Менің Шаһизадам

07 қазан 2016, 16:35

Оның есімін біз мектепте оқып жүргенде білетінбіз. Біресе Ш.Әбдікәрімов, біресе Шаһизада Әбдікәрімова болып, республикалық газеттерге, әсіресе «Қазақстан пионеріне» өлеңдері мен мақалалары жиі-жиі шығып тұратын. Айналасы теп-тегіс, жүрекке жылы тиетін балауса жырлары қанаттап келіп көкейге қона қалатын. Жазғандарын оқып, япыр-ай, бұл қандай ақын екен, түрі қандай, жасы нешеде екен деп, сырттай әсерленіп, бір көруге ынтық болып жүретінбіз.

sha__izada-__bd-k__r-mov

1974 жыл. Тамыз айының 23-жұлдызы. Бұл – болашақта журналист, қара қылды қақ жарған әділдіктің жаршысы болам деген талапкерлердің өміріндегі ең қуанышты күн. Өйткені журналистика факультетіне оқуға түсу ол жылдары оңай емес еді. С.М.Киров атындағы мемлекеттік университет Қазақстандағы маңдайалды жалғыз жоғары оқу орны болғандықтан, бір орынға талапкер саны 40-50 баладан, тіпті одан да асып түсетін. Ал факультеттің қазақ бөліміне қабылдайтыны 50-ақ студент. Бұл оқу орнынан басқа жерде (қазіргідей кез келген облыста емес) журналистика факультеті жоқтұғын. Сондықтан еліміздегі, қала берді Кеңес одағының барлық аймағындағы қазақтардың журналист болам деген қара домалақтары осы университетке келіп, бақтарын сынайтын.
Осы күні бәріміз университеттің (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы өнер институты) бас ғимаратының 364-аудиториясына жиналдық. Деканымыз Темірбек Қожакеев оқуға түскендердің тізімін топ-топқа бөліп, саңқылдап оқып тұр. Көп ұзамай «Әбдікәрімов Шаһизада» деді шекесі жылтыр деканымыз. Жұрттың бәрі бірден шуласып, ду қол шапалақтады. Декан сәл кідіріс жасап, «не үшін бұлай ерекше құрмет көрсеттіңдер» дегендей аңтарылып тұрып қалды. Жиналғандардың бәрі «ақын-ақын» деп жарыса жамырады. Дәрісхана толы қалың көпшіліктің назары ортада түрегеліп тұрған сары балаға қарай ауды. Мен де солай қарай көзімнің қиығын тастадым. Маңдай шашын оң қолымен сипалап, ұялшақ баладай имиіп тұр екен. Ал Темкең болса «ақын болсаң көрерміз» дегендей тесіле бір қарап, тізімді одан әрі қарай жалғастыра берді.
Әрине, журфакқа түскендердің бәрі осал қыз-жігіттер емес. Сөзге, жазуға келгенде шетінен кілең «сен тұр, мен атайындар». Араларында тек газетке бірыңғай мақала ғана емес, әңгіме, өлең жазып, ерте танылғандары баршылық. Алайда солардың ішінде Шаһизаданың есімінің айрықша аталуы сол кездегі студенттердің бәрінің есінде осы уақытқа дейін ерекше сақтаулы. Мұндай құрмет, құдай біледі, Шаһизададан басқа бұрын-соңды ешкімге көрсетілмеген де шығар. Өйткені ондай жағдаятты осы кезге дейін өз басым естігенім жоқ.
Менің кіндік кескен жерім Қызылорда облысымен көршілес жатқан Қарақалпақстанда, арқа тұстағы Қазалы, Қармақшы аудандарымен шекаралас Тақтакөпір ауданында. Сол жақта туып-өстім, білім алдым, ержеттім. Жұрттай кітап оқудан алдыма жан салмадым деп айта алмаймын. Қолыма ілінгенін оқыдым. Өйткені жас кезімізде біздің елге қазақша басылымдар сирек келетін. Есейе келе қызықты кітаптарды іздеп жүріп оқыдық. Не болмаса «Книга-пошта» мекемесі арқылы жаздырып алатынбыз. Ал көзі тірі белгілі ақын-жазушы дегендерді мектеп бітіргенше бірде-бір рет көрмедік, білмедік. Тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі Алдамұрат Базаров деген ұстазымыз болды. Сол кісінің аздап ақындығы бар. Сабақты керемет түсіндіреді. Әдебиет кітабындағы ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа оқитын. Ұстазымыздың ықпалымен бесінші сыныптан бастап жұрт қатарлы көктем, жаз, күз, қыс мезгілдеріне арнап мен де өлең жаздым. Жазғандарымның «денсаулығы» жарай ма, жарамай ма, оны анық білмеймін. «Осылай жаза бер, жарайсың» деп, ұстазымыз «бес» қойғанға, «е, мен ақын екенмін» деп мәз болатынмын өзімше. Ауылға ара-тұра Қазақстаннан концерттік топтар келіп тұрады. Соған тайлы-таяғымыз калмай тегіс барамыз. Қазақша айтылған әндерді, домбырамен шертілген күйлерді тыңдап, төбеміз көкке жеткендей бір серпіліп қалатынбыз. Әсем әуенді радиодан қанша естігенмен, әртістерді көзімізбен көріп, тыңдау – ол жылдардың бөлекше қуанышы. Осындай ортада өскен мен үшін көзі тірі ақын Шаһизаданы алғаш көруім – өмірімдегі ең ұмытылмас сәт шығар…
Біз университетте бір апта оқыдық. Содан соң Алматы облысының Шелек ауданындағы ауыл шаруашылығы жұмысына аттандық. О жақ, бұ жағы бір ай сонда болдық. Бәріміз бірге жүріп, жатақханада бірге жатып, бір-бірімізбен етене таныстық, білістік. Бір қыз, бір жігіт жұптасып күнде жүзім тереміз. Бір-бірімізге оқыған кітаптарымыз, қызықты киноларымыз жайлы айтамыз. Әсіресе журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы аузымыздан түспейді. Ондағы журналист Ерболға ұқсап, адал әрі жазғыш журналист болсақ деп армандаймыз. Ақындардың ішінен Төлеген Айбергеновті көбірек тілге тиек етеміз. Көп студент оның өлеңдерін жатқа оқитын.

