіс. Қазір шамамен 2,4 трлн теңге.
Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет 42 нақты шара қабылдайды. Мақсат – өңдеу өнеркәсібін дамытып, еліміздің экономикасын тұрақты әрі технологиялық тұрғыда қуатты ету.
Жалпы бұл тұжырымдама Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сай әзірленген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз жұмысын осы ұлттық жоспарға сәйкес жүргізеді. Барлық нәтиже — инвестиция көлемі, жаңа жобалардың іске қосылуы, экспорт пен жұмыспен қамту көрсеткіштері — ай сайын бақыланып, есепке алынады.
— Министрлік шетелдік және отандық инвесторларды тарту үшін қандай нақты қолдау құралдарын (субсидия, салықтық ынталандыру, кепілдіктер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік) ұсынады және осы құралдардың тиімділігін қалай өлшейсіздер?
— Инвестиция тарту ісімен елімізде сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитеті айналысады. Қазір Қазақстанда инвестиция салушыларға арналған бірнеше түрлі келісім мен қолдау тетігі бар. Ең алдымен ол инвестициялық келісімшарт. Бұл келісім инвестор мен Қазақстандағы компания арасында жасалады. Келісімге қол қойған компаниялар бірқатар жеңілдіктер алады. Атап айтқанда, кедендік баж салығынан босатылады. Өндіріс үшін қажет шикізат пен материалдарды ҚҚС-сыз (қосылған құн салығынсыз) әкелуге мүмкіндік беріледі.
Мемлекеттен тегін заттай грант (жер, ғимарат және т.б.) берілуі мүмкін.
Сондай-ақ ірі жобалар үшін – 8-10 жылға дейін салық жеңілдіктері мен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беріледі.
Екіншісі — Арнайы инвестициялық келісімшарт. Бұл келісім инвесторларға қосымша салықтық және кедендік жеңілдіктер береді. Атап айтқанда, шикізат пен материалдарды баж салығын төлемей әкелуге, дайын өнім құрамындағы тауарларға ҚҚС төлемеуге және ауыл шаруашылығы техникасы мен көлік құралдарын құрастыруға қажетті бөлшектерді ҚҚС-сыз импорттауға мүмкіндік бар.
Үшіншісі — үлкен көлемдегі инвестициялық келісімдер. Мұндай келісімдер ірі инвесторлармен жасалады. Егер инвестиция көлемі кемінде 7,5 млн АЕК болса – СОИ жасалады; Ал егер 75 млн АЕК және одан көп болса – СИО келісімі қолданылады. Бұл келісімдер инвесторларды 10 жылға дейін салықтан босатуға, кедендік бажды алып тастауға және заң тұрақтылығын (салық ережелері өзгермейді) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда жалпы 31 СОИ келісімі бар, олардың 20-сы тек 2025 жылы жасалған, жалпы құны – 18,6 млрд теңге.
Төртінші — жақсартылған модельдік келісімшарт. Бұл – инвесторлардың жұмысын жеңілдетуге арналған жаңа форматтағы келісім.
Инвесторлардың мәселесін жедел шешу үшін Үкімет деңгейінде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әр өңірде әкімдердің басшылығымен жергілікті инвестициялық штабтар құрылды. Прокуратура да инвесторлардың құқықтарын қорғап, жобалардың заңды әрі қауіпсіз жүруін бақылайды.
Бесінші — Арнайы экономикалық аймақтар. Инвесторлар арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істесе, қосымша жеңілдіктер алады:
* жер және мүлік салығы — 0% (7–25 жыл аралығында);
* кедендік және ҚҚС жеңілдіктері;
* жерді сатып алу құқығы;
* шетелдік мамандарды квотасыз тарту мүмкіндігі.
Бұл – инвесторларға еркін жұмыс істеуге және қазақстандық қызметкерлерді оқытып, тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.
— Ішкі нарықты отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл бағытта қандай жаңа тетіктер енгізілуде?
— Елде ішкі нарықты дамыту және отандық кәсіпорындардың жұмысын толық жүктеу – басты мақсаттардың бірі. Бұл бағытта қазақстандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігі кеңейтілуде.
Индустрия және құрылыс министрлігі жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 4 мыңнан астам шетелдік тауар түрін мемлекеттік сатып алу тізімінен алып тастады. Енді бұл тауарлар тек қазақстандық компаниялардан басымдықпен сатып алынады. Мұндай шаралар отандық өндірістің дамуына жағдай жасап, шетелдік компаниялардың мемлекеттік сатып алудағы бәсекесін шектейді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, офтейк-келісімшарттар аясындағы тауарларды бір көзден, яғни тікелей отандық өндірушіден сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жүйе қазақстандық кәсіпорындарға өз өнімдерін конкурссыз сатуға жол ашады.
