Он күннен кейін күзгі оқу маусымы басталады. Індетке байланысты мектептер мен жоғары оқу орындарының бәрі дерлік қашықтан білім алады. Бірақ онлайн білім барлық оқушыға қолжетімді ме? Интернеті жоқ, тіпті ұялы телефон ұстамайтын ауыл-елді мекен қаншама? Білім саласындағы осындай түйткілдерді ел аралап, халықтың жағдайын көзбен көріп жүрген депутаттан сұрап көрген едік.
Jas qazaq: Күзгі оқу маусымына дайындығымыз алаңдатып отыр. Өзіңіз өңірлерді аралап шықтыңыз ғой. Жағдай қалай екен?
М.Бақтиярұлы: Бір айдың көлемінде мен Қызылорда облысын түгел аралап шықтым. Отыз шақты мектепте болдым. Сәуір, маусым айларында, яғни төртінші тоқсанда қашықтан оқытты ғой. Көптеген мұғалімдер «Сол кездің өзінде оқушыларды дұрыс оқыта алмадық. Өйткені ауыл түгілі, аудан орталықтарының өзінде интернет жүйесі дұрыс жұмыс істемейді» деді.
Қазір ауыл, аудан басшылары мектептерде жөндеу жүргізілгенін, ол жағынан барлық білім ошақтары дайын екенін айтып отыр. Мен аралап шыққан отыз шақты мектептің бәрі жөндеуден өтіпті. Оқулық мәселесінде де үлкен түйткіл жоқ сияқты. Алайда бұл жердегі түйін басқада. 1-сынып пен 4-сынып қана мектептен білім алады деді ғой. Меніңше, ауылды жердегі бір ауысымды мектепте балаларды интернетке телміртіп, компьютерге шұқшитып қоюдың түкке қажеті жоқ еді. Қызылорда облысындағы отызға жуық ауылда интернет мүлде жоқ.
Jas qazaq: «Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар компьютермен қамтамасыз етіледі» деп еді. Алайда үш-төрт бала оқитын бір үйге жалғыз компьютер жете ме?
М.Бақтиярұлы: Иә, 500 мың компьютер ме, планшет пе алып береміз деп айтылған болатын. Дұрыс, алып берсін. Бірақ оңтүстік аймақтарда бір үйде төрт-бес баладан мектепке баратын отбасылар бар. Олардың әрқайсысына бір-бір планшет, не ноутбук бере ала ма? Жоқ. Ондай мүмкіндік жоқ бізде. Оның үстіне, интернеті жоқ ауылда планшеттің не керегі бар? Планшет алып берсе, мәселе шешіледі деген сөз емес қой. «Отчет» үшін, жоғары жаққа есеп беру үшін өтірік жұмыс істеудің керегі шамалы.
Ал телеарна арқылы сабақ өту деген әдіс жоқтан гөрі жақсы. Бірақ оның да тиімділігі онша емес. Өткенде амалдың жоқтығынан сондай қадамға барды.
Көрші елдердің тәжірибесіне қарау керек. Мысалы, Байқоңырда 12 мектеп бар. Оның жетеуі Ресейдің меншігінде, бесеуі өзіміздікі. Бір қаладағы білім ошақтары екі елге қарайды. Ресей меншігіндегі мектептер дәстүрлі оқуды таңдап отыр. Меніңше, бұл ойланатын мәселе сияқты.
Jas qazaq: Интернет түгілі, жолы жоқ, ұялы байланысы нашар елді мекендер Алматы сияқты алып шаһардан елу шақырым ұзап шықсаңыз, алдыңыздан табыла кетеді. Сонда интернетпен қамтылғанымыз қайда: сөз жүзінде ғана ма?
М.Бақтиярұлы: Өкінішке қарай, солай болып тұр. Министр «Күзгі оқу маусымына дайынбыз» дегенімен, еліміз бойынша жалпы 3 мыңдай ауыл, үш миллионға жуық оқушы бар. Оның бәрін министр бақылап отырған жоқ. Ол жергілікті әкімдер мен жергілікті білім басқармаларының берген есебіне сүйенеді. «Бәрі дайын» деген сөзді алдымен білім министріне жергілікті жердегі басшылар жеткізеді. Алайда ауыл, аудандардағы мектептердің жөндеу жұмысы, оқулықпен қамтамасыз ету жағы дайын болғанымен, қашықтан оқытуда интернеттің жоқтығына байланысты дайындық кемшін түсіп отыр.
Jas qazaq: Мұрат мырза, Алматының іргесінде Тұздыбастау деген ауыл бар. Қаладан 9-10 шақырым жерде. Ауылдың тең жартысында интернет жоқ. Жергілікті тұрғындар «Қазақтелекомға» қаншама хат жазды, телеарналарды шақырды. Бірақ ешкім пысқырмаған көрінеді. Интернет желісін жүргізуге бірнеше миллион теңге сұрапты. Бұл қалай? «Қазақтелеком» мемлекеттік мекеме емес пе?
М.Бақтиярұлы: «Қазақтелеком» монополияға айналып алды. Олар 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында ауылдар мен елді мекендерге телефон желісін тартқанда, өте ескірген, көптеген мемлекеттерде қолданыстан шығып қалған желіні салып жіберді. Оған миллиардтаған ақша кетті. Сол кемшілігін «Қазақтелеком» қалпына келтіреміз деп жатыр. Оған қаржы да бөлінді. Бұл бөлек әңгіме.
Монополист мекеме болғандықтан, қазір олар бөлінген қаржыны игере алмай отыр. Кезінде депутаттық сауал жолдап, мекемені сынға алған болатынмын. Бұл жерде монополист болмау керек. Бәсеке керек. Бүкіл әлем дамып жатыр ғой. Цифрлық жүйе, ғаламтор жүйесі даму керек деп жатырмыз. Ендеше, бәсеке болу керек.
Шетелде интернетпен айналысатын компаниялар көп. Бізде жалғыз «Қазақтелеком». Олар келесі жылдың аяғына дейін барлық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етеміз деп, Президентке де уәде берген. Кім білсін? Жасыратыны жоқ, Қазақстанның ауыл, аудандық жерлердегі интернет байланысы өте нашар. Кейбір басшылар «Әлем бойынша интернетпен қамтамасыз етуде алдыңғы орынға шықтық» деп өтірік есеп беріп жатады. Бұл енді күлкілі. Себебі біздің интернет жүйеміз әлемдік талаптарға сай келмейді.
Jas qazaq: Балаларыңыз, немерелеріңіз бар ғой, онлайн оқу қиын болған жоқ па?
М.Бақтиярұлы: Дәстүрлі оқуға жетпейді ғой. Бала таңертең ерте тұрып, сөмкесін асынып, мектепке барып, таңғы таза ауада, сергек көңіл-күймен білім алғанға не жетсін? Ал үйде қамалып, планшетке шұқшиып отырып алған білімнің қаншалық пайдасы барын білмеймін. Мұндай карантин жағдайында біз басқа елдердің тәжірибесіне қарауымыз керек дедім. Мысалы, Еуропаның көптеген елдерінде барлық санитарлық талапты сақтап, баланы мектепке бергелі жатыр. Мұғалімдері он күн сайын медициналық тексеруден өтіп тұрады. Медицина мамандарының айтуынша, он жасқа дейінгі балаларда коронавируспен ауыру көрсеткіші 0,02 пайыз дейді. Өйткені баланың ауруға қарсылық қуаты күшті. Осыларды ескеріп, санитарлық талапты сақтай отырып, баланы мектепке жіберіп оқытқанға ешнәрсе жетпейді.
Елімізде 14 облыс, бірнеше қала бар. Бәріндегі эпидахуал бірдей емес. Бір өңірде ауру асқынып тұр, енді бір облыста көрсеткіш төмен дегендей. Сондықтан, бұл мәселеде таңдауды жергілікті билікке беріп, тиісті шешімді солар қабылдауы керек еді. Олай болмай тұр.
Jas qazaq: Сапасыз оқулық, оқулықтың жетіспеушілігі туралы көп айтылады. Бұл мәселе қашан шешіледі? Сіз де оқулықтың сапасы жөнінде депутаттық сауал жолдаған едіңіз.
М.Бақтиярұлы: Оқулық бизнеске айналып кетті. Депутаттық сауалымда айтқанмын, оқулықты белгілі бір мемлекеттік мекеме шығару керек. Ал біз олай жасаған жоқпыз. Көкпар тартқандай, бәсекеге салдық та жібердік. Әр баспа өздері автор тауып оқулық жаздырады, өздері дизайнер тауып жасатады, өздері басып шығарады. Нарық заманында бұл былайша қарағанда дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ олай болмау керек. Оқулықты әр педагог өзінше жазып, әр баспа өзінше шығарса, білім ала-құла, оқушы да бірдей білім алмайды. Сондықтан, мемлекет мұндай ала-құлалыққа жол бермеу керек. Оқулық бір орталықта жазылып, бір ғана баспадан шығуы керек. Ол мемлекеттік болуы шарт. Жекеменшік деген білім саласына жарамайды.
Кеңес үкіметі кезінде «Мектеп» баспасы деген болды. Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институты бар еді. Сол орталықта мықты-мықты педагог мамандар жұмыс істейтін. Оқулықтың концепциясын солар жасайтын. Бір оқулық 10 жылға дейін жететін. Ал біз жыл сайын жаңа оқулық жаздырамыз. Мемлекеттен миллиардтаған ақша алады. Жекеменшік баспаға баланың тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Бала — осы елдің, осы мемлекеттің болашағы. Оқулық, бірінші кезекте білім, одан кейін тәрбие, сосын идеология. Сондықтан оны мемлекет өзі қолына алып, бір орталықтан шығармаса болмас. Ол орталықта ең білімді педагог, білікті ғалым, мықты редактор, шебер дизайнер жұмыс істеуі керек. Жоғары жалақы төленуі керек.
Jas qazaq: Үш ауысымды мектептердің санын азайту үшін жыл сайын жаңа мектептер салынатын. Биылғы індет кезінде, бұл шаруа тұралап қалған жоқ па?
М.Бақтиярұлы: Жоқ, тоқтаған жоқ. Өйткені облыстық, республикалық бюджеттен қаржы былтыр қазан, қараша айларында бөлінген. Құрылыс жүріп жатыр. Алайда үш ауысымды мектеп мәселесі Түркістан облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әлі де бар. Себебі мұнда халықтың туу көрсеткіші жоғары, көші-қон көп. Сондықтан бұл қалаларда екі немесе үш ауысымды мектеп мәселесін шешуде біраз қиындықтар болып жатқаны рас. Бұл арада мен бір нәрсені айта кетейін. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде мектеп салуға үкімет кәсіпкерлерді тарту керек еді. Әлі де кеш емес. Бірақ бұл бағытта жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген не? Мысалы, кәсіпкерге мемлекет тегін жер береді. Кәсіпкер оған мектеп салады. Мемлекет суын, жарығын, басқа да инфрақұрылымын жүргізіп береді. Мектеп кәсіпкердікі. Ал үкімет бала санына қарай ақша бөліп отырады. Сөйтіп бірнеше жылда кәсіпкердің құрылысқа шығарған ақшасы қайтады. Осы жоба Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында тең жүргізілуі керек еді. Тұрақтылық болмаған соң, кәсіпкерлер ақшамызды қайтарып ала аламыз ба, әлде тақырға отырып қаламыз ба деп қорқып, бұл жобаға араласпай отыр.
Меніңше, мектеп салудың бірден-бір жолы осы. Мемлекет жалғыз өзі бұл түйінді жақын жылдары шеше алмайды. Қайбір жылдары «Балапан» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер балабақша салды ғой. Бұл да сондай дүние.
Jas qazaq: Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!
Жарас Кемелжан