Мемлекет жыл сайын білім саласына қажетті оқу гранттарын бөліп, жас мамандардың сапалы білім алуына жағдай жасайды. Бүгінде мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі жылына екі рет – қысқы және күзгі қабылдау кезеңдерінде беріледі. Алайда грант иегері атанған талапкерлер университетке түспес бұрын мемлекетпен арнайы келісімшартқа қол қояды. Оның басты шарты – оқу аяқталған соң үш жыл еңбекпен өтеу міндеті.
Жамбылдық Назерке Зиат есімді қыз екі жыл бұрын Алматы қаласындағы университетті бітірген. Алайда жақында оған сот шешімі бойынша мемлекеттің пайдасына 3 миллион теңге қайтару туралы қағаз келген.
«Бізге оқу бітірген соң жұмысқа орналасу керектігін айтты. Бірақ мен жұмыс таба алмадым. Сол себепті жұмыссыз деген анықтамамды университетке өткіздім. Кейін банк бөлімшесіне жұмысқа тұрдым, оның анықтамасын да тапсырдым. Соған қарамастан, сот менің қатысуымсыз шешім шығарып, қарыз өтеу туралы қаулы қабылдады. Мұның себебін түсіне алмадым,» – дейді ол.
Қазіргі таңда Назерке мемлекеттік тапсырыспен магистратурада білім алуда. Алайда Қаржы орталығының мәліметінше, егер түлек оқуын жалғастырғанымен, араға бір немесе одан да көп жыл салып магистратураға түссе, онда грантты еңбекпен өтеу міндеті жойылмайды.
Назерке өз жағдайын былай түсіндіреді:
«Өткен жылы магистратураға түстім. Сол себепті жұмысымды тоқтатуға тура келді. Енді еңбек шартын орындау үшін жұмыссыз деген анықтама алайын десем, маған “Сен жоғары оқу орнында білім алып жатырсың, сондықтан бұл анықтаманы бере алмаймыз”дейді. Қазір не істерімді білмей отырмын,» – дейді ол.
Заңгер не дейді?
Бұл мәселеге қатысты заңгер Нұрболат Ибраев пікір білдірді:
«Мемлекеттік грантпен оқыған студенттер келісімшарт талаптарын орындауға міндетті. Бірақ белгілі бір жағдайларда олар грантты өтеуден босатылады. Егер түлек жүкті болса немесе үш жасқа дейінгі баласы бар ана болса, I немесе II топтағы мүгедек ретінде танылса, күйеуі немесе әйелі тұратын елді мекенде жұмыс орны болмаса, магистратураға, резидентураға немесе докторантураға грантқа түскен жағдайда, бұл талаптан босатылады,» – дейді заңгер.
Сонымен қатар, ол студенттің сот шешіміне аппеляциялық шағым түсіруге құқығы бар екенін атап өтті. Егер заң нормалары бір-біріне қайшы келсе, оны сот арқылы қайта қарауға болады.
Қаржы орталығының дерегіне сәйкес, 2012 жылдан 2024 жылға дейін 300 мыңға жуық қазақстандық мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Оның ішінде:
* 29%-ы еңбек өтеу міндетінен босатылған,
* 116 мың түлек (39%) жұмысқа орналасқан,
* 22%-ы жұмыс істемейді,
* 26 мың адам мемлекеттік грантты толық өтеген,
* 3 мыңға жуық түлек мемлекетке шығынды өтеп берген.
Грант иегері әскери қызметте болған жағдайда, еңбек өтеу міндеті бір жылға кейінге шегеріледі. Ал жұмыссыз түлектер еңбек биржасына тіркеліп, сол арқылы грантты өтеу есебіне кіре алады.
Мемлекеттік грантқа түсу – үлкен мүмкіндік, бірақ оның белгілі бір шарттары бар. Сондықтан талапкерлер оқуын аяқтағаннан кейінгі міндеттерін толық түсініп, заң талаптарын ескергені жөн. Ал егер заң нормаларында қайшылықтар туындаса, сотқа жүгіну арқылы әділ шешім табуға болады.
Олжас Әбдіхалық