454545

Кештетіп ән саламыз, би билейміз. Одан қала берсе, әркім шығарған өлеңдерін оқып, түннің бір уағына дейін тыным болмайтын. Туған күндерді де құр өткізбедік. 16 қыркүйек Шаһизаданың туған күні екен, оны да тапқан- таянғандарымызды жинастырып атап өттік. Сол жолы ол бір емес, бірнеше өлең оқыды. Студенттердің бәрі тамсанып, риза болды. Өлеңдерінің аты есімде жоқ, ұмыттым. Бірақ:

«Кейде-кейде жылатып алмаса егер,
Мен өмірді өмір деп танымас ем», –

деген жыр жолдары жадымда қалып қойды. Ең болмаса біздердей сақа жігіт те емес, кіп-кішкентай, шыбықтай баланың үлкен кісілердей пәлсапалық сөз саптауын естігенде, ақын деген осындай болады екен ғой деп топшыладым. Ал менің мектептегі мұғалімім А.Базаровтың ақын боласың деп арқамнан қағып, марапаттағанына малданып, ара-тұра ана, туған жер, қыздар туралы бірдеңелерді түртпектеп жүргенім жәй әшейін далбаса болып шықты. Мынадай керемет ағып тұрған ақынды көргенде, менікі бос әурешілік көрінді. Одан да мақала жазып, журналист болғаным абзал шығар деп, осыдан кейін іштей өлеңмен біржола ат құйрығын кесісуге бел байладым.
Бұған дейін бұрын-соңды үйден сыртқа шығып көрмеген әрі жалғыз, тұйықтау өскен мені Шаһизада сөзге айналдырғыш. «Қызың бар ма, оған қандай өлең жаздың?» деп мазалайды. «Менің өлеңдерім қандай, мықты емес пе?» дейді. Екі сөйлеу, өтірік айту, көлгірсу қанымда жоқ. «Кешегі өмір туралы өлеңің жақсы екен, маған ұнады» дедім бірде. Жақсы сөзді кім жек көрсін, ол дереу қанаттанып, өлеңдерін тағы да үсті-үстіне оқи жөнелді. Ой, шіркін, ағып тұр. Іркілу, мүдіру қайда?! Оның үстіне білмейтіні, оқымаған кітаптары да жоқ секілді. Өзіміздің қазақ әдебиетінің алыптар тобы – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароковтардан тысқары Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергеновтердің жырларының бәрін жатқа біледі. Сергей Есенин, Анна Ахматова сияқты орыстар түгілі, шетел әдебиеті қаламгерлерінің шығармаларынан да құр алақан емес. Жюль Верн, Даниель Дефо, Вольтер Скот, тағы басқалардың кітаптарын бүге-шүгесіне дейін түк қалдырмай баяндағанда, біздер аузымызды ашып, көзімізді жұматынбыз. Нағыз дайын тұрған ақын, келешекте үлкен ағаларындай мықты болады деп, іштей ой кешетінмін оңашада. Азғана күннің ішінде екеуміз бір-бірімізге ағалы-інідей болып сіңісіп кеттік. Сөйтіп жүргенде, жүзім теру науқаны аяқталып, Алматыға қайтатын болдық .
Қайтарға шамалас: «Із-аға, екеуміз бірге тұрайық, өлең жазуға пәтер қолайлы болатын шығар» деді. Аңқылдаған ақкөңіл, ашық, ішіндегісін түк қалдырмай айтып, сайрап тұрған адамды кім жек көрсін. Келістім. Алматыға оралғасын қаланың «Таулы қырат» жақтағы абитуриент кезімде жатқан біреудің үйінде пәтер жалдап бірге тұрдық. Алғашқы студенттік кез. Күнде лекция. Әр оқытушы келіп жанымызды алып кетеді. «Менің сабағымнан бір күн қалсаң болды, есігімді ашпай-ақ қойыңдар» дейді. Жасыратыны жоқ, кейбіреулері жайбарақат. Қорқыту, үркітуден аулақ. Ондайларды жақсы мұғалім екен деп қоямыз. Стипендия бар. Ата-анамыз бізден несін аясын, ет-балықтарын поштамен жіберіп тұрады. Соны үнемдеп пайдаланамыз. Шаһизада асхана жұмысына, мендей емес, өте олақ. Ас пісіру, шай қайнату, тіпті кір жуу да менің мойнымда. Ізіме ерген інімдей көріп, оған осылайша қолымнан келген бар жағдайды жасауға тырыстым. Студент емеспіз бе, кейде лекциядан соң немесе демалыс күндері сыралатып та қоямыз. Шаһизада шабыт қысқан кезде, түнгі уақытта, аядай бір бөлмеде қаламды қолына алады. Темекісін дамыл бермей сорып, құрқылтайдың ұясындай кішкентай бөлменің ішін көк түтінге толтырады. Өзім шекпесем де, мен де онымен теңдей сол түтінді жұтып, кейде көзім удай ашиды. Тіпті болмағасын, қожайын көрсе айғайлайды деп, терезенің көзін ашамын. Сондай кездері ол, таңқаларлығы, бір өлең үшін ұзақ уақыт бас қатырып, қайта-қайта шимайлап, онша көп уақыт кетірмейді. Ақ жауындай нөсерлетіп, төгіп-төгіп тастайды. Сөйтеді де, қисайып жатқан мені түртеді. Содан оң қолын сермеп, шығарған өлеңін бастан-аяқ оқиды. Ұйқылы-ояу тыңдаймын. Жарықтық өлеңнің не екенін Шаһизададан біліп жүрген мен қалай одан мін табайын. Бәрі орны-орнымен қаланған кірпіштердей көрінеді. Арасынан саңылау табу мүмкін емес сияқты.
Осылай ҚазМУ-де оқып жүргенде Шаһизаданың өлеңдері «Көктем тынысы» деген ұжымдық жинаққа шықты. Ішінде біраз ақындар бар екен. Көбісі ересектеу. Ең жасы менің Шаһизадам екен. Ол заманда бірдеңең басылымға шықса болды, жуу деген «салт» бар еді, бізде одан құр қалмадық. Оның үстіне тұңғыш рет кітапқа еніп отыр. Ақын үшін одан өткен қуаныш бар ма? Қаламақы қолға тиісімен, сабақтан соң, сыраханаға тарттық. Жұрттың бәрі көп жиналатын «Шахта» аталып кеткен кафеде әуелі сыралатып, соңғы жағын шарапқа ұластырдық. Біраз сілтеппіз. Шыққасын, қайдан тап болғанын ит білсін, «қызыл жағалылар» шап берді. Әй-шайға қаратпастан мәшинесіне салып, дырылдатып алды да кетті. Айықтырғышқа әкеліп қамады. Менде зәре жоқ. Өліп-талып түскен оқудан кеттім ғой деп ойладым. Ал, Шаһизада болса айғайлап, «сендер итсіңдер, оңбағансыңдар» деп, бөлмені басына көтерді. Қой десең, қоймайды. Сонымен не керек, азанда қалтамыздағы құжаттарымыз бойынша тексеріп, бәрін жазып алып, босатып жіберді. Бірақ ішіміз иттей ұлиды. Ішкен асымыз батпайды. Құр сүлдеріміз жүр. Сөйтіп, оның ізінен «қара қағаз» келді. Естуімізше, енді оқудан шығарылады екен. Оқуға түстік, студенттік арманымызға қол жеткіздік деп жүрген аптығымыз су сепкендей басылды. Бұған тек мен емес, бүкіл курс студенттері қайғырып, қара жамылғандай күй кештік. Жиналысқа салып, мықты ақын, талантты жігіт деп, алып қаламыз ба деп үміттендік. Онымызға декан көнбеді, айтқанынан қайтпай, безірейіп тұрып алды. «Маған ақынның керегі жоқ. Біз журналист даярлаймыз» деп, ректордың бұйрығын дәлізге іліп қойды. Қолдан келер шама қайсы? Туған інімдей болып кеткен Шаһизаданың оқудан шығарылуы қабырғама қатты батты. Әркімнің кеңесі бойынша бармаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Сөйтсек, амал қанша, олардың көбінің күші деканға келмейді екен.
Шаһизаданы жұрттың бәрі аяп жүр. Дарынды жігіттің, талантты ақынның сенделіп сарсаңға түскені олардың да жандарына батады. Бәрі орнына келер деп, көңілін көтеру үшін кейде сыралатамыз бірге. Соған аз да болса малданамыз. Басқа не шара келеді қолдан? Екінші курстан соң мен Шаһизаданың ауылы – Энгельс атындағы ұжымшарға бірге бардым. «Ел- жұрт менің оқудан шығып қалғанымды үйге жеткізсе, әке-шешеме оңай соқпас. Сондықтан екеуміз бірге оқып жатырмыз деп айтарсың» деп қиылды. Үйіне келдік, әкесі Өтетілеу қарт ғажап жан екен. Айналып толғанып, менің қасымнан шықпайды. «Қарағым, балама аға бол, қамқор бол, көзіңді сала жүр» деп, күнде әкелік ақ тілегін айтады. «Әкем сені «мына бала тау қозғалса да қозғалмайтын бала екен» мақтап жатыр» деп Шаһизада да жоңышқа орып жүріп жеткізеді маған. Жаман болғаным жоқ, атаның ақ батасын алып, бір аптадай жатып, елге қайттым. Бірақ ішім алай-дүлей, маза жоқ. Құдайым-ай, менің Шаһизадам оқуына тезірек қабылданса екен деп күні-түні тілек тілейтінмін ауылда жүріп.
Қырқүйекте оқу басталды. Шаһизада да ауылынан келді. Тағы да оқуға қайта қабылдаудың жолын іздедік. Тек қасында қатар, серік болып жүргенім болмаса, менен қайран жоқ.
Бір күні Шаһизада қуанып келді. Жоғары және арнаулы білім министрлігі бас басқармасының бастығы, өзімен бірге «Көктем тынысы» ұжымдық кітабына шыққан Шайсұлтан Шаяхметовтың ықпалымен оқуға қайта қабылданатын болыпты. Бәріміз бөркімімізді аспанға аттық. Көптен күткен қуанышымызда шек жоқ еді. Тек бізден бір курс төмен оқитын болыпты. Бұған дейін де талай редакциялардың есігін теуіп ашып кіретін тентек Шаһизаданың өлеңдері осыдан соң газет-журналдарда жиі көріне бастады. Енді өлеңнен гөрі көлемді шығарма жазуды қолға алды. Бір жатақханада жаттық, бірге тұрдық. Кітап көрсе болды, оның әдеті, бас салады. Жұрттай ежіктеп, қайта-қайта оқып отырмайды. Судырлатып, лезде қағып тастайды. Жақсыны жақсы дейді, ұнамаса, осы да кітап па деп лақтырып жібереді. Курстасымыз, қазіргі белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашов екеуі мен аулымнан алып келген қарақалпақтың үлкен жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлепберген Қайыпбергеновтың «Қарақалпақ қызы» романын аударайық деп құда түскені бар. Қарақалпақ тілі қазақ тілінен аумайды екен деп таласып-тармасып оқып жүрді. Шаһизада кейін өзіне ұнаған қарақалпақтың бірнеше шайырларының өлеңдерін де тәржімалады.
1977 жылы қысқы каникулда Қарақалпақстанға, менің үйіме бірге келді. «Табиғаты да, жері де, халқы да, қонақжайлылығы да біздің Қызылордадан аумайды екен» деп, өте риза болды сол жолы. Достарымның бәрі түгел үйлеріне шақырып, барын алдына қойып, құтты қонақ келгендей қуана күтті. Бұрын-соңды мұндай тірі ақынды көрмеген олар да бір жасап қалды Шаһизаданың жырларын тыңдап. Оның бержағында білмейтіні де жоқ қой оның. Сөзге де жүйрік, сауаты замандастарынан оқ бойы озық тұратын.

464646
Маған ұнаған ерекше бір қасиеті – адамдарды алаламайды, жатырқамайды, Кез келген кісіні магниттей бауырына тартып алады. Осал жері – мендей емес, адамдарға сенгіш. Алайда, ренжісіп, көңіл қалыспаққа барысса, онымен жуық арада татуласу қиындау. Осыған қоса тағы бір айтарым – жаны жомарт. Қолында бірдеңе, қалтасында ақшасы болса, сұраған кісіге, алды-артын ойламай, бере салады. Әрине, мен ондайда қарап қалмаймын, бір-екі көйлек бұрын тоздырғандығым бар емес пе, «енді қалай күн көреміз» деп, біраз жер-жебіріне жетіп, сілкіп аламын. Қателігін түсініп, кейін ойланады… Осы күндері ауылдас достарыммен кездесе қалсам, «баяғы ақын досың қайда, тірі болса, бір жерді тесіп шығатын жігіт еді, кітаптары бар ма» деп сұрап қояды.
Алайда ол шуақты күндер ұзаққа бармады. Денесінің қызуына қосылған қырық градус пен асау мінезінің кесірінен тағы таяқ жеп, оқудан шығып қалды. Бұл жолы оңай болмады. Пана іздеп талай жерге барды. Жазушылар одағын да жағалады. Өмірде жақсы адамдар көп қой, солардың ықпалымен Шаһизада факультетке қайта қабылданды да… Оның бәрін жіпке тізе бергеннен ешнәрсе шықпас. Біраз қиындықтарды бастан кешкені ақиқат. Біз сабаққа кеткенде жападан жалғыз пәтерде қалу оңай емес. Ішіміз удай ашитын. Қалай десек те, басымызды қосқан Алматыда өткен бес жылды ол, кейбіреулер айта беретіндей, сауық-сайран, сергелдеңмен өткізген жоқ. Рухани азық, мол білім алды. М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының барлық қойылымдарына алғашқы сәтінен бастап қалмай баратын. Жұрттың көбі бара бермейтін Абай атындағы опера және балет театрының да мықты көрермені бола білді. А.С.Пушкин атындағы (қазіргі ұлттық) кітапханаға барып, біраз нәрсені оқыды, білмегенін үйренді, тарихқа зер салды. Көптеген достар тапты, атақты ақындармен танысты, білісті. Оларға өзінің талантты екендігін дәлелдеді. Әдеби кештерде жастар «Шаһизада өлең оқысын» деп, түрегеліп тұрып алатын. Қыздар жағы ауыздарының суы құрып, онымен танысуға, өлеңдерін тыңдауға құмартатын. Мұндай сый-құрмет қазақтың барлық жас ақындарының маңдайына бітпеген шығар, бәлкім. Алайда оның астарлап жазатын ауыр өлеңдерін кез келген адам толық түсіне бермейтін, елдің бәрі жаттап алуға қолайлы емес. Өзіндік стилі, айтары бар таңғажайып ақын. Өмірлік кредосы – бесігінен шыққан жолдың бейітіне дейін аман жеткізуін қалап, тінін үзбей, сақтап келеді.
Шаһизаданың жас кезінде жазған «Сырғанақ» деген өлеңі бар еді. Қыс күндері сырғанақ теуіп, ойнап жүрген балалық дәуренді суреттей келе:

«…Барар едім… өзім шыққан биіктен,
Бұл күндері сырғанағым келмейді», – дейді.

Рас, сөз өнерінің құдіретін терең түсінген жан ғана осылай дей алады. Ол ешуақытта да өз биігінен төмендеген емес. Менің іні-досым осындай!

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ,
Қарақалпақстанның
еңбегі сіңген журналисі

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала