Елдегі инфрақұрылымды тұрақты түрде дамытып, жаңғырту үшін орасан қаржы керек. Бұл орайда көп жыл бұрын енгізілген Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) осы саладағы жобаларды жүзеге асыруда тиімді құралға айналғанын айту керек. Осы кезге дейін МЖӘ шеңберінде негізінен жергілікті деңгейде және әлеуметтік саладағы шағын жобалар іске асты. Дегенмен соның өзі отандық МЖӘ саласының қалыптасып, аяқтан тұруына ықпал етті. Мол тәжірибе жинақталды. Уақыт өте, МЖӘ туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігі туындады. Бұл жоспарлау процесін тиімді де ашық ету үшін керек болды.
Ұлттық экономика министрлігі инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметовтың айтуынша, сондай маңызды өзгерістің бірі МЖӘ келісімін жасауда міндетті конкурс рәсімінің өткізілуі. Қазір ол цифрлық форматқа көшірілген.
Ә.Шаяхметов: «МЖӘ шеңберінде мемлекеттік сатып алудың стандартты рәсімін айналып өтуге жол бермеу үшін жоба инвестициясы мен оның жүзеге асырылуына қатысты қатаң талаптар белгіленді. Жеке меншіктің әлеуметтік салада нысандар салуын ынталандыру мақсатында МЖӘ-ны дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданды. Оған білім, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау саласына бағытталған 43 жоба енді», — дейді.
Оған қоса, биыл жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, МЖӘ саласындағы нормативтік базаны біріктіруге арналған өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «Мемлекеттік жеке меншік серіктестік туралы» және Концессиялар туралы» заңдар біріктіріледі. Бұл бірыңғай және түсінікті құрылым құруға септігін тигізеді.
Қазақстан Мемлекеттік жеке меншік әріптестігі орталығының басқарма төрағасы Асылан Қалиғазин келісімшарттарды топтастыру барынша қарапайым етілгеін айтады. Соған сәйкес, барлық келісім «МЖӘ келісімшарты» деген бір ғана атауға біріктіріліп, концессия және сервистік келісімшарт деген түрі ғана көрсетіледі. А.Қалиғазиннің пікірінше, бұл жалған келісім жасауға жол бермейді, әрі МЖӘ-нің қазақстандық моделін шетелдік инвесторлар үшін түсінікті етеді.
Сондай-ақ МЖӘ ұсынатын барлық жобалар екі кезеңді конкурс рәсімі арқылы жүзеге асады.
Бұл орайда Асылан Қалиғазин: «Бұрын мұндай конкурстар өте сирек, тек негізгі, республикалық деңгейде өтетін. Ал халықаралық қаржы институттары екі кезеңмен өткізу маңызды екенін айтады. Өйткені ол барынша оңтайлы техникалық, технологиялық және қаржылық шешімдерді таңдауға мүмкіндік береді», — дейді.
Жобаны дайындау сапасын жақсарту мақсатында МЖӘ саласындағы кеңесшілер мен сарапшылардың аккредитациясы енгізілді. Мұны ұлттық экономика министрлігі іске асырады.
Айта кеткен жөн, МЖӘ келісімшартының басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты. Бүкіл келісімнің 90 пайызы солардың үлесінде. Мәселен, елімізде МЖӘ тетігі енгізілгеннен бері 3,4 трлн теңгеге 1200 келісімшарт жасалған. Тек өткен жылдың өзінде 54 келісім жасалса, едәуір бөлігі Атырау және Түркістан облыстарындағы мектеп асханаларын жаңғыртумен байланысты.
Ағымдағы аса ірі жобалардың ішінде Алматы облысындағы екі инфрақұрылым жобасы бар. Олар – Қонаев қаласындағы кәріз тазарту құрылғыларын салу және жол мен қоғамдық қауіпсіздік жүйесін құру.Сондай-ақ екі ірі жоба — 4000 орындық екі мектептің құрылысы Атырау облысында жүзеге асып жатыр.
МЖӘ шеңберінде бюджеттен тыс қаржы тарту, сондай-ақ аймақтағы билік тарапынан мониторинг сапасын күшейту мақсатында әкімдіктер рейтінгінің әдістемесі дайындалады.
МЖӘ-ті әрмен қарай дамыту үшін халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асатын ірі жобалардың тізімін жасау қолға алынды.А.Қалиғазиннің айтуынша, жоба бойынша ұсыныстар жергілікті және орталық мемлекеттік органдардан түседі.
А.Қалиғазин: «Барлық жоба мемлекеттік органдар және МЖӘ орталығымен бірлесіп, қаржы институттары тарапынан іріктелген халықаралық кеңесшілердің қатысуымен әзірленеді. Халықаралық инвесторлар мұндай тізімге қарап, инвестициялық жүйенің ашықтығы мен жүйелі екеніне көз жеткізеді. Бұл Қазақстанға деген инвесторлардың сенімін арттырады», — дейді.
Қалай болғанда да, елімізде МЖӘ саласында мол тәжірибе жинақталды. Мәселен, МЖӘ аясында салынған BINOM мектептері білім беру инфрақұрылымының жаңа стандартын енгізуге ықпал етті.
Наргүл Мырзахмет
Сурет: рpp-center.kz, https://atpress.kz,
https://тengrinews.kz