2024 жылғы 19 мамырда қабылданған заң аясында ірі тапсырыс берушілер – жер қойнауын пайдаланушылар, квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополиялар субъектілері – отандық кәсіпорындармен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға және «елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын» енгізуге міндеттеледі. Бұл бағдарлама ел ішіндегі өндіріс үлесін арттыруға және жергілікті тауар өндірушілерді, соның ішінде құрылыс саласын қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар, енді Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілерінің бірыңғай тізілімі жасақталады. Осы тізілімге енген компаниялар мемлекеттік қолдау шараларына және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына басым қолжетімділікке ие болады.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатында алдағы үш жылда реттелетін сатып алулардағы офтейк-келісімшарттардың үлесі кем дегенде 60 пайызға жеткізілмек. Бұл отандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыруға және жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
— Министрлік жаңа табылған сирек земет металдары мен басқа да стратегиялық қорларға қатысты «өнеркәсіптік тізбекті» қалай дамытуды жоспарлап отыр? Кенді барлау мен өндіруден бастап, жоғары үлестік өңдеу, металдардың дайын өнімге айналуына дейінгі технологиялық және инвестициялық жол картасы бар ма? Қандай халықаралық серіктестерді тартасыздар және бұл жобалардың жергілікті жұмыс орындары мен экспорттық әлеуетіне әсерін қалай болжайсыздар?
— Қазіргі уақытта Қазақстан сирек кездесетін металдарды өндіруде негізгі құзыретке ие. Көпвекторлы саясатты ұстана отырып, еліміз соңғы екі жылда аймақтық форматта да, екіжақты деңгейде де маңызды шикізат минералдарына (КСМ) қатысты бастамаларға белсенді қатысып келеді. Мұны Еуропалық Одақпен (2022 жылдың қарашасы), Ұлыбританиямен (2023 жылдың наурызы) және Франциямен (2023 жылдың қазаны) маңызды минералды ресурстар саласындағы стратегиялық серіктестіктер туралы меморандумдар мен жол карталарына қол қою растайды. Маңызды минералды ресурстар кездесетін жерлерді геологиялық зерттеу бойынша АҚШ және Оңтүстік Кореямен жұмыс жүргізілуде. 2023 жылдың желтоқсанында маңызды шикізат тізімі бар 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстанның сирек кездесетін және сирек кездесетін жер металдары өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстан 2024 жылы Mineral Security Partnership (MSP) толыққанды мүшесі болды және маңызды минералдар мен металдардың жаһандық жеткізілім тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын. Елде бұл үшін барлық қажетті алғышарттар, соның ішінде әртараптандырылған минералды-шикізат базасы, инфрақұрылым, адами капитал және жоғары біліктілік, сондай-ақ дамыған Midstream индустриясы бар.
— Министрлік өнеркәсіптің цифрландыруы, R&D коммерцияландыруы және «жасыл» декарбонизация (жеңілдетілген көміртексіз өндіріс, жаңғыртылатын энергияны интеграциялау, жасыл жұмыс орындары) бойынша нақты шараларды қандай мерзімде енгізеді? Сонымен қатар — білім беру және біліктілік бағдарламалары (жасыл және цифрлық дағдылар) индустрияның қажеттіліктеріне қалай сәйкестендірілуде?
— Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрі өнеркәсіпті цифрландыру және осы саладағы кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған кешенді шараларды іске асыруда. Негізгі құралдардың бірі – индустрия және құрылыс министрлігі мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп бекіткен ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллектінің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі 2025–2026 жылдарға арналған жол картасы болып табылады. Аталған құжат шеңберінде кәсіпорындардың цифрлық жетілу деңгейін диагностикалау, пилоттық алаңдарды іріктеу, салалық ұсынымдарды әзірлеу және табысты цифрлық шешімдерді, соның ішінде предиктивті талдау, мониторинг және өндірістік процестерді интеллектуалды басқару жүйелерін тираждау көзделген. Цифрландыруды жүйелі дамыту және табысты тәжірибелерді масштабтау мақсатында Жол картасы аясында елдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының қатысуымен 41 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «СарыарқаАвтоПром», «Қазақмыс», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазцинк», ERG, «АК Алтыналмас», KAZ Minerals тобы, «Solidcore Eurasia», «Кайнар-АКБ», «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және басқа да компаниялар бар. Министрлік «QazIndustry» акционерлік қоғамымен бірлесіп, өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау және Индустрия 4.0 технологияларын енгізу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу және сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда 80-нен астам өнеркәсіптік кәсіпорын үшін ұсынымдар дайындалды. Оған ағымдағы цифрландыру деңгейін талдау, цифрлық шешімдерді енгізу бағыттарын айқындау және кезең-кезеңімен жүзеге асыруға арналған жол карталарын әзірлеу кіреді. Өнеркәсіп өкілдерінің цифрлық құзыретін арттыруға ерекше назар аударылуда. 2025 жылы түрлі салалардағы 400-ден астам кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жеті оқыту вебинары өткізілді. Вебинарларда зертханалық қызметті цифрландыру, машина жасау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, киберқауіпсіздік, өнеркәсіптік роботтарды енгізу, ERP-жүйелер мен SCADA-платформаларды пайдалану тақырыптары қамтылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін жасанды интеллект технологияларын енгізудің практикалық аспектілеріне арналған қосымша вебинарлар өткізу жоспарлануда. Олардың ішінде генеративті AI, компьютерлік көру, предиктивті талдау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде виртуалды шындықты пайдалану тақырыптары қарастырылатын болады